Қосымша А
(міндетті)
Ш.Ш. Уәлиханов
ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар
1. Жоңғарларға қарсы бір жорығында Абылай-хан барлау үшін алғыншы ретінде мың жігіт іріктеп алып, оларды екіге бөледі де, екі қас батырын басшы етеді: олардың бірі — Қанжығалы қарабужыр Жантай1 да, екіншісі — сол рудың ақсақал ағасы Бөгенбай. Батырлар ұзақ уақыт оралмай, Абылай шынымен-ақ абыржиын дейді. Ақыры шыдай алмай: «бұл батырлардың тағдыры не болар екен деп дегбірсізденіп, өзінің ақылшысы Бұқар-жыраудан:
Менің сайыпқырандарым не болды екен, олардың осынша уақыт оралмауның себебі не? — деп сұрайды. Сонда Бұқар:
Сабыр сақта, Абылай,
Жантай асар Талқыдан,
Бөгенбай таймас қалпынан,
Батыр Құлжан секілді,
Жауды мысы басады,
Хан-баба бірақ қашады,
Жантайымның жолы ауыр,
Өте алмай тұр жасағы,
-деп жырлай жөнеліп кідіреді,
«Апырай, Жантайым жазым болмаса жарайды ғой» деп ойға батады Абылай. Сонда Бұқар жырау саңқылдап:
Тарлыдан аман асады,
Дұшпанның қанын шашады,
Олжа етіп ұлысты,
Айғабақ аппақ аруды
Алдыңа сый ғып тосады,
-депті. Оның осы көріпкелдігі айна-қатесіз келіп, Жантай олжамен оралғанда қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды» дейді екен Абылайдың өзі.
2. Бірде Абылай бас бағып баспалап қытайлармен тасадан тап беріп ұрыспақ болады да, осынау сәтсіз қимылым саяз ойлайтын кейбір қазақтарға кері әсер етіп жүрмес пе екен деп, іштей булығып,
қатты қиналады. Сонда оның дабылды ақындарының бірі Тәтіғара жырау жылыстауға бет алған қазақтар мен Абылайдың өзіне қайрат- жігер беру үшін былай деп жырлай жөнелген екен:
Кебеже қарын кең құрсақ,
Артық туған Абылай,
Көтере көр бұл істі,
Көп қытайдың жылқысы,
Тұрымтайдай құнысты,
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ,
Әншейін еңкейе беріп жылысты,
Бәсентиін Сырымбет
Оқ жіберіп ұрысты,
Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көрмедім,
Бұрылып жауды шанышқанда.
3. Бәз-бір әбес қылығы үшін Абылай үйсін биі Ерден батырдың ауылын шабуға әмір етеді. Бұл жолы қаһарына мініп ханның терісіне сыймай қатты ашуланғаны сондай, кінәліні ақтап ауыз ашуға бірде-бір пенденің дәті бармайды. Халықтың сұрауымен Бұқар-жырау белін бекем байлап, аңыратып қоя береді.
Ай, Абылай, Абылай!
Таймасын тек бастан бақ,
Даңқыңыз тұр аспандап,
Теңесе алмай асқар да,
Ақтан болып күніңіз,
Тасып мерей нұрыңыз,
Арсы менен күрсіге,
Кетті тарап үніңіз,
Өзің болған күніңде,
Бес қақпаға сыймады,
Азат еткен құлыңыз,
Алатаудан асыңыз,
Ашуыңызды басыңыз,
Есіңізді жиыңыз,
Алашапан Ерденнен,
Сексен нарға артылып,
Келер сонда сыйыңыз!
Ел аузындағы аңызға қарағанда, Түркістаннан қашып шыққан немере ағасы Оразбен бір атқа мінгесіп, қырдағы ең жақын туысқаны Әбілмәмбет ханға жол тартады. Жол-жөнекей ойламаған жерден тап болған жағдай оны қазақтың Қарауыл руының Жақсылық деген атасынан тарайтын. Дәулетбайдың қолына келіп паналап, бас сауғалай тұруға мәжбүр етеді. Кейбіреулер ол байдың жылқысын баққан екен деседі. Дәулетбайдың шеттен келген жігіттің апарып алдына қоймаса, ешқашан тамақ сұрамайтынын байқайды. Әкеп берсе де, тағамды кірпиязданып жейтінін, жуылмаған ыдыстан ешқашан ас ішпейтінін байқап жүреді. Мұның өзі қара қазаққа келінкіремейтін мінез'. Оның бұл кіді мінезі үй иесінің де назарын аударады. Ораздан сұрап мән-жайға түгел қанығып, түп-тегін білгеннен кейін дереу Әбілмәмбетке алып келеді оны. Және жылқысынан ең бір жақсы атын тарту етеді. Бұл әйгілі шалқұйрық сәйгүлік еді. Жас сұлтанның жорықтағы жансерігі болған шалқұйрық сәйгүлік еді. Абылайдың батыр деген атағын шығарып, қалың қазақтың қадір-құрметіне бөлейді.
Абылайдың Қалдан Сереңде тұтқында болуы. Жоңғарлардың қазақтарға қарсы бір жорығында айқас даласында Абылай жекпе-жекке шығып Қалданның баласы Шарышты өлтіреді. Өзінің сүйікті ұлы опат болғанын естіген нөкерлеріне қалай болса да, қайда жүрсе де өлтірген адамды ұстап алдына алып келуін бұйырады.
Ханы жіберген қалмақтар аңда жүрген Абылайды қапияда жатқан орнынан басып, бірнеше билерімен және Атығай руының Құдайберді тармағынан тарайтын атақты батыр Жәпекпен бірге Қалданның алдына алып келеді.
— Менің ұлымды қайда, қалай өлтірдің? — деген сауалға Абылай:
— Оны өлтірген халық, кінәлі болып отырған мен халықтын шығарған үкімі мен арқылы жүзеге асты, — деп жауап береді Абылай оның бұл жауабына разы болып, бірнеше мәрте «мөн, мөн» де жендеттерін дереу тоқтатады да, тұтқынды киіз үйге қаматтырып қатаң бақылау қоюға әмір етеді. Абылайдың азабы осыдан кейін басталады.
Шарыштың анасы ұлын өлтірген қазақ баласын көруге құдайдын келеді де, келген сайын қарғап-сілеп, қырып-жоямын деп дігерле келгенін айтып, шабалана шарылдап, жұдырығын түйіп: «Қалай ғана, келтірдің оны? Өлтіруге болатын ба еді ондай боздақты?» деп дауыс салып бажылдап, төбе құйқаны шымырлатады. Бірде оның осылай аузынан ақ ит кіріп, ит шығып бұрқылдап, тісін қайрап, жұдырығын тұтқынның бетіне таяп келіп, баяғы бажылдаған сұрағын қайталай бергенде төзімі таусылып, шыдамы шегінен шыққан Абылай:
—Сенің балаңдай алабүлік қаңғыған құлдың басы қайда қалмап еді, қалмақтың кәрі қақбасы! — деп бұрқ ете қалады.
Бәйбіше жүгіріп байына барып шалдуар қазақтың дереу басын алуын талап етеді. Бәйбішесі бірдеңіні бүлдіріп, тұтқынды өлтіріп тастар деп қауіптенген Қалдан Абылайды қоя береді. Аманатқа ұлын алып қап, Жәпек-батырды да бірге босатып жібереді. Аңға шыққандағы шалымдылығы мен өжеттігі, ептілігі арқылы атағы жайылған әйгілі Сары-қазақ осы бала еді.
6. Абылайдан: «үш жүздің батырларының ішінде бәрінен жақсы көріп, құрмет тұтатыныңыз кім?» — деп сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті:
- Өткендегі игі жақсылардың ішінен айырықша қадір тұтып таңдануға тұратыны екеу; бірі — Қалданнан өзінің тоқсан тұтқынын қайтарып алған Қаракесек Қазыбек, екіншісі ағайындарын қайтарып алған Уақ Дерпісалы. Алғашқысы Қалданның алдына барып алғыр ақылы, айтқыр шешендігі арқасында сөзбен жеңіп, сұрап алды; ал екіншісі ауылынан адым аттап шықпай-ақ, айбынымен дұшпанын қорқытып қайтарды. Ал, өз батырларымыздың ішінде айлалылығы мен батылдығы, мінезі жөнінен Бәсентиін Малайсары, ақылы мен өжеттігі жөнінен Уақ Баян бәрінен артық.
7. Тарақты Байғозы батыр. Ресейден қашқан Торғауыттарды түп ізіне түсіп қуып келе жатқан қазақтар қоналқыға кідіріп, мосыға қазан асып, жылқының сүр етін пісіріп, торсықтағы суға құрт езіп, ауқат жасап, күн ұзақ ас іздемейтін болып бір тояды. Абылайдың шатырында өзінің өркөкірек паңдығымен, серілік салдығымен аты әйгілі арғын Шақшақ Жәнібек батыр отырады. Батыр насыбай атып шақшасын қалтасына сала бергенде шатырдың алдына келіп тоқтай қалған жас жігіт аттан түспей қолын созып; - Жәнібек батыр, шақшаңызды бере тұрыңызшы! — дейді. Жәнібек жігіттің баса-көктеген қылығын жаратпай қалып, оған бұрылып та қарамай, көңіл аудармаған болып шақшаны қызыл сапиян етігінің өкшесіне қағып-қағып алады да, бір сипап қалтасына салады.
Ізінше-ақ хан жұртты орнынан тік көтереді. Әркім өз руының тамғалы туы астына топтасады. Сауыт-қалқандары жарқырап, дулығасының ұшына үкі таққан, қорамсағын тағынып, садағын асынған батырлар ханның төңірегіне жиналып, сапқа қотан айналып тұра қалады. Хан кеңесі басталады. Дұшпанның күші сан жағынан қанша басым болса да, шабуылды бұрын бастау керек деп ұйғарылады. Алдын барлау үшін алғыншы жібермек болады. Үміткерлерді шақырғанда бірінші болып жаңағы Жәнібектің шақшасын сұраған жас жігіт шыға келді. Алғыншылар оралғанда:
-Дұшпан көп пе екен, жау жағы басым емес пе? — деген Жәнібек батырдың сауалына әлгі жас жігіт:
-Көп те емес, аз да емес, — деп жауап береді.
Қан майдан қызып та кетеді. Қазақтар орасан шығынға ұшырап, ақыр аяғы іс сауғалап қашуға мәжбүр болады. Түп етектен түре қуып шерудің алдында түндей түнерген қара қалмақ атын ойнақтатып, туын желбіретіп жеке дара келе жатады. Қазақтардың тобына өңмендей еніп, біразын аттан аударып түсіреді. Жәнібек те кері қашқан топтың бел ортасында келе жатыр еді. «Осынша қазақтың арасынан мынау алпамсадай албастыны жер жастандыратын бір жігіттің шықпауын қарашы, ей!» деп өкінеді ол. Аузын жиғанша болмайды, анағы жас жігіт алға атып шығып, кері бұрылады да, садағын атан түйедей қалмаққа көздейді. Жебе мың бұратылып аңырай жөнеледі. Жас батыр өзіне ызасы келіп, жебенің бұратылмай тура ұшпағанына өкініп, мынау пәлеге алланың өзі пана болып, қанатының астына алып жүрген шығар, тегі» деп күбірлейді. Ойын аяқтап үлгертпей, қалмақ батыры қалбалақтап барып жерге жалп ете қалады. Ту ұстаушысының ажалы дұшпанның арасында абыржу туғызады. Жағдайды пайдаланып қазақтар кері бұрылып қалмақтарға тарпа бас бетін қайтарып, қашуға мәжбүр етеді. Сөйтіп, ойламаған жерден жеңісті дұшпанның қолынан тартып алады. Жаңағы жас жігіт Жәнібекке қайтып кеп:
Батыр, шақшаңызды енді берерсіз. Насыбай ататын кез келген болар, —Тарақты Байғозы батырлық жолын осылай бастаған екен. Содан бастап оның даңқы кең жайылады.
II Балталы Оразымбет батыр жылпың ептілігімен, қимылының жітілігімен жұртты таңқалдырады екен. Бағаналы Баянбай батыр бірде оның жорыққа Оразымбетпен бірге шығуына тура келгенін айтады. Түнде олар сегіз үйлі қалмақ аулына басып кіреді. Баянбай екі киіз үйді ақтарып болғанша, Оразымбет барлығының астан-кестеңін шығарып үлгереді. Сөйтіп, ол олжаны екі есе артық түсіреді.
9. Даладағы бір үңгірде жасырынып қазақтарды аңдып қалмақтар жатады. Үңгірдің аузында біреуі отырады да әйгілі қорама қара мылтығымен атқылап, Ертістің жар қабағына жеткізбей жігіттерді мұрттай ұшыра береді. Әлденеше өжет жігітінен айырылған соң батырлар да оқтың аузына беттеуге батпайды, Кенет буырыл атын тебініп Сіргелі Елшібек батыр шығады да, қалмаққа қарай желе жөнеледі. Енді не болар екен, қазір-ақ құлап түседі-ау деп демін ішіне тартып жұрттың барлығы соған қарай қалады. Сол жайбарақат қалпымен Елшібек жауға жақындап барады да атына қамшы көміп тұра ұмтылады. Қалмақ мылтықтың пілтесін тұтатса, от алмай қалады. Апалақтап, шақпағын тағы да шағады. Мылтық тағы да от алмай, енді қарманғанша батырдың семсері басын алып түседі.
Сол жолы Елшібектен:
Желе жортып жайбарақат жүруіңнің себебі не? — деп сұрапты. Сонда батыр:
Қалмақ алдымен менің атымды атып түсірмек болып тосып отырды, сондықтан жақындауымды күтті. Ал мен желе жортып жақындағанымша, пілтенің ұшын күйе тұтып, от алмай қалуы керек еді, солай боп шықты да. «Қорама қара мылтықтың от алмас пілтесі сияқты күйелеш» деген мәтел содан қалыпты.
10. Уәли-хан жасында сайқымазақ әзілкеш әрі шалдуар тентек мінезімен аты шықса керек. Ол кейін қырға кеп Абылайға бағынып қасында қалған қалмақтармен арада соғыстың бұрқ ете қалуына да себепші болыпты. Қалмақтың, жас ноянымен бір қызға таласып, Уәли биік өкше етіктің нән табанымен теуіп, бейшараның қабырғасын сындырған екен. Намысқа шапқан қалмақтар шыдай алмай бас көтеріпті.
Абылай тұсында башқұрттардың арасында Есет батырдың атағы әйгілі болады. Ұзын құлаққа қарағанда, Абылаймен бір жолы кездескенде батыр оны бөрік құрпы көрмей бір бүктеп, қолтығына қысып жүре беріпті дейді.
Орта жүздің қазақтары бір жолы қара қырғыздарға шабуыл жасайды. Жорықтан алдын-ала хабардар болған қырғыздар күтпеген қонақтарын қарсы шабуылмен қарсылауға әзірленеді. Қазақтар қашып құтылмақ болады. Дұшпан оларды Іле өзеніне дейін қуып салады. Қазақтар өткелден өтіп кетті. Қуудың қызығына түскен Теміржан-батыр бір топ сайыпқыран жігіттерімен қазақ бетіне шығып кетеді. Сонда Қанжығалы Томаша-батыр манаптың қаны қызып жолдастарының аздығына қарамастан баса-көктеп келе жатқанын байқап, кері жат бұрылады да найзасын дұшпан атының омырауына дендей сұғып кеп жібереді. Бейкүнә жануар артқы екі аяғымен шоңқиып отырып қалады. Манап аттан секіріп түсіп, Сіргелі Жаулыбай батырға тұра ұмтылады. Жолдасының басы қатерге ілінгенін байқап қалған Қанжығалы Есет-батыр найзасын сарт еткізіп, манапты мұрттай ұшырады. Томаша-батыр бойы аласа болғанымен, жаны жайсаң намысқой жігіт екен, манапқа қона түсіп, қарнын жарып жіберіпті. Кәдімгі қуіліл, кеудесіне қонған қаршығадай көрініпті сонда ол. Сөйтіп батыр манаптын, аппақ сазандай денесі айдалада қалыпты.
Ал манап дегеніміз, қара қырғыздардың рубасы, атақты адамдар. Теміржан да шын мәнінде сұлу, аппақ сазандай, ірі, еңгезердей кісі болса керекті. Қырғыздар сүйікті манабының ажалын көріп бұрынғыдан да құтырына түседі. Сіргелі Жаулыбай тұтқынға алынады. Содан соң Үсен-батыр мен Алтай, Байғозы батырлар түтқынға алынады. Зеребе тастағанда Байғозы-батыр қаза тапқан манаптың құныкері ретінде құрбандыққа шалынуға тиіс болады. Одан:
— Қырғыз батырын өлтірген кім? — деп сүрағанда:
— Өлтірген осы деп ешкімді ұстап бере алмаймын, — деп батыл жауап береді.
Бетін шығысқа қаратып Байғозыны отырғызады да, 40 адым өлшеп, ұзын мылтықты бір қырғыз оны нысанаға алып көздей бастайды.
Артынан аман құтылғасын, Байғозыдан: «Сол отырғанда не ойладың», деп сұрағанда ол: «Басымды тас қып таңып тастадым да, түк те ойламай міз бақпастан мылтық даусын күтіп отырдым да қойдым. Тіпті манаптың інісі келіп, ағам шейіт болды. Жазықсыз қан жүктегім келмейді. Қазақ азат етілсін дегенін де аңдамаппын. Бірақ орнымнан қозғала алмадым, тамыр-тамыр тоқтап, бүкіл қаным қатып қалғандай, тек маңдайдан тер бұршақтап аузымды жуып кеткен» деп жауап беріпті. Бақса, ол Абылайдың түтқынында отырған Теміржанның бір бауырына айырбастап алыныпты. Ал Жаулыбай құн беріп өзін-өзі арашалап алмақ болады. Оның орнына тұтқынға бірге түскен жолдасы Үсен өз басымен кепіл болып қалады. Қырғыздардың қойын бағып жүріп араға айлар салып ол оңтайлы бір кезеңде қашып шығады.
Сонда Теміржанның қарындасы зар жылап, былай деп жоқтау айтқан екен:
Жал-құйрығы төгілген,
Бұруға мойын ерінген.
Үйірдегі ақбозым,
Келідегі жанпозым,
Қалай өттің өмірден,
Өшерсің бе көңілден,
Жоқтамайтын ер ме едім,
Хан ұлынан кем бе едің,
Жыламайтын мен бе едім,
Қол жете алмай өзіңе,
Әлім келді көзіме,
Түстік тәңір тезіне,
Бақшадағы бояғым,
Жылқыдағы саяғым,
Тозбайтұғын манатым,
Талмайтұғын қанатым,
Хан ұлынан артығым,
Сүйеніші халқының
Елден ерек сен едің,
Қайғыңа қалай төземін,
Өртенді ғой өзегім.
13. Үдере қашқан торғауыттарды түп ізіне түсіп соңғы қуу ел аузында «ішкі жорық» деп аталады. Бұл жорыққа қатысқан халықта сан жоқ, ығы-жығы. Ал хан жиналған жұрттың ортасында бір жерден жылжымай қалшиып тұрады да қояды. Басқа батырларының күбір-сыбырын қаперіне де алмай, ол жаужүрек Баян батырды күтіп тұрады. Ақыры, соңына ерткен 540 жігіті бар ол да жетіп, ханның алдына келіп; «Қайда бар деп әмір етсеңіз де мен әзір» дейді бас иіп. Сонда хан халыққа қарап: «Баян батырды менің күткенім осы мінезі ғой», — дейді. Дәл сол сәтте 500 жігіт жасақпен алғыншы болып барлауға кеткен. Қанжығалы Жантай батыр опат болған еді. Бұл былай болған-ды.
Жантайдың інісі Үйсінбай қалмақ ауылдарын шолып жүріп, олжаға үш түйе түсіреді. Ол қайтып оралғанда екінші бір ағасы сауға сұрайды. Үйсінбай батыр: «Қалмақтарда не көп — түйе көп, қолың бар емес пе, сенің де барып алуыңа болады, әкетіп бара жатқан ауруың жоқ» дейді. Інісінің бұл сөзі шамына тиіп, қатты намыстанған Арқандар оған өзінің батырлығын көрсету үшін қасына Қоянкөз ұлы атақты Қонайды ертіп қалмақтардың малына шауып, тоғыз түйе олжа алады. Арқандар олжасын жеті жолдасымен ілгері жіберіп, артынан өкшелеп келе жатқан қуғыншыларды алдарқатып, тоқтатқалы қалып қояды.
Алғаш жолдастары Арқандардың қарсыластарын әп-әдемі алдап, басқа жаққа бетін аударып жібергелі түрғанын байқайды, бірақ ізінше батырдың қоршауда қалғанын көз шалады. Ол төбеге көтерілгенде жан-жағынан қуғын қаптап келе жатқанын көреді. Қап, әттегеней? Арқандар қазаға ұшырайды. Сүйікті інісі Арқандардың опат болғанын білгенде Жантай алла-құдайды жат қып, тағдырға лағнет айтып: «Не өлемін, әйтпесе дұшпанның қанын ішемін» деп серт береді. 500 жігіт жасақ алып атқа қонған ол қалмақтың қосынын қақ жарып ортасына кіреді. Қалмақ қосыны 10 мың адам екен. Ұрыс сұмдық болады, қазақтар тура келген ажалға қасарысып қарсы тұрады. Қарны жарылған Үйсінбай ішек-қарнын етегіне салып ап жүріп соғысады. Соғыса жүріп: «Жантай-батыр, осы жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма екен, өзі?» деп сұрайтын көрінеді. Барлығы опат болып 8 адаммен және ұлы Тоқышпен Жантай ғана аман қалады. Мұны көрген Жантай аттан түсе қалып, тізгінін ұлына ұстатады да: «Сен үйге қайт, қайткенмен қоршауды жарып шық, әйтпесе менің кегімді қайтаратын адам қалмайды» дейді. Сөйтіп, ол жалғыз соғысып қаза табады. Жантайдың қазасын естіген Абылай: «қайралмай-ақ қырқып түсетін қара болатым-ай!» деп егілген екен сонда.
Күллі әскер шабуылға көтеріліп, Ілеге бет қояды. Бірақ олар келгенше қалмақтар барлық өткелді басып қалады.
Қалмақтар кідіріп жеті адам елші жібереді. Олардың басшысы басында қазандай түлкі тұмағы бар аңсағай бойлы еңгезердей қара қалмақ екен. Ол аттан түсіп бірнеше қадам жер жүреді де ханға жақындап кеп:
— Алла жар болсын! Ұса мен Серен-хан қалмақ пен қазақ бір туған, қазір де сол баяғысынша бауыр болып қалайық деп, сыйлыққа ақбоз үй жіберді. Соны алып, бітімге келейік, — дейді.
— Кет көзіме көрінбей, — дейді күйіп отырған хан. Содан соң батырларын жинап, кеңес құрады да:
Қалмақтарды дәмелендіріп, ақбоз үйді алайық. Артынан қайта шабуыл жасап, шауып аламыз ғой, — дейді. Баян батыр түрып:
Жоқ! Ақбоз үйді алмаңдар, қалмақты алдаймын деп ойламаңдар. Ұса мен Серен жоғарғы және төменгі Қытайды да алдап соққан. Сені де алдап кетеді, — дейді.
Хан өз сөзін екі рет қайталайды, батыр да өз жауабын екі рет қайталайды. Бірақ хан айтқанынан қайтпай, өз дегенін істетеді.
Қалмақтар қозыкөш жерде отыр еді. Екі күн күтеді, келетін қалмақ жоқ, қарасын да көрсетпейді. Айтқан ақбоз үйі және жоқ. Бақса олардың орнынан тік көтеріліп көшіп кеткеніне екі күн болыпты. Баян жанына 1000 жігіт алып, артынан қуады. Бірақ бұл жеткенде қалмақтар небары қырық саржан бұрын Қытайға кіріп кеткен еді. Қайтып келе жатқанда қалмақтардың өлігінен сасыған судан ұшынып жігіттер қара тышқақ болып қырылып қалады. Атақты Баян батыр да опат болады.
14. Қалдан тұтқында болған Абылайдан: «патшалардың ішінде бәрінен артығы қайсысы?» деп сұрайды. Сонда Абылай: «Әуелі Қондыкер, сосын орыстың ақ патшасы, Ежен-хан, Қалдан, содан соң мына мен» деп жауап береді. «Мөн, мөн» депті разы болған Қалдан. «Сен кішкентай жұртты басқарғаныңмен үлкен халықты билеуге лайықсың», — дейді одан әрі Абылай. [57, б.45-50]
Аударған – Сарбас Ақтаев.
Қосымша Ә
(міндетті)
Е.Б. Бекмаханов
Батырлардың әлеуметтік табиғаты туралы сұрағы бойынша (ХІХ ғ.)
Соңғы уақытқа дейін қазақ фольклорын танушы тарихшылар мен әдебиеттшілердің арасында батырлардың әлеуметтік бейнесі жөнінде сұрақтарға ғылымда қайшы көзқарастар орын алған.
Тарихи фактілерге қарамастан, батырлық-эпостық жырлардағы барлық қазақтың батырлары еңбекші халықтың мүддесін ғана қорғаушылар қатарына жатқызылып келген. Батырлардың әлеуметтік табиғаты жөнінде мұндай талқылаулар маркстік-лениндік түсінікпен қоғамдық-тарихи процесте еш бір қатынасы жоқ екені көрініп-ақ тұр.
Қандай да болмасын қолбасшының немесе батырдың таптық мүдделерін ескермеуге немесе жеке феодалдық институттардың таптық маңызын ұмытып, елемеуге болмайды. Ленин - «Мемлекет жөніндегі» - дәрісінде: «Қоғамдық ғылымдар төңірегіндегі сұрақтарда ең қолайлысы – негізгі тарихи байланыстарды ұмытпау, туындаған әр-бір мәселеге тарихи белгілі бір құбылыс ретінде қарап, бұл құбылыс өз дамуында қандай басты этаптардан өтті және даму тұрғысынан алынған мәселеміз қазір несімен қалғанын анықтап білу керек» деп жазады.
Атаулы әңгімемізде қазақ халқының ұзына бойғы тарихында батырлар институтының эволюциясын межелеп көрсетуді міндетімізге алмаймыз. Бұл арнаулы зерттеу тақырып аясы болып қалсын. Біздің мақсатымыз – ХІХ ғ. тарихының нақты мысалдарынан батырлардың қоғамдағы таптық табиғатын көрсету.
Әлеуметтік категория ретіне батырлар институтының қалыптасуы әскери-феодалдық таптың шығуымен тығыз байланысты болса, «батыр» терминінің шығуы тарих тұңғиығына жетелейді.
Батыр сөзі татардың «багадур», «бакхатур» сөздерінен шыққан. Қазақ тарихынан, қазақ даласында халықтың сыртқы жаулардың езгісіне түскен уақытта, жауға қарсы күресте әскери қолбасшылары бар арнайы халықтық жасақтар құрылғаны белгілі. Бұл халықтық жасақтар ішінен айырықша ұрыста көзге түскендерді қазақтар «батырлар» деп атаған. Батыр сөзі қазақ және өзге түркі тілдерінде «күрескер», «күшті», «батыр», «қорқынышсыз», «жүректі» деген мағына береді.
Бұны нақты түрде қазақтардың қалмақтармен соғысы да дәлелдейді.
1730 ж. Кіші жүздің жоңғарлармен қарсы ірі соғыстарында өз ержүректілігімен және қайсарлығымен көзге түсіп, халық батыры атанғандары Бөкенбай, Есет және Әбілқайыр хан. Мына мысалда: Кенесарының жақын серіктестерінің бірі Төлебайды, Жекебатыр (ерекше батырлығына қарай) атап кеткен. Осыдан келіп, батыр атауына лайық деп сыртқы жауларымен күресте ержүректілігімен көзге түскендерді атағанын
көреміз. Ғасырлар өте келе қазақ халқы, батырлар образдарын батырлар жыры, дастандар секілді ауыз әдебиетінде ұмыт қылмай сақтап келді. Көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Батыр ұрыста әрқашан топтың алдында болуы керек, жолбарыс секілді ержүрек, арыстан секілді күшті болуы қажет. Мұндай батырды көбінесе Үлкен ордада: «Жолбарыс жүректі және арыстан қолды батыр1» деп атайды. Кейін келе батыр ұғымы кеңейе түсіп, ру арасындағы күресте, барымтада т.б. көзге түскендерді де атай бастады. Мысалға, С.Трубин, қазақтар барымтада түсірген олжалары үшін «құрметті батыр атауына» лайық деп жазады.
Қазақтың бай-феодалдары ру-аралық тартыстарда, шонжарлар арасындағы төбелестерде көзге түскен адамдарына да батыр атағын берген. Батыр атағына халықтың төменгі кедей топтарынан шыққан адамдар да ие болды.
Мысалға, Кенесары Қасымұлы көтерілісінде әскери ірі тұлғалармен қатар кедейленген батырлар қатарынан шыққандар: Арғын руынан (Орта жүз) Бұқарбай-батыр, Шұбыртпалы руынан (Орта жүз) Ағыбай батыр т.б. болған еді.
Келесі кезекте батырлардың әлеуметтік-таптық жақтарын ашып алуымыз керек. Егер де «батыр» терминінің дәстүрлі ұғымынан ауытқытып, белгісіз әлеуметтік категорияға жатқызатын болсақ көп қателікке ұшырайтын едік.
Ең алдымен феодалдық қоғамда патриархалдық-рулық қалдықтармен әлеуметтік қатынастар шиеленіспес үшін, еш бір әлеуметтік категория таптық ортада өмір сүрмес еді. Батырлық институты даму процесінде белгілі бір өзгерістерді басынан өткізді.
XI-XII ғ.ғ. батырлар жырындағы батырлар мен XVIII-XIX ғ.ғ. батырлар арасына тепе-теңдік белгісін қою дұрыс емес.
Батырлар алғашқы бетте тайпалар мен рулардың әскери қолбасшылары болғандығын ұмытпауымыз керек. Бірақ кейін, феодалдық қатынастардың туындауына байланысты, әскери қолбасшылардың міндеттері өзгере бастады. Өзінің шыққан тегіне қарамастан, тіпті кедейлер қатарынан болмасын батырлар ақырындап рулық беделдікті қалыптастырып, қоғамдық өмірде ру бетке ұстарларымен тепе-тең орынға ие болды. Батырлардың осындай біртіндеп қоғамдық орнынындағы эвалюциясын, мысалдардан көруімізге болады. Сонымен ХІХ ғ. бірінші жартысында Арғын руының Шеген-батыр-биі мен Тұяқбай руының – ағаманы Есет Көтібарұлы оларға бағынышты рудың толық қамды иелері болды.
Олар салық жинап, өз руластарынан сот тағайындап, өзге рулармен келіссөздер барысында өз руластарының атынан шығып отырды. Көріп отырғанымыздай батырлардың рулық дәрежеден өтіп, әскери-феодалдық дәрежедегі өкілдерге жеткендігін байқаймыз. ХІХ ғ. бірінші жартысында Кенесары көтерілісіне айқын қатынасқан белгілі батырлардың бірі Жоламан Тіленшиев. Жоламан Табын руында ерекше басшылыққа ие болған. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы, генерал-майор Генстің мәліметтерінде: «Жоламанда 800 бас жылқы, 2000 қой, 50 түйесі бар, және әр-бір аға-інілері, ұлы, туысқан, немерелерінде жеке-жеке малдары болып, барлығын қосқанда әжептауыр байлықты құраушы еді. Барлық отбасыларының басшысы Жоламан болды» деп жазады.
Осының барлығы батырлардың таптық орындарын айқын анықтап береді. Әскерилердің арасынан феодалдардың қалыптасуы мен олардың рулық ортадағы дәрежесінің өсуі, қазақ қоғамының жалпы феодалдануы мен көшпелі қауымның бөлшектенуіндегі әлеуметтік қатынастардың өзгерістермен тығыз байланыста болды. Сонымен қатар, батырлардың әлеуметтік рөлінің көтерілуіне қазақтардың жоңғарлармен болған соғысы, кейін Орта Азия хандықтарымен болған ұрыстар үлкен әсер етті. Бұл ұрыстар барысында батырлар рулық дәрежедегі құқыққа иелікті қалыптастырып және қоғамдық өмірде жетекші фигураға айналды. Бұл жөнінде Ш. Уәлиханов: «Батыр – қырғыздарда рубасшы сұлтаннан кейінгі ең қажетті және маңызды тұлға. Ықпалы халық арасында әрқашан ең беделді адамдардың бірі».
Шоқан Уәлихановтың батырлықтың таптық табиғатына берген бағасынан біз батырлардың феодалдық иерархияда көрнекті орын алғанын көреміз.
Бірақ бұдан батырларды әлеуметтік категория ретінде тек соғыстардың арқасында ғана шықты деген қорытынды жасау асығыстық болады. Әскери-феодалдық шендегілердің өкілдері ретінде батырлардың таптық қалыптасуы ең бірінші кезекте қоғамның одан әрі феодалдануымен байланысты.
Осыған қатысты ХІХ ғ. ортасында көптеген бай, сұлтандар батыр титулын иемдене бастауын атап өту қызық болары сөзссіз. Мысалға, Тезек сұлтан Тезек-батыр атанған. А. Голубевтің көрсеткеніндей, Тезек әуелде қарапайым батыр болса, кейін келе аға сұлтан дәрежесіне дейін көтеріледі. Бұл батырлардың қазақ қоғамындағы феодалдық билікте дәрежелерінің көтерілгендігіне куә бола алады.
ХІХ ғ. ұзына бойы, әсіресе екінші жартысында батырлар қазақ қоғамының қоғамдық-экономикалық өмірінде басыбайлы феодалдық биліктің бір түрі ретінде көрнекті орын алған. [58, б.63-64]
Достарыңызбен бөлісу: |