64-6-бап. Құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сарапшылар
1. Құрылыс объектілерін жобалау саласында сараптама қызметімен айналысу құқығына аттестат алу үшін жеке тұлғаның тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, объектілер құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелердің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың тиісті бөлімі (бөлігі) бойынша жобалау саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға және аттестаттаудан өтуі тиіс.
2. Үш жыл бойы практикалық сараптама қызметімен айналыспаған аттестатталған сарапшы қайта аттестаттаудан өткеннен кейін ғана сараптама қызметін жүзеге асыруға жіберіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармақтың бұл редакциясы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданыста болады - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен.
3. Сарапшыларды басқа аккредиттелген немесе мемлекеттік сараптама ұйымымен жасалған шарт бойынша штаттан тыс сарапшылар ретінде тарту, сондай-ақ сараптама ұйымы басшылығының тапсырмасы бойынша жобаның жекелеген бөлімдеріне (бөліктеріне) сараптамалар орындау жағдайларын қоспағанда, олар сараптама қызметін жеке-дара жүзеге асыруға құқылы емес.
64-7-бап. Аккредиттелген сараптама ұйымдарын және аттестатталған сарапшыларды есепке алу
Аккредиттелген сараптама ұйымдарын және аттестатталған сарапшыларды есепке алу тізілімдерді жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізілімі заңды тұлғаның деректемелері, аккредиттеу туралы куәліктің берілген күні мен нөмірі туралы, жобалардың әртүрлі бөлімдеріне сараптама бойынша мамандандырылған аттестатталған сарапшылардың штатта бар-жоғы туралы ақпарат жиынтығын, сондай-ақ осы заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, қолданылған жауаптылық шаралары туралы мәліметтерді қамтиды.
Аттестатталған сарапшылардың тізілімі сарапшының жеке деректері, аттестаттың берілген күні мен нөмірі туралы, мамандануы, білімі және кәсібі бойынша жұмыс өтілі туралы ақпарат жиынтығын, сондай-ақ сарапшыға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, қолданылған жауаптылық шаралары туралы, оның ішінде сарапшыны жосықсыз деп тани отырып аттестатынан айыру туралы мәліметтерді қамтиды.
64-8-бап. Сараптама қызметі субъектілерінің құқықтары, міндеттері және жауаптылығы
1. Сараптама ұйымдарының құқықтары мен міндеттері осы Заңда және өз жарғыларында белгіленеді.
2. Сарапшы:
1) сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) құрамында аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобаның бөліміне (бөлігіне) тапсырыс берушілерден және оны әзірлеушілерден қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға және алуға;
3) аттестатта көрсетілген кәсіптік мамандануына сәйкес жобалардың жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптаманы жүзеге асыруға, олар бойынша сараптама қорытындысының тиісті бөліктерін жасауға, тапсырыс беруші кері қайтарып алынатын сараптама қорытындыларының түйіндерінде ескертілген шарттарды (талаптарды) орындамаған жағдайларда, сараптама ұйымының бұрын берілген қорытындыларды кері қайтарып алуына бастамашы болуға құқылы. Жобаның жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша сарапшы жасаған жергілікті қорытындылар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын тұтастай бекітуге негіздер болып табылмайды, бірақ жиынтық сараптама қорытындысының құрамында пайдаланылады;
4) педагогикалық, ғылыми және (немесе) өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Сарапшыға:
1) дайындауға сарапшының өзі тікелей немесе жанама қатысқан не жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының қатысуымен орындалған жобалар бойынша сараптама жүргізуге;
2) кәсіпкерлік қызметтің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметімен байланысты өзге де түрлерімен айналысуға;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілерімен еңбек, қаржылық және (немесе) басқа да тәуелді қатынастарда болуға тыйым салынады.
4. Сарапшы:
1) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарының біреуінде штатта тұруға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, қаралатын жобалар бойынша құпиялықты сақтауға және қызметтік және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге;
3) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, аттестат нөмірі және оның берілген күні көрсетілген мөрі болуға;
4) өзінің кәсіптік біліктілігін кезең сайын арттырып отыруға;
5) кәсіптік әдепті сақтауға міндетті.
5. Сараптаманың сапасыз жүргізілу фактілері анықталған жағдайларда, сараптама ұйымдары мен сарапшылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Сараптама жүргізілгеннен кейін бекітуге ұсынылған сапасыз жобалар үшін сараптама ұйымдары жобалардың тиісті әзірлеушілерімен қатар жауаптылықта болады.
64-9-бап. Сараптама қызметінің тәуелсіздігі
1. Сарапшылар өз қызметінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен тәуелсіз болады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, құжаттаманы сараптамаға қабылдау, жобаларды қарау, олар бойынша сараптама қорытындыларын дайындау және ресімдеу барысында сарапшылардың немесе сараптама ұйымдарының жұмысына араласуға ешкім де құқылы емес.
3. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілері сарапшылар мен сараптама ұйымдарының кәсіптік қызметіне араласқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
64-10-бап. Сараптама ұйымдарына қойылатын талаптар
1. Сараптама ұйымдарының құрамында жобаның негізгі бөлімдеріне сәйкес мамандандыру бойынша аттестатталған кемінде бес сарапшы болуға тиіс.
2. Сараптама ұйымдары мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
1) сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттеуден өтуге;
2) іс қағаздарын жүргізу шеңберінде құжаттардың сараптамаға келіп түскен күні мен сараптама қорытындылары берілген күннің есебін жүргізуге міндетті.
64-11-бап. Аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіптік бірлестігі
1. Палата қызметі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасымен және жарғымен реттеледі.
Кіру жарналарын алуға жол берілмейді.
2. Палатаның жоғары басқару органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) болып табылады.
3. Палатаны басқарудың атқарушы органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) сайлаған басқарма болып табылады.
Палата басқармасының құрамына сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның кемінде үш өкілі де кіреді.
4. Палатаның функцияларына:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қорғау;
2) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) сарапшылардың біліктілігін арттырудың тұрақты жұмыс істейтін курстарын өткізу;
4) сарапшылар мен сараптама ұйымдары жұмысының оң тәжірибесіне талдау жүргізу, оны қорыту және тарату;
5) сарапшылардың әдеп кодексін әзірлеу және оның сақталуын тексеру;
6) жарғыда көзделген өзге де функциялар жатады.
5. Палата өзінің интернет-ресурсында аккредиттелген сараптама ұйымдары туралы ақпаратты орналастырады.
Ескерту. 64-11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |