Көтеріліс мақсаттары: Көтерілісшілердің қойған ең басты талабы патша үкіметінің қазақ жерлерін тартып алуын тоқтату, сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңірегіндегілердің озбырлығына тыйым салу болды. ғасырлар бойы қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, Орал казак әскерлерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Кіші жүз Нұралы хан оның сарайындағы ақсүйектердің озбырлығына шек қою.
Көтеріліс сипаты:1782 жылдың аяқ кезінде патша үкіметінің жарлығы шығып, онда қазақтардың Жайықтың оң жағалауындағы аймақтарға қыс мезгілінде жайылымдық жерлерді жалға алу арқылы ғана уақытша өтуіне рүқсат етілді. Орал казактары бұл жарлықты өз мүддесіне пайдалана қойды - қазақтардың жерін қазақтардың жалға алуына тыйым салынды. Орал шекара шебіндегі бекіністердің күзеті күшейтілді. Қазақтар аманат беруге тиісті болды.
1782-1783 жылдың қысында шекара шебінің ішкі жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Міне осындай қиын-қыстау жағдайда Кіші жүздің шекара шебіне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай азаттық күресіне ұласты.
1783 жылдың көктемінде қазақтар Орал шекара шебіне шабуыл жасай бастады. Қазақ жасағы Гирьял бекінісіндегі солдаттарды тұтқынға алып, малдарын айдап кетті. Орынбордың солтүстік-шығысында тама руының жасақтары шабуылдаумен болды. Орынбор коменданты қазақ даласына Орынбор қазақтарының жазалаушы әскерлері мен башқұрттардың 1500 сарбазын жіберді. Қазақ көтерілісшілері оларға табандылықпен қарсылық көрсетті. Қазақтардың тастан тұрғызған бекінісі дұшпанның баса-көктеп бірден лап қойған шабуылы кезінде алынды. Тұтқынға алынған 56 адам қазыналық жұмыстарды атқаруға жіберілді.
1783 жылдың жазында казақтардың әскери бекіністер мен сауда керуендеріне шабуылы жиілей түсті. Мұның өзі орыс мемлекетінің Орта Азия хандықтарымен жасалатын сауда-саттық деңгейін құлдырата төмендетіп жіберді. Қарағай бекінісіне бірден лап қойған шабуыл жасалды. Көтерілісшілер Орынбор мен Елек қорғанысының екі арасын байланыстыратын даңғыл жолды өз бақылауларына алды. Көтерілісшілердің Ор (Жаманқала) қамалы мен Төменгі Орал аймағындағы қимылы ерекше белсенді болды.
1785 жылы қазақ жасақтары Төменгі Орал шекара шебінің аймағында патша үкіметінің әскерлерімен кескілескен шайқасқа түсті. Сырым Датұлы 2700 сарбазы бар жасаққа, старшын Барақ Жанұзақұлы 2000, Тіленші батыр 1500 сарбазы бар жасақтарға басшылық етті. Бұларға қарсы казактардың үш отряды жасақталды.
1785 жылы ру старшындарының Нұралы ханмен және оның төңірегіндегілермен арадағы күресі күшейе түсті. Ханның халық көтерілісін басып-жаншып тоқтатуға мұршасы келмеді. Ол - ол ма, көтерілісшілер халыққа жексұрын болған оны орнынан түсіруді талап етті. Қазақтардың да, отаршыл билеушілердін де көз алдында өзінің беделінен жұрдай болған Нұралы хан 1786 жылы Кіші жүзден біржолата қуылды. Ол ендігі жерде патша билігінің қамқорлығына алынды. Біраз уақыт Калмыков бекінісінде жасырын тұрды. Содан кейін 1790 жылы Уфаға жер аударылған Нұралы хан ақырында сонда қайтыс болды.
Қалыптасқан жағдайда патша үкіметінің алдында тұрған ендігі міндет Кіші жүз қазақтарын басқарудың жаңа түрлерін ойлап табу еді.
1784 жылы Орынбор губерниясының бастығы болып О.Г. Игельстром келді. Ол аймақты басқару жөніндегі икемді саясат жүргізуге қабілетті адам ретінде белгілі болатын. Кіші жүз қазақтары арасындағы жағдайды тез түсініп үлгерді. Билікті билер кеңесіне беруді жақтаған Сырым батырдың ықпалын әлсіретуге тырысты.
1786 жылы О. Игельстром хан билігін реформалаудың жобасын ұсынды. Ол реформаның мәні хан билігін толығынан жою, Орынборда Шекаралық сотбилігін орнату еді. Кіші жүзді рулық-тайпалық жүйе бойынша — Әлімұлы, Байұлы және Жетіру етіп үшке бөлу ұсынылды. Оның әрқайсысында сот билігін жүзеге асыратын әкімшілік органдар - ру ақсақалдары кіруге тиісті «расправалар» құрылатын болды. Оның құрамына төраға, оның ақсүйектерден тағайндалатын екі орынбасары және бір молда енгізілетін болды. Олардың атқаратын жұмысы үшін қазына есебінен жалақы төлеу көзделді.
II Екатерина Игельстромның бұл ұсынысын қолдады. Кіші жүз аумағында екі не үш қала, бірнеше мешіт, ақсүйектердің балалары оқитын мектептер салынатын болды. Бұл шаралардың бәрі де Кіші жүз қазақтарының Ресей империясынан іргесін аулақ салып, саяси оқшаулануын жоюға тиіс еді. Бірақ Игельстромның реформасы Кіші жүздегі сұлтандар мен старшындардың наразылығын туғызды. Өйткені олар қазақ даласындағы өз ықпалынан айырылғысы келмеді. Орта жүз бен Ұлы жүздегі Шыңғыс әулеттері де осылай деп ойлап, олармен ынтымақтастық танытты.
Сондықтан да Игельстром ұсынған жаңа басқару органдары өмірге бейім болмай шықты. Әкімшілік орган — расправалар іс жүзіде бас қосып жиналған жоқ, ешқандай жұмыс та атқармады. Хандықты қолдаушы сұлтандар Батыр сұлтанның ұлы Қайыпты хан сайлады.
1786 жылы старшындардың съезі өтті. Онда тек қана Шекаралық сот құруға келісім берілді. Соттың құрамына алты ру старшыны сайланды. Жаңа әкімшілік орган құрамына сайланғандардың арасында Тіленші, Жәнібек және Тілеп сияқты беделі күшті қазақтар да болды. Мұның өзі лауазымды әкімшілік қызметінде қазақ ру старшындарының сұлтандарды ығыстырып, ауыстыра бастағанын көрсетті.
Алайда мұндай сайлау Кіші жүздің үш-ақ руында болып өтті. Сөйтіп Шекаралық сот Кіші жүздің бүкіл руларымен жоғары дәрежелі билер тобы арқылы байланыс жасай алмады. Соның салдарынан Кіші жүздегі саяси жағдайға ықпал ету мүмкін болмай қалды. Сұлтандар қазақ даласында расправалар құруға үзілді-кесілді қарсы болды.
Шекаралық соттың құрылуын пайдалана қойған старшындар жер туралы, Еділ мен Жайық арасында қысқы кездегі мал жайылымының көлемін ұлғайту туралы мәселе қоя бастады. Олар сонымен қатар бос жатқан жайылымдарды жалға беру тәртібін жоюды да ұсынды. Генерал-губернатор бос жатқан жайылымдарды жалға алып, оған ақы төлеу тәртібін ғана жойды. Ал жеке меншіктегі жерлерді жалға беру тәртібі сақталып қалды. Сонымен қатар Шекаралық шептің ішкі жағына өту үшін аманат тапсыру тәртібі орнатылды.
1786—1787 жылдардың қысында қазақтардың Еділ мен Жайық аралығына жаппай көшуі басталды. Старшындар өздерінің талаптарын күшейте түсті. Олар Кіші жүзден Ресейге кашып кеткен құлдарды қайтару мәселесін де қозғады.
Игельстром старшындардың талабын ішінара ғана қанағаттандырды. Бірақ қазақтардың шекара шебіндегі бекіністерге шабуыл жасауын токтатуды шарт етіп қойды. Қазақ старшындары бұған жауап ретінде шекара шебіндегі әкімшілік пен Орал қазақтарының тарапынан қазақтарға күш көрсетіп, озбырлық жасауын тоқтатуды талап етті. Жаңа әкімшілік орган - «расправалардың» құрылуы сұлтандарды Кіші жүз қазақтарын билеу жүйесінен шеттетуде елеулі рөл атқарды.
Бұл жағдай сұлтандардың патша үкіметіне қарсы наразылығын күшейтті. Өйткені олар өздерінің артықшылықтарынан айырыла бастаған болатын. Сөйтіп Кіші жүзде өкімет билігін жүзеге асыру мәселесі жөнінде сұлтандар мен старшындар арасындағы күрес одан әрі жалғаса түсті. Старшындар мен сұлтандардың қарама-қарсылығы басталды. Сырым батыр патша үкіметінің ықпалынан біржолата шығып кетуге бағытталған шаралар қабылдай бастады. Мұның өзі патша үкіметіне тіпті де ұнаған жоқ. Игельстромның реформасы іске аспай қалды.
Сырым Датұлы Хиуа хандығымен қазақтарға қару-жарақ, атты әскер, азық-түлікпен көмектесу, көтеріліс жеңіліп қалған жағдайда көшіп-қонып жүру үшін Хиуа хандығының бір шетінен мал жайылымын беру жөнінде келіссөздер жүргізді.
1789 жылы Игельстром Кіші жүз қазақтарын басқарудың жаңа жобасын ұсынды. Онда патша үкіметінің қалауы ескерілді: хан билігін қайтадан қалпына келтіру және Кіші жүзді одан сайын бөлшектеп алты расправа құру көзделді. Хан басқаратын бас басқарма құрылды. Сырым батырға прокурор қызметі ұсынылды.
Жаңа жоба бойынша патша үкіметі Кіші жүзде хан мен сұлтандардың құқығына шек қоюдан бас тартты. Бірақ бұл жоба да іске асқан жоқ. Енді патша үкіметі қазақтардың Еділ мен Жайық аралығындағы мал жайылымдарын пайдалану құқықтарына шек қоюға тырысты. Мұның өзі бұл аймақтағы қарама-қарсылықты күшейте түсті. Қазақтар Орал шекара шебіндегі бекіністерге шабуыл жасауды жиілетіп жіберді.
1791 жылы Ералы сұлтан Кіші жүздің ханы болып сайланды. Ал ол қайтыс болғаннан кейін Нұралы ханның ұлы Есім сұлтан хан болды. 1792 жылы Сырым Датұлы құрамында 1000 сарбазымен Елек қорғанысына шабуыл жасады. Содан соң Красногорск бекінісін бірден лап қойған шабуыл арқылы алмақ болды. Бірақ мықтап нығайтылған бекіністер мен жақсы қаруланған қорғанысшылар көтерілісшілердің жоспарын жүзеге асыртпады. Қазақ жасақтары әсіресе 1796 жылы ерекше белсенділік танытты. Өйткені бұл жылғы қыста болған жұтта мал жаппай қырылып, халықтың жағдайы нашарлап кеткен еді.