топтарға бөлу 1. Мемлекеттiк бақылау және қадағалау тексерiлетiн субъектiлердi төрт топқа бөлу ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Бірінші топқа өздеріне қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге нысандары қолданылатын тексерiлетiн субъектiлер (объектiлер) жатады.
Тексерілетін субъектінің қызметі нәтижесінде салдарларының ауырлық дәрежесі ескеріліп, адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы тәуекел болып табылады.
Тексерулер тағайындау мақсатында бақылау және қадағалау органы жүргізетін іс-шаралар кешені тәуекелдерді бағалау жүйесі болып табылады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі мынадай мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектiлерге қатысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде:
1) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласында;
2) атом энергиясы саласында;
3) өрт қауіпсіздігі саласында;
4) жарылғыш және улы заттардың, радиоактивтік материалдар мен заттардың айналысы мен оларды қолданудың белгіленген қағидаларының сақталуына;
5) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдардың айналымы саласында;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қолданылады.
Осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы талаптардың сақталуын тексеру үшін эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерде тексерулер жүргізудің мерзімділігі:
1) тәуекел дәрежесі жоғары болған кезде – жарты жылда бір реттен;
2) тәуекел дәрежесі орташа болған кезде – жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерді тәуекел дәрежелері бойынша бөлу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген ережелер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) және
6) тармақшаларында көрсетілген қызмет салалары үшін тексерулер жүргізудің мерзімділігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен айқындалады.
Тексерiлетiн субъектiнiң тiкелей қызметiмен, салалық даму ерекшелiктерiне және осы дамуға әсер ететiн факторларға байланысты, тексерiлетiн субъектiлердi әртүрлi тәуекел дәрежесiне жатқызуға мүмкiндiк беретiн сандық және сапалық көрсеткiштердiң жиынтығы тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемшарттары болып табылады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары реттеуші мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Реттеуші мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен жартыжылдық кесте тексерулер жүргізудің ерекше тәртібін тағайындау үшін негіз болып табылады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың он бесінші қарашасына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың он бесінші сәуіріне дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тексеру жүргізудің жартыжылдық кестелерінің жобаларын келісу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулердің жартыжылдық кестелерінің жобаларында сол бір тексерілетін субъектiлер (объектiлер) белгіленген кезде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган кестелердің жобаларын реттеуші мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға мұндай субъектiлерді (объектiлерді) тексерулер жүргізу кестелерінен алып тастау үшін не осы баптың талаптарын ескере отырып, оларды жүргізу мерзімдерін түзету үшін қайтарады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың оныншы желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың оныншы мамырына дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тексерулер жүргізудің бекітілген жартыжылдық кестелерін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін қалыптастыруы үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін ұсыну нысанын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін ағымдағы күнтізбелік жылдың жиырма бесінші желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың жиырма бесінші мамырына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастырады.
3. Екінші топқа өздеріне қатысты ішінара, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады.
Ішінара тексеру жүргізу үшін бақылау және қадағалау органдары:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын есептілікке;
2) жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының нәтижелеріне;
3) өзге де ақпаратқа талдау жүргізеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген жағдайларды қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдар ішінара тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
4. Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттарының ерекшелігі мен құпиялығы ескеріле отырып, Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Үшінші топқа өздеріне қатысты осы Кодекстің 144-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатады.
6. Төртінші топқа өздеріне қатысты тексерулер жүргізілместен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары ғана жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатады.
7. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларын осы баптың 3, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген топтар бойынша жатқызуды, сондай-ақ тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылғандарға және тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылмағандарға бөлуді әрбір бақылау және қадағалау саласы үшін реттеуші мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
8. Екінші топқа жатқызылған тексерілетін субъектілер (объектілер), егер мұндай тексерілетін субъектілер үшінші тұлғалардың алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасқан болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен үшінші топқа ауыстырылуы мүмкін.
142-бап. Ведомстволық есепке алу 1. Міндетті ведомстволық есептілік тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тексеру санын және бару арқылы жүргізілетін бақылаудың және қадағалаудың өзге нысандарын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды, оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын және басқа көрсеткіштерді ведомстволық есепке алуға арналған есептілік нысаны болып табылады.
Реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша міндетті ведомстволық есептілікті толтыруға міндетті.
2. Бақылау және қадағалау органдары тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тексерулердің санын және бару арқылы жүргізілетін бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды тұрақты және үзіліссіз негізде жүргізуге міндетті.
Ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері орталық және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында ай сайын орналастырылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулер бойынша ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында тоқсан сайын орналастырылады.
3. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары бойынша ведомстволық есепке алу жүргізілмейді.
143-бап. Тексеру парақтары 1. Реттеуші орган мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган тексерілетін субъектілердің (объектілердің) біртекті топтары үшін бірлескен актімен тексеру парақтарын бекітеді.
Бекітілген тексеру парақтары мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
2. Тексеру парағы тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптарды ғана қамтиды.
3. Тексеру парақтарында белгіленген талаптар тексерілуге жатады.
144-бап. Тексеру түрлерi 1. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер;
2) ішінара;
3) жоспардан тыс.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы тәуекел дәрежесін бағалау негізінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру – ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексеру болып табылады.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы есептілікті, бақылаудың өзге нысандарының нәтижелерін талдау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесін бағалау негізінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру – ішінара тексеру болып табылады.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы тексеру тағайындауға негіз болған нақты тексерілетін субъектіге қатысты, тексеру тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру – жоспардан тыс тексеру болып табылады.
2. Тексерулер көлемі бойынша:
1) кешенді;
2) тақырыптық болып бөлінеді.
Тексерілетін субъектінің (объектінің) қызметін осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтау мәселелерінің кешені бойынша тексеру – кешенді тексеру болып табылады.
Тексерілетін субъектінің (объектінің) қызметін осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша тексеру – тақырыптық тексеру болып табылады.
3. Тексерілетін субъектілерді жоспардан тыс тексеруге:
1) тексеру нәтижесінде және бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың (қаулылардың, ұсынулардың, хабарламалардың) орындалуын бақылау;
2) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштерін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру қатерінің туындауы туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
3) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштерін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
4) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштері;
5) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені не келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша прокуратура органдарының тапсырмалары;
6) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені не зиян келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша мемлекеттік органдардың өтініштері;
7) тексерудi жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат алу мақсатында тексерiлетiн субъектi азаматтық-құқықтық қатынастарда болған үшiншi тұлғаларға қатысты қарсы тексеру;
8) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін субъектінің өтінішіне байланысты қайта тексеру;
9) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;
10) салық төлеушiлердiң өтiнiштерi, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 627-бабында айқындалған мәлiметтер мен мәселелер;
11) тексерiлетiн субъектiнiң «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен қызметтi немесе белгiлi бiр әрекеттердi жүзеге асыруының басталғаны туралы хабарлама беруi;
12) адамның өміріне, денсаулығына және өмір сүру ортасына қауіп туғызатын, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасы, гигиеналық нормативтер және техникалық регламенттер талаптарының бұзылуы анықталған жағдайларда, өнімді іріктеу және оның санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасының нәтижелері негіздер болып табылады.
4. Жоспардан тыс тексерулер анонимдік өтiнiштер болған жағдайларда жүргiзiлмейдi.
5. Жоспардан тыс тексеруге нақты кәсiпкерлiк субъектiлерiне және объектілеріне қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексерудi тағайындауға негiз болған фактiлер мен мән-жайлар жатады.
6. Эпидемия, карантиндiк объектiлер және аса қауiптi зиянды организмдер ошақтары, инфекциялық, паразиттiк аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар туындаған немесе олардың туындау қатерi төнген жағдайларда, объектiлерге жоспардан тыс тексеру тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар етпестен және тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеместен, оны кейiннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға келесi жұмыс күнi iшiнде ұсына отырып жүргiзiледi.
7. Жалған пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), тасымалдау, сақтау, өткiзу және қолдану, сондай-ақ жалған дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндiру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткiзу мәселелерi бойынша жоспардан тыс тексерулер тексерiлетiн субъектiні алдын ала хабардар етпестен жүргiзiледi.
8. Бақылау және қадағалау органдары және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi орган орналасқан жерден едәуір шалғайдағы объектiлерде немесе субъектiлерде жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшiн негiздер анықталған жағдайда, жоспардан тыс тексеру тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар етпестен және тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеместен, оны кейiннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға келесi бес жұмыс күнi iшiнде ұсына отырып жүзеге асырылады.
Тексерудi тағайындау туралы акт тiркелетiн жерден тексеру жүргiзiлетiн жерге дейiн жүз километрден асатын арақашықтық бақылаушы және тiркеушi органдар орналасқан жерден едәуiр шалғайда орналасу деп есептеледi.
9. Жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшiн тізбеленген негiздер мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың құрылымдық бөлiмшелерiне, бейрезидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлiмшелерiне, қызметiн әдiлет органдарында тiркеместен жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
10. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тексерулердi қоспағанда, осы Кодексте белгiленбеген өзге де тексеру түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
Ескерту. 144-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
145-бап. Тексеру тағайындау туралы акт 1. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тексеру тағайындау туралы актiде:
1) актiнiң нөмiрi мен күнi;
2) мемлекеттiк органның атауы;
3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттiк берілген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеру жүргiзу үшiн тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәлiметтер;
5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе өзiне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрған жерi, сәйкестендiру нөмiрi, аумағының учаскесi көрсетiледi.
Заңды тұлғаның филиалын және (немесе) өкiлдiгiн тексерген жағдайда тексеру тағайындау туралы актiде оның атауы және тұрған жерi көрсетiледi;
6) тағайындалған тексерудiң нысанасы;
7) тексеру жүргiзу мерзiмi;
8) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексерілуге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;
9) тексерiлетiн кезең;
10) тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 155-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерi;
11) актiге қол қоюға уәкiлеттiк берілген адамның қолы және мемлекеттiк органның мөрi көрсетiледi.
146-бап. Тексеру тағайындау туралы актiнi тiркеу 1. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптардың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексерулерді, мемлекеттік кіріс органдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асыратын қарсы тексерулердi қоспағанда, тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда мiндеттi түрде тiркеледi.
Тексеру тағайындау туралы актiнi тiркеу есепке алу сипатында болады және тәуекелдерді басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру мен жетілдіру үшін пайдаланылады.
Тексеру тағайындау туралы актiнiң тiркелуi осындай тексерудiң заңдылығына дәлелдеме болып табылмайды.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптардың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексерулерді, мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәліметтер кәсіпкерлік субъектілері бойынша тоқсан сайын құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға жіберiледі.
2. Бақылау және қадағалау органының тексерудi тағайындау туралы актiсi тексеру басталғанға дейiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда, оны тексерiлетiн субъектiнiң орналасқан жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне ұсыну, оның iшiнде электрондық нысанда ұсыну арқылы тiркеледi.
Тексерудi тағайындау туралы актiлердi, тексерудi тоқтата тұру, қайта бастау, оның мерзiмдерiн ұзарту туралы, қатысушылар құрамын өзгерту және тексеру мен оның нәтижелерi туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну туралы хабарламаларды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
3. Тексерудi жүргiзу қажеттiлігi қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне төнген қатерді дереу жоюды талап ететiн, қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық ахуалға байланысты туындаған жағдайда, сондай-ақ бұзушылықтар жасалған кезде тiкелей олардың жолын кесу қажеттiлігiне қарай және дәлелдемелерді бекiту үшiн кезек күтірмейтін iс-қимылдар жүргізуге байланысты тексеру жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндерi) жүргiзілген кезде тексеру тағайындау туралы актiлердi тiркеу құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тексеру басталғаннан кейiнгi келесi жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.
147-бап. Тексерудi жүргiзу тәртiбi 1. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзудiң мерзiмдерi мен нысанасын көрсете отырып, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексеру, ішінара тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын тексерiлетiн субъектiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Жоспардан тыс тексеру жүргiзу кезiнде, осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 2), 7), 9) және 10) тармақшаларында, 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзу нысанасын көрсете отырып, тексерiлетiн субъектiге жоспардан тыс тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде бiр тәулiк бұрын хабарлауға мiндеттi.
2. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер, ішінара және жоспардан тыс тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, тексерілетін субъектінің (объектінің) ішкі еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленген жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтар жасалған кезде тікелей олардың жолын кесу қажеттілігі болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
3. Мемлекеттiк органдардың объектiге тексеру үшiн келген лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркелгенi туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;
2) қызметтiк куәлiгiн;
3) қажет болған кезде режимдi объектiлерге баруға арналған құзыреттi органның рұқсатын;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берiлген, объектiлерге бару үшiн қажет болатын медициналық рұқсаттаманы;
5) тексерілуге жататын талаптардың тармақтары көрсетілген тексеру парағын көрсетуге мiндеттi.
Тексерудi тағайындау туралы акт тексерiлетiн субъектiге тапсырылған күн – тексеру жүргiзудің басталғаны деп есептеледi.
4. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органы лауазымды адамының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда, хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
Тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексерудi жүргізбеу үшін негiз болып табылмайды.
5. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады. Бұл ретте, тексеру жүргiзетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешiмi бойынша өзгеруi мүмкiн, бұл туралы тексерiлетiн субъект және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi орган тексеруді тағайындау туралы актiде көрсетiлмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейiн ауыстыру себебi көрсетiле отырып хабардар етiледi.
6. Тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бірнеше бақылау және қадағалау органдарының тексеру жүргізуі қажет болған кезде, осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге міндетті.
Сол бір мәселелер шеңбері бойынша бірнеше тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бір бақылау және қадағалау органының тексеру жүргізуі қажет болған кезде мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) акциздік және есептік-бақылау маркаларының болуы және олардың төлнұсқалылығы;
4) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне және биоотынға ілеспе жүкқұжаттарының болуы және олардың төлнұсқалылығы;
5) лицензияның болуы;
6) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
7) көліктік бақылау немесе жол полициясы бекеттерінде автокөлік құралдарын тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауарлар атауының тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі мәселелерi бойынша жүргiзiлетiн салықтық тексерудi қоспағанда, осы орган әрбiр тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексерудi тағайындау туралы актiнi ресiмдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркеуге мiндеттi.
148-бап. Тексеру жүргiзу мерзiмдерi Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ алға қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін – бес жұмыс күнінен, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын тексерілетін субъектілер үшін отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс, оған Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген, салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайлар, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы, құрылыс объектілеріндегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау саласында жүргізілетін тексерулер кірмейді, олар үшін салалық ерекшеліктер ескеріле отырып, тексерулер жүргізудің мынадай:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тексерулер – он бес жұмыс күніне дейін болатын және он бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
2) ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
3) құрылыс объектілеріндегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау саласында олардың техникалық күрделілігін ескере отырып:
техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылатындарға – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылмайтындарға – жұмыс күнінің төрт сағатынан аспайтын және жұмыс күнінің сегіз сағатына дейін ұзартылатын мерзімдер белгіленеді.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерудi жүргiзу кезiндегi жекелеген жағдайларды және осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемiнiң едәуір болуына байланысты тексеру жүргiзудiң мерзiмiн бақылау және қадағалау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) отыз жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге бiр рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзiмдерi ұзартылған жағдайда, мемлекеттiк орган мiндеттi түрде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркей отырып, тексерудi ұзарту туралы қосымша акт ресiмдейдi, онда тексерудi тағайындау туралы алдыңғы актiнiң тiркеу нөмiрi мен тіркелген күнi және ұзарту себебi көрсетiледi.
Тексеру бiр айдан аспайтын мерзiмге бiр рет тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Тексеру жүргізу шеңберінде шет мемлекеттерден елеулi мәнi бар мәлiметтер мен құжаттарды алу, осы бапта көрсетілгеннен асатын мерзiмдерде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған жағдайларда, тексеру жүргiзу мерзiмi оларды алғанға не орындағанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Тексерiлетiн субъектiнi тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органды хабардар ете отырып, тексерудi тоқтата тұруға не қайта бастауға дейiн бiр күн бұрын жүргiзiледi.
Тексерудi тоқтата тұру немесе қайта бастау кезiнде тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы акт шығарылады.
Тоқтатыла тұрған тексерудi жүргiзу мерзiмiн есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгiленген мерзiмдерде қайта басталмаған тексеру бойынша тексерiлетiн субъектiнi тексерудi қайта жүргiзуге жол берiлмейдi.
Мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулердi жүргiзудiң, ұзартудың және тоқтата тұрудың тәртiбi мен мерзiмдерiнiң ерекшелiктерi «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
149-бап. Сараптама (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн өнiм