Ескерту. 6-бөлiмше "Акционерлiк қоғам" деген III бөлiк болып есептелсiн - ҚР 1998.07.10 № 282 Заңымен.
85-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлiк қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19 № 134-I, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282; 2003.10.13 № 486, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |