ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
90-бап
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелерi ресми түрде жарияланған күннен бастап күшiне енедi, сол мезгiлден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшi жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күнi деп жарияланады.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 04.12.99 ж. № 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
92-бап
1. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күшi бар актiлер ол күшiне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтiрiледi де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледi.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде, бiрақ Конституция күшiне енген күннен бастап екi жылдан кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
3. Республика Президентінің өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде «Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы» 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күшi бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшiн жою үшiн көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi, толықтырылуы немесе күшiн жоюы мүмкiн. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20 тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде шыққан Республика Президентінің Жарлықтары Республика Парламентiнiң бекітуiне жатпайды.
4. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екi жыл iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.06.00 ж. № 8/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
93-бап
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 94-бап өзгертілді
94-бап
1. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президентi Конституция белгiлеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiктерiне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуiрде республикалық референдумда қабылданған шешiм бойынша белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президентi өзi сайланған мерзiм аяқталғанға дейiн өкiлеттiгiн сақтайды.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 94-1-баппен толықтырылды
Достарыңызбен бөлісу: |