Эпидемиологиясы. Аурудың көзі - сырқаттанған жануарлар, әсіресе ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі. Аусыл жануарлардың арасында кең таралған инфекция. Ауру эпизоотия тәрізді өтеді. Ауруға жас жануарлар сезімтал. Ауру өте ауыр түрде өтіп, жоғары өлім-жітімділігімен сипатталады. Вирус сырқат жануардың ағзасынан, яғни сілекей, сүт, нәжіс, зәр арқылы бөлінеді. Вирус сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады (2-3 ай). Сүтте вирус 25-30 сағат (тоңазытқышта-10 күнге дейін), майда, егер тоңазытқышта болса - 45 күнге дейін сақталады. Ал тұздалған ет пен шұжықта - 50 күн, киімде-100 күнге дейін сақталатыны белгілі.
Аурудың берілу жолы - алиментарлы. Адам шикі сүт өнімдерін, сирек ауру малдың етін қабылдағанда жұқтырады. Аусыл кәсіптік ауру ретінде контактілі жол арқылы мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарға жұғады. Ауру жануарлармен контакта болған адамдар, балалар және мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер жиі ауырады. Соның ішінде сауыншылар, бұзау бағушылар, малшылар, бақташылар, ет комбинатында жұмыс істейтіндер, мал дәрігерлері мен зоотехниктер аусылға көп шалдығады. Адам ағзасына вирус терінің аздаған жарақаты және де көз, мұрын, ауыздың шырыш қабықтары арқылы енеді. Ауру адамнан адамға берілмейді.
Патогенезі. Адам ағзасына түскен вирус шырышты қабаттардың эпителий жасушаларында немесе терінің эпидермальды клеткаларында көбейеді, сонымен көпіршік тәрізді ісіну реакциясы пайда болады. Одан әрі вирус қанға түседі. Вирустың диссеминациясы екіншілік көпіршіктердің құрылуымен (ерінде, мұрында, тілде) қабаттаса жүреді. Вирус терінің жіңішке қан тамырларында кідіріп, қол және аяқ саусақтарының арасындағы теріде афталардың пайда болуын тудырады.
Вирустың енген жерінде біріншілік афта, немесе біріншілік аффект дамиды, қанға өткен вирус гематогенді жолмен бүкіл организмге тарайды. Одан әрі екіншлік афталар және теріде везикулезді элементтер пайда болады. Вирусемия кезінде дене қызуы көтеріліп, ағзаның улануы байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |