Диагностикасы.Желшешекті шын шешектен, везикулезді риккетсиоздан ажырата білу керек. Шешек жер бетінен жойылған. Белдемелі герпес бөртпесімен және басқа везикулезді бөртпелермен салыстырмалы диагностика жасау қиындық тудырмайды. Кейде ұқсас элементтер бүргенің және басқа жәндіктердің шағып алуы нәтижесінде пайда болады. Вирусологиялық, серологиялық (КБР) әдістер сирек қолданылады.
Емдеуі. Жедел кезеңде науқастар төсек тәртібін сақтауы керек, төсек жаймалары мен іш киімнің тазалығын және қолды таза ұстап, тырнақты алып тұру керек. Этиотропты емдеу ауыр асқынулар кезінде көрсетілген. Соңғы жылдары ацикловир, видарабин сияқты вирусқа қарсы препараттардың нәтижелілігі туралы мәліметтер бар. Антибиотиктер екінші бактериальды микрофлора қосылғанда тағайындалады.
Болжамы. Көп оқиғаларда аурудың болжамы қолайлы.
Алдын алу шаралары. Науқасты соңғы жаңа бөртпе элементтері пайда болғанға дейін, 5 күнге дейін үйде жеке ұстайды. Ал бұрын бұл инфекциямен ауырмаған, жел шешекпен ауырған науқаспен байланыста болған 7 жасқа дейінгі балаларды 21 күн оңаша жатқызады. Шел шешекке қарсы вакцина жоқ.
IV ТАРАУ. ЗООНОЗДЫ ИНФЕКЦИЯЛАР Қоздырғыштары жануарлардан жұғатын және адамды зақымдайтын ауруларды зооноздар деп атайды. Зооноздар (зооантропоноздар) (zoon – хайуан, nozos – ауру) –қоздырғыш резервуары хайуанаттар болып есептелетін аурулар. Зооноздар кезінде адам организмі көп жағдайда биологиялық тұйық болады. Сонғы жылдары қоздырғыштың экологиясы өзгерді: барлық жұқпалы аурулардың арасында 51,8% зооноздар құрайды (Б.В.Черкасский, 2005). Зооноздар антропургиялық және табиғи ошақтық түрлеріне бөлінеді. Антропургиялық зооноздарға бруцеллез, иерсиниоз, листериоз, түйнеме, пастереллез жатады. Бұл аурулар мал шаруашылық дамыған аймақтарда кең таралады. Табиғи ошақты зооноздарға оба, туляремия, лептоспироз, Ку қызбасы жатады. Оба, туляремия, түйнеме, бруцеллез аса қауіпті инфекциялар тобына кіреді.
Е.Н. Павловский табиғи ошақтылықпен сипатталатын аурулардың ерекше тобын бөлген. Табиғи-ошақтыларға табиғи жағдайлар комплексіне байланысты аурулар жатады. Олар белгілі бір биогеоценоздарда адамнан тәуелсіз тіршілік етеді, бірақ адам бұл биогеоценоздарға кірсе залалдануы мүмкін. Табиғи ошақтық аурулардың қоздырғыштары жабайы аңдар арасында тараған және шынайы биогеоценоздардың мүшелері болып табылады.
Мұндай ошақтардың болуын организмдердің үш тобы қамтамасыз етеді:
ауру қоздырғышы;
ие ағзасы (ауру қоздырғышының табиғи резервуары);
егер ауру трансмиссивті жолмен берілсе - тасымалдаушылар.
Табиғи ошақтық аурулардың алдын алу шараларын жүргізгенде, қоздырғышты тасымалдаушының және қоздырғыштың резервуары болатын жануарлардың биологиялық ерекшеліктерін білу керек. Табиғи - ошақтық аурулардың таралуын тоқтату үшін, қоздырғыштың айналым тізбегінің бір буынын алып тастау қажет. Табиғи-ошақтық аурулардың басым көп түрі трансмиссивті жолмен беріледі.
Облигатты-трансмиссивті жолмен берілетін табиғи ошақтық аурулар оларды тасымалдаушылар ареалының ішінде кездесуі мүмкін. Табиғи-ошақтық аурулардың таралуының шектелуі басқа да жағдайларға (мысалы, климаттық жағдайларға) да тәуелді. Трансмиссивті және табиғи-ошақтық аурулардың ерекшеліктерін диагноз қою және алдын алу шараларын жүргізу кезінде ескеру қажет.