Жаһандық даму сценарийлері және олардың Қазақстанға ықпал етуі 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар алдағы әлемдік оқиғалардың үш сценарийін қамтиды және олардың әрқайсысында қазіргі заманғы табысты мемлекеттің мәртебесін сақтау және нығайту үшін Қазақстанға қажетті даму жолдарын әзірлейді.
«Технологиялар серпілісі» сценарийі технологиялық прогресс әлемдегі негізгі бәсекелі артықшылықтың біріне айналады деп болжайды.
Дер кезінде инновацияларға инвестиция салған және оларды енгізуді қамтамасыз ете алған елдер экономиканың барлық салаларында өнімділіктің жоғары өсу қарқынына қол жеткізді. Мұндай жағдайда дамыған елдер жыл сайын орташа есеппен 2,5%-ға, дамушы елдер 4,7%-ға өседі.
Осы сценарий шеңберінде Қазақстанға өмірде қажетті жоғары технологиялық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің басым бөлігін импорттауға және ол үшін табиғи ресурстармен ақы төлеуге мәжбүр қалыс қалған елдер тобында мәңгі қалып қоймау үшін барлық салаларға дер кезінде технологиялық жаңғыртуды аяқтау өте маңызды.
Негізгі құралдарды және өндірістік процестерді жаңарту, жұмыс күшінің когнитивті және технологиялық дағдылары мен құзыреттерін дамыту, жоғары білікті мамандарды тарту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бірінші орынға шығуы тиіс.
Осы сценарий бойынша 2050 жылға қарай әлемнің отыз жетекші елдерінің лигасына кіруді қамтамасыз ету үшін Қазақстан 2025 жылға дейін нақты мәнінде 5,0% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізуі қажет.
«Біртұтас ашық әлем» сценарийі ырықтандыру, еркін сауда және халықаралық интеграция аясында жаһандану процестерін күшейтуді көздейді. Азия елдерінің рөлін күшейте отырып, дамушы елдердің озық өсуі күтілуде. Мұндай қолайлы жағдайларда дамыған елдердің өсу қарқыны жылына орташа есеппен 3,1%-ға, ал дамушы елдер қарқыны 5,2%-ға артады.
Бұл сценарий шеңберінде Қазақстан үшін халықаралық интеграция процестеріне, әсіресе Еуразия өңірінде «Жаңа Жібек жолы» жобасына неғұрлым терең интеграциялану арқылы белсенді түрде қатысуы маңызды. ҒЗТКЖ-ға және инновацияларға жедел ірі ауқымды инвестициялар тарту, сондай-ақ ішкі бәсекелестікті күшейту Қазақстанға неғұрлым бәсекеге қабілетті тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен әлемдік нарыққа шығуға және әлемдік сауда көлеміндегі өз үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Шетелдік инвестицияларды тарту және қолайлы имиджін қалыптастыру үшін ЭЫДҰ-ның заң үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканың ашықтығын арттыруға және тұрақты дамуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарын іске асыруды жеделдету қажет.
Бұл жағдайларда 2025 жылға дейін Қазақстанға 5,4% деңгейінде
ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.
«Бөлінген әлем» сценарийі протекционизм саясатының кең таралуын болжайды, нәтижесінде жалпы әлемдік өсу баяулайды, ал дамушы елдердің экономикалары өз импульсын жоғалтады. Әлемдік сауданың айтарлықтай құлдырауы күтілуде. Саяси тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық құбылыстарының, ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстары, көші-қонды шектеу аясында әлем одан сайын бөлшектене түседі.
Бұл сценарий дамыған елдердің ЖІӨ орташа жылдық өсу қарқынының жылына орташа есеппен 1,2%-ға дейін, ал дамушы елдерде 2,7%-ға дейін төмендеуіне алып келеді.
Бұл сценарий жағдайында Қазақстан үшін шикізат тауарларының экспортынан түсетін кірістердің азаюын өтеу мақсатында экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ассортиментін кеңейту және әлемдік нарықтарда олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Халықтың осал топтарын қорғау үшін әлеуметтік басымдықтарға баса назар аудару қажет. Шетелдік әріптестермен сындарлы қарым-қатынастарды сақтау үшін егемен, зайырлы мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджін ұстап тұру аса маңызды болады.
Бұл жағдайларда 2025 жылға дейін Қазақстанға 4% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.
Ұсынылған үш даму сценарийінің неғұрлым ықтимал сценарийі «Технологиялар серпілісі» сценарийі болып отыр, ол 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда басым сценарий ретінде таңдап алынған.