Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



бет4/10
Дата05.11.2016
өлшемі2,71 Mb.
#986
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Жантай батыр

Бөгенбайдың сенімді жауынгер-серіктерінің тағы бірі, ол Жантай батыр: «Ашуы жауған қардай, шөккен нардай

Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай,

Бөкеннің жас жолбарыс жеткіншегі,

Ауызынан жалын шашқан жас Жанатай...», - деп

сипаттайды қос батырды Мағжан Жұмабаев.

Жантай батырдың есімі тарихи жырларда қазақтың аты шулы басқа батырларымен қатар жиі аталады. Абылай ханның ең сүйікті жауынгерлерінің бірі болған Жантай қанжығалының Бозымынан тарайтын Нияз атасынан шыққан. Жантай батыр шамамен 1690 жылы туған. Оны біз жоғарыда келтірілген 1685 жылы дүниеге келген Бұқар жыраудың Бөгенбай батырға Жантай өліміне «Бөке, сен менен бес жас үлкен едің, Жантай менен бес жас кіші еді. Екеумізге топырақты Жантай салуы керек еді. Олай болмады, ажал төтендетіп жетті, батырдың артын қайырлы етсін», - деп көңіл айтқан сөзінен аңғарамыз. Қанжығалы елі Ерейменді өзіне мекен еткеннен бастап, Жантай Майкөл деген жерді қоныстанады:

«Шағындау бір көлге кеп Жантай қонғаң

Көрген мал көшершілік арық болған.

Сол жерде мал семіріп, майдан баспай,

Себебі сол болыпты Майкөл қойған».

Жантай батыр өз заманының жүрек жұтқан батырларының бірі болса керек. Бөгенбай батыр жасақтарының құрамында түрлі соғыстарға қатысып, өзінің ер жүректілігімен, қайсарлығымен танылады. Әскерді Абылай хан бастаған шақтарда, Жантай, шамамен 500 адамдық жарғыш, тосқауылшы топты басқарған сыңайлы. Сонымен қатар түрлі, ең қиын тапсырмаларды орындап отырған батыр еді. Өз қиссасында Бөгенбай және оның батырларының сипаттамасын келтірген Үмбетай Жантайға да тоқталып кеткен:

«Қасқырдың қызыл жанды арланындай,

Бұл - Ниязұлы батыр Жантай,

Бөгенбайдай ерлігі елге мәлім.

Қайтпайды жауға тисе кегін алмай».

Аңырақай шайқасының қарсаңында үш жүзден Ұлытауға жиналған қазақ сарбаздарың қажетті қару-жарақ, сауыт-сайманмен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Орта Азия қалаларының шеберханаларынан қол үзген қазақтар үшін, қайткен күнде де өз күштерімен соғысқа жабдықтану керек болды. Сол уақытта төлеңгіттердің бір бастығы Жайсаң батыр Алтай жеріне барып, өзіне таныс бір кен танығыш ұстаны алып келмекші болады. Жайсаңның қасына қырық батырға бас болып Жантай батыр ереді. Қазақ батырлары ұстаны тауып: «Кімсің? - деп атын сұрағанда ол: «Дарханмын», - деп жауап береді («Дархан» - қалмақ тілінде -«ұста»)». Осыдан ол Дархан аталып кетеді, ал Жантайдың осы жорығы халық ауызында «Қырық батыр жорығы» атымен белгілі болған. Нәтижесінде Бөгенбай батыр Ұлытауда бас қосқан сарбаздарға темір қаздырып, Дархан ұстаның басшылығымен біздің жыл санауымыздан бұрын қалған балқыту пештерін қалпына келтіртіп - темір балқытып, болат қорытады.

Жантай жайлы мәліметтерді өзінің «Исторические предания о батырах XVIII века» атты мақаласында Ш. Уәлиханов келтірген. Ол бойынша: «Бірде Абылай хан жоңғарларға қарсы бір жорықта алдын барлау үшін, мың адамды екіге бөліп, ержүрек, сенімді батырларын жібереді. Бір тобын Қанжығалы Жантайға, екіншісін ақсақал Бөгенбайға бастатып, ілгері жіберіпті. Батырлар ұзақ уақыт бойы орала қоймаған соң, Абылай уайымдап, өзінің көріпкел жырауы Бұқардан: «Менің жігіттеріме не болды екең оралмауына не себеп?» - деп сұрапты. Сонда Бұқар айтыпты: «Жантай Талқы арқылы барады, ал Бөгенбай Құлжан батыр секілді қиыннан жол тауып өтеді. Ал енді Хан-Баба болса, көп ұзамай қайтып келер. Талқының асуы қысыңқы әрі қауіпті» - депті. Абылай ішінен Жантайдың зор қауіпке душар болғанын сезеді. Жырау сөзін жалғастырып: «Жантай бұзып-жарып өтіп, ұлысын олжалайды. Жантай әкелген аққұба қызды Абылай сұлтан алады» - дейді. Абылайдың айтуынша, сол жолғы болжамның орындалуынан соң, төбесі көкке жеткендей зор қуанышқа бөленсе керек.

Сонымен қатар Ш. Уәлиханов қазақтардың қалмақтармен болған соңғы ұрыстарының бірінде Жантай батырдың қаза табуы жайлы да жазған: «Бұл жорықта халық саны есепсіз көп болғаң хан болса, басқа батырлардың наразылығына назар аудармай, орнынан қозғалмастан жиналған жерде ержүрек батыр Баянды күтіп тұрды. Ақыры 540 адамымен батыр Баянда қосылды, хан алдына келіп: «Қайда, не бұйырасың, орындаймын», - деді. Сонда хан халыққа қарап, былай деді: «Менің Баянды ұзақ күтуімнің себебі де осы». Осы уақытта бір тәуліктік жерде 500 адамымен алдыңғы қарауылды ұстап тұрған қанжығалы Жантай батыр қалмақтар қолынан қаза табады. Ол былай болған еді: Жантайдың інісі Үйсінбай барлау жүргізіп жүріп, қалмақтардың 3 түйесін алып кетеді; қайтып келісімен одан інісі Арқандар-батыр тиесілі сауғасын сұрады, Үйсінбай батыр оған былай деп жауап берді: «Қалмақтарда түйе көп, сенің де қолың бар, денің сау - бар да ал». Бұл сөзге намыстанған Арқандар өзінің жеті жолдасымен, түн ішінде Қоян-Көздінің ұлы атақты Қонаймен бірге қалмақтардың табынын шауып, тоғыз түйесін алып кетеді. Арқандар жеті жолдасын олжаланған малмен алға жіберіп, өзі қуғыншыларды тоқтату, немесе басқа жаққа әкету үшін қалып қояды.

Жолдастары алғашында Арқандардың шеберлікпен жауды басқа жаққа бұрып әкеткенін көрсе, артынан батырдың қоршауға түскендігін байқайды. Тауға шыққандар оның жан-жақтан жау қоршауында қалғандығын көреді. Арқандар қаза табады. Өзінің сүйікті інісінің қаза болғандығын естіген Жанатай батыр өлтірушілерге қарғыс айтып: «Не өлем, не сендердің қандарыңды ішем» деп ант етеді. Атын сұратып мініп, 500 адамдық топпен қалмақ ордасына басып кіреді, олардың саны 10 мың еді. Қиян-кескі соғыс болып, қазақтар басын өлімге тігіп барды. Қарны жарылған Үйсінбай шек қарнын шапанының етегінде ұстап жүріп соғысып, Жантай батырдан сұрайды: «Жантай батыр жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма?». Барлығы өледі, Жантай сегіз адамымен және ұлы Тоқышпен тірі қалады. Жантай атынан түсіп, атын ұлына беріп: «Үйге қайт, әйтпесе менің кегімді алар адам болмайды» - дейді да оққа ұшады. Жантайдың елімін естіген Абылай: «Өзін қайрауға бермеген, қара болатым-ай!» деп қайғырып, жылаған екен.

Барлық әскер шапшаң жүріп отырып Ілеге жиналады, қалмақтар келгенге дейін бүкіл өткелдерді қоршауға алады.

Қалмақтар тоқтап, жеті адамдық елші жібереді. Елші басшысы түлкі тымақты киген ұзын бойлы қара қалмақ, атынан түсіп, ханның алдына келеді: «Алла жар! Мені Уса мен Серен хан жіберді: қалмақ пен қазақ туысқан-бауырлас болды, қазырда солай болсын; сыйлық ретінде ақ ордаларды алыңыз, бейбіт өмір сүрейік». «Кет» - деді хан, сосын батырларын жинап алып кеңесіп: «Ақ ордасын алып, үміттендіріп, сосын шабуымыз керек», - деп өз пікірін айтты.

Оған Баян: «Жоқ! Ақ орданы алмаңыз, алдаймын деп үміттенбеңіз: Уса мен Серен жоғары және төменгі Қытайды да алдады, сенен де айласын асырады», - деп жауап қайтарды.

Хан екі рет өзінікін қайталады, ол екі рет өз жауабын айтты. Хан өзінікінде қалды.

Қалмақтар қозы көш жерде тұрды (8-9 верст). Екі күн күтті, қалмақтар да жоқ, ақ орда да жоқ, артынан олар шегініп кеткелі екі күн болғанын білді. Баян мың адаммен олардың соңына түсіп, Қытайға ене бастаған жерінен қуып жетті, бірақ 40 сажендей жете алмады; қайтып келе жатқан жолында қалмақтардың өліктерінен бұзылған судан қара тышқақ ауруына ұшырап, қырылады, Баян батырдың өзі де өледі».

Ш. Уәлихановтың Жантай жайлы келтірілген мәліметтері Үмбетай жыраудың «Жантай батыр» қиссасынан алынған сыңайлы. Себебі бұл батырлық жыр мен Шоқан әңгімесінің негізгі тұстары дәлме-дәл келеді. Бұл қиссаны Шоқаң өзі бірнеше рет жолыққан, Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ шешеннен естіген болса керек. Жыр бойынша қалың жаудың қоршауында қалған Жантайдың сарбаздарының кебі оққа ұшып, майдан аяғында қасында немере інісі Үйсімбай, үлкен ұлы Мырзакелді, ортаншы ұлы Тоқыш (Тоқаш) тағы да бірнеше жауынгерлері ғана қалып жауға алдырмай, қарсыласқан. Қаза уақыты жақындағанын түсінген Жантай, сонда тұнғышы Мырзакелдіге «қаш» - деді кие жарып көпті мына». Әкесін қимай, өмірін өлімге тікпек болған Мырзакелді болса, жалғанның қызығын әлі де болса дұрыс көрмеген, артында тұяғы жоқ інісі Тоқыштың құтылуын дұрыс көреді:

«Құптамай әке әмірін Мырзакелді:

«Мен өлсем Жанболатым бар үйдегі».

Бойдақ қой, жұрағатсыз кетіп жүрер,

Көк атпен Тоқашың-ақ қайтсын», - деді.

Жантай батыр кенжесін атқа отырғызып «сәлем де Қанжығалы баласына, Ұмытпас!» - деп қоршауда қала берді. Бір күнге созылған шайқас, түнде жалғасын табады, қалмақтар қазақ батырларын тек таң ата ғана алады. Ауыр жараланған Жантайдың сауытын айбалталап сыпырып, қайсар батырды адырға асып кетеді. [17, б.97-102]
Барақ батыр
Халқымыздың тарихында Барақ бірнешеу болып кездеседі. Қайым Мұхамедханов өзінің бір зерттеуінде "қазақ тарихында ұзын саны 12 Барақ болған" дегенді айтады.

Сол он екінің ең басы, кәдуілгі әз-Жәнібектің әкесі. Ал Әбілхайырды өлтіретін, басқа - төре Барақ. Ол 1749 жылы Ташкентте тұрған Жоңғар қонтайшысының ордасында у ішіп өлтірілген деседі.

Қайсар ақын Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасында және бір Барақтың аталатыны бар. Ат сипатын бере келіп, ақын: "Жорыққа Барақ батыр мінген, таңдап" дейтін еді ғой. Бірақ поэмада ол Барақтың қай ел, қай тектен екені айтылмаған. Тегі сол көкжал Барақ болуы мүмкін. Өйткені, сол Барақтың "бұқа мойын көк тұлпарын" Абылайханның бірде сұратқаны бартын.

Иә, сонымен халқымыздың өткен-кеткен тарихында Барақ ныспалы батыр көп болыпты. Алайда, солардың ішінде көкжал аталғаны біреу-ақ. Ол найманның көкжарлы руынан шыкқан Шүрекұлы ер Барақ. Рас, өзінің "Жанталас" романында Ілияс Есенберлиннің Әбілхайырды өлтіретін төре Барақты бірер тұста "көкжал" деп жіберетіні бар. Бірақ бұл өз кейіпкерін асыра дәріптеу үшін қолданған теңеу ғана болса керек.

Сонымен халқымыздың өткен-кеткен көне тарихында, ілгеріде айтқанымыздай, бірнеше оғланның қолынан қаза тапқан Жәнібектің әкесі, 1428 жылы Моғолыстан сұлтаны Махмұд Барақ болған екен. Олар: 1. Әз-Барақ; 2. Самархан ханы Наурыз Ахмет Барақ. Бұл - Шайбани тұқымы; 3. Он бесінші ғасырда өткен Шыңғысхан шөбересі Барақ. 4. Әбілхайырды өлтіретін Барақ. Алғашында шекті еліне, кейіннен найман елінің Ергенекті тармағына сұлтан болған; 5. Абылайдың Тоқтаханым тоқалынан туған Сүйік сұлтанның ұлы — Барақ; 6. Солтабайұлы Барақ; 7. Көкжарлы көкжал Барақ.

Біздің тоқталмағымыз да осы Барақ. Бұл Найманның Көкжарлы руынан шыққан, жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық туын көтеріскен айтулы қайраткер, жүрек жұтқан батыр. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бегембай, орда бұзған Олжабай, болашақ хан Сабалаққа арналған қиссаларда "Көкжарлы көкжал Барақ" деп аталатын Барағыныз осы. Мәселен, Көкбай Жанатаевтың "Сабалақ" атты қиссасындағы:

"Қалмақты қойдай қырған қолмен қамап,

Келіпті Көкжарлыдан көкжал Барақ",деп келетін, иә, болмаса "Қабанбай жырындағы":

"-Қайтейін көкжал Барағым,

Қапыда кеттің қарағым!", — деген сияқты өлен жолдарынын бәрі көкжал Барақтың тұлғасын ап түсетін керемет сөздер!

Немесе, Шоқан Уалихановтың орыс тіліндегі томдық шығармалар жинағының 1-ші томын, кездесетін мына бір сөздерге назар аударыңыз: " Султан Найманский Барак (кукжал)... сделал набег : дикокаменный киргиз". Академик Әлкей Марғұлан осы сөйлемге әжептәуір мән беріп, мұнда да көкжал сөзінін аталып тұрғанын тілге тиек етеді.

Ал осы көкжал атауына орай айтылып келе жатқан жорамалдар да көп. Біреулер: батырдың желкесін бастап, бүкіл қыр омыртқасының үстіне кәдуілгі жал іспеттес ұзын көкшулан түк есіпті десе, екінші біреулер: жоқ, олай емес екен, батырдың тоқыма кіреукесі айғырдың жалы мен құйрық қылы бірге өріліпті. Шауып бара жатқан пырақтың бет алды соққан желден кәдуілгі жал секілді желкілдейтін көрінеді, содан бар: "көкжал" атаныпты деседі. Тағы біреулер: бұл ат оған қайтпас қайсарлығы үшін, жүректілігі үшін берілген, мәселен қасқырдың арланын да "көкжал" деп атайды, дегенге бейім. Бұлай дегенде, олар Барақтың жас жігіт кезінде таңға жақын жау тобына жалғыз тиіп, жеңіске жол салғанын тілге тиек етеді. Жігіттің сол ерлігіне сүйсінген Қабанбай: "Әй, көкжалым-ай жарайсың!' деп арқасынан қағыпты, содан ол "көкжал" атанып кетіпті-міс.

Шоқан Уалиханов "Қырғыз ордасының тарих деген еңбегінде көкжал Барақтың 1770 жылы қырғыздарды шапқанын, артынан жеңіліп кашқанын айта келіп, "көкжал" атауына "жалды Барақ" сөзін қоса келтіріпті. Алайда Шоқан пікірінде бір жаңсақтық кеткен. Көкжал Барақты "султан найманский" (найман сұлтаны) деп атапты. Шындығында бұл Барақтың төре тұқымына үш қайнаса сорпасы қосылар ма екен? ата-бабасынан бері қара қазақ. Оның бір қазақ әйелін үш қалмақ әйелінен тараған ұрпақ саны 2( шаңыраққа таяу. Бұлардың бәрі негізінен, Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Марқа аудандарында тұрады.

Ерте кезде қазақ руларын негізінен төре нәсілдер билегені белгілі. Осы жағдай Шоқанды шатастыруы мүмкін. Асылы қарадан шықса да Барақ бүкіл Көкжарлы руын ашса - алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Тағы бір айтатын жәйт Шоқан Барақтың өлімі жайында ештене айтылмаған. Алайда батырдың сол қырғыз жорығынан тірі қайтпағаны сөзсіз: "Барақ пен оның жасақтары қырғыздың біраз: ерін шауып, "Қошқар ата" мазарына келіп жатқан ан алдында Әтеке жырық бастаған қырғыз қолы ұларға тұтқиылдан соқтығады. Түн іші қандай қиын. Сасып қалған казақтар алған барлық тұтқындары мен олжаларын сол жерде қалдырып жөнді соғыса алмай, алып берген. Барақтың өзі қолға түсіп қала жаздап, зорға құтылады. Басы оңбаған жорықтың соңы қайтіп оңсын. Осы ойға берілген Барақ сол бетімен елге қайтпақшы еді. Бірақ бұл бір кез "Барақтың кегін қайтару үшін сонау Көкше өңірінен Абылай аттаныпты" деген хабар жетеді. Осыны естіген батырдың жақын серіктері асықпайды, қайта оны жаудан кек алуға қайрайды. Ақыры батыр көнеді.

Сонымен Ақсу және Қызылтуған өзендерінің Шуға құятын тұсындағы кең алқапта Абылай бастаған қазақ қолы мен Әтеке, Садырбала, Есенғұл батырлар бастаған қырғыз қолы түйісіп. атақты "жайыл қырғыны" басталып кете барсын.

Қазақтар үшін бұл соғыс жеңіспен біткені белгілі. Алайда көкжал Барақ сол шайқастан тірі шықпапты. Атына оқ тиген, өзі қоршауда қалған. Көппен жалғыз айқасып жүргенде қырғыздың Тоғалақ (бір нұсқада Домулақ) дейтін батыры желкесінен қанжар салады. Есіл ер 69 жасында осылайша қаза тапқан.

Абылай батырға арнап, зират соққызыпты деседі ел аңызы. Сондай аңыздың бірін тағы бір есіл ер — Сұлтанмахмұт Торайғыров Байжігіт еліндегі Құрман атты қажынын аузынан жазып алған екен. Сұлтанмахмұт архивінен Қайым Мұхаметханов тауып алып, Қабанбай батыр туралы жазған мақаласында пайдаланыпты. Барақтың өлімі сол мақалада едәуір баяндалды да.

Көкжал Барақтың халық алдында ғасырлар бойы ұмытылмас еңбегі — оның жоңғарларға көрсеткен ересен ерліктері. Батыр есіміне байланысты оқиға болған жер байтақ даламыздың әр тұсынан, әсіресе, Шығыс Қазақстан жерінен көп кездеседі. Соғысқа 20 жасынан бастап араласқан ол елу жылға жуық жаумен шайқасып елін. жерін қорғап өтті. Ол әйгілі "Аңырақай", "Бұланты", "Шыңғыстау", "Шаған", "Шорға", "Сібе" соғыстарының бәріне қатысты. Ол Қабанбай қолының бір қанатын — көкжарлы Сарыжомарт руларынан құралған қанатын басқара жүріп, шығыстағы Ертістің оң жағалауынан Алтай тауларына қарай кететін байтақ өлкесін қалмақтардан тазартып шықты. Әрине, жалғыз Барақ қана емес. Қабанбай қолының басқа қанаттарында қимыл жасаған қаракерей елінің Боранбай, Кешу. Ботағара, Еспембет, Ақтамберді, Шыңқожа сияқты батырлары да кереметтей ерлік көрсетіп, құба калмақ-жоңғарларды Аягөз жазығы. Алакөл жағалауы, Шыңғыстау, Тарбағатай баурайларынан қуып тастады. Арқадан ақыртып жеткен қанжығалы Бөгембай Ақшәуілден қайтып еді. Көкжал Барақ өткен жорық жолының тағы бір куәсіндей болып Шар станциясының батыс жағында "Бас Қарауыл" бөлігі тұр. Жарма ауданы орталығының теріскей бетінде көлбей шөккен тауды жергілікті халық "Орта Қарауыл" немесе "Барақ шыққан'' деп атайды. Ал Өскеменге таяу тұста "Аяқ Қарауыл" биігі және бар. Осы тарихи аталымның басын құрайтын оқиға желісі көкжал Барақ есімімен тікелей байланысты. Аңыз бойынша "сиырдың қара тілін" мініп қашқан қалмақ шолғыншысын "Бас Қарауыл" мен "Орта Қарауылдан" өкшелеп қуған көкжал Барақ "Аяқ Қарауылда" тұлпар атымен зорға қуып жетіпті. Онда да жеткізбейді екен. Сиырдың айыр тұяғын біріктіріп тіккен жібі сөгіліп кетіп, батыр сол арада шолғыншыны тұтқынға алыпты.

...Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Сібе өзенінің сырт жағында "Там" атты тау тұр. Ерте замаңда осы тауды қапталдай қазылған ордың сілемі әлі жатыр. Қар суы ор ішінде көпке дейін сакталады. Сол "Там" тауынын басынан екі жақпар тастың үстіне көлденен тасталған тайқазандай тасты көрер едіңіз. Көлемі "Москвич" жеңіл машинасындай. Соған апаратын таудың орта жолында аумағы дәл әлгідей тағы бір шомбал тас жатады. Тау етегіндегісі тағы бар. Аңыздың айтуына карағанда, осы тауда қазақ пен қалмақ қолы түйісіпті. Соғыспас бұрын қалмақтар жаушы жіберіпті, мынадай шарт кояды: екі жақтан екі мықты палуан шықсын, әлдері жеткенше етектен шөмбші тас арқалап, тау басына дейін көтеріп апарсын. Апара алмаған палуан жағы соғыссыз берілсін десіпті.

Қазақ жағы бұл шартқа келіседі, тас көтеруге көкжал Барақ шығады. Қалмақ жағынан апайтөс дене біреу шығады. Сонымен екі батыр екі тасты арқалап, орта жолға жеткенде, қалмақ мықтысы тасты арқасынан түсіріп, мұнан әріге әлі жоқ екенін мойындайды. Көкжал Барақ тасты сол арқалаған күйі тау басына жетіп, ауыр тасты бүгінгі жатқан қалпында көлбете тастайды. Бірақ қалмақтар уәдесінде тұрмай, сол түні Алтай жағына қарай жылыстай жөнеліпті.

"Там" тауында Барақ көтергендей екі тас Өскемен маңындағы "Алакетка" (Абылай киті) биігінің басындағы жазықта да жатыр. Қалмақ палуанымен бәстесіп, бұл тастарды да Барақ арқалап жеткізіпті. Ескі аңыз осылай сыр шертеді. Бұған қарағанда, Барақтың әрі жау жүрек, әрі жойдауат күш иесі екенін аңғарамыз. Барақ руластарын Күршімнің "Қызылтас" деген жеріне қондырған. Барақтың қазақ әйелі Қойбикеден туған ұлы Бостан. Бостанұлы Тайлақта әлгі тайқазандай алып тасты көтеріпті. Ол тас сол тауда 1970 жылға дейін тұрыпты. Сол жылы біреулер трактормен тартып, құлатып кеткен.

Шежіре кестесіне үңілсек, батырдын көкжарлы руындағы Өтей деген атадан шыққанын көреміз. Әкесінің аты Шүрек. Батыр ата-анадан ерте айрылады да, әкесінің інісі Шонаның тәрбиесінде өседі. Жас қайнысының тегін еместігін сол уақытта байқаған жеңгесі жас балаға арнап, ұстаға кару-жарақ пен сауыт жасатып, жорыққа мінуіне лайықты ат дайындапты. Өтейден бесеу тарапты: Шона, Шүрек, Байгел, Қожық, Жандай. Шүректен үш бала туған. Ең тұңғышы қыз бала, ортаншысы - Барақ, кенжесінің аты Басар. Барақтың казақ әйелі Қойбикеден Бостан, Дос, Кәдір деген балалары болған. Мұнан басқа 3 қалмақ әйелінен туғандары қаншама?! Онын ішінде Топжалдан 4 ұл, Барыннан 5 ұл сүйген. Қазір олардың әрқайсысы жеке-жеке рулардың аты... [18, б.20]
Арқалық батыр
Арқалық шамамен ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында болған адам. Руы керей, оның ішінде қарақас. Туып-өсіп, мекен еткен жері – Алтай аймағы, егіз жатқан екі ел – абақ-керей, найман іші.

ХVІІІ ғасыр қазақ пен қалмақтың бір-бірімен барымталасып, мал қуысып, кек қайтарысып, қандасып тұрған дәуірі. Мұның үстіне Абылай төрелерінің бірі - Әжінің керей, найманды билеп, өз халқына өзі жауығып тұрған заманы болатын-ды.

Әжі ханның қорлығы-ай,

Қалмақтың еткен зорлығы-ай,-

деген жолдар осындай тарихи шындықтан туған ақиқат болатынды.

Арқалық батыр осы екі қыспақтың екеуін де көрген, әсіресе Әжі төренің әділетсіз айла-сұмдығына қарсы күрескен халық қаһарманы, ел ардағы.

Арқалық батыр жөнінде Арқалық батыр шөберелерінің бірі – Қабаш Мұсайнов жазған. Бірақ, мұны әдеби нұсқа деуден гөрі батыр жайында жазылған деректеме десе де болады.

Арқалық батыр – бар жырда да өз еңбегімен күн көріп отырған қарақұрым көп кедейдің бірі. Ержан Ахметов жырында Арқалық батыр үстіне жадағай жаман шекпен, аяғына киіз байпақ, тері шоқай киіп жүретін сіңірі шыққан тақыр кедей.

Сарамса алажаздай егін салдым,

Бір сиыр, бір байтал бар – барлық малым,

Тары пісіп, келі түйіп ішкеннен соң,

Тоғайып соныменен әл жинадым, -

деп Арқалықтың өз аузымен айтылса, Саяділде:

Есігінің алдына мал жимайтын,

Қара қоңыр бар еді отау үйі, -

делінеді. Ертайда бұл:

Арқалық асыл заты кедей еді,

Барлығы ауылымен кебеу еді, - деп жырланады.

Сөйтсе де Арқалыққа тыныштық жоқ. Әжі төре бастаған байлар бірде сауғаға берген Көкшұбары үшін алпыс қамшы дүре салса, тағы бірде жалған жала жауып, ұрысын деп алақанына қорғасын құяды. Ақыры хас батырға біткен аңғалдығы оны Әжі төренің қармағына іліктіреді. Арқалық Әжі ханның кегін қуып, намысын жыртып, жауда кеткен малына мал қайтармақ боп дүрбітке аттанады. Бұл бірде дүрбіт, бірде торғауыт деп аталады. Торғауыттар – Тарбағатай маңында да, ал дүрбіттер – Ертістің жоғарғы бойында тұрған тайпалар. Екеуі де ХVІ ғасырдың аяғында ойраттардан бөлініп шыққан.

Арқалық бастаған батырлар – Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситандар (Саяділ мен Ертайда – Жұбай, Қияқ, Тұяқ) жауда кеткен Әжінің Ақжол аты мен бес жүз жылқысын айдап әкеледі. Бірақ, амал қанша екі жүзді залым төре соңынан келген қалмақ қуғыншыларынан қорқып, айла шарғысын жасап, Арқалықты батыр серіктерімен қоса ұстап береді. Әжінің кім екеніне аңғал батырдың көзі енді жетеді. Бұған дейін тек жалған намыстың құрбаны болып келгенін әбден сезген Арқалық енді Әжі төремен бетпе-бет кездескенде:

Сейлханды берсем де бермен деп ең,

Дәл ененді ұрайын Әжі сұмпыз –

дейді. Ежен ханның зынданында жатып, кейін қалмақ достарының көмегімен қашып, құтылуы болмаса, бұдан кейінгі бар оқиға-әрекет Арқалық батырдың Әжі төреден кек алуына құрылады.

Қай жырларда Арқалық – Қаракерей Қабанбайдың тұқымы, Ер Жәнібектің жиені деп айтылады. Ал, Саяділ Керімбеков нұсқасында Арқалық әлдеқандай бір жағдаймен Арқадан ауып келген батыр делінген. Шынында да халық арасындағы бір аңызда Арқалықтың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Уақ Баянның соңынан ерген жас батыр екені байқалады. Қалмаққа қарсы соғыста ол талай рет ерлігімен көзге түскен. Сөйтіп жүріп арқалық төре тұқымына айттырылып қойған бір қызбен көңіл қосады. Бірақ, хан-төре тұқымына қарсы шығар шара бар ма? Ақыры екі ғашық Дүрбіттегі он екі Абақ Керей еліне қашып барып, пана табады.

Арқалықтың ең жақын тілеулес батыр жолдасы – Жұбай. Жұбай да Арқалық секілді қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылыққа талай рет қатысып, өрен ерлігімен, ақыл-айла, жүректілігімен халқына белгілі болған жас батыр. Сонымен бірге ол жанындағы үзенгілес жолдасына жанын қиятын адал дос, ақылды серік. Жырда Арқалық өзінің аңғал батырлығымен алды-артын ойламай қалатын оппа, алып күш иесі ретінде суреттелсе, Жұбай көбіне әр нәрсені аңғарғыш ақылдығымен елес береді. Мұны Арқалықтың мына бір сөзінен де аңғаруға болады:

Дос болып қалмақ, қазақ сонан кейін,

Бірімен бірі бопты шабыспайтын.

«Арқалық батыр» жырының халықтық үлкен қасиеті де оның осындай іс-әрекет ерлігін бірде ақылмен, бірде білек күшімен қолдап, жебеп отыратын бірталай кейіпкерлер бар. Олар батырдың қарулас серіктері – Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситан, әкесі Бөрібай, өз әйелі Қаракөз, Жұбайдың әйелі Дәмелі, батырға іш тартып жүрген билер – Бейсенбі, Бәйметей, Жақсылық т.б. Елім деп еңіреген ердің есімі халық аузында аңыз-әңгіме мен ертегі-жырға айналып кеткен. Ж.Шанин пьеса жазып, сахынаға қойған. [13, б. 146-147]


Шоқпар батыр
Шоқпар батыр қалмақты Ертіске жеткізбей қырғанда жасы ең үлкені екен. Бұл туралы Жанақ ақын өзінің «Баянаула туралы дастанында»:

Шоқпардан жас болыпты барлық батыр

Алпыс жыл аттан түспей келе жатыр.

Қалмақ қызын бас қылып, олжа беріп,

Қонысы - өзі алған үлкен адыр.

Бет қоя өз жеріне қашқан қалмақ,

Батырдың тізесіне кім шыдамақ.

«Серектас» деген аты қалдырылып,

Аталып «Қалмаққырған» содан қалған...,

- деп жырлайды. [12, б. 12-13]

Әр бөліктің басында сарбаздардың өздері араларынан сайлап алған өз басының ерлігі мен қол басқару қабілеті көзге түскен бір адамнан тұрғанда «Қазақта батыр көбейіп кетіпті» деген қаңқуды айтуға қақымыз барма? Жоқ! Қайта ондай оқиғаға назар аударып, ас берілген, не берілетін перзентінің азаттық күрестегі орнын белгілеп беру тарих ғылымының міндеті болса керек. Осы ретте менің білетін батырларым қаржас Шоқпар, Жасыбай, қозған Бөкше, бәсентиін Малайсары. Осылардың ішінен тіліме тиек етейін деп отырғаным – Шоқпар батыр. Ол Сүйіндік жасағының жартымыңдығын басқара жүріп, қазақ – қалмақ арасында болған ірілі-ұсақты шайқастардың бәріне де қатысқан екен.

Жаудың сағы сынған 1730 жылдан кейін қазақтардың тарихи Отаны, кең жайлауы Сарыарқаға қарай қайтқаны белгілі. Сәти мырза (Шорман бидің атасы) «Алда қанды жорық тұр», деп, Сүйіндік балаларынан өрбіген ұрпақ басын «Күшті ыдыратпай, тас түйін болып жылжиық», деп, «Төртұлы» (Мәжік әлде жастайынан қайтыс болдыма екен, әйтеуір бұдан ұрпақ болмаған – Қ.И.) деп аталатын одаққа біріктірген екен. Бұл көш жөнінде Жанақ ақынның бізге мынадай жыр жолдары жетіпті:

Сәти атам Сырда жұртты жинаған шақ,

Зейнеп ана ақылгөй серігі екен

«Арқаға тарт көшті», деп берген ойды.

Ол көштің бас-аяғы бір күндік жер,

Екен дейді шерулеп қозғалыпты ел.

Ол кезде қалмақ елі жолды кескен

Еркек атау көрінбепті аттан түскен.

Сонда Зейнеп айтыпты Сәти биге:

«Алаңдама, алға тарт! Мұрат сонда,

Әйел де ет –сүйектен жаралған ғой

Ол да батыр қаруы барда қолда.

Бала-шаға,малымыз бәрі көште,

Уә, тағала, әйел алған беті оңда!»

Сөйтіп, Зейнеп әйелден жинапты қол,

Әскер саны сол себепті болыпты мол.

Сәти алда, соңында көштің Зейнеп,

Ақылмен ашылыпты қайырлы жол.

бүйірден тиіскендермен соңынан қуушыларды қорғаушы жасақты басқару Шоқпарға тапсырылды.

Қаратау маңында Құлболдының бір тармағы айдабол руының көші қосылып (оның қорғанын Олжабай батыр басқарған) қалған жолды «Төртұлымен» бірге алған екен. Бұл оқиғаны бізге жеткізген кәрі құлақтар көштің әуелі Ереймен сілеміне келіп қоныстанғанын айтады. Мұның белгісі ретінде осы сілемде «Сәти шілік», «Олжабай шілік» деген жер атаулары әлі күнге дейін сақталған.

Енді содан жүз жыл бұрын қалмақ басып алған Баянауыл, Желтау, Қызылтау сілемдерін жаудан босатып алу күресі он жылға созылды. Сонда «Төртұлы» жасағы жылжыған екен дейді қанатын кең жайып шығысқа қарай. Қанаттың орта тұсында Баянауланы бетке ұстаған айдабол жасағы (Сүйіндік жартымыңдығы) –мұны Жасыбай батыр басқарды, сол қанатта – Малайсары басқарған бәсентиін жасағы, оң қанатын – Шоқпар батыр бастаған Сүйіндіктің жартымыңдығы құрайды да осының бәріне Олжабай бас сардар болады. Азаттық күресі ұзақ жүреді. Жау қайыспайды, қазақ мойымайды. ... Текетірес тағы да он шақты жыл алады... [19, б. 8]



Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет