Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министрлігі


Дидактиканың негізін қалаушы және дамуына үлес қосқан ұлы педагогтар



бет162/424
Дата20.01.2022
өлшемі2,04 Mb.
#129558
түріЛекция
1   ...   158   159   160   161   162   163   164   165   ...   424
Байланысты:
Педагогика лекция жинағы

16.3. Дидактиканың негізін қалаушы және дамуына үлес қосқан ұлы педагогтар

Дидактиканың өзінің тарихы бар. Дидактика ұғымын ғылыми айналымға енгізген неміс педагогы В. Ратке (1571 – 1635).

Чехтың ұлы ұстаз ғалымы Ян Амос Коменскийдің «Ұлы дидактика» деген еңбегінде оқыту теориясының тиімді мәселелерін шешіп берді. «Ұлы дидактика» төмендегідей төрт дидактикалық сұраққа жауап берді:

1. Қалай жақсы оқытып, тәуір оқуға болады.

2. Оқыту мен оқудың жеңілдігі .

3. Оқыту мен оқудың негізділігі .

4 . Тез оқытудың ережесі мен тәсілдері .

Я.А.Коменский оқыту процесіне қойылатын дидактикалық талаптарды көрсетіп берді:

1. Оқытуға қолайлы уақытты таңдау;

2. Оқушыларды сабақ оқуға ынталандыру;

3. Материалды біртіндеп күрделендіру;

4. Анық пайда келтіретін нәрсені ғана оқыту;

5. Саналы түрде меңгеретін нәрседен басқаны жаттатпау;

6. Бала табиғатын ескеріп отыру, қалаған нәрсені немесе оның меңгере алатын

нәрсесін оқыту;

7. Материалды меңгерту үшін мүмкіндігінше сыртқы сезімдерді де қарастырып

оқыту.

Ол оқудың мақсаты ғылыми білімді меңгеру және өмірге пайда келтіру деп білді. Мектеп материалдық жағынан да, біліммен қаруландыру жағынан да оқудың жаңа мазмұнын беруге тиіс және «Адам болу үшін ол білім алуы тиіс,білімділер нағыз адам» – деді.

Я.А. Коменский оқытудың көрнекілік, жүйелілік, бірізділік принциптерін ұстанған. Дидактиканың жүйелі және бірізділік принципіне байланысты оқытудың «жақыннан алысқа», «белгіліден белгісізге», «нақтылыдан абстрактылыға», «жеңілден ауырға» қарай ауысып отыратын ережені құрды. Сонымен қатар білім беру процесінің ұйымдастыру түрлерін толығымен бір тәртіпке келтіруді ұсынды. Ол алғаш рет оқу тоқсандарына жіктелген оқу жылы жөніндегі ұғымды анықтап, оқу күнін, оқушыларға арналған демалыс күндерін, мектепке қабылдау тәртібін, оқу күнінің мерзімін енгізді. Сондай – ақ білім беру мен оқыту, шәкірттердің жас және дербес ерекшеліктеріне сәйкес жүруін, оқыту мен тәрбиелеу мақсатының тығыз байланыста болуын талап етті, оқытудың сынып – сабақ жүйесін белгіледі. Оның ойынша, мұғалім - «мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі». Жалпы ұлы педагогтың қазіргі таңдағы мұғалімдерге қалдырған өшпес мұраларында: педагогикалық процестің оқушыларды қызықтыратындай болып ұйымдастырылуы, оқудың жас ерекшеліктерге сай болуы, жаңа материалды өтуі, оқушылардан сұрау, қайталау, жаттығулар, білімін тексеру, сабақты жоспарлау, сабақтағы тәртіп мәселелері қарастырылуда және құндылығын жоймауда.

Неміс ғалымы В. Ратке баланың дамуын табиғаттың дамуымен салыстырады, адам табиғаттың бір бөлігі деп есептейді.

Швейцарлық педагог И.Г. Песталоцци баланы жан – жақты дамыту идеясын ұсына отырып, білім беруді моральдық тәрбие берумен байланысты жүргізуді, яғни оқыту арқылы тәрбиелеу мен дамытуды ұсынды. Сондай – ақ, оқыту балаларға біріншіден, білім беретін болса, екіншіден, олардың ойлау қабілетін дамытады дей келе, оқытудың екі жақты мәнін анықтады. Білімнің белгілі бір жүйемен, белгілі бір ретпен берілу керек екендігін айта келе, ол өзінің дидактикалық пікірлеріне сүйене отырып, бастауыш білім берудің әдістемесінің негізін салды және «білім беру» ұғымын ғылыми айналымға енгізді.

Неміс педагогы И.Ф.Гербарттың бүкіл педагогикалық жүйесінің орталығы – оқыту теориясы болды. Ол тәрбиенің мақсаты – ізгілік, жақсылық, ал оның маңызды құралы – оқу, ол оқудың тәрбиелік сипатта болу идеясын ұсынды. Өзінің оқыту теориясының негізінде И.Ф. Гербарт адамның алуан салалы қызығушылықтарын алды, ал қызығушылықтар дүниені танып білуге немесе қоғамдық өмірге араласуға байланысты болады.

Бірінші топқа жататын қызығушылықтар:

– эмперикалық қызығушылық– бұл айналасын қоршаған дүниенің кейбір оқиғаларын

білуге бағытталады;

– ақыл – ой қызығушылығы – бұл ойлауға негізделеді;

– эстетикалық қызығушылық – бұл оқиғаларды көркемдік жағынан бағалай білушілікті көрсетеді;

Екінші тобына жататын қызығушылықтар:

– симпатикалық қызығушылық – бұл жеке адамдар арасында қатынас туғызады;

– әлеуметтік қызығушылық – әртүрлі қоғамдық ұйымдардың ара – қатынасын

анықтайды ;

– дінге қызығушылық – бұл діни ұғымды күшейтеді.

Осы аталған алты түрлі қызығушылықтар оқушылардың меңгеретін білім мазмұнын анықтайды және баланың қызығушылықтарына сәйкес оқылатын білімнің шеңберін белгілей отыра оқу – оқушылардың ақыл-ой әрекетін дамытуы тиіс деді. Гербарттың дидактикадағы басты жаңалығы оқу процесін немесе сабақты төрт сатыға бөлді, олар: анықтық – айқындық; байланыс; жүйе; әдіс. Оның ойынша, оқу сатылары оқудың бірізділігі мен жүйелілігін анықтайды. Бірақ бұл сатылар формальды болды, өйткені бұлар оқудың мазмұнына да, оқушылардың жасына да, сабақтың дидактикалық міндеттеріне де байланысты болмады. Сабақты жоғарыда көрсетілгендей сатыға бөлудің өзі дұрыс емес, себебі күнделікті оқу процесінде бұл сатылар араласып жатады. XIX ғасырдың ортасында кең тараған Гербарт теориясы өз маңызын жоя бастады. Гербарттың оқыту сатылары өте схематикалық болды да, онысы оқуды бір ғана қалыпқа бағыттады, формализмге соқтырды, сабақ құрылысындағы бір сарындылықты негіздеді. Гербарт зерттеген «оқудың тәрбиелілігі», «әр салалы қызығушылық» ұғымдары кейіннен психология мен педагогика ғылымына енді. Сол сияқты Гербарт қалаған әміршіл дидактиканың элементтерін (шектен тыс қатал болу) қазіргі мектептердің өзінде көптеп кездестіруге болады.

Оқушы белсенділігіне негізделген оқу бағыты XIX ғасырда жасаған американдық философ, педагог Джон Дьюи дидактикасы қоғам мен мектептің жедел дамуына қайшы келген гербартшылардың әміршіл – әкімшіл педагогикасына қарсы тұру мақсатында дүниеге келді. Оның дидактикаға енгізген мәселесі – «толық ойлау әрекеттері» негізінде сабақтың құрылуы болды. 1895 жылы Чикаго мектептерінің бірінде эксперименттерін бастап, өз зерттеуінде оқушылардың қызығуларына , өмірлік қажеттілікті қажет ететін оқудың, тек жаттауға негізделген оқудан гөрі жоғары нәтиже беретініне көз жеткізді. Джон Дьюи жүйесінде оқушылардың өзіндік таным әрекеттері болған белсенді оқу мектеп тәжірибесіне енді.

А . Дистервегте Песталоцци сияқты оқытудың негізгі міндеті балалардың ақыл – ойын және қабілетін дамыту деп көрсетті. Оқыту арқылы адамды жан – жақты дамытумен қатар, балаға моральдық тәрбие беру қажет, мектепте оқытылатын әрбір пәннің білім берумен қоса тәрбиелік әсері болуға тиісті деп есептеді. Дистервег әрі білім беретін, әрі тәрбие беретін оқытудың дидактикасын жасады. Оның дидактикасы оқыту мәселесі жөнінде 33 заңмен жинақталған ережелерден тұрады. Оқытуда балалардлың қабылдау ерекшелігін ескеру қажет деп санады. Көрнекі оқытуды «жақыннан алысқа», «жай нәрседен күрделіге», «жеңілден ауырға», «белгіліден белгісізге» деген ережелермен байланыстырды. Бұл ережелерді Я.А.Коменский ұсынса, енді Дистервег одан әрі дамытты. Сол сияқты оқыту ісінде балалардың саналы түрде оқу материалын меңгеруі, білім берік болу үшін балаларға шамасы келмейтін мәліметтерді бермей, тек қана негізгі мәліметтерді ғана берудің қажеттілігі, оқылған материалды жиі пысықтап отыру мәселелері, оқытудың жемісті болуы, оның тәрбиелік мәнінің болуы, және т.б. мәселелердің қарастырылуы қазіргі таңдағы дидактикада өз құндылығын жойған емес.

Орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің есімі шын мәнінде XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыстың ағарту қайраткерлерінің ең алдыңғы тобында саналады. Ол – Россиядағы педагогка ғылымының және орыс халық мектебінің негізін салушы және Я.А.Коменскийдің идеясын одан әрі дамытушы педагог. Дидактика және әдістеме мәселелері оның «Адам тәрбиесі», «Ана тілін оқытуға басшылық», «Швейцарияға педагогикалық саяхат» және тағы басқа еңбектерінде кең түрде баяндалады. Ол оқытудың догматикалық әдістері мен мектепте құрғақ жаттауды қатты сынады. Сонымен қатар мұғалімнің де, оқушының да жұмысын, іс – әрекетін шығармашылық процесс деп қарастыра келе, оның негізі – ойдың, ақылдың жұмысы, ал оқу – еңбек және күрделі еңбек болуға тиіс, бірақ оқудың қызықтылығы терең ақыл – ой жұмысына байланысты болатындай толық мәндегі еңбек болатын болсын деген талап қойды және оқытудың көрнекілік принципінің көптеген мәселелеріне жаңаша талдау жасады. Оның көрнекілік әдіске психологиялық анализ жасағандығын мына сөздерінен байқауға болады . «... егерде педагог баланың есінде бірдемені берік қалдыруды көздейтін болса, ол көз, құлақ, дауыс, бұлшық ет сияқты сезім органдарын, тіпті мүмкін болса, иіс және дәм сезімдерін де есте сақтап қалу актысына көбірек қатыстыруға тырысуы керек» . Яғни мұнда сабақта қандай нәрсені болса да қабылдағанда сезім мүшелері неғұрлым көбірек қатысса, соғұрлым есімізде берік, тиянақты, ұзақ сақталады – деген. Ол оқу процесін сапалы ұйымдастырудың басты шарты – әдістемелік шеберлікте, ал әдістемелік шеберлік оқу әдістеріне байланысты дей отыра әңгімелесу, түсіндіру, әртүрлі жаттығу әдістерін жоғары бағалаған. Сонымен К.Д.Ушинский оқыту процесінің мәні туралы ғылымды дамытты, дүние жүзілік классикалық педагогиканың мұрасын ескеріп, орыс мектебі мен педагогика тәжірибесіне сүйене отырып, дидактиканың негізгі принциптерін анықтады.

Ы.Алтынсарин XIX ғасырдың екінші жартысында педагогика тарихында жинақталған тәжірибе мен идеялардың негізінде, қазақ тарихында ең алғашқы педагогикалық жаңалықтарды және шығыстың ұлы ойшылдарының еңбектерін шығармашылық жолмен зерттеді. Ол орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің идеясын қазақ даласында одан әрі дамытушы, әрі орыс графикасы негізінде қазақ альфавитінің негізін қалаушы. Оның қазақ даласында алғаш рет 1864 жылы Торғайда мектеп ашуы және Торғайдағы 1884 жылы Яковлев қолөнер училищесінің ашылуы, Орынборда 1886 жылы мұғалім даярлайтын қырғыз мектебінің, Ырғызда 1887жылы қыздар училищесінің ашылуы, және т.б. көптеген еңбектері білім беру мен ағарту саласындағы үлкен еңбектері деп білеміз. Сондай – ақ қазақ мектептерін оқулықтармен қамтамасыз етуін, мәселен, «Қазақ хрестоматиясы»(1889ж), «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (1889ж), «Шариятул ислам» атты оқулығы , т.б. еңбектерінің жарық көруінен білеміз.Ыбырай Алтынсарин қандай да болмасын оқулықтардың құнды жақтарын меңгеріп, оларды қазақ мектептерінде пайдалануға бар күшін салды.

Оқу әдістері мен балаларды оқыту тәсілдерін Алтынсарин мұғалімдерге олардың кең тәрбиелік мағынасында түсіндіретін: а)оқыту методтары балалардың жүре келе мектепке, сабаққа, кейіннен ғылымға, өз бетімен білім алуға құмарландыратын (ынталандыратын, ықыластандыратын) жол ; ә)сабақта балалардың ойлау қабілетін арттыратын жаттығулар қажет, мысалы, әңгіме, түсіндіру арқылы оқыту методы деп көрсеткен .

...Ауызша әңгіменің ойлау мен жазбаша жаттығулардың көптеген әдістері туралы түсіндірмесінде ол балалардың әрбір еңбегінің құр босқа ойсыз жаттауға жұмсалмай, мағыналы және жүйелі болуы керек екенін жазды. Әрі қарай ол балаларды тәрбиелеуде үстіртін және мардымсыз түсініктердің, шалағайлықтың болмауы керек екенін ескертті. Ол нашар оқыту мен нашар қарым – қатынас балардың басын қатырып, шатастыратынын, ал керісінше, балалар сергек, олармен қарым – қатынас неғұрлым жақсы, оқушылардың көкейіне әсер неғұрлым көп болса, сабақ соғұрлым табысты болатынын мысалдар арқылы түсіндірді.

Алтынсарин мектептің негізгі міндеті оқушыларға шын білім беру деп есептеді, бұл білімнің оқушыларға айқын болуы үшін әр түрлі физикалық және химиялық құбылыстарды тәжірибе ретінде үйретумен қатар, осылар үшін мектептерге арнап география, физика, химия, табиғаттану жөніндегі аспаптар мен құралдарды жаздырып алып отырды. Мектепте табиғат – ғылымы пәндерін оқытуды, ол табиғаттың құбылыстары туралы табиғи ғылыми білімді тарату үшін және ескі ұғымға сенушілікке қарсы күресу үшін өте бағалы іс деп санады...

Тұңғыш қазақ мектебін ашып, оқытуға кіріскен Ыбырай Алтынсарин өзінің досы Н.И.Ильминскийге жазған (1864 ж ) хатында: «Осы жылы январьдың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де есті, жақсы балалар... Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды ... Кейін парақор болып шықпаулары үшін, оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын» деген сияқты ой – пікірлерін дидактикадағы үлестері деп білеміз. Сонымен қатар баршамызға таныс, « Кел, балалар, оқылық » атты өлеңнің «Қазақ хрестоматиясының » беташар өлеңі екендігі, жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да маңызы артпаса, төмендемек емес.

Сол сияқты қазақтың педагының бірі Ж.Аймауытовтың да дидактикаға қосқан үлесі мол екенін көруге болады. Оның «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде ...Бала оқытудың ережелерін, заңдарын сөйлейтін, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогика бөлімі дидактика... Жалпы дидактика барлық пәндерге тиісті оқытудың жалпы заңдары, жолдары, оқыту жайындағы жалпы мәселелер туралы сөйлейді. Жеке дидактика яки методика дидактиканың жалпы ережелерін жеке пәндерді оқытқанда қалай жанастыру, қандай әдіс қолдану туралы баян етеді... Оқыту жүзінде білім мен тәжірибе бірімен – бірі астасып, айқасып бірін – бірі толықтырып, бірге өркендеуге, бірге кемелденуге тиісті. Мұғалімнің айналысатыны үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, алғашқы бір алған білім мен оған қосымша іс жүзінде тапқан біркелкі әдіспен қанағаттанып, табан аудармай, бір орында тұрып қалуы мүмкін емес. Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер... дидактака мұғалімге жалпы жол жоба көрсететіп, жетекшілік етеді, әйтпесе осы жолдан тайма деп оқытушыға міндет есебінде еш нәрсе ұсынбайды. Ол тек сыннан өткен ұтымды жолдарды ғана нұсқайды.

Білімдендіру көбінесе екі мақсатты көздейді: білім көбейту және ақыл күшейту. Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін мақсаты түпкі мақсаты осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек дей отыра, ескі тілдерді білу арқылы ерте замандағы мәдениетті жұрттардың ғылымдарымен, өнерімен, әдебиетімен таныс болатындығын, оқылатын пәндердің бәріне бірдей керекті, бәрін қаусырып орап алатын пән ана тілі екендігін,ана тілін жақсы меңгермейінше өзге пәндерге түсіну мүмкін емес екендігін айтқан. ...Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне тән мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы жөн. Балаға тілді дұрыс қолдандыру әр оқытушының, әр мектептің міндеті... Білім тану жолы мен тіл үйрену жолын айыру дұрыс емес. Сондықтан біздің ұсынысымыз деп төмендегілерді көрсетеді:

1.Басқа пәндерден тіл оқуы айырым болмасын, қайта өзге пәндер тіл үйренуге көмек етсін.

2.Жан дүниесінде (психологияда)тіл үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге таянып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесіп, тыңдасын, жазсын, оқысын – тілге үйренсін.

3.Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу, тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді, сондықтан әуелі баланың көрген білгені туралы әңгіме құрып, содан кейін оқуға, жазуға үйретілсін.

4. Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін. Әңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттай бола бермей, баланың тәжірибесінен, көрген білгенінен алынсын. Кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.

Ол оқытудың берік негізін салу үщін оқу деректеріне ілтипатты ояту керек, ол үшін оқытушы төмендегі жобаларды есіне ұстағаны жөн , олар:

1. Жаңа берілген сабақты баланың білетін мағлұматымен ұштастыру.

2. Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару.

3. Сабақтың алдын ала даярлайтын сұраулар қою арқылы ынтасын арттыру.

4. Қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың ілтипатын қоздыратын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп, үйрету.

5. Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан сақтану, лайықты салыстыру, теңестіру, ұқсастыру түрлі әдіс, оңтаймен оқытуды жандандыруға тырысу.

6. Алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болу. Оған сай жобаларды дұрыс қолдану.

7. Өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру, оқытушы сүйген нәрсені оқушылар да сүйеді.

...Дидактика жүзінде бірнеше әдістер бар. Бірақ әрбір оқытушыға білуге міндет жалпы бір әдіс бар, ол ой жүйесі (логика) ... Ой жүйесі мұғалімді ойлау өнеріне үйретеді, оқушыны ой дағдысына үйретеді, жаттықтырады. Педагогика, оның бер жағында дидактика пәні ой жүйесінің негізімен жақсы таныс, оның ережелерін кемел, жетік білетін мұғалімдерге арналады. Мұғалім ойлау жүйесіне жетік болса ғана оқытуы дұрыс жүріп, шәкірттері білімді, ойшыл адам болып шығады...

Ал оның «Комплекспен оқыту жолдары» деген еңбегінде комплекс жүзінде негізгі зерттелетін нәрсе, кіндік тақырып – еңбек. Еңбек қалай зерттеледі, оқылады десеңіз, үш жағынан қаралып оқылады:

1.Оқудың бас қазығы еңбек болмақ.

2. Мектеп өмірінің, мектеп ұйымының, бір басты бөлімі еңбек болмақ.

3. Өмірді зерттеудегі басты әдістің бірі еңбек болмақ.

Оның мәнісі, бір жағынан бала еңбекке өзі аралассын, көмектессін,екінші еңбектеніп жүріп, еңбек арқылы білім алсын, үшінші, еңбектің өнімді болатын төте жолын үйренсін дейді. Сонымен Ж.Аймауытовтың дидактикаға қосқан үлестерін бүгінгі таңда да қолданудың маңызы зор екендігін жоғарыдағы еңбектерінен көре аламыз.

Сонымен қатар XX ғасырдың 40 жылдары Райса Григорьевна Лемберг Қазақстан педагогикасын дамытуға, дидактиканың әр түрлі бағыттарында зерттеу жүргізді.Ол «Политехникалық оқу мәселелері», «Мектеп оқушыларының жалпы дамуын басқару», «Класс жетекшісінің жұмысы туралы», «Бастауыш мектептегі сабақ», «Сабақ психологиясының мәселелері», «Мектептегі оқыту әдістері», «Дидактикалық очерктер», т.б. еңбектерінде оқу процесін психологиялық негізде талдайды және сипаттайды.Оның оқу құралы, оқыту жолдарын айқындайды, оқыту әдістемесінің шығармашылық жолын белгілеп берді, сабақты көрнекілікпен өткізу мәселелерін бірінші кезекке қойды. Ол өз пікірінде ...Біздің мақсатымыз мектепте оқушыларға терең, тұрақты білім беру, аз уақыттың ішінде көп материал өту, оқу сапасын жоғары сатыға көтеру...десе, сабақ үйретілген бойда пысықтау керек деген ережені қолданып отыру материалды ұғуға жақсы жағдай туғызады ...

Мұғалім нығайту жұмысының 6 – 8 түрлерін пайдаланады.Бұларға жаңа материалды түсіндіру үстіндегі нығайту да кіреді. Нығайту жұмысының түрлері мыналар:

1. Жаңа сабақты баяндап болысымен нығайту;

2. Үйге тапсырма беру арқылы нығайту;

3. Келесі сабақта нығайту(бұл жаңа сабақты өткен сабақпен байланыстыру және білімді

бағалау мақсатымен жүргізіледі);

4. Тақырыпты өтіп болғаннан кейін, жүргізілетін арнаулы пысықтау сабағында нығайту

(бұл да білімді бағалаумен байланысты);

5. Тұтас бір тарауды өткенен кейінгі пысықтау (тоқсанның аяғында);

6. Бір жыл ішінде өтілгенді нығайту;

7. Нығайту жұмысы оқушылардың алған білімдерін іс жүзіне асыруға мүмкіншілік беретін әр түрлі практикалық жұмыстары арқылы да жүргізіледі.

... Нығайту жұмыстарының әр түріне тиісті методикалық тәсілдер бар... Бастауыш нығайту сұрақ – әңгіме түрінде жүргізіледі; үйде пысықтауға кітап оқу, әр түрлі жаттығуларды орындау,схема, таблица жасау, шығарма жазу, баяндама жасау,есеп шығару, көрме ұйымдастыру, экскурсия жасау және басқалар... Пысықтаудың маңызы жалғыз білім алу да ғана емес, оның оқушыларды тәрбиелеу жағынан да үлкен мәні бар.

Оның ізбасарлары Г.А.Уманов пен Н.Д.Хмель Лембергтің ілімін жалғастырып, білімдерін таратты.

Педагогика ғылымында, оқытудың тәрбиелік және адам дамуының негізін ашатын, сипаттайтын теориялар жеткілікті. Солардың ішінде педагогикалық әсер мен олардың нәтижесінің қабылдануы, ұғынуының психологиялық заңдылықтарын бейнелейтіндердің ғана әдіснамалық және теориялық маңызы бар.

Маңызды дидактикалық теориялар мен тұжырымдамалар қатарына жататындар: танымдық тұжырымдамаларды дамыту тұжырымдамасы (Г.И.Щукина т.б.), дамыта оқыту тұжырымдамасы (Л.В.Занков,т.б.), проблемалық оқыту тұжырымдамасы (М.И.Махмутов т.б.), ақыл – ой әрекеті кезеңін қалыптастыру теориясы (П.Я.Гальперин, т.б.), білім беру мазмұны теориясы (И.Я.Лернер, т.б.), мазмұнды толықтыру теориясы (В.В.Давыдов, т.б.), оқу процесін тиімдендіру теориясы (Ю.К.Бабанский ), оқушылардың танымдық іс – әрекетін белсендіру теориясы (Т.И.Шамова ), оқыту әдістерінің теориясы (М.И.Махмутов, В.А.Онищук, т.б.), өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру теориясы (М.А.Зорина, М.К. Журавлев, т.б.), біртұтас педагогикалық процесс теориясы (Н.Д.Хмель), оқытудың тұжырымдамалық тәсілі теориясы (В.Дьяченко), т.б.

Ю.К. Бабанский, Б.П. Есипов, Ш.И. Ганелин, И.Д. Зверев, И.Я. Лернер, М.И.Махмутов, М.И.Скаткин, Қазақстандық ғалымдар Р.Г.Лемберг, А.І.Сембаев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б оқыту тәсілдерінің түрлерін, шәкірттердің танымдық іс–әрекеттерін белсендіре түсуге бағытталған зерттеулермен айналысқан.

Кейінгі кезде озат жаңашыл ұстаздар Ш.А. Амонашвили, Е.Н. Ильин, И.П. Волков, С.Н. Лысенкова, В.Ф. Шаталов, қазақстандықтар Р. Нұртазина, Қ.Нұрғалиев, А.Ысқақов дидактикаға өз үлестерін қосқан. Бұлар ынтымақтастық педагогиканы қолдайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   158   159   160   161   162   163   164   165   ...   424




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет