Екіншісі,
тарих қойнауына енген саяси басшылықтың іс-әрекеттеріне,
өмір салттарына, кадр саласында ұстанған бағыт-бағдарлары мен жүргізген
саясаттарына талдау жасай келе, КСРО-ның күйреуінің саяси себептерінің
субъективті-адами факторлармен байланысты терең сырларын да ашып
көрсеткен жөн. Мысалы, КСРО басшылары А.Н.Косыгин де, М.А.Суслов та,
Д.Ф.Устинов та, А.А.Громыко да, Н.К.Байбаков та, республикалардың
басшылары да, тіпті Л.И.Брежневтің өзі де, тағы басқа көптеген адамдар
сияқты, билікке 30-35 жастарынан бастап араласты. Әрине, осындай жас
адамдар қабілеттері болмаса, әлгіндей биік қызметтерге көтеріле алмайтындары
даусыз. Алайда олардың араға 25-30 жыл түскен соң да, өздерінің билікке қай
жаста келгендерін ұмытып, элитаның құрамын жаңа адамдармен алмастыруға
тіптен мән бермеуі зерттеушілер мен келесі өскелең ұрпақтарды таң
қалдырады.
Бұлардың баршасы тарихи шындық. Осылардың көбі әр дәрежедегі
билікке жастайынан, яғни И.Сталиннің кезінде-ақ араласа бастаған. Оны
олардың кез-келгенінің өмірбаянын дерек көзі ретінде алып оңай дәлелдеуге
болады. Онда неге олар жастарға жол бермей, өз орындарында тапжылмай
ондаған жылдар бойы отырып алды? Оның ең басты себебі ел басшыларының
ел қамын емес, жоғарыда айтылғандай, өз бастарының қамын ғана ойлауы еді.
Ең жоғарғы дәрежедегі ондаған басшылардың бір уақыт аралығында (өткен
ғасырдың 70-80 жылдарында), бір кеңістікте (Кремльде) тек өз мүдделерін
көздеп, өз бастарының қамын ойлаулары бір арнаға тоғыса келе, сол
мемлекеттің түбіне жеткен мемлекеттік саясатқа ұласты.
Шынында да олар шарықтау шыңдарына 70-жылдардың басында-ақ жете
тұра, кейінгі буындардың өздерін іс жүзінде танылуына жол бермеді. Онан соң
осы бір айрықша қабілетті адамдардың аттарына лайық, отырған орындарын
өлмей босатпайтын әдетке ұласты. Жетпісінші-сексенінші жылдар тоғысында
басқару элитасын түбегейлі алмастыратын кезең туды. Алайда уақыттың бұл
талабына тиісінше жауап беруге КСРО саяси жүйесі атымен әзір емес болып
шықты. Жүйенің тағы бір ішкі осалдығы мен ресми жетекшілердің сырты
жылтырақ, іші қалтырақ көзбояушылар мен даңғойлық қана болып шыққаны
болды. Оның мысалы ретінде ұзақ жылдар бойы КСРО сияқты алып мемлекетті
басқарған Л. Брежнев он сегіз жыл ел билеген адам. Озбыр да, зұлым да емес,
алайда ол дүниеден өткенде, ең жақындарынан басқа ешкім көздеріне жас алып
жыламақ түгілі, тіпті реніш те білдірмеді. Бұдан жаман не болушы еді?
Достарыңызбен бөлісу: |