Мемлекеттік басқару және заң үстемдігі Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту Ұлт жоспары – «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» шеңберінде жүргізілуде.
2017 жылы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа жүзеге асырылды. Парламенттің рөлі мен оның Үкіметті бақылауы күшейтілді. Азаматтар алдында жауапты «ықшам Үкімет» қалыптастырылуда. Функциялар мен көрсетілетін қызметтердің бір бөлігі төмен тұрған деңгейлерге және бәсекелі ортаға берілді.
Мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілуде. Соңғы бес жылда мемлекеттік құрылымдардың тиімділігі 25%-ға (Дүниежүзілік Банктің WGI индексі бойынша, 2015), ал халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 2014-2015 жылдардағы бағалау қорытындысы бойынша тек соңғы екі жылдың ішінде 20%-ға артты.
Соған қарамастан, 2015 жылы Дүниежүзілік Банктің бағалауына сәйкес мемлекеттік құрылымдардың тиімділік индексі 100 балдан 41 балды құрады, ал аса дамыған 30 ел тобының көрсеткіші 75 балды құраған болатын. Ағымдағы саясат инновацияларды қолдамайды, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар жұмысындағы табысты өзгерістер нақтылық сипатқа ғана ие болып, кеңінен таралмайды. Қазіргі кезде бақылау тетіктері басым түсіп отыр, олар көп жағдайда нәтижеге емес, процеске бағдарлануды ынталандырады.
Мемлекеттік институттардың есеп беруін, ашықтығын және айқындығын күшейту мақсатында сараптамалық талқылау мен қоғамдық ауқымды консультациялар жүргізу көзделген. Аудит пен қызмет тиімділігін бағалаудың, сондай-ақ азаматтарды тарту институттарының жаңа жүйесі енгізілуде. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясын құрылуымен халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі толық жаңғыртылды. Сонымен бірге, халық пен бизнес мемлекет жұмысына әлі де болса әлсіз тартылған – азаматтық белсенділік индексі ықтимал 100 балдан 39 балды құрайды.
Заң үстемдігін және сот төрелігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесі реформаланды. Істерді қарау мерзімдері жартылай қысқарды, оңайлатылған сот ісін жүргізу мен реттеудің баламалы шараларын пайдалана отырып, шешілген істер саны өсуде. Судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері қатаңдатылды.
2000 жылдардан бастап бірқатар қылмыстық істер құрамын қылмыстық сипаттан арылтудан, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуден, депеналдаудан, жазалау, баламалы бас бостандығынан айыру шараларын кеңінен қолданудан тұратын қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең-кезеңмен жүргізілуде. 2017 жылғы шілдеде бизнеске қылмыстық-құқықтық қысымды төмендету, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процесс шеңберіне тартуды азайту бойынша қосымша шараларды көздейтін заң қабылданды.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесінің негізін қалады, оның басымдықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу жөніндегі шаралар болып табылады. Алдын алу құралдары енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланды. Қазақстан ЭҰДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына қатысушы болды және
19 ұсыныстың 14-інде прогресс байқалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2015 жылы 60%-дан
2016 жылы 73%-ға дейін өсті.
Оң серпінге қарамастан, заңдарды сақтау деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2016 жылы Дүниежүзілік Банктің заң үстемдігі индексінде Қазақстан көрсеткіші ықтимал 100 балдың 41 балын құрады, бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткіштері 75 балдан жоғары. Transparency International индексінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі алдыңғы қатарлы елдердің
55 балымен салыстырғанда, 100-ден 29 балды құрайды.