29-бап. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру
1. Білім мен ғылымды интеграциялау, оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.
2. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:
орта білім беру ұйымдарында – облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әдістемелік кабинеттеріне және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдарының әдістемелік кабинеттеріне және бейіндер бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің оқу-әдістемелік бірлестіктеріне;
Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында – кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктерге жүктеледі.
Кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктердің оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысына басшылық жасау жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесіне жүктеледі.
Бейіндер бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің оқу-әдістемелік бірлестіктерінің оқу-әдістемелік жұмысына басшылық жасау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесіне жүктеледі.
3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында ғылыми және оқу-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 172-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 21.02.2019 № 227-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |