3. Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгi
72-бап. Сенiм серiктестiгi туралы негізгі ережелер
1. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенiм серiктестiгi деп танылады.
2. Сенiм серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бiр ғана сенiм серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенiм серiктестiгiндегi толық серiктес толық серiктестiктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенiм серiктестiгiне осы Кодекстiң сенiм серiктестiктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. N 211 Заңымен.
73-бап. Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы
1. Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2. Командиттік серiктестiк салымшысының:
1) серiктестiктің таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесiнің бөлігін құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен алуға;
2) серiктестiктiң қаржылық есебімен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен басқа салымшыға немесе үшiншi тұлғаға беруге құқығы бар. Салымшының өзінің бүкіл үлесiн өзге тұлғаға беруi оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серiктестiктен шығуға құқығы бар.
Командиттік серiктестiктің құрылтай құжаттарында салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
Командиттік серiктестiктің салымшылары үшін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген құқықтардан бас тартуы немесе оларды шектеуі, соның ішінде салымшылар мен толық серіктестіктердің келісімі бойынша шектеуі маңызсыз болады.
3. Егер салымшы сенiм серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксiз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серiктестiк мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
Ескерту. 73-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
74-бап. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы
1. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенiм серiктестiгi мүлкiндегi үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенiм серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Коммандиттік серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-тармақты үшінші бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенiм серiктестiгiн таратуға негiз болады.
Ескерту. 74-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
75-бап. Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенiм серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртiбiн олар толық серiктестiк туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенiм серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенiмхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенiм серiктестiгi салымшыларының серiктестiк iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.
76-бап. Сенiм серiктестiгiнiң тоқтатылуы
1. Сенiм серiктестiгi оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серiктестер сенiм серiктестiгiн таратудың орнына оны толық серiктестiк етiп қайта құруға құқылы. Сенiм серiктестiгi толық серiктестiктi тарату үшiн көзделген негiздер бойынша да таратылады.
2. Салымшылар сенiм серiктестiгi таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiнгi қалған серiктестiк мүлкiнен салымдарды алуға толық серiктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенiм серiктестiгiнiң бұдан кейiнгi қалған мүлкi толық серiктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе олардың серiктестiк мүлкiне қосқан үлесiне қарай бөлiнедi.
Достарыңызбен бөлісу: |