49-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері Еңбек шартын тоқтату үшін негіздер: 1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу; 2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы; 3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу; 4) жұмыскердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты; 5) жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу; 6) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар; 7) жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы; 8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын лауазымға тағайындалуы; 9) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы болып табылады. 50-бап. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзу тәртібі 1. Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін. 2. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға ниет білдірген, еңбек шартының бір тарапы еңбек шартының екінші тарапына хабарлама жібереді. Хабарламаны алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады. 3. Алып тасталды - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).