6-саясат. «Жасыл» экономика және қоршаған ортаны қорғау Саясаттың мәні: «Жасыл» экономика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат су мен жер ресурстарының сапасын, ауа сапасын жақсартуға, баламалы энергия көздерін дамытуға, климаттың өзгеруіне бейімделуге, сондай-ақ экономиканың декарбонизациясы және энергия тиімділігін арттыруға бағдарланған. Негізгі нәтиже халықтың өмір сүру сапасының, экологиялық қауіпсіздіктің өсуі, экологиялық тәуекелдер мен экологиялық тапшылықты төмендету, орнықты даму мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру болады.
1-міндет. Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу Қазақстанның климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін іске асыруы және ЭКСПО базасында «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығын құру бойынша қолға алған шаралары елдің «жасыл» экономикаға көшуі үшін мәнді қадамдар болады.
«Жасыл» экономикаға жататын анықтамаларды кеңейтумен қатар «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы да Париж келісіміне сәйкестендіріледі. «Жасыл» экономиканы дамыту бағыттары климаттың өзгеруін болдырмауға және парниктік газдар шығарындыларын жасыл технологияларды қолдану арқылы азайту жөніндегі қабылданған міндеттемелерге қол жеткізуге бейімделуге ықпал етеді.
2-міндет. Қаржыландыру көздерін анықтау, «жасыл» қаржыны және инвестицияларды тартуды есепке алу «Жасыл» технологияларды қаржыландыру үшін халықаралық қорлар мен жеке инвестициялар, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер пайдаланылатын болады.
Инвестициялар 124 елдің үкіметінің бастамасы бойынша құрылған «Жасыл климаттық қор» шеңберінде дамушы елдерде парниктік газ шығарындыларын шектеу және азайту мақсатында, сондай-ақ климаттың өзгеру салдарына бейімделуге көмектесу үшін бөлінеді.
Мемлекеттік қаражат МЖӘ жобалары шеңберінде бөлінеді. Бұл ретте қаржы ресурстарын жоспарлау жылдам және икемді түрде жүргізіледі, себебі жасыл технологиялар үнемі жетілдірілуде және өндіріс процестер тез арзандауда. Осыған байланысты «жасыл» экономикаға көшуге жұмсалатын қаражаттарды одан әрі жоспарлау және есепке алу үшін қолданылатын жоба технологияларын бағалау үшін айқын өлшемшарттар айқындалады.
Шығарындыларға квоталар саудасы нарығын дамыту бойынша жұмыс жалғасады және оны шетелдік нарықпен интеграциялау үшін шаралар қабылданатын болады.
Бұдан басқа, Қазақстан АХҚО инфрақұрылымы және құрылып жатқан «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы базасында «жасыл» қаражат саласындағы өңірлік көшбасшы болуға ниетті.