128-2-бап. Туынды қаржы құралдары
1. Туынды қаржы құралдары — болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.
2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.
3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.
128-3-бап. Опцион
1. Опцион — оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.
2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдайлары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық активтің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтің бағасы (страйк — опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.
3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.
128-4-бап. Своп
Своп — оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.
128-5-бап. Форвард
1. Форвард — сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.
2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.
128-6-бап. Фьючерс
Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.
Достарыңызбен бөлісу: |