1. Тауарлар өндіруді, өткізуді жүзеге асыратын нарық субъектілерінің
бәсекелестікті шектеуге бағытталған, оның ішінде:
1) тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге
және (немесе) ұстап тұруға;
2) тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
3) белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар
жасасудан негізсіз бас тартуға;
4) басқа субъектілермен мәні бірдей шарттарға кемсітушілік шарттар қолдануға
қатысты келісілген әрекеттеріне тыйым салынады.
2. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттері, егер
жиынтығында олар мынадай:
1) мұндай әрекеттердің нәтижесі нарық субъектілерінің әрқайсысының мүддесіне сай
келген;
2) нарық субъектілерінің әрекеттері олардың әрқайсысына алдын ала белгілі болған;
3) аталған нарық субъектілерінің әрқайсысының әрекеттері келісілген әрекеттерге
қатысатын өзге де нарық субъектілерінің әрекеттерінен туындаған және осы нарық
субъектілеріне тең дәрежеде ықпал ететін мән-жайлардың салдары болып табылмаған;
4) оларға қатысатын нарық субъектілерінің жиынтық үлесі тиісті тауар нарығында
отыз бес және одан көп пайызды құраған шарттарды қанағаттандырса, келісілген әрекеттер
деп танылуы мүмкін.
3. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттері жазбаша
келісімнің бар-жоғына қарамастан, келісілген әрекеттер деп танылады.
4. Егер келісілген әрекеттерді бір тұлғалар тобына кіретін нарық субъектілері
жасаса және олар:
1) озық технологияларды ендіру жолымен өндірісті жетілдіруге;
2) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға;
3) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және қолдануға
бағытталса, ондай әрекеттерге жол беріледі.