164-бап. Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу
1. Оккупацияланған аумақта немесе соғыс қимылдары ауданында қаруын тапсырған немесе қорғану құралдары жоқ, жараланған, ауру, корабль апатына ұшыраған адамдарды, медицина жұмыскерлерін, санитариялық және діни персоналды, әскери тұтқындарды, азаматтық тұрғындарды, соғыс қимылдары уақытында халықаралық қорғауды пайдаланатын өзге де адамдарды қарсы жақтың қарулы күштеріне қызмет етуге немесе қоныс аударуға мәжбүрлеу не олардың тәуелсіз және бейтарап сотқа құқығынан айыру не қылмыстық сот ісін жүргізуде осы адамдардың қорғану құқығын шектеу –
үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде тізбеленген адамдарды өлтіру –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
165-бап. Қарулы қақтығыстар уақытында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзушылықтар
Қорғалмаған жергілікті жерлерді және демилитарландырылған аймақтарды шабуыл жасау объектісіне айналдырудан не бітімгершілік, соғыс қимылдарын тоқтата тұру туралы келісімдерді немесе шайқас алаңында қалған жаралылар мен қаза тапқандарды алып шығу, айырбастау немесе тасымалдау мақсатында жасалған жергілікті келісімдерді бұзудан не азаматтық тұрғындарға немесе азаматтық объектілерге шабуыл жасаудан не оккупацияланған аумаққа өзінің азаматтық тұрғындарының бір бөлігін көшіруден не әскери тұтқындарды және азаматтық адамдарды репатриациялауға қисынсыз кедергі келтіруден болған қарулы қақтығыс уақытында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзу –
он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
166-бап. Қарулы қақтығыс уақытындағы әрекетсіздік не қылмыстық бұйрық беру
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қарулы қақтығыс уақытында соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бағынышты адамның дайындап жатқан қылмыстық бұзушылықтарын алдын алу немесе жасайтын қылмыстық бұзушылықтарының жолын кесу үшін барлық ықтимал шараларды өз өкілеттіктері шегінде қасақана қолданбауы –
жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бастықтың немесе лауазымды адамның қарулы қақтығыс уақытында бағынышты адамға ешкімді тірі қалдырмауға бұйрық немесе соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзушылықтар жасауға бағытталған өзге де көрінеу қылмыстық бұйрық немесе өкім беруі –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |