Бизнесті және кәсіпкерлікті дамыту Кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-климатты жақсарту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құру және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру рәсімдерін оңайлату бойынша түбегейлі шаралар қабылданды.
2017 жылғы Doing Business рейтингінде Қазақстан ең көп реформалар санын – 48 реформаның ықтимал он бағытының жетеуінде кәсіпкерлікті ынталандыруға және экономикалық қызметтің белсенділігін арттыру бойынша жүзеге асырған мемлекет ретінде атап өтілді.
Нәтижесінде Қазақстан рейтингте ЭЫДҰ-ның Бельгия, Италия, Израиль, Грекия және Түркия сияқты елдерінен басып озды.
Соңғы үш жылда Қазақстан мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде 2014-2017 жылдар аралығында 433 объект өткізілді. Yellow Pages Rule қағидаларын орындау мемлекет қатысатын субъектілер қызметінің түрлерін 652-ден 346-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру басталды. Бұл үшін 2015 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» Заң қабылданды, нарықтың дайындығына талдау жүргізілді, институционалдық тетіктер құрылды.
Соған қарамастан, мемлекет қаржы қаражаты мен білікті кадрларды өзіне тарта отырып, нарықтарда бұрынғысынша маңызды рөл атқарады (ЖІӨ-дегі ЖҚҚ үлесі – 2016 жылы 18,3%).
ШОБ субъектілерінің экономикаға қосқан үлесі салыстырмалы түрде төмен – 26,8% деңгейінде қалып отыр, орташа кәсіпорындар саны қысқаруда. Қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік, бизнес жүргізу жағдайында өңірлер арасындағы елеулі алшақтық, заңнамадағы бизнесті ірілетудің орнына оның бөлшектенуіне әкеп соқтыратын олқылықтар бизнестің дамуын тежейтін факторлар болып қалып отыр.
ШОБ секторының экспорттық әлеуетін дамыту үшін экспортты ілгерілету жөніндегі шаралардың белгілі бір топтамасы ұсынылады. Алайда, ірі нарықтардан қашықтығы жоғары логистикалық шығасыларға әкеп соғады және қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.