Кез келген саланы дамыту үшін адам ресурстарының маңызды екені анық. Əсіресе интеллектуалдық меншік пен ұшқыр ой, кəсіби білім мен жоғары біліктілікті талап ететін инновациялық қызметте кадр мəселесі өте өзекті болып табылады. Бірінші кезекте жоо білімгерлеріне 3–4 курстан бастап өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тəжірибе өтуді көздейтін дуальдік оқыту жүйесін қолға алу қажет. Бұл кəсіби, білікті жəне, ең бастысы, өндіріске шынымен қажетті маман даярлаудың бірден бір жолы болып табылады.
Қазіргі таңда Қазақстандағы ғылымды дамытудың əлеуеті жоғары деп айта аламыз. Себебі елімізде 300-ге жуық түрлі меншік формасындағы ғылыми мекемелер мен ұйымдар жұмыс істейді. Оларды 18 мыңнан астам қызметкер, 1000-нан астам ғылым докторлары мен 3000-ға жуық ғылым кандидаттары еңбек етуде. ҚР Білім жəне ғылым министрлігі 40-қа жуық ғылыми ұйымның жұмысын үйлестіріп қадағалайды. Ендеше осы орасан зор əлеуетті тиімді пайдалану қажет.
Статистикалық деректерге жүгінсек, 1990 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта ғылыми- техникалық қызметпен айналысатын қызметкерлер саны 3 есеге, ал ҒЗТКƏ-ге бөлінетін қаржы көлемі 6,6 есеге азайған. Бұл кезеңде мемлекет жаңа мамандарды даярлаудан гөрі, бұрынғы кадрларды, яғни ғылым докторлары мен кандидаттарының əлеуетін, сақтап қалуға баса назар аударды. Бұған қарамастан, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ғылым кандидаттары тағы 2 есеге азайды. Ал 2000 жылдардан бері экономикалық жағдай тұрақталған соң ғылымды қаржыландыру мəселесін қолға алуға мүмкіндік туды. Дегенмен, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлуде үлкен тепе-теңсіздігі байқалады, яғни қолданбалы зерттеулерге 71 %-ы бөлінсе, тек 8 %-ы ғана тəжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінеді [12]. Бұл көрсеткіш конструкторлық бюролар мен өндіріспен байланысқа негізделген ғылымды дамыту жайлы ұсыныстарымыздың орындылығын дəлелдейді.
Білікті мамандар даярлау ісін инновация жүйесіндегі басымды мақсат деп тауып, инфрақұрылым шеңберіндегі басқа элементтер оған жан-жақты қолдау жасаулары керек. Атап айтсақ, өз есептерінен білікті жастарға оқу гранттарын беру; білім жүйесіне қажетті ғылыми-зерттеу жəне тəжірибе- конструкторлық орталықтарын ашып, оған дарынды жастар мен ғылыми кадрларды тарту; жоғары жəне орта арнаулы оқу орындары білімгерлерінің оқу-өндірістік тəжірибелерін ұйымдастырып, олардың арасынан біліктілерін жұмысқа қабылдау; арнайы конкурстар ұйымдастыру арқылы жастардың инновацияларға құлшынысын арттыру жəне т.б.
Ғылыми-зерттеу мекемелерінің белсенділігін арттыру үшін оларды шетелдің осы саладағы озық ғылыми орталықтарымен байланыстыру. Ол үшін отандық ғылыми-зерттеу орталықтарына біріккен жобаларды орындауларына мүмкіндік ашу керек. Бастысы, қоғамдағы ғалым мəртебесін көтеріп, бұл саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеріп, əлеуметтік жеңілдіктер жасау арқылы жастарды ғылымға тартуға серпін беру қажет. Тіпті, мектеп кезінен шығармашылық жəне креативтік ойлауды дамыту үшін дарынды оқушыларға конструкторлық бюролардың бейімделген орталықтарында қабілеттерін дамытуға жағдай жасаған жөн.
Қаржылыққатынастаререкшелігі.
Алдағы онжылдықтарда инновациялық қызметті дамытудың басты инвесторы мемлекет болатыны сөзсіз. Себебі экономиканың сапалық бағытта дамуына, ең алдымен, мемлекет мүдделі жəне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қайтарылмайтын қомақты қаражатты талап етеді. Алайда инновациялық инфрақұрылымның негізі қаланған соң, жеке сектордағы инновацияға деген қызығушылықты арттырып, кəсіпкерлердің де ҒЗТКƏ мен инновациялық өнім шығаруға мүмкіндік беретін зерттеулерді қаржыландыруына жол ашу керек. Бұл инновациялық кəсіпкерлік мəдениет қалыптастырып, əр бизнес субъектісі табысын барынша көбейту үшін инновациялық технологияларды пайдаланудың қаншалықты қажетті екенін түсіну арқылы жүзеге асады.
Ғылыми жəне инновациялық жобаларды қаржыландыру 2 нысанда жүзеге асырылады:
жоғарыдан төмен қарай — мемлекетке қажетті əзірлемелерге тапсырыс беру арқылы;
төменнен жоғары қарай — ғалымдар мен зерттеушілер арасында іріктеу мен конкурстар өткізу арқылы үздік идеяларға қолдау көрсету. Мемлекет инновациялық зерттеулер мен жобаларды ынталандырып, бюджет есебінен қаржылық қолдаудан еш ұтылмайды, себебі ең бастысы инновациялық қызметті қолдау сапалы экономикалық өсуге əкеледі.
Инфрақұрылым шеңберіндегі элементтердің қызмет ету тиімділігін арттыру олардың өзара байланысын жетілдіру арқылы жүзеге аспақ. Инновациялық инфрақұрылымның əрбір субъектісінің дамуы басқа элементтердің дамуымен тығыз байланысты екенін ескерсек, онда оларды кешенді түрде қолдау арқылы ғана оң өзгерістерге жетуге болады. Бұған қоса, инфрақұрылымның əрбір элементі өз тарапынан бастама көтеріп, басқа элементтермен байланысын арттыруға ұмтылуы тиіс. Қорыта айтқанда, Қазақстанның болашақтағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін интеллектуалдық меншік пен заманауи технологияларға негізделген өндіріс арқылы əртараптандырылған бəсекеге қабілетті экономика құру аса маңызды болып табылады.
Əдебиеттер тізімі