119-бап. Кәсiпорын
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
3-1. Кәсіпорынның құрамына мүліктік кешен ретінде кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
4. Мүлiк кешенi ретiндегi кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
121-бап. Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
122-бап. Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
Достарыңызбен бөлісу: |