Балалар медициналық оңалтудан қайда өтеді? Бүгінде елімізде балаларға арналған 12 оңалту орталығы жұмыс істейді. Жалпы 1273 орынға лайықталған бұл орталықтарда 2018 жылы 30 мыңнан астам науқас оңалтудан өтті. БЦП-мен ауыратын балалар жылына кемінде бір рет республикалық деңгейде «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ-да, «Ақсай» РКБА-да, «Балбұлақ» РБОО-да, «Қасиетті жол» ҚҚОО-да оңалту көмегін алады. Аталған орталықтарда барлығы 1 мыңнан астам бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұдан өзге республика бойынша 1384 төсекке арналған тәуліктік стационарлар мен медициналық оңалтудың 39 бөлімшесі жұмыс істейді. Бір жылда медициналық оңалту курсынан өткен балалардың жалпы саны 10 881 құрады. Оның ішінде церебралды сал ауруымен ауыратын балалар саны — 4 024.
Бүгін елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында басқа азаматтармен тең жағдайда стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау сияқты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Қазіргі уақытта жартылай стационар жағдайында және үйде қызмет көрсету стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісінің баламасы болып табылады және баланы отбасынан алыстатпауға бағытталғанын атап өту қажет. Ескеретін жайт, республика бойынша 50 күндізгі стационарда 2 мыңға жуық мүгедек бала арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл бөлімшелерде психологтар, дефектологтар, логопедтер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массажистер және т.б. мамандар қызмет етеді. Бұл бөлімшелердің ашылуы тек өткен жылы интернат үйлерінен 727 баланың отбасына қайтып оралуына ықпал етті және 856 ата-анаға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар елімізде мүгедек балалары бар отбасыларға үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметі белсенді дамуда. 205 бөлімшеде 13 мыңнан астам бала арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл ретте бала отбасынан ажырамай, ата-анасымен бірге түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына, иппотерапия, арттерапия сабақтарына бару арқылы даму мүмкіндігі бар.
Балалар ауруханасында қандай тегін медициналық оңалту түрлері қолжетімді? Қазақстандағы барлық дерлік ауруханада церебралды сал ауруына шалдыққан және неврологиялық ақаулары бар балаларға арналған оңалту бөлімдері бар. Республикалық деңгейдегі оңалту орталықтарында жылына бір рет қаралуға мүмкіндік болса, аурухана жанындағы оңалту бөлімдерінде әр екі ай сайын қалпына келтіру терапияларынан өтуге болады.