Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi 1-бап


Параграф 2. Заңды тұлғалар



бет5/205
Дата08.02.2022
өлшемі0,82 Mb.
#122763
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   205
Байланысты:
kazakstan respublykasynyn azamattyk kodeksi

Параграф 2. Заңды тұлғалар

Ескерту. III, IV, V бөлiктер V, VI, VII бөлiктер болып есептелдi - ҚР 1998.05.10 № 282 Заңымен.


I. Жалпы ережелер



33-бап. Заңды тұлға ұғымы

1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.

2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл талап жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары

1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.

3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңнамалық актілерде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін. 

Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.

3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.

4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстiң 110-бабы).

5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.

Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 1998.12.16 № 320, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi

1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.

Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.

Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.

2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзiмi өткен немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.

3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.

Ескерту. 35-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 1998.12.16 № 320; 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары

1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн.

2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғам мен кооперативтер жатады.

3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады.

4. Мүлкiне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.

5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.

Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.07.10 № 282, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
37-бап. Заңды тұлғаның органдары

1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды.

2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңнамалық актілер мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.

Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


38-бап. Заңды тұлғаның атауы

1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.

Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.

Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.

Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi.

2. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізіледі.

Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.

Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тіркелгеннен кейін оның фирмалық атауы болып табылады.

Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар. Бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.

Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері заңнамада айқындалады.

3. Алынып тасталды - ҚР 2001.12.24 № 276 Заңымен.

4. Мемлекеттiк органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде, Президентi мен Үкiметi актiлерiнде белгiленген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануға тыйым салынады.

Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1998.03.02 № 211, 1999.07.16 № 440, 2001.12.24 № 276, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi

1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады.

2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi.

3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда заңды тұлға нақты мекенжайының Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiміне енгiзiлген мекенжайына сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқылы емес. Бұл ретте, үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға почталық және өзге де хат-хабарды Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген мекенжайына да, нақты мекенжайына да жіберуге құқылы.

Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары

1. Заңды тұлғаны бiр немесе бiрнеше құрылтайшы құруы мүмкiн.

2. Мүлiктi меншiктенушiлер не олар уәкiлдiк берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлiктi шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның келiсiмiмен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады.

3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бiр артықшылықтарға ие бола алмайды.

Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.05.16 № 416, 2011.02.18 № 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары

1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметiн:


1) жарғысы және құрылтай шарты;
2) жарғысы;
3) жарғысы және eгep заңды тұлғаны бiр адам құрған жағдайда, заңды тұлғаны құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiмi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) негiзiнде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға осы түрдегі ұйымдар туралы жалпы ережелер немесе мазмұнын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын үлгілік жарғы негiзiнде әрекет жасай алады.
Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын үлгiлік жарғының негiзiнде өз қызметiн жүзеге асыра алады.
2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекiтедi. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бiр адам болса, құрылтай шарты жасалмайды.
3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметiнiң мәнi мен мақсаты белгiленуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғамы мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн.
4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға мiндеттенедi, оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбiн, оның меншiгiне (оралымды басқаруына) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу ережелерiн белгiлейдi. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудiң, заңды тұлға қызметiн басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртiбi де белгiленедi және оның жарғысы бекiтiледi.
Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.
4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс.
Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды.
5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртiбi және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру және жою ережелерi белгiленедi.
Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртiбi де белгiленедi.
Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда:
1) егер олар құрылтайшылардың өзара қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс.
7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.
Ескерту. 41-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1997.06.19 № 132, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.04.22 № 221, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2007.01.12 № 225, 2008.07.04 № 54-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.08 № 225-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу

1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жатады.


Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттiк тiркеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2. Мемлекеттiк тiркеу деректері, оның iшiнде заңды тұлғалардың атауы, ал коммерциялық ұйымдар үшін – фирмалық атауы Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiледi.
3. Заңды тұлға мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заң құжаттарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.
Филиалдар мен өкiлдiктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тiркелуге жатады.
5. Заңды тұлға құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуi заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиiмсiздiгiн желеу етiп тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.
6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:
1) жарғылық капиталының мөлшерi азайтылған;
2) атауы өзгергенде;
3) шаруашылық серiктестiктерiндегi қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегі қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерiн қоспағанда) қайта тiркелуге тиiс.
Аталған негiздер бойынша құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстер заңды тұлға қайта тiркелмейiнше жарамсыз болып табылады.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 N 30-I, 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 1998.07.10 N 282, 2003.05.16 N 416, 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.06.05 N 146, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

43-бап. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ заңды тұлғаның (мемлекеттік мекеменің)өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері

1. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi филиал болып табылады. 

2. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және заңды тұлғаның мүдделерiн қорғауды және өкілдігін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық іс-әрекеттер жасайтын оқшауланған бөлiмшесi өкiлдiк болып табылады. 

3. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болып табылмайды. Оларға мүліктi өздерiн құрған заңды тұлға бередi және олар бекiткен ережелер негiзiнде жұмыс iстейдi. 

4. Заңды тұлға (мемлекеттік мекеме) функцияларының бір бөлігін орындайтын, өзінің орналасқан жері бойынша стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше заңды тұлғаның (мемлекеттік мекеменің) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып танылады. Жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық жұмыс орны болып есептеледі. 

Заңды тұлғаның (мемлекеттік мекеменің) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі заңдарда тікелей көзделген жағдайларда құрылады. 

5. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады. 

Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары дiни бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады. 

Өзгеше нысандағы заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң басшыларын заңды тұлғаның уәкiлетті органы тағайындайды және олар соның сенiмхаты негiзiнде жұмыс iстейдi. 

Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


44-бап. Заңды тұлғаның жауапкершiлiгi

1. Мекемелердің және қазыналық кәсiпорындардың құрылтайшысы қаржыландыратын арнайы қаржы компанияларынан, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компанияларынан басқа заңды тұлғалар өз мiндеттемелерi бойынша өздерiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi.


Мекеме өзінің мiндеттемелері бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi. Ақша жеткiлiксiз болған жағдайда мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауаптылықта болады.
Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорында ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс тиiстi бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
Арнайы қаржы компаниясы өз міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап береді.
Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы міндеттемелері бойынша өз иелігіндегі ақшасымен жауап береді.
2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша заңды тұлғада қаражат жеткіліксіз болған кезде кредиторлар алдында субсидиарлық жауаптылықта болады.
4. Заңды тұлға үшiншi тұлғалардың алдында заңды тұлғаның органы құрылтай құжаттарында белгiленген өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланып қабылдаған мiндеттемелерi бойынша жауап бередi, бұған осы Кодекстiң 159-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 1998.12.16 N 320, 1999.11.04 N 472, 2003.05.20 N 417, 2006.02.20 N 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 225, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

45-бап. Заңды тұлғаны қайта құру

1. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) оның мүлкiнің меншiк иесінің немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың), сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлеттiк берiлген органның шешiмi бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда сот органдарының шешiмi бойынша жүргiзiледi. Қазақстан Республикасының заңнамасында қайта ұйымдастырудың басқа да нысандары көзделуi мүмкiн.

Заңды тұлға – ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын, арнайы қаржы компаниясын, төлем ұйымын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру және сақтандыру қызметі, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру, төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

Акционерлiк қоғамдарды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заң актiсiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

2. Қайта құру ерiктi түрде немесе ықтиярсыз жүргiзiлуi мүмкiн.

3. Заң құжаттарында көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.

Егер заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi, ол уәкiлдiк берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкiлдiк берiлген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етедi, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекiтуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекiтуi жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн негiз болады.

4. Заңды тұлға, бiрiктiру нысанында қайта құрылатын реттердi қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тiркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледi.

Заңды тұлға оған екiншi бір заңды тұлғаның қосылуы жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қосылған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізілген кезден бастап олардың бiрiншiсi қайта ұйымдастырылды деп есептеледі.

Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - 1997.06.19 N 134-I, 2000.12.18 N 128, 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.02.20 N 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


46-бап. Заңды тұлғаларды қайта құрған кездегi құқықты мирасқорлығы

1. Заңды тұлғаларды қосқан кезде олардың әрқайсысының құқықтары мен мiндеттерi өткiзу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.

2. Заңды тұлғаны екiншi бiр заңды тұлғаға бiрiктiрген кезде бiрiктiрiлген заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi өткiзу құжатына сәйкес соңғысына ауысады.

3. Заңды тұлғаны бөлген кезде оның құқықтары мен мiндеттерi бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаларға ауысады.

4. Заңды тұлғаның құрамынан бiр немесе бiрнеше заңды тұлғаларды бөлiп шығарғанда, бөлу балансына сәйкес олардың әрқайсысына қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi ауысады.

5. Заңды тұлғаның бiр түрiн екiншi түрдегi заңды тұлғаға өзгерткен кезде (ұйымдық-құқықтық нысанды өзгерткенде) қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен мiндеттерi өткiзу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.


47-бап. Өткiзу актiсi және бөлу балансы

1. Қайта құрылған заңды тұлғаның мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi жаңадан пайда болған заңды тұлғаға қосылған немесе бiрiктiрiлген кезде - өткiзу актiсiне сәйкес, бөлiнген және бөлiп шығарылған жағдайда - бөлу балансына сәйкес ауысады.

Өткiзу актiсi мен айыру балансында қайта құрылған заңды тұлғаның барлық несие берушiлерi мен борышқорларына қатысты, барлық мiндеттемелерi бойынша, соның iшiнде тараптар дауласқан мiндеттемелер бойынша да құқықты мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиiс.

2. Өткiзу актiсi мен бөлу балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi және құрылтай құжаттарымен бiрге жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды тiркеуге немесе нақтылы бар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына өзгерiстер енгiзу үшiн олар құрылтай құжаттарымен бiрге тапсырылады.

Құрылтай құжаттарымен бiрге тиiстi өткiзу актiсiнiң немесе бөлу балансының тапсырылмауы, сондай-ақ оларда қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша құқықты мирасқорлығы туралы ережелердiң болмауы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады.

3. Егер заң құжаттарында немесе қайта құру туралы шешiмде өзгеше көзделмесе, мүлiк (құқықтар мен мiндеттер) құқықты мирасқорына ол тiркелген кезден бастап ауысады.


48-бап. Заңды тұлғаны қайта құру кезiндегi оның несие берушiлерi құқықтарының кепiлдiгi

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншік иесі немесе заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған орган қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторларын бұл жөнінде жазбаша хабардар етуге мiндеттi. Талаптарды мәлімдеу мерзімі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторлары хабарламаларды алған кезден бастап екі айдан кем болмауға тиіс.

2. Бөлiнген және бөлiп шығарылған кезде құрылатын заңды тұлғаның несие берушiсi осы заңды тұлға борышқоры болып табылатын мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын және келтiрiлген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.

3. Егер бөлу балансы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорын анықтауға мүмкiндiк бермесе, не егер құқықтық мирасқорында қайта құрылғанға дейін туындаған міндеттемелерді орындау үшін мүлік жеткіліксіз болса, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар, сондай-ақ құрамынан басқа заңды тұлға бөлiнiп шыққан заңды тұлға, қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша оның несие берушiлерiнiң алдында ортақ жауапты болады.

Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2010.04.02 № 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
49-бап. Заңды тұлғаны тарату негiздерi

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесінің немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның, сондай-ақ құрылтай құжаттарында осыған уәкiлеттiк берiлген органының шешiмi бойынша заңды тұлға кез келген негiз бойынша таратылуы мүмкiн.


ЗҚАИ-ның ескертпесі!
1-тармақтың екінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.01.2021 № 409-VI (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Заңды тұлға – ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын, арнайы қаржы компаниясын, мақта өңдеу ұйымын тарату Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру, мақта саласын дамыту туралы заңнамасында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Соттың шешiмi бойынша заңды тұлға:
1) банкрот болған;
2) заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған;
3) орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға бір жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;
4) қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асырған:
заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметті үнемі жүзеге асырған;
қызметін тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілерде тыйым салынған қызметті жүзеге асырған;
5) басқа да заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда таратылуы мүмкін.
3. Осы баптың екiншi тармағындағы аталған негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заң актiлерiнде осындай талап қоюға құқық берiлген мемлекеттiк орган, ал банкрот болған жағдайда - несие берушiлер де сотқа беруi мүмкiн.
Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешiмiмен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер оның мүлкiнің меншiк иесіне, меншік иесі уәкілеттік берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкiлеттiк берiлген органға, заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату рәсіміне бастамашылық жасаған органға (тұлғаға) не өзге органға (тұлғаға), егер осы органның (тұлғаның) заңды тұлғаны тарату жөнiндегi функцияларды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, жүктелуi мүмкiн.
4. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен оны тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, мұндай заңды тұлға Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгiленген тәртiппен таратылуға тиіс.
5. Заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi мемлекет уәкiлдiк берген тиiстi органның шешiмiмен заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.
Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.01.21 № 68-I, 1997.06.19 № 134-I, 1998.03.02 № 211, 2000.12.18 № 128, 2001.12.24 № 276 (2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2007.07.21 № 299, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

50-бап. Заңды тұлғаны тарату тәртiбi

1. Заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына не "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, тіркелген жеріндегі мемлекеттік кіріс органына дереу жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, интернет-ресурс арқылы хабарлауға мiндеттi.


2. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және осы Кодекске сәйкес тарату тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.
Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап заңды тұлғаның мүлкiн және iстерiн басқару жөнiндегі өкiлеттiк соған ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етедi.
3. Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату, сондай-ақ оның кредиторларының талаптарын мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, талаптарды мәлiмдеу мерзiмi тарату туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап екi айдан кем болмауы тиіс. Банкроттық кезінде кредиторлардың банкротқа қоятын талаптары кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей мәлімделуге тиіс.
Тарату комиссиясы несие берушiлердi анықтау және қарыздарын алу үшiн шаралар қолданады, сондай-ақ несие берушiлерге заңды тұлғаның таратылғандығы туралы жазбаша хабарлайды.
4. Несие берушiлер талаптарын қоюға арналған мерзiм аяқталғаннан кейiн тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамы, несие берушiлер қойған талаптар тiзбесi, сондай-ақ оларды қарау нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.
Аралық тарату балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамына арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру кезiндегi міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған арнайы қаржы компаниясының секьюритилендiру кезiндегi облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер және ипотекалық облигациялар бойынша: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары (ипотекалық куәлiктердi қоса алғанда), сондай-ақ көрсетiлген облигацияларды ұстаушыларда меншiк құқығы мәмiлелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары қамтамасыз ету болып табылатын кепiл мүлкi енгiзiлмейдi. Тарату комиссиясы көрсетілген мүлік пен бөлінген активтерді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.
Аралық тарату балансын жасау кезінде таратылатын мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы мүлкінің құрамына мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сатқан мүлік кірмейді. Көрсетілген мүлікті тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасының меншігіне береді.
5. Егер таратылатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекемелерден басқа) ақшасы несие берушiлердiң талабын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкiн сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiп бойынша жария сатуды жүзеге асырады.
Таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына енгізілген кепілге салынған мүлікті жария сауда-саттықта сату кезінде кепілді кредиторлардың талаптары кепілге салынған мүлікті өткізуден алынған сома шегінде басқа кредиторлардың алдында артықшылықпен қанағаттандырылады.
Кепіл нысанасын өткізуден түскен сома жеткіліксіз болған жағдайда, кепілді кредитор талаптарының қалған сомасы осы Кодекстің 51-бабында белгіленген кезектілік тәртібімен қанағаттандырылады.
6. Тарату комиссиясы таратылатын заңды тұлғаның кредиторларына ақша төлеудi аралық тарату балансы бекiтiлген күннен бастап, соған сәйкес, осы Кодекстiң 51-бабында белгiленген кезектілік тәртiбiмен жүргiзедi. Акционерлiк қоғамдардың мүлкiн бөлу ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңнамасында белгiленедi.
Таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамында кепілге салынған мүлік болған кезде кепілді кредитор өз талаптарын кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау арқылы қанағаттандыруға құқылы.
Тарату комиссиясы кепілді кредитордан кепілге салынған мүлікті заттай қабылдайтыны туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мүлікке бағалау жүргізеді.
Кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға беру осы тармақтың бесінші және алтыншы бөліктерінде көзделген талаптар ескеріле отырып, бағалау жүргізілгеннен кейін жүргізіледі.
Егер кепілге салынған мүліктің кепіл нысанасын бағалауға жұмсалған шығыстар шегерілгендегі бағалау құны кепілді кредитордың талаптарынан көп болған жағдайда, онда кепілді кредитор осы айырманы таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына қайтарады.
Егер кепілге салынған мүліктің кепіл нысанасын бағалауға жұмсалған шығыстар шегерілгендегі бағалау құны кепілді кредитордың талаптарынан аз болған жағдайда, кепілді кредитордың айырма мөлшеріндегі талаптары осы Кодекстің 51-бабында белгіленген кезектілік тәртібімен қанағаттандырылуға жатады.
7. Несие берушiлермен есеп айырысу бiткеннен кейiн тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
8. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.
9. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн таратылатын қазыналық кәсiпорынның - мүлкi, ал таратылатын мекеменiң ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда, несие берушiлер талаптарының қалған бөлiгiн осы кәсiпорынның немесе мекеменiң мүлкiн меншiктенушi есебiнен қанағаттандыру туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы.
9-1. Алып тасталды - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10. Заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізілгеннен кейiн есептеледі.
Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1996.07.15 N 30-I, 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211, 1998.07.10. N 282, 1998.12.16. N 320, 2003.06.03. N 426, 2006.01.10. N 115(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.02.20. N 127(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. N 225, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

51-бап. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру

1. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, заңды тұлға таратылған кезде оның кредиторларының талаптары мынадай кезектілікпен қанағаттандырылады:


1) бiрiншi кезекте - жалақыдан және (немесе) өзге де кiрiстен ұсталған алименттерді төлеу жөнiндегi талаптар, сондай-ақ таратылатын заңды тұлға өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптары тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады;
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
2) екінші кезекте – Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелерін реттейтін заңнамалық актісіне сәйкес талаптар сомаларының бір бөлігі бесінші кезекте қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбегіне ақы төлеу және өтемақылар төлеу, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті төлеу, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі есеп айырысулар жүргізіледі;
3) үшінші кезекте – ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтарының кепілімен (ипотекалық куәліктер кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе оларға мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша ауысқан жағдайларда, кредиторлардың – көрсетілген облигацияларды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын, сондай-ақ кредиторлардың осы Кодекстің 50-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне немесе 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қанағаттандырылған талаптарын қоспағанда, кредиторлардың таратылатын банкрот мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелері жөніндегі талаптары қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөнiндегi берешек өтеледi;
5) бесiншi кезекте – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес басқа кредиторлармен, сондай-ақ осы Кодекстің 50-бабы 5-тармағының үшінші бөлігінде және 6-тармағының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларда кепілді кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі.
2. Әр кезектiң талаптары оның алдындағы кезек талаптары толық қанағаттандырылып болғаннан кейiн қанағаттандырылады.
3. Таратылған заңды тұлғаның мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, егер заңда өзгеше белгiленбесе, ол несие берушiлер арасында тиiстi кезекпен қанағаттандырылуға жататын талаптардың сомаларына қарай бөлiнедi.
4. Тарату комиссиясы несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, несие берушi заңды тұлғаның тарату балансы бекiтiлгенге дейiн тарату комиссиясына талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың шешiмi бойынша несие берушiнiң талаптары таратылған заңды тұлғаның қалған мүлкi есебiнен қанағаттандырылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғаның несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлiкке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнiнде мiндеттемелiк құқықтары бар меншiк иесiне немесе құрылтайшыларына (қатысушыларына) берiледi.
6. Таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты несие берушiлердiң қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекiткенге дейiн мәлiмделмеген талаптары өтелген деп есептеледi.
Егер несие берушi талап қойып сотқа жүгiнбесе, несие берушiлердiң тарату комиссиясы мойындамаған талаптары да, сот шешiмiмен несие берушiге қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген деп есептеледi.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.01.21. № 68-I, 2001.07.11. № 239, 2003.06.03. № 426, 2004.04.08. № 542 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. № 225, 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап. Банкроттық

Банкроттық - борышкердiң соттың шешiмiмен танылған оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi.


РҚАО-ның ескертпесі!
Екінші бөлікке өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі).
Борышкердің дәрменсiздiгін Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жасалған, қаржылық орнықтылық туралы қорытындыны ескере отырып, сот белгілейді.
Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - ҚР 1997.01.21. № 68-I Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.06.29. N 238, 2008.07.05 № 60-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

53-бап. Банкрот деп тану

1. Банкроттық ерiктi түрде немесе мәжбүр ету тәртiбiмен танылуы мүмкiн.

2. Банкроттықты ерiктi түрде тану борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.

3. Мәжбүр ету тәртiбiмен банкрот деп тану несие берушiнiң, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтiнiш беруi негiзiнде жүзеге асырылады.

Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 1997.01.21. № 68-I Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.06.29. № 238 Заңымен.
54-бап. Оңалту рәсiмдерi

Борышкер – заңды тұлғаның таратылуын болғызбау мақсатында оған төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн кез келген шаралар қолданылуы мүмкiн.


Бұл шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асыру тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2019 № 290-VІ Заңымен(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   205




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет