Экономикалық өсудің жаңа моделі: экспортқа бағдарланған өнімділігі жоғары бәсекелі экономика Қазақстан экономикасының қағидатты трансформациясы мұнай бағасының жоғары болуы дәуіріне тән сандық өсу басымдығынан және мемлекеттік капитализм рөлінің үстемдігінен бас тартуға негізделген сапалы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді талап етеді.
Бұл экономикалық өсудің үш негізгі факторы: экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыру, құзыреттерді дамыту, сондай-ақ жеке капиталды тарту бірінші орынға шығатынын білдіреді. Бәсекелестікті көтермелеу, жеке бизнестің жетекші рөлі және өсуді барынша ұлғайту факторы ретінде өңірлер әлеуетін ашып көрсету басты міндеттердің біріне айналып келеді. Жаңа модель қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған экономиканы құруға бағытталатын болады.
Экономиканың өнімділігі мен күрделілігінің өсуі кәсіпорындар мен салалардың операциялық тиімділігін арттыру, ел тыныс-тіршілігінің барлық экономикалық, саяси және әлеуметтік аспектілерін технологиялық жаңарту және цифрландыру есебінен жүзеге асырылуы тиіс.
Технологияларды әзірлеуге, трансфері мен бейімделуіне бағытталған қолданбалы зерттеулер мен инновацияларға инвестициялар салуды ынталандыру үздіксіз технологиялық жаңару процесін құруға мүмкіндік береді.
Алайда бұл үнемі жетілдіріліп және күрделендіріліп отыратын технологиялар жағдайында шешімдер іздеу, енгізу және орындау үшін қажетті креативті дағдылар мен когнитивті құзыреттерге ие адамдар болмаса, мүмкін емес.
Экономикалық өсудің жаңа моделінде бәсекелестікті және жеке бизнестің жетекші рөлін көтермелеуге ерекше орын беріледі. Бәсекелестік кәсіпорындар өнімділігінің өсуі, еңбек нарығындағы құзыреттерді дамыту, жаңа кәсіпорындардың пайда болуы есебінен жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандырады. Жалпы бәсекелі ортаны дамыту кәсіпкерлік бастаманың және жеке кәсіпкерліктің өсуіне алып келеді.
Жеке меншік капиталды тарту қажетті технологиялық жаңартуды жүргізу мен инновацияларды дамытудың міндетті шарты болып табылады.
Экономикалық өсудің қосымша факторы өңірлердің әлеуетін ашып көрсету болып табылады. Жергілікті экономикалық резервтерді тарту және адами капиталды жақсарту, бір жағынан, өңірлік өндіріс көлемін барынша ұлғайтуға және тұтыну нарықтарын өсіруге, ал екінші жағынан, жалпы өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Отандық тұтыну нарығы сыйымдылығының аз екенін ескере отырып, экспортқа бағдарлану тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өсіп келе жатқан көлемін өткізу нарығының шекарасын кеңейтуге және құн жасаудың жаһандық тізбегінен орын алуға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымдық және логистикалық шектеулері жоқ көрсетілетін қызметтер экспорты Қазақстанның сыртқы нарықтардан алшақтығы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Экспорттық нарықтардағы сауда-саттық шетелдік өндірушілермен бәсекелесу есебінен экспортталатын тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін, күрделілігін және әртараптандырылуын арттыру үшін ынталандыру болады.