Қазақстан республикасының конституциялық кеңесі қазақСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ конституциялық кеңесі қаулыларының жинағы астана-2010



бет29/45
Дата29.01.2018
өлшемі7,99 Mb.
#35947
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   45

ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабы 3-тармағының – "Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды" - деген нормасын, Қазақстан Республикасында көпазаматтылық, оның iшiнде қосазаматтылық қабыл алынбайды деп түсiнген жөн. Бұл, шетел азаматы сонымен бiр уақытта Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтындығын бiлдiредi.

"Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды" деген конституциялық принцип, Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабы 3-тармағының мағынасынан туындайтын мынадай механизммен қамтамасыз етiледi:

егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттiң азаматтығын алатын болса, онда осы сәттен бастап оның Қазақстан Республикасының азаматтығы сақталмайды;

егер шетелдiк өзге мемлекеттiң азаматтығын тоқтатпай отырып сонымен бiр уақытта Қазақстан Республикасының азаматтығын алатын болса, онда ол жарамсыз деп есептеледi.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы
3-тармағының – "Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады" – деген нормаларын, Қазақстан Республикасы азаматының конституциялық-құқықтық мәртебесi бұл азамат үшiн Қазақстан Республикасы Конституциясымен, заңдармен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген құқықтардың, бостандықтар мен мiндеттердiң толық көлемiне теңдiк негiзiнде ие болуды назарда ұстайды деп түсiнген жөн.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы


4-тармағының – "Конституцияда, заңдарда, халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн бегiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады" – деген нормалары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн өзге, шектеулi конституциялық-құқықтық мәртебе көзделгенiн бiлдiредi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында,


41-бабының 2-тармағында, 51-бабының 4-тармағында, 79-бабының 3-тармағында, 86-бабының 3-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар шетелдiктерге қолданылмайды. Шетел азаматтары Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына орай, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда пайдалана алмайтын басқа құқықтар мен бостандықтарды да жүзеге асырмауға тиiс.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2004 жылғы 9 сәуiрдегi N 5 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Қ.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi – Президент Әкiмшiлiгi Мемлекеттiк-құқық басқармасының бөлiм меңгерушiсi М.А. Пақырдiновтiң,

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң депутаттары Е.Ж. Жұмабаев пен Ж.Н. Әбдиевтiң,

Республика Орталық сайлау комиссиясының хатшысы


В.К. Фоостың,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл Б.К. Байқадамовтың,

Республика Жоғарғы Сотының судьясы
Л.Г. Полторабатьконың,

Республика Бас Прокурорының орынбасары


А.Қ. Дауылбаевтың,

Республика бiрiншi Әдiлет вице-министрi И.Д. Меркельдiң,

Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру және дамыту жөнiндегi ұсыныстарды талдап жасайтын тұрақты кеңестiң өкiлi П.В. Своиктiң қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Конституциялық заңды  Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы өтiнiшiн қарады.

Конституциялық iс жүргiзу материалдарын және сарапшылардың – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi Қазақстан халықаралық бюросының директоры
Е.А. Жовтистiң және "Қазақстандағы Интерлигал" саяси-құқықтық зерттеулер қоғамдық қорының президентi C.М. Золотниковтың қорытындыларын зерделеп, баяндамашыны – Конституциялық Кеңестiң мүшесi А.К. Котовты, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

АНЫҚТАДЫ:
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Конституциялық заңды республика Парламентi 2004 жылғы 15 наурызда қабылдап, 2004 жылғы
24 наурызда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол
қоюына берген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы


1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы
2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентi, жоғарыда аталған Конституциялық заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгiн қарау тұрғысында Конституциялық Кеңеске өтiнiш енгiзген.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Конституциялық заңды Конституцияға сәйкестiгi тұрғысында қарай отырып, Кеңес оның тұтастай және жекелеп алғанда:

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның, тiркелу уақытына қарай өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандық белгiсi бойынша азаматтың сайлануға құқығын шектеудi белгiлейтiн, 4-бабының 4-тармағын жазу туралы 1-бабы 1) тармақшасының;

Конституциялық заңның 10-бабының жаңа редакциясындағы аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының құрылу принциптерiн өзгерту туралы 1-бабы 4) тармақшасының;

"Электрондық сайлау жүйесiнiң" анықтамасы мен мақсаты (50-1-бап) және электрондық сайлау жүйесiне қызмет көрсету жөнiндегi маманның дауыс беруге арналған үй-жайда бола алатыны (50-3-баптың 2-тармағы) бөлiгiнде Конституциялық заңды
9-1-тараумен толықтыру туралы 1-бабы 39) тармақшасының;

Конституциялық Кеңестiң, Қазақстан Pecпубликасының Конституциясынан келiп туындайтын, сайлау құқығы мәселелерi бойынша нормативтiк қаулыларында тұжырымдалған құқықтық позицияларын заң шығарушы ескеруiнiң;

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Конституциялық заңды Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қабылдау тәртiбiнiң конституциялылығын талдап шықты.

1. Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарда Қазақстан Республикасының сайлау құқығының бастауларын бекiтедi.

Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлау және оларға сайлану, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығын Конституцияның 33-бабының
2-тармағы Қазақстан Республикасының азаматтығына ғана бередi.

Негiзгi Заңның 33-бабының 3-тармағында, республика азаматтарының iшiнен кiмнiң және қандай себептермен сайлау корпусының құрамынан шығарылатыны, яғни, белсендi де, бәсең де сайлау құқық субъектiлiгiне ие бола алмайтыны және сайлауда қатыспайтыны айтылған. "Сот ic-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың, – делiнген "Конституцияның 33-бабының 3-тармағында, – сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ".

Бұл конституциялық нормада белсендi сайлау құқығы (сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы) және бәсең сайлау құқығы (сайлану құқығы), сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар бастапқыдан-ақ оған ие бола алмайтын және сондықтан да Конституция  бойынша ие емес құқықтық бiрлiк күйiнде алынған. Азаматтардың субъективтiк сайлау құқықтарының жекелеп алғанда шектелуiне жол берiлмейтiндiгi туралы Конституцияның 33-бабының 3-тармағында айтылмайды.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдап, оған Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 15 қарашада қосылған, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 25-бабы дауыс беру құқығын және сайлану құқығын негiзсiз-шектеуге тыйым салады. Пакт, мұндай шаралар мемлекеттердiң халықаралық құқық бойынша өзге мiндеттемелерiмен сыйыспайтын болып табылмайтын және нәсiлдiк, реңдiк, жыныстық, тiлдiк, дiни және әлеуметтiк шығу тегiнiң белгiлерi негiзiнде кемсiтуге алып келмейтiн болса, азаматтық және саяси құқықтардың, соның iшiнде сайлау құқығының, негiзделiп шектелуiн жоққа шығармайды (Пактiнiң 4 және 5-баптары).

БҰҰ-ның 2003 жылғы 31 қазандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қатысушы мемлекеттердiң, өздерiнiң құқықтық жүйесiнiң конституциялық принциптерiне жауап беретiн шамада, жария лауазымдарға, соның iшiнде заң шығарушы органдарда, орналасу құқығын айырудың рәсiмiн белгiлеуiн көздейдi (Конвенцияның 30-бабының 2 және 7-тармақтары).

Қазақстан Республикасы, Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарын танып және оларға кепiлдiк бере отырып (12-баптың 1-тармағы), азаматтар құқықтарының негiзделiп шектелуiне жол бередi. Олар "конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн" (39-баптың


1-тармағы).

Конституциялық заңның, Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, өкiлдi органдардың депутаттығына кандидат ретiнде "тiркелу уақытына қарай сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам тiркеуге жатпайды" деген ережесi Конституцияның 39-бабының


1-тармағында аталған мақсатқа жауап бередi және қандай да болсын белгi бойынша кемсiтушiлiк сипатқа ие емес. Конституциялық заңның бұл ережесi кез келген деңгейдегi өкiлдi органға немесе Президент қызметiне сайлауда дауысқа түсуге ниет бiлдiрген республиканың барлық азаматына тең түрде таралады.

Сайлаушылардың қалған көпшiлiгiне қарағанда, бәсең сайлау құқығын жүзеге асыратын ел азаматтарына Конституцияның қоятын талабы анағұрлым жоғары, өйткенi оларға заң шығарушылық пен мемлекеттiк шешiмдердiң жүгiн арқалауға тура келедi. Тiркелу уақытына қарай кандидаттың өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы болмауы туралы Конституциялық заңның нормасы, әркiмнiң бiрiншi конституциялық мiндетiнен – Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтаудан, басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуден келiп шығады (Конституцияның 34-бабының 1-тармағы). Сотталғандықтың заңмен белгiленген тәртiппен алып тасталуы немесе өтелуi, азаматтың сайлануға құқығын iске асыруына кедергi келтiрмеуi керек.

Конституциялық Кеңес, азаматтардың бәсең сайлау құқықсубъектiлiгiн жүзеге асыруына қойылатын Конституциялық заңның жоғары талаптары конституциялық құндылықтарды қорғауға бағытталған деп есептейдi, бұл құндылықтардың мүддесiн көздей отырып, негiзгi Заң азаматтардың құқықтарын шектеуге жол бередi. Кеңес бұл талаптарды негiзделген деп таниды. Адамның және азаматтың ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс құқықтары мен бостандықтары туралы баптардың толық тiзбесiне Конституцияның 39-бабының 3-тармағы азаматтардың сайлау құқығын жатқызбайды. Конституциялық заңның республика азаматтарының бәсең сайлау құқықсубъектiлiгiне қоятын талаптары олардың Конституция бойынша жалпыға бiрдей белсендi құқығын шектемейдi.

2. Конституциялық заңның 1-бабының 4) тармақшасына сай аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларын, әрбiрi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы саяси партиялардың ұсыныстары негiзiнде сайлау, мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң "заңсыз араласуына" және қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктeугe тыйым салатын Конституцияның 5-бабының 2-тармағында қайшы келмейдi. Бұл қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiне сайлау комиссияларының жұмысына қатысуына Конституциялық заң нұсқама бередi


(10-баптың жаңа редакциясының 3-тармағы).

Конституциялық заңның бұл ережесi Конституцияның демократиялық принциптерi мен рухына сәйкес келедi, республика азаматтарының тiкелей де, өз өкiлдерi арқылы да мемлекет iсiн басқаруға қатысуға құқығы туралы Конституцияның 33-бабының


1-тармағын iске асыруға септiгiн тигiзетiн болады.

3. Конституция республикада Қазақстан Республикасының Президентiн (41-баптың 1-тармағы), Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттарын ( 51-баптың 1-тармағы) және мәслихат депутаттарын (86-баптың 2-тармағы) сайлау үшiн жасырын дауыс беру кезiнде жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығын бекiтедi.

Елде Конституцияға сәйкес, бара-бар сайлау жүйесiнiң элементтерiмен толықтырыла отырып, мажоритарлық сайлау жүйесiнiң варианттары қолданылады.

Түрлi елдердiң сайлау туралы заңнамасында сайлау жүйесi дегенде сайлау өткiзу тәртiбiн және сайлау қорытындыларын анықтау тәсiлiн түсiнемiз.

Конституциялық Кеңес, Конституциялық заңның тиiстi нормаларымен белгiленiп отырған мағынасы мен мақсатына қарай "электрондық сайлау жүйесiн", сайлау өткiзудiң және оның қорытындыларын шығарудың Конституция нормаларында негiзi салынған сайлау жүйелерi белгiлейтiн түрлерiне қарағанда, дербес бiр сайлау жүйесiн немесе сайлау өткiзудiң және оның қорытындыларын шығарудың басқа бiр түрiн енгiзу деп түсiнбеген жөн екенiн атап көрсетедi. Келешекте мүмкiн болғандықтан енгiзiлiп отырған "электрондық сайлау жүйесiнiң" қосалқы ақпараттық-технологиялық мақсаты, оған Конституциялық заңмен қойылатын: Конституция мен қаралып отырған Конституциялық заң нормаларының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi талаптармен расталады (жаңа 50-2-баптың 1-тармағы).

Сайлаушылардың электрондық дауыс беру арқылы дауыс беру тәсiлi, дауыс берушiден басқа, өзге адамдардың болуына тыйым салынатын кабинада жасырын дауыс беру мiндеттiлiгiнiң күшiн жоймайды. Демек, электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жайда маманның бола алатыны туралы жаңа 50-3-баптың 2-тармағын қолдану, сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада тiкелей дауыс берген сәтке дейiн осы системаға техникалық қызмет көрсету үшiн ғана заңды болып табылады. Сайлаушылардың epiк бiлдiруiн бақылауға Конституция  бойынша жол берiлмейдi.

"Электрондық сайлау жүйесiн" пайдаланып дауыс берудiң қорытындыларына, дауыс берудiң әдеттегi тәсiлдерi сияқты, жоғары тұрған сайлау комиссиясына немece сотқа шағымдануға болады (Конституциялық заңның 50-8 жаңа бабы).

4. Конституциялық Кеңестiң "Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы" 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2 және "Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 1 және


5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және
74-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсанындағы N 19/2 қаулыларында құқықтық позициялар негiзделдi, бұл қаулыларға сай, саяси партиялар осы партиялардың мүшелерi табылмайтын болып адамдарды Мәжiлiс депутаты болып сайлану үшiн партиялық тiзiмдерге қосуға хақылы емес; және партиялық тiзiм негiзiнде сайланған Парламент депутатының осы партиядағы мүшелiгiнiң тоқтатылуы, депутаттық өкiлеттiктi жоғалтуға негiз болып табылады.

Кеңестiң бұл қаулыларында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның  нормаларын Конституция нормаларына сәйкестендiру қажет екендiгiне назар аударылған болатын. Оның 87-бабы 2-тармағының жаңа редакциясында және жаңа 97-1-бабының 5-тармағында Конституциялық Кеңес қаулыларының жоғарыда аталған құқықтық ережелерi толығымен ескерiледi.

Сәйкестiгi тұрғысында тексерiлiп жатқан Конституциялық заңның 1-бабының 100) тармақшасында, Конституциялық Кеңестiң "Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының
5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және
5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы" 2003 жылғы 11 ақпандағы
N 1 қаулысында Парламентке кезектен тыс сайлау өткiзген кезде Сенаттың жаңа сайланымы депутаттарын сайлау бөлiгiнде тұжырымдалған құқықтық позициясы өз көрiнiсiн тапты (129-баптың жаңа редакциясының 2 және 3-тармақтары). Сол арқылы сайлау туралы конституциялық заңнамадағы кемшiлiктiң орны толтырылды.

Конституциялық Кеңестiң "Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы" 2004 жылғы 12 ақпандағы N 1 қаулысы, бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шегiндегi бiр мандатты аумақтық сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмашылығы мейлiнше аз болуға тиiс деп түсiндiрдi. Кеңестiң бұл құқықтық позициясын қабылдап алып, Конституциялық заң 1-баптың 15) тармақшасында түрлi сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының жол берiлетiн ауытқуының нақты шегiн "жиырма бес проценттен" "он бес процентке" дейiн төмендеттi (21-баптың жаңа редакциясының 2-тармағы), бұл тең сайлау құқығы тең сайлау құқығы туралы конституциялық принциптi қамтамасыз етуге қызмет iстейдi.

Конституциялық Кеңестiң пiкiрiнше, тұтас алғанда Парламенттiң "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуi сайлаудың барлық сатысында жариялылықты кеңейтiп, сайлау процесiндегi қаржылық ашықтықты және баламалылықтың құқықтық кепiлдiгiн белгiлейдi. Конституциялық заңда сайлау комиссиялары құрамының сандық параметрлерiн, кандидаттардың сенiм бiлдiрген адамдары мен байқаушылар санын, жиналатын қолдардың санын, сайлау қорларының мөлшерiн және басқа да өлшемдердi белгiлеу Парламенттiң заң шығарушылық қарауы аясында жатады.

5. Конституция  Парламенттiң заң актiлерiн қабылдауының тәртiбi мен рәсiмiн көздейдi. Палаталардың бiрлескен отырысында Парламенттiң конституциялық заңдар қабылдауы немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуi үшiн (53-баптың 1-тармағы), Конституция "кемiнде екi оқылым" өткiзу мiндеттi екенiн белгiлейдi (62-баптың  6-тармағы).

Тексерiлiп жатқан Конституциялық заң Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында үш оқылым өткiзу барысында әр палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнен көпшiлiгi "жақтап" дауыс беруiмен қабылданған болатын.

Конституциялық заңның реттеу нысаны, Конституцияның


61-бабының 3-тармағымен Парламентке берiлген, аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар шығару жөнiндегi төтенше құзыр шеңберiне жауап бередi. Конституцияның 41-бабының
1-тармағына және 51-бабының 5-тармағына сәйкес, елдiң Президентi мен Парламентi депутаттарын сайлау тәртiбiн айқындау Конституциялық заң түрiндегi заңнамалық актi арқылы жүзеге асырылады.

Конституцияның 45-бабының 3-тармағына және Конституциялық Кеңестiң "Республика Президентiнiң Парламент актiлерiне қол қояр алдында оларға өз қолдарын қоюға мiндеттi лауазымды адамдар тобы бөлiгiндегi Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 3-тармағын және 44-бабының


2-тармақшасын ресми түсiндiру туралы" 1997 жылғы 29 мамырдағы N 13 қаулысына сай, бұл Конституциялық заңға, осы актiнiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Республика Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсi Төрағаларының қолдары қойылып тиянақталған.

Осылайша, Конституциялық Кеңес, Парламент 2004 жылғы 15 наурызда қабылдап, 2004 жылғы 24 наурызда Республика Президентiнiң қол қоюына берген, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормалары мазмұны жағынан да, қабылдану рәсiмi жағынан да Конституцияға қайшы келмейдi, деп есептейдi.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33 және 37-баптарын, 38-бабының 1) тармақшасын және 41-бабы
1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы


3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өтiнiшi бойынша, "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң

(Салық кодексiнiң) 53-бабы 1-тармағының және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 25 мамырдағы

N 569 қаулысымен бекiтiлген, Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiнiң

13-тармағының конституциялылығын тексеру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2004 жылғы 15 сәуiрдегi N 2 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Қ.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Республика Жоғарғы Сотының судьясы Ю.А. Пономаренко,

Республика Бас Прокурорының орынбасары
А.Қ. Дауылбаевтың,

Республика Әдiлет вице-министрi Ж.Қ. Асановтың,

Республика Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi төрағасының орынбасары Ә.Б. Базарбаеваның қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының, "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексiнiң) 53-бабының 1-тармағын және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы


25 мамырдағы N 569 қаулысымен бекiтiлген, Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiнiң 13-тармағын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынысын қарады.

Қолдағы бар материалдарды, соның iшiнде сарапшы – Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң азаматтық құқық және процесс кафедрасының меңгерушiсi, заң ғылымының кандидаты


М.Қ. Өмiрқұловтың қорытындысын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi А. Есенжановтың хабарлауын және отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрi – сот), Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 мамырдағы N 569 қаулысымен  бекiтiлген, Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiнiң (бұдан әрi – Ереже) 13-тармағын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынысын конституциялық iс жүргiзуге қабылдады.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 21-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, өтiнiш субъектiсi өтiнiштiң көлемiн ұлғайту – сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексiнiң)


53-бабы 1-тармағының конституциялылығын да тексеру туралы өтiнiшiн мәлiмдеген.

Азамат A. Тiлеуiмбетовтiң сатып алу-сату шартын орындауға мәжбүрлеу және құжаттарды талап етiп алдыру туралы "Қостанай қозғалтқыштар жөндеу зауыты" ЖШС-ке (бұдан әрi – "ҚҚЖЗ" ЖШС) қойған талап-арызы, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жарамсыз мәмiле деп тану туралы "ҚҚЖЗ" ЖШС-тiң қарсы талап-арызы бойынша соттың iс жүргiзуiнде жатқан азаматтық iс Конституциялық Кеңеске жүгiнуге себеп болған.

Сот ұсынысынан келiп шығатыны, "ҚҚЖЗ" ЖШС-тiң салық берешегi болғандықтан, Салық кодексiне сай мүлкiне билiк етуi шектелiп, содан соң мүлкi ашық мамандандырылған аукционда сатуға қойылған, азамат A.Тiлеуiмбетов оның жеңiмпазы деп танылған. "ҚҚЖЗ" ЖШС-тiң аукцион нәтижесi бойынша сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартуына байланысты, оған Ережеге сәйкес әрекет еткен салық қызметiнiң органы қол қойған. Бұл аталған Ереженiң 13-тармағына  сай, егер аукционның өткiзiлетiн күнi, уақыты және орны туралы хабардар етiлген сатушы немесе оның заңды не уәкiлеттi өкiлi аукционға келмесе, онда аукцион оның қатысуынсыз өткiзiледi, ал сатып алу-сату шартын оның атынан салық қызметiнiң органы жасайды. Мемлекеттiк органның бұл өкiлеттiгi Салық кодексiнiң 53-бабының 1-тармағынан келiп туындайды, оған сәйкес салық органдары салық төлеушiнiң келiсiмiнсiз оның мүлкiнен өндiрiп алуды жүргiзуге құқылы.

Соттың пiкiрiнше, сатушының еркiнен тыс сатып алу-сату шартын жасауға және соттан тыс тәртiппен мүлiктен айыруға салық қызметiнiң органына мүмкiншiлiк беретiн, Салық кодексiнiң


53-бабының 1-тармағы және Ереженiң 13-тармағы Конституцияның 26-бабы 1, 2 және 3-тармақтарының, 39-бабы  3-тармағының ережелерiне қайшы келедi.

"Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Республика Кодексiнiң (Салық кодексiнiң) 53-бабы


1-тармағының және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 мамырдағы N 569 қаулысымен  бекiтiлген, Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiнiң 13-тармағының конституциялылығын тексере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi тиiстi конституциялық нормаларды мынадай жүйелi талдауды негiзге алды.

Республика Конституциясының 26-бабына сәйкес "Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады" (1-тармақ) және "меншiк ... құқығына заңмен кепiлдiк берiледi" (2-тармақ). 26-баптың


2-тармағымен көзделген меншiк құқығы ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс (Негiзгi Заңның 39-бабының 3-тармағы). Бұл конституциялық ережелер мүлiкке ие болудың құқықтық тұрғыда заңдылығын көздейдi, меншiк иесiнiң заңды құқықтарын кiмнiң де болсын заңсыз араласуынан қорғауға және меншiкке қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталған.

Конституцияның 26-бабының 3-тармағы, соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды деп белгiлейдi. Бұл ереже меншiк құқығын қорғау кепiлдiгiн көздейдi, ол абсолюттi болып табылмайды және меншiктi иелiктен айыру кезiнде мiндеттi түрде алдын-ала сот шешiмi болуын көздемейдi, өйткенi Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес мұндай құқықты заңмен шектеуге жол берiледi. Нақты мүлiктiк құқықты заңмен көзделген реттерде шектеу, азаматтық-құқықтық қатынастарда да, жария-құқық аясында да заңды болып табылады. Мұндай құқықтық позиция Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 16 маусымдағы N 6/2 және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы N 21/2 қаулыларында бiлдiрiлген.

Конституцияның 6-бабының 2-тармағына сай "меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi". Айқындаушы маңызға ие бұл конституциялық нормалар Негiзгi Заңның "Жалпы ережелер" деп аталатын I бөлiмiнде орналасқанын атап өткен жөн, өйткенi олар меншiк қатынастарын құқықтық реттеудiң негiзгi принциптерi мен бастауларын бекiтедi (Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы
7 маусымдағы N 4/2 қаулысы).

Конституция, заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрi мiндетi екенiн көздейдi (35-бап); әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға мiндеттi ( 34-баптың 1-тармағы). Бұл баяндалған конституциялық нормалар салық төлеушiлердiң барлығын Негiзгi Заң нұсқамаларына қатаң түрде сәйкес iс-әрекет жасауға, яғни Республика заңдарымен белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеуге мiндеттейдi.

Салықтық құқық қатынастары жария-құқықтық сипатқа ие, ал салық заңнамасы салық және бюджетке төленетiн өзге де мiндеттi төлемдердi белгiлеу, енгiзу, есептеу тәртiбi және төлеу жөнiндегi билiк қатынастарын, сондай-ақ, мемлекет пен салық төлеушiнiң арасындағы салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты қатынастарды реттейдi.

Салық кодексiнде көзделген салық әкiмгершiлiгi, салық төлеушiлердiң салық заңнамасын тиiстi түрде орындауы жөнiндегi шараларды назарда ұстайды, салықтардың және өзге де мiндеттi төлемдердiң толық әрi уақытылы аударылуын қамтамасыз етуге бағытталған механизмдердi белгiлейдi.

Салық кодексiнiң 53-бабының 1-тармағында бекiтiлген, салық төлеушiнiң – заңды тұлғаның және жеке кәсiпкердiң банк шоттарында ақшасы, қолма-қол ақшасы және дебиторларының банк шоттарында ақшасы болмаған жағдайларда салық органдарының оның келiсiмiнсiз салық берешегiнiң сомасы шегiнде салық төлеушiнiң билiк ету шектелген мүлкiнен өндiрiп алуды жүргiзуге құқығы осындай шаралардың бiрi болып табылады. Салық кодексiнiң бұл нормасы Конституцияның  35-бабын  жүзеге асыруға қаратылған.

Салықтар, алымдар және өзге де мiндеттi төлемдер, сондай-ақ салық әкiмгершiлiгi мәселелерiн реттейтiн заңдарды Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Парламент шығарады. Заң шығарушы заңдарда конституциялық нормаларды мәжбүрлеп қамтамасыз етуге және орындатуға бағытталған нормаларды, және осыдан келiп туындайтын меншiк иесiнiң құқықтарын шектеулердi белгiлеуге хақылы.

Салық төлеушiнiң мүлкiн, Салық кодексiнiң 53-бабының
1-тармағымен және соған негiзделген Ереженiң 13-тармағымен бекiтiлген тәртiппен алып қою Конституцияның 26-бабы
3-тармағының ережелерiне қайшы болмайды. Бұл жағдайда салық төлеушiнiң мүлкi, Негiзгi Заңның және Салық кодексiнiң талаптарына орай оның төлеуге мiндеттi болған салық берешегi есебiне айналдырылады.

Ереже негiзiнде өткiзiлетiн, салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiндегi мамандандырылған аукцион, терiс пиғылды салық төлеушiлерге қолданылатын, салық берешегiн мәжбүрлеп өндiрудiң заңмен көзделген шарасы болып табылады. Ереже Салық кодексiнiң 53 және 54-баптарының тиiстi ережелерi негiзiнде Республика Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген.

Мүдделi адамдардың салық қызметi органдары мен оның лауазымды адамдарының iс-әрекетiне барлық жағдайларда да соңынан сотқа шағымдана алатынын атап өткен жөн, сот олардың заңдылығын тексерiп, қорытынды шешiм қабылдайды. Бұл ереже әркiмнiң, заңмен кепiлдiк берiлген және қамтамасыз етiлген, өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы туралы Республика Конституциясының 13-бабының 2-тармағынан туындайды.

Сатып алушының мүлiктi, өзiнiң салық мiндеттемелерiн орындамаған салық төлеушiнiң атынан сатып алу-сату шартын салық органы жасаған мамандандырылған аукционда сатып алуына келер болсақ, мұндай сатып алуды заңды деп есептеген жөн, өйткенi сатып алушының мүлiкке деген меншiк құқығы заңмен және соған сәйкес келетiн нормативтiк құқықтық актiмен көзделген негiзде және тәртiппен пайда болады. Соған байланысты жаңа меншiк иесiнiң құқықтық өкiлеттiгi заңды, ол Конституцияның 26-бабының


1-тармағына сәйкес келедi.

Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33,


37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет