Кең ауқымды қуғын-сүргін шараларының жүргізілуі
Азық-түлік дайындау науқаны барысында Қазақстанда шаруаларға қарсы кең ауқымды қуғын-сүргін шаралары жүргізілді. Анықталған деректер бойынша, осы кезеңде 56 498 село тұрғындарының әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, олардың 34 121-і атылғаны белгілі болып отыр. Материалдар көрсеткендей, тек үш округ (Ақмола, Петропавл, Семей) бойынша 1928/29 және 1929/30 жылдары мұнда 23 млн сомнан астам айып салынып, мүлік тартып алынды, 54 мыннан астам ірі қара мал, 630 мың пұт қордағы астық, 258 бірлік әр түрлі құрылыстар тәркіленді..
Голошекин БК(б)П Казөлкомның 1930 жылғы 2 қаңтарда өткізілген жабық отырысында дайындау науқаны барысында, 1928 жылғы 1 қазан мен 1929 жылғы 1 желтоқсан аралығында сот органдары 125 адамды ату жазасына кескенін, ГПУ аркылы нақ осы кезеңде 152 адамның атылғанын хабарлады.
Оның есесіне республика басшылары Қазақстанның бүкіл одақ бойынша дайындалатын жүннің 33%-ын, терінің 20, бидайдың 17, еттің 10%-ын (1928/29) тапсырғаны туралы рапорт берді. Орталыққа жіберіліп отырған кезекті есептегі мәлімдемелер бұдан да сорақы түрде «Шаруашылықтардың тауарлылығын ынталандыру» деген айдармен жарияланып отырды.
Индустрияландыру үшін қаражат жинау мақсатымен мемлекет 20-жылдардың екінші жартысынан бастап, салық көлемін күрт өсірді. 1926/27 жылы Қазақстан бойынша есептелген ауыл шаруашылығы салығының сомасы 1925/26 жылғымен салыстырғанда 87%-ға ұлғайтылды. БК(б)П ОК-нің шешімімен 1928/29 жылы ауыл шаруашылығы салығы сомасы елде 400 млн сом мөлшерінде белгіленді (1927/28 жылғы 305 млн сом орнына). Оның ішінде Қазақстанда салық көлемі 23 млн сомға жетті. Алдыңғы төлемдік жылмен салыстырғанда, салықтық база (салық салынатын көздер) бұл кезде онша ұлғаймаса да, онын ауыртпалығы 100%-ға өсті.
Осы жылдары 400 сом және одан да жоғары табыс салығы салынатын шаруашылықтар үшін норматив бойынша кіріске төленетін пайыздық үстемеақының мөлшері ұлғайтылды. Нәтижесінде, мысалы, 450 сом пайда табатын отбасы жандарына (отбасы мүшелеріне) салық ауыртпалығы 16%-ға, ал 1 000 сомнан артық болса 41%-ға өсті. Алайда бұл да жеткіліксіз шарадай көрінді және көп ұзамай «жалпы шаруалар арасынан өзінің табатын пайдасымен ерекшеленетін» шаруашылықтарға салынатын дербес салық деп аталған салық түрі де қосымша енгізілді.
Егер республикадағы астықты шаруашылықтардың 21%-ына, мал өсіретін шаруашылықтардың 6%-ына үлкен пайыздық үстемемен қосымша салық салынса, 21 300 шаруашылық салықты дербес ерекше тәртіппен төлеуге міндеттелінді, оларға 8,5 млн сом мөлшерінде салық салынды.
Қостанай округінде 3 мыңға жуық шаруашылыққа дербес салық салынды, ауыл шаруашылығы салықтарының бүкіл жиынтық сомасының 34%-ын төлеу міндеттелінді, ал Орал округі аудандарыны бірінде 50 ауқатты шаруашылыкқтар ауданға жүктелген бүкіл салық көлемінің 88 пайызын төлеуге тиісті болды.
Бірқатар округтер мен аудандарда дербес салық салынғандар саны одан да көп еді және жеке кәсіпкерлікпен айналысатын табысы жоғары шаруашылықтарға салынатын салықтың көлемі олардың ойына да келмейтін ауқымда көтерілді. Бұл кездейсоқ емес-ті, салық комиссиялары қайсыбір шаруашылыққа дербес салық салған кезде, барлық жерде бірдей, оның дәлелі ретінде «мықты қорғаушылары бар», «ауқатты шаруашылық», «ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға теріс қарады» деген сияқты және т.б. аргументтерді алға тартты. Мұндай фактілер әсіресе Павлодар, Қарқаралы және Семей округтерінде жиі орын алды. Мал шаруашылығымен айналысатындардың қоныс аударуы, оның ішінде Қытайға көшіп кетуі соның салдары болып табылады.
Қоныс аударудың жаппай сипат алғаны сонша, ол аудандарға БОАК-тің хатшысы И.Ф. Киселев басқарған арнаулы комиссия жіберілді, ол бірқатар шара қолданды. Мәселен, Семей округінде дербес салық салынған шаруашылықтардың саны 3 410-нан 1 428-ге, Павлодарда 875-тен 314-ке, Қарқаралыда 875-тен 314-ке кеміді. Дегенмен, комиссиялар кеш қимылдады, олардың іс-әрекеті жергілікті сипатта өрістеді, ал «бассыздық» барлық жерде кең етек алып кеткен болатын.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаудың күштеп жүргізілуі және салық ауыртпалығының күрт артуы халықшаруашылығын тұқыртуға әкеп соқтырды, тұрғындардың жаппай көшуіне мәжбүр етті, өндірістің ұйымдық құрылымында бейберекетсіздіктер орын алды. ЖЭС тарихи кезең ретінде өз мүмкіндігін аяғына дейін ашып көрсете алмай, нәтижесіз аяқталды.
Қазақстандағы тоталитарлық жүйенің орнауы, саяси репреция.
Қазақстан тоталитарлық жүйе кезінде (20 – 30 жылдар)
Қазақстан тоталитарлық жүйе кезінде (20 – 30 жылдар) туралы қазақша реферат
Азамат соғысынан кейінгі кезеңдегі Қазақстанның саяси, экономикалық дамуы, ЖЭС;
Қазақстан индустрияландыру кезінде;
Қазақстандағы ұжымдастыру;
Қазақстан мәдениеті, білім, ғылымның дамуы, қазақ кеңес интеллигенциясы;
Қазақстан жеке басқа табыну кезінде.
Азамат соғысы кезінде қираған өндіріс орындары мен транспортты, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру саласындағы атқарылған шаралар. Оның қарқыны, барысы. Соғыс барысындағы өлке экономикасының дағдарысқа ұшырауы. Осыған байланысты атқарылған шаралар. Кеңес үкіметіне қарсы бас көтерулердің орын алуы. Елдегі 20 жылдар-дың басындағы саяси – экономикалық дағдарыс. Жаңа экономикалық саясаттың қабылдануы. 1921 жылғы Қазақстандағы “жер – су” реформасы. Бұл саладағы жіберілген қателіктер мен асыра сілтеулер. ”Қосшы одағы”, мақсаты және оның ауылдағы кеңес саясатын жүргізудегі ролі.
Қазақ жерлерінің Қаз. АССР – не бірігуі. 20 – 30 жылдардағы республикадағы қоғамдық – саяси өмір. 1924 жылғы шілде айындағы облыстық партия ұйымының құрылуы. Оның өлкелік партия ұйымына ауысуы.Қазақстан кәсіподақтары ұйымының құрылысы. Социалистік жарыс шараларының басталуы. Облыстық комсомол ұйымының өмірге келуі. Халықтың кеңес органдарының жұмысына қатысуы. Қазақстандағы алғашқы коммунистік сенбіліктер. Екпінді еңбек топтарының дүниеге келуі, оның республика жұртшылығына тарауы. Қоғамдық саяси қозғалыстар мен халық белсенділігінің ел экономикасын қалпына келтірудегі маңызы.
Қазақстандағы индустрияландырудың өзіндік ерекшеліктері мен барысы. Қазақстанның Кеңес Одағының шикізат базасына айнал-дыру жоспарының басталуы, мақсаты. Алғашқы кәсіпорындар. Республикадағы мұнай, электр энергиясын өндірудің артуы. Ембі мұнайлы ауданы өндірістік қуатының артуы. Гурьев – Орск мұнай құбырының салынып, іске қосылуы. Жұмысшы табы құрамының өсуі, ондағы қазақ-тардың үлесі.
Алғашқы бесжылдықтар кезіндегі Қазақстан. Оның орындалу барысы. Қорытындысы.
Қазақстандағы ауылшаруашылығын коллективтендірудің баста-луы. Оның өзіндік ерекшелігі мен мақсаты, барысы. Коллективтендіруді қысқа мерзімде аяқтаудың Сталиндік жоспары. Халықты жаппай күш-пен отырықшыландыру мен колхозға тарту. Шаруалардың малын мем-лекет қарамағына алу. Бұл саладағы асыра сілтеулер. Халықтың дәстүрлі шаруашылығы мен өмір салтының бұзылуы. Оның зардаптары мен қазақ даласын қамтыған аштықтың басталуы, көлемі. Қазақ халқының Сталиндік күштеу саясатына қарсылығы. Көтеріліс қамтыған аудандар. Кеңес үкіметінің жазалау шаралары. Халықтың басым көпшілігінің еріксізден шет елдерге қоныс аударуы. Қазақстан территориясының кулактарды жер аудару аймағына айналуы. (46091 кулак жанұясы Қазақстанға жер аударылды.)
Ф.И. Голощекин және оның Қазақстандағы саяси қызметі. “Кіші Қазан төңкерісін” жариялау, оның мәні мен мақсаты.
Бүкіл елдегі Сталиндік террордың басталуы. Оның Қазақстанға әсері. Қазақ жеріндегі лагерлер жүйесінің қалыптасуы. (Карлаг, Степлаг, Алжир) Қазақстандағы “халық жаулары” салған құрылыстар.
ХХ ғасырдың 30 жылдарының екінші жартысындағы Қазақстанның саяси құрылысы. (Қазақ ССР – інің құрылуы, Қазақстан Конституциясының қабылдануы, оның нақты мәні мен маңызы.)
Қазақстанның 20 – 30 жылдардағы мәдени дамуы. Сауатсыздықты жою ісі, нақты мақсаты мен жүру барысы. Халықты жаппай оқыту, Сауатсыздықты жою мектептерінің ашылуы, оған халықтың тартылуы. Прогрессивтік мәні. Арнаулы орта, жоғары білім беру жүйесінің қалып-тасуы. Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта және жоғары оқу орын-дары. Жұмысшы факультеттерінің ашылуы. Оған қазақ жастарының тартылуы. Ұлттық техникалық интеллигенцияның қалыптасуы. Мәде-ниет ошақтары. Ұлттық музыканы, әдебиетті, өнерді, жалпы мәдениетті дамытудағы алғашқы шаралар. Ұлттық драма және опера театрларының ашылуы. Ұлт аспаптар оркестрінің құрылуы. Суретшілер және жазушы-лар одағының ұйымдастырылуы. Қазақстан жазушылары мен ақында-ры, олардың шығармалары,көтерген тақырыптары. Өнер қайраткерлері, олардың қызметі. Қазақстан өнер шеберлерінің Москвадағы алғашқы онкүндігі. Қазақстан ғылымының қалыптасуы мен ғылыми зерттеу орындарының ашылуы.
КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының құрылуы. Мәдени революцияның қарама – қайшылықтары. Қазақстан саяси, мемлекет қайраткерлері, ақын, жазушылары, ғылым өкілдерінің репрессияға ұшырауы. Қазақстандағы репрессия көлемі мен оның зардаптары.
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан.
Ұлы Отан соғысының басталуы
Германияда өкімет басына фашистердің келуі және олардың Еуропадағы агрессияшылдық іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен гитлерлік Германияның арасында соғыстың болмай қоймайтындығын айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғыска кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.
И. В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В. Лебедев-Кумач пен композитор А. Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.
Фашистік Германияның соғыс жоспары
1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс — блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда фашистік Германияның басшылары КСРО-ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын — герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.
1941 жылдың соңында түрік-монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық» жөне «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық-түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын құлдарға айналдыруды көздеді. Сондай-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс аудандары — Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялық облыстарының» құрамына кіруге тиіс болды. Бұл жерлерде фашистік Германияға қызмет ету үшін украиндар, белорустар мен поляктарды, венгрлер мен Шығыс Еуропаның басқа да халықтарын қоныстандыру жоспарланды. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарларын қайта қарап, КСРО-ның орыс емес халықтарының өзін-өзі басқаруына уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтарды Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды.
Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді.
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.
1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды.
Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.
Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.
Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағьының Батыры атағы берілді. Көптеген казақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Днепрден өту шайқастарына қатысқан 73-ші гвардиялық дивизияның 210 жауынгеріне, 72-ші гвардиялық дивизияның 29 жауынгеріне, 8-ші гвардиялық дивизияның 46 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жоғарғы үкімет марапатына ие болғандардың арасында А. Әлімбетов, Ж. Сүлейменов, С. Жақсығұлов, Қ. Шәкенов, С. Шәкіров, А. Петров, В. Бреусов, Т. Вербицкийлер болды. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларында халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің».
Қаһарман партизандар
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары менотрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары, мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер — Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында казақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық — Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында — Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасык қаны қалғанша шайқасты.
Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен казақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа тікелей шабуыл жасап, оған Жеңіс туын тіккендердің қатарында қазақстандықтар Р. Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші A.Е.Вицко, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру
Қазақстан түкпірдегі оңтүстік-батыс тыл бола отырып, үкімет шешімдеріне сай соғыстың алғашқы күндерінен бастап өз экономикасын майдан мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге қарай бейімдеуге тиіс болды. Бұл — қорғаныс өнімдері мен стратегиялық шикізат өндірісін меңгеру мен кеңейту, өнеркәсіп құрылысын кең өрістету, еңбек және материалдық ресурстарды қайта бөлуді іске асыру, майдан шебіне жақын жерлерден әкелінген кәсіпорындарды қабылдау мен оларды жаңа жерлерде тез іске қосу деген сөз еді. Іс жүзінде материалдық және адам ресурстарын қайта бөлумен, өнеркәсіптегі майданға кеткен арнайы дайындығы бар мамандардың орнын жаңа жұмысшылармен толықтырумен қатар жүрген Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру басталды.
Немістердің КСРО-ның батыс аудандарын басып алуы Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңыздылығын күрт өсірді. Соғыстың алғашқы айларында өкімет орындарына жаудың қолына түсуі мүмкін өнеркөсіп орындарын эвакуациялаудың сәті түсті. Қазақстан аумағына қысқа мерзім ішінде 142 ірі өнеркәсіп мекемелері қажетті құрал-жабдықтарымен, шикізатымен бірге тасып әкелініп, орналастырылды. Бұлар — ауыр және орташа машина жасау зауыттары, сондай-ақ тоқыма, мақта-мата, аяк киім фабрикалары еді. Жаңа өнеркәсіп нысандарын салу жалғастырылып, тездетілді. Соғыстың алғашқы бір жарым жылының ішінде Қазақстанда 25 кеніш, шахта, түсті және қара металлургияның 11 байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахталары, 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, Гурьевте (қазіргі Атырау ) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.
Актөбеде салынып жатқан ферроқорытпалар зауыты Запорожье ферроқорытпалар зауытының құрал-жабдықтарын алды, көмірлі Қарағанды өзінің техникалық кешенін донецкілік Пархоменко атындағы шахтаның жабдықтарымен толықтырды, Алматыдағы автожөндеу зауытының аяқталмаған құрылысы Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары орналасқан базаға айналса, республиканың оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант зауытының құрал-жабдықтарын алды. Балқаш мыс қорыту кешенінің қуаты Владимир облысындағы Кольчугин қаласының түсті прокат зауытының құрал-жабдықтарын меңгеріп, оны іске қосқан соң елеулі түрде артты. Түсті металл және отын-энергетика өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары салына бастады. Жалпы соғыс жылдарында Қазақстанға 300-ден астам көшіріліп әкелінген зауыттар орналастырылып, жұмыс істеді. Тасып әкелінген кәсіпорындардың кейбіреулерінің құрал-жабдықтары салынып жатқан нысандарды аяқтау үшін пайдаланылды.
Соғыстың алғашкы жылдары Қазақстанға батыс аудандардан эвакуацияланған 532,5 мың адам баспана мен жұмыс тапты, сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техник қызметкерлер және негізінен ауылдар мен селоларға орналастырылған 970 мыңдай күштеп көшірілген поляктар мен немістер келді. Республика жұмысшы табының қатарына Донбастың 2 мыңдай шахта құрылысшылары келіп қосылды. Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған кәсіпорындарды тиісті өндірістік алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға қажетті өнімдер өндіруді жолға қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету қажет болды. Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға орналастырыдды. Қалалардағы соғысқа дейінгі тұрғын үй проблемасы одан әрі шиеленісе түсті. Ел үшін ауыр болған осы жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Қазақстан — майдан арсеналы
1941-1945 жылдары республика бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс (35%) қорыту, полиметалл және мыс рудаларын өндіру жөніндегі жетекші орнын сақтап қалды. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит кеніштері (рудниктері), Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты т. б.). Осының арқасында Қазақстан одақтағы молибден мен марганец рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның 80%-ға жуығын өндірді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» — Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды,ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.
Соғыс жылдарында республиканың қара металлургиясы ойдағыдай дамыды. Донбасты фашистер басып алғанда Қарағанды көмір кеніші соғысқа қажетті отынның 65 пайызын өндірген. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн тонна көмір қазды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт салынды. Соғыстың 4 жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 887,9 мың тонна мұнай жөнелтілген. Ал республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша одақта РКФСР-ден кейін екінші орынға шықты. Қызыл Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М. Сатыбалдина, А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады.
Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.
Құрылыстың қарқын алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді, Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин секілді жаңа қалалар мен жұмысшы поселкелері бой кетерді. Қазакстандағы қалалар саны 5-ке, поселкелер саны — 35-ке өсті.
Соғыстың соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы еңбеккерлері фашизмнен зардап шеккен 48 аудан мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.
Қазақстан мұнайының да маңызы аз болған жоқ. Жұмыс істеп тұрған «Эмбімұнай» тресіне 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған бұрғылау скважиналары қосылды. Гурьев мұнай өңдеу зауыты жұмыс істей бастады. Соғыс жылдары республика мұнай өндіруді 40%-ға дейін арттырды. Жұмыс істеп тұрған электрстанциялар жүйесі Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарындағы энергетиканың жаңа ірі және орташа нысандарымен толықты.
Соғыс жылдары жалпы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар мен жеке өндіріс орындары, оның ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар салынды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы аяқталды.
Республикада танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілді. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодактық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа таңк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.
Елдің корғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға женіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдын басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру — 11,3 есе; мақта-мата — 7,4 есе, тоқыма бұйымдары — 4 есе, жүн мата — 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттардың жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия — шинельдермен, 67 дивизия — қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия — жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес. Бүтіндей алғанда республика енеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37%-ға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.
Еңбекшілердің тылдағы ерен еңбегі
Ұлы Отан соғысы жағдайларында Қазақстанның майданды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы өсті. Соғыс жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы елге соғысқа дейінгі соңғы бес жылда өндірілген өнімнен артық өнім тапсырды (астық — 5 829 мың тонна, ет — 734 мың тонна, жүн — 17,6 мың центнер, 3194 мың центнер сүт пен басқа да азық-түлік өнімдері және өнеркәсіп үшін қажетті шикізат).
Малшылар да аянбай еңбек етті. Соғыс жылдары Қазақстан елдің шығысындағы негізгі мал шаруашылығы базасына айналды. Соғыс жағдайларында техниканың жоқтығынан миллиондаған бас малды жемшөппен, әсіресе қысқы жемшөптің қосымша қорларымен қамтамасыз ету аса қиын міндет болды. 1942 жылы колхоздар мен совхоздар етке 169,4 мың бас ірі қара мал (1941 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп), 878,1 мың кой (1941 жылмен салыстырғанда 3 есе дерлік көп) тапсырды. Еттің көп мөлшерде тапсырылуына қарамастан республикадағы мал басының жалпы саны осы кезеңде 1 миллион басқа көбейді. Қазақстанның колхоздары, МТС-тер мен совхоздар майдан қажетіне 7 416 трактор (негізінен жаңасы), 110 мың жылқы жіберді.
Тамақ өнеркәсібі өнімдерін шығару жоғарғы қарқынмен өсті. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру 1,8 есе, консерві — 1,7 есе, кондитерлік өнімдер — 1,5 есе, макарон өнімдері — 1,3 есеге өсті.
Экономикадағы бұл күмәнсіз табыстарға қажырлы еңбектің арқасында қол жетті. Еңбекке жарамды ер азаматтардың көпшілік бөлігі майданға аттанды. Өнеркәсіптегі әйелдердің үлес салмағы 50%, ал жеңіл және тамақ өнеркөсібінде 80-90%-ды құрады. Әскерге шақыру жасына дейінгі жасөспірімдер мен жастардың үлес салмағы Қазақстандағы бүкіл жұмысшылардың 35-40%-ын құрады. Еңбек тәртібі қатайып, жұмыс күні ұзартылды, мамандардың тұрақтамауы шектелді, 11 сағаттық 6 күндік жұмыс аптасы енгізіліп, қосымша демалыс жойылды. Тәртіп бұзғандар, кәсіпорыннан кетіп қалғандар 5 жылдан 8 жылға дейін түрмеге отырғызылып, жазаланатын болды. Экономиканы басқару әскериленді, төтенше өкілдер қызметі, азық-түлікті карточкалық жүйемен бөлу енгізілді.
Қазақстан соғыс жылдары қорғаныс мамандарын дайындаудың орталығы болды. Республикада майданға жақын қалалардан көшірілген әскери училищелер орналастырылды. Ұлы Отан соғысы тарихының белгілі беттерінің бірі — Қызыл Армия үшін тау атқыштарын дайындайтын арнайы мектептің Алматыға жақын жерде ашылуы еді. Солтүстік Тянь-Шань тауларында орналасқан бұл мектептің беделі мен маңызы өте жоғары болды. Сталинград шайқасынан кейін, барлық майдандарда шабуылдар басталған кезде мектепке тау атқыштарын көптеп даярлау тапсырылды. Бастапқыда шақырылу жасына дейінгі жасөспірімдер, соңынан майдандағы офицерлер, тіпті Карпатқа, Татраға, Бескидке, Судетке, Трансильвания Альпісіне т. б. таулы аудандарға жіберілетін тұтас бөлімшелер оқытылды.
Қазақстанның жұмысшы күшінің елеулі бөлігін арнайы қоныс аударғандар құрады. Соғыс басталған кезде олардан Еңбек армиялары құрылды. Оның құрамында 700 мыңнан аса (200 мыңы қазақтар) адам болды. Ұлан-ғайыр қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан экономикасы КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін қамтамасыз етуге өзінің лайықты үлесін қосты.
Түркістан легионы
Түркістан легионы оқиғасын да еске алған жөн. Соғыстың бастапқы кезеңінде жүздеген мың, тіпті миллиондаған кеңес әскерлері фашистерге тұтқынға түсті. Олардың арасында көптеген түркі халықтарының өкілдері де болды. Қолға түскен түркі жауынгерлерінің 80%-ы фашистік лагерьлерде адам шыдамайтын жағдайларда қаза тапты. Гитлершілдер аман қалған әскери тұтқындардан Кеңес Армиясына қарсы күреске шығатын әскери бөлімшелер жасақтауға әрекеттенді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдерінен бірнеше батальоннан тұратын Түркістан легионы құрылды. Алайда фашистер оларды шайқастарға пайдалана алмады. Қолына қару алған көптеген легионерлер майдан шебінен өтіп Кеңес Армиясының қатарына қайта қосылды, ал олардың бір бөлігі партизандарға кетіп қалды. «Түркістан легионы» күрделі, қайшылыққа толы жолдан өтті. Нәтижесінде легион таратылды. Бұл оқиға байыпты зерттеуді және әділ бағасын беруді талап етеді.
Кеңес адамдарының бір бөлігінің неміс-фашист басқыншыларымен ынтымақтасуы (коллаброционизм) мәселесі аз зерттеліп отыр. Неміс құрамаларының қатарында өз Отанына қарсы соғысқан КСРО азаматтарының саны бір миллионнан асты. Олардың арасында негізсіз қудаланып, Кеңес өкіметіне наразы болған адамдар да бар. Осындай фактор көптеген кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсуі және соғыс аяқталған соң Отанына қайтпай қалуына себепші болды.
Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар
Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі — Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар — 45,5 мың адам, балкарлар — 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс уқраиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы
Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны — Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Бол- гарияны азат ету шайқастарына 387-ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73-ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы — Берлинді алуға 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар — офицер Р.Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М.Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т. б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазакстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды.
Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14-і — «Кореяны азат еткені үшін», 234-і — «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.
Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97-і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т. б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезенде марапатталды.
Бүгінгі таңда қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны жөнінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Цифрлар 350 мыңнан бастап 410 мыңға дейінгі деңгейді меңзейді. Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар еніп отырған жоқ. 1930-1937 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалған зиялылар өкілдерін майданға аттандырған қазақ халқының өзінің ең талантты азаматтарынан айырылғаны даусыз факт еді.
Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.
1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркуйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американдықтардың жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиге екі атом бомбасын тастауы себепші болды. Жапонияның тізе бүгуімен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.
1970-1980 ж.ж. Қазақстан дамуының саяси дамуы.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 70 – 80- ЖЫЛДАРДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ҚАЙШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ҚИЫНШЫЛЫҚТАРЫ
Қоғамның саяси өмірі. Тоқырау құбылыстарының ұлғая түсуі. Демократиялық институттардың қатып-семуі мен формалды сипат алуы. Кемелденген социализм «тұжырымдамасының» салтанат құруы. КСРО мен Қазақ КСР Конституцияларының қабылдануы. Ұлтаралық қатынастар. Ақмоладағы оқиғалар. КСРО сыртқы саясатының қайшылықтары. Семей полигоны. Ауғаныстандағы соғыс. Дүниежүзілік социализм дамуының бәсеңдеуі. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі келеңсіз құбылыстарды жою жөнінде шаралар қабылдаудағы солқылдақтық. Ұзақ мерзімді салалық және аймақтық (территориялық) бағдарламалар жасау және жүзеге асыру. Экология. Рухани өмір.
Қоғамның саяси өмірі. 70-жылдардың бас кезі жаңашыл үрдістердің едәуір әлсіреуімен, қоғамдық құрылыс принциптері мен формаларының тоқырауға ұшырауымен ерекшеленеді. Саяси өмір принциптеріне түзетулер енгізген мұндай бетбұрыстың пайда болуы ең алдымен 1968 жылдың тамыз айында бес ел әскерлерінің Чехословакия жеріне енгізілуіне байланысты болатын. Өйткені дәл осы елде партияны жаңартуға, қатып-семген қоғамдық жүйені өзгертуге , нарықтық қатынастар орнату жолымен экономикалық реформалар жүргізуге бағытталған барынша ауқымды ұмтылыстар орын алған еді.Шынтуайттап келгенде , онда социализмнің «сталиндік», «кеңестік» нұсқасын жою және демократиялық қоғам орнату туралы мәселе көтерілді. А.Дубчек бастаған ЧКП басшылығының бұл бағытына халықтың көпшілік бөлігі қолдау көрсетті . Алайда мемлекеттік –монополистік социализмнің қуатын шайқауды және демократиялық балама күштер жеңісін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан бұл ұмтылыс 1968 жылы «Прага көктеміне» қарсы төндірілген «интернационалистік акцияның» салдарынан іске аспай қалды. ЧКП қатарындағы керітартпа күштерге көрсетілген қолдау бұл күштердің КОКП басшылығында да жеңіске жеткендігін айғақтап берді. Осының нәтижесінде 60-жылдар ортасындағы бетбұрыс төрешіл керітартпа күштердің темір құрсауында қалды. Бұл оқиғаның ізі суымастан «ревизионизмге» қарсы басталған идеологиялық науқан ЧКП дамуындағы дағдарысты жоюға, бірқатар басқа коммунистік партиялардағы оппортунистік күштерге теориялық соққы беруге, партия, оның социалистік қоғамдағы жетекші рөлі туралы «маркстік-лениндік» тұжырымдаманы қайта қалпына келтіруге жәрдемдесуге тиіс болды.
Алайда тарих тәжірибесі коммунистік құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгіленген міндеттері өзіне сай саяси және практикалық шешімдер таба алмағандығын көрсетті. Ал мұның өзі көптеген сұрақтардың жауабын кемелденген социализм тұжырымдамасынан іздеу қажеттілігін алдын-ала аңғартты. Социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы саяси бағыттың өзегіне айналды.
1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде-ақ Л.И.Брежнев кеңес халқы жүріп өткен тарихи жолдың басты қорытындысы кемелденген социализмнің орнатылуы болып табылады деп мәлімдеген болатын. Бұл «тұжырымдаманың» өзінен бұрынғы теориялық қисындамалардан айырмашылығы социализмнің қоғам дамуының едәуір ұзаққа созылатын кезеңі екендігін мойындауынан көрініс тапты. Осы тұрғыдан алғанда «коммунизмге қарай алып адыммен секіру» идеясынан бас тарту жағдайға байыпты баға беру көрінісі болғандығы шүбәсыз. Бірақ бұл «тұжырымдама» 30 – 40-жылдары мерейі үстем болған, өтпелі кезеңнің бүкіл проблемалары шешіліп бітті, социалистік мұраттар негізінен жүзеге асты және осының бәрі дәлелденген деп санайтын әлеуметтік-экономикалық даму пайымына арқа сүйеді. Осының салдарынан социализмді жетілдіру жолдарын іздестіру ісі (егер мұндай іздестіру жүргізілсе), ескірген түсініктер аясында ғана қанат жаюға мүмкіндік алды. Социализмнің іркіліссіз және қайшылықсыз үдере өркендеуі теориясы экономикалық және әлеуметтік жетістіктерді зорайтып көрсетуге, шындықты боямалап жеткізуге итермеледі, қоғам өзегіне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешілдіктің асқыну себептерін жабулы күйінде қалдырды. Қоғамның даму процесі өткен кезеңдегі жетістіктермен салыстырыла қарастырылғандықтан, сөздер мен ұғымдар бірте-бірте шындыққа мүлде жанаспайтын мазмұнға ие болып, теория да шынайы мән-мағынасынан айырыла бастады.
Қиялдағыны қолдағыдай етіп көрсетуге тырысушылықтың барынша асқындаған көрінісі КРСО-ның 1977 жылғы Конституциясында орын алды. КОКП Орталық Комитетінің мамыр (1977ж.) пленумы мақұлдаған Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау барысында не бары 400 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. 1977 жылғы қазанның 7-сі күні тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясы Негізгі Заңның тексін қабылдады. Бұл күн КСРО Конституциясы күні болып жарияланды.
Конституция іс жүзінде орындалу мүмкіндігі мүлде қисынсыз коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау, социалистік қоғамдық қатынастарды жетілдіру және оларды коммунистік қатынастарға айналдыру, коммунистік қоғам адамын тәрбиелеу сияқты міндеттерді алға тартты. Коммунизмге өтер жолдағы заңды кезең кемелденген социалистік қоғам деп танылды.
Идеологиялық жағынан алғанда, кемелденген социализмге қуатты өндіргіш күштері, алдыңғы қатарлы ғылымы мен мәдениеті, шынайы демократиясы бар, жетілген қоғамдық қатынастар қоғамы деген анықтама берілді. Халықтың мемлекеттік билігі өздері арқылы жүзеге асырылатын халық депутаттары Кеңестері КСРО-ның саяси негізі деп танылды Арнайы бапта (6-бап) КОКП-ның кемелденген социализмнің саями жүйесіндегі жетекшілік рөлі көрініс тапты. Конституцияда сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың рөлі анықталды. Негізін мемлекеттік және колхоздық-кооперативтік меншік түріндегі социалистік меншік құрайтын экономикалық жүйенің мәні ашып көрсетілді. Бұрынғысынша негізгі демократиялық бостандықтар (сөз, жиналыс, шеру және демонстрациялар, ождан, т.б. бостандықтары) жарияланды.
1978 жылғы наурыздың 17-сі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы республика Конституциясының жобасын «бүкілхалықтық талқылауға» ұсынды. Талқылау бас-аяғы бір-ақ айға созылды. Қазақ КСР Конституциясының іргетасын Кеңес мемлекетінің Негізгі Заңы құрады. Сыншыл рухтағы материалдар, әлбетте, ескерусіз қалды. Өйткені олар ресми қоғамдық пікірге, «бүкілхалықтық талқылау» ауанына кереғар келетін. 1978 жылғы сәуірдің 18-і Қазақстан Компартиясы ОК-і жаңа Конституция жобасын негізінен мақұлдап, тоғызыншы сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясының қарауына ұсынды. Сәуірдің 20-сы Жоғарғы Кеңес сессиясы Жаңа Конституцияны қабылдады.
Демократияны шектеу, еңбек адамын меншік пен билікке жақындатпау, адамның жеке басын аяқасты ету – кеңес қоғамының саяси жүйесіне тән белгілер, міне, осындай. Жаттандылық пен қасаңдыққа бой ұру демократиялық институттардың қатып-семуіне және формалды сипат алуына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай Кеңестердің демократиялық ішкі мүмкіндіктерінің тынысын тарылтып, адымын ашқызбауға айналды. 1970-1980 жылдары жетекші органдар тарапынан Кеңестер жұмысын жақсарту жөнінде ондаған қаулы қабылданғанымен, оң өзгерістер болған жоқ және болуы да мүмкін емес еді. «Мемлекеттендіру» процесі кәсіподақтарды, комсомолды және қоғамдық ұйымдарды да қамтыды. Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттік аппаратпен тұтасуы олардың дербес негіздерін жоққа шығаруға әкеп тіреді.
Бұл кезеңге тән болған сөз бен іс арасындағы, қабылданған шешімдер мен олардың орындалуы арасындағы алшақтық кеңес адамдарының бойында самарқаулық пен немқұрайдылық туғызды. 1956-1965 жылдардағы реформалардың сәтсіздікке ұшырауы, ауыз толтырып айтарлық нәтижелердің болмауы жарияланған мақсаттар мен ниеттерге сенімсіздікпен қарау рухын дүниеге әкелді. Оның үстіне халықтың едәуір бөлігі әрекетсіздік пен маскүнемдікке бой алдырып, жарымжандыққа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрды.
Келеңсіз құбылыстар ұлтаралық қатынастар саласында да орын алды. Осы жылдары республика бойынша мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту жөнінде бірде-бір қаулы не шешім қабылданбады, оның есесіне мұндай құжаттар орыс тілін оқыту сапасын арттыруға байланысты молынан қабылданып жатты. Орыс тілінің жағдайын ұдайы жақсартуға бағытталған «қысымшыл» саяси бағдар «ұлт мәселесінің толық және түпкілікті шешілуімен», «халықтардың мызғымас достығымен», «ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы және бірігуімен» бүркемеленді.
1975 жылы Алматыда Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» («Ізгі ниетті оқырманның кітабы») атты еңбегі жарық көрді. Оның көптеген өзге зерттеулерден айырмашылығы сол – ақын бұл кітабында көне орыс әдебиетінің ұлы ескерткіші болып табылатын «Игорь жасағы туралы жыр» (XII ғасыр) «славяндық және түркілік этникалық әлем шекарасында дүниеге келген және шығармада екі көрші мәдениеттің шындықтары айқын көрініс тапқан» деген түйін жасайды. Шындығынды да, «Игорь жасағы туралы жырда» түркі төркіндес сөздер аса мол, мұның өзі кездейсоқ жайт емес еді. Бірақ Жданов мектебінде қанаты қатайған ұлыдержавалық шовинизм айқындамаларын айрылмастай нық ұстаған идеологтар үшін О.Сүлейменовтің тұжырымдары астамшылдық болып көрінді. «АЗиЯ» кітабы тауар айналымынан, кітапханалардан алынып тасталды, оның жаңа басылымдарына тыйым салынды.
Волга бойындағы неміс автономиясы таратылғаннан кейін оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне көшіп келген еді. КОКП ОК-нің 1979 жылдың көктемінде олар үшін Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешімі қазақ халқының мүдделерін тұтастай аяққа басудың көрінісі болып табылады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, мұндай ұсыныс КСРО МХК төрағасы Ю.Андропов тарапынан жасалған екен. Бұл мәселе қойылғанда қатынасып отырған Қазақстан басшылығы үнсіз қалады. Бұл аз болғандай, Қазақстан аумағында неміс автономиясын құру жөнінде комитет құрылып, оған Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы А.Коркин басшылық етті. Комитеттің шешімі бойынша, болашақ автономияның әкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы болуға тиіс деген ұйғарым жасалды. Автономия құрамына сондай-ақ Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары енгізілуге тиіс болды. Неміс автономиясының құрылуы туралы хабар Қазақстан жеріне, әсіресе оның солтүстік бөлігіне, лезде тарап кетті.
1979 жылғы маусымның 16-сы таңертең қазақ жастарының топтары Ақмоланың орталығындағы Ленин алаңына көптеп жинала бастады. Жастрадың қолдарында «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген жазуы бар тақтайшалар болды. Көп ұзамай қала орталығы демонстранттарға лық толды. Осы оқиғаны көзімен көргендердің айтуына қарағанда, митингіде сөйлеушілердің сөзі дәйекті де байсалды болды. Олар Қазақстанның кеңес республикасы және көп ұлтты Кеңес Одағының құрамдас бөлігі екендігін айтқан. Бұл жерде ондаған жылдар бойына қазақтар, орыстар, украиндар, немістер, татарлар және көптеген басқа халықтардың өкілдері қоян-қолтық бірлесіп еңбек етті. Енді келіп осындай республикада оның Жоғарғы Кеңесімен, халқымен ақылдаспастан, ойда жоқта неміс автономиясы құрылмақшы. Митингіге қатысушы бір студент: «Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз», - деді. Облыс басшыларының митингіні тез арада таратып жіберуге тырысқан әрекеті іске аспады. Митингіге қатысушылар шет түзеп, қала көшелерімен ұрандатып өтті.
Келесі шеру маусымның 19-ы болды. Митингіге қатысушылардың алдына облатком төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов шықты. Өзінің ұзаққа созылған шашыраңқы сөзінде Морозов қалай дегенмен Ақмола облысында ешқандай автономия құрылмайтындығына жұрттың көзін жеткізе білді. Дегенмен жұрт дүрлігіп қалған еді. Толқулар басқа елді мекендер мен облыстарға қанат жайды. Алайда біраз уақыттан соң дүрлігіс саябыр тартты.
Бірақ республика басшылығы мен МХК бұл шерулер туралы ақпаратта таралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Баспасөз де бұл оқиғалар туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Алайда Ақмолада 1979 жылы болып өткен толқулар туралы қауесет республикада ұзақ уақытқа дейін тыншымады.
Халықаралық жағдайы. Қоғамдық өмір дамуындағы демократиялық және төрешіл бетбағыттар күресі әсерінен туындаған саяси жүйенің қайшылықты, күрделі сипаты сыртқы саясатқа да қайшылықты сипат дарытты. 70-жылдардың бас кезінде әлемдегі саяси ахуалдың жұмсаруы, халықаралық шиеленістің бәсеңдеуі тән болды. 1973 жылы Вьетнамдағы соғыс аяқталды. Хельсинкиде жалпыеуропалық кеңестің шақырылуы барлық бейбітшілік сүйгіш күштердің қомақты табысына айналды. Еуропалық 33 мемлекеттің, АҚШ пен Канаданың басшылары қол қойған қорытынды актіде мемлекетаралық қатынастар жаңа айқындамалар тұрғысынан реттеліп, мемлекеттердің адам хұқын қорғау жөніндегі күш-жігері біріктірілді.
Өзгерістер жағдайында Қазақстан өзінің халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды. Өзге елдермен мәдени және экономикалық қатынастар күшейе түсті. Алдыңғы бесжылдықтарда Қазақстан кәсіпорындары өндіретін тауарларды сыртқа шығару ұлғая түсті. Алайда Қазақстаннан шетке шығарылатын өнімдер тізімі технологиялық жаңалықтардан емес, негізінен шикізаттық қуат көздерінен, мәселен, түсті металдардан, хром кені мен темір балқытпаларынан, жұқа болат тақталарынан, мұнайдан, т.б. тұратын еді.
Қазақстан металл кесетін станоктарды, жол құрылысы жабдықтарын, электровоздарды, жиһазды, киімді, тағам өнімдерін, электр тауарларын, т.б. сырттан тасыды.
Қазақстанның шетелдермен мәдениет саласындағы байланысы қарқынды дамыды. Қазақстандық жүздеген маман әлемнің көптеген елдерінде – Иракта, Египетте, Үндістанда, Монғол Халық Республикасында, Финляндияда, Ауғанстанда жұмыс істеді. Ғылыми байланыстар да сирек құбылыс болған жоқ. Қазақ КСР Ғылым академиясы шетелдердің ғылыми мекемелерімен бірлесе отырып, 31 проблема мен жеке тақырыптарды зерттеуге қатынасты. Химия ғылымдары институтының қызметкерлері өздерінің чехословакиялық және болғарлық әріптестерімен берік қатынастар орнатты. АҚШ, Франция, Италия ғалымдарымен байланыс жүзеге асырылды.
Қазақстанда кеңес-сирия достығының күндері, Францияның КСРО-дағы күндері өткізілді. Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптары оркестірінің әртістері, КСРО халық әртістері Е.Серкебаев пен Б.Төлегеновалар Францияның музыка сүйер қауымын өздерінің қайталанбастай тамаша әуез өнерімен тәнті етті. Қазақ операсы мен балетінің, көркемсурет пен графикасының, қолданбалы өнерінің шеберлері Еуропа, Азия, Африка елдерінде өнер көрсетті.
Алайда сыртқы саясат саласындағы қарыспа шешімдер, біліктілік жағынан төмен және шала ойластырылған идеология мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыру жолында көптеген тастүйін кедергілердің бой көрсетуіне себепші болды.
Екі әлеуметтік-саяси жүйе арасындағы текетірестіктің өрши түсуіне шынайы дүниені айқын тануға бөгеті мол «дұшпан бейнесі» дейтін түсінік май тамызды. «Саяси күрестің күшеюі» туралы жолнұсқа (тезис) орнына «идеологиялық күрестің күшеюі» дейтін екінші бір жолнұсқа келді. Осының салдарынан екінші жақ та әскери күшін еселей өсіріп, қарулануға жұмсалатын қаржы көлемін үсті-үстіне ұлғайта түсті. Әскери шығындардың негізгі ауыр салмағы екі аса ірі мемлекетке – АҚШ пен КСРО-ға түсті. Бұл шығындар ең алдымен осы екі мемлекеттің азаматтарын тұралатар жүкке айналды. Ұлы мемлекеттік тәкаппарлық жанталаса қарулануды күшейтуге, ядролық мүлік қоймасын жаңарта жасақтауға сүйреді. Қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келіп, өсіп-өнген жерлерде, яғни Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйіскен тұсында орналасқан Семей ядролық полигоны Қазақстан жерін молынан қамтыды. Ядролық заряд мұнда алғаш рет 1949 жылғы тамыздың 29-ында сыннан өткізілді. Ғалымдардың пікірі бойынша, әрбір эксперементтік қондырғы мен оны жер астында сынақтан өткізу құны орта есеппен 30 миллион сомға тең. Әскерлер ұзақ жылдар бойы жұмған аузын ашпай, кейіннен полигонның жергіліктің халықтың денсаулығына бәлендей зияны жоқ деп мәлімдесе де полигон айналадағы табиғатқа, адамдардың денсаулық жағдайына аса қатерлі еді.
Дәрігерлер мен фельдшерлерге рактан, лейкоздан және ионданушы радиацияға байланысты туындаған басқа да аурулардан қайтыс болғандарға дәл диагноз қоюға тыйым салынды. КСРО Денсаулық сақтау Министрлігі бұл аймақта медициналық зерттеулер жүргізуге де тыйым салды, ал әскери дәрігерлер жүргізген тексерістердің нәтижесі аса құпия сақталып, ядролық полигон әрекеті салдарынан келген зардап көлемі туралы мәліметтер жасырын ұсталды.
Адамдарға деген осыншалық безбүйрек көзқарас салдарынан полигон маңайында тұратын халықтың әр түрлі ауруларға шалдығуы жиілей бастады. Сәуле ауруының нышандары, мәсеплен, Семей облысында Абай ауданының, Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ ауданының тұрғындарының бойынан көптеп кездесті. Бірақ полигонның халықтың денсаулығына төндіріп отырған қатері туралы оқта-текте үн көтергендердің дабылы естілусіз де ескерусіз қалып жатты. «Империалистік қатерден» үрейленген мемлекет қарулануды жалғастыра берді.
1969-1970 жылдары Маңғыстау облысының аумағында да халықтан жасырын түрде кен жыныстарында үш бірдей жерасты ядролық сынағы өткізілді.
Саяси және идеологиялық жағдайдың ушығуына социалистік достық одақ елдері ішіндегі күрделі қарым-қатынастар да әсер етті. Қытай Халық Республикасы өзінің «қытайлық ерекше» жолын іздестіре бастады. Оның үстіне ҚХР-дың Кеңес Одағымен қарым-қатынасы 1960 жылдардың ортасынан бастап салқын тартқан еді. Екі ел арасындағы экономикалық, саяси өзара байланыстар айтарлықтай шектелді. 1964 жылы әскери қарама-қарсылық күшейе түсті. Екі мемлкеттің де шекарасына сан жағынан орасан зор әскер әкелінді. Мысалы, кеңес шекарасындағы қытай әскерлерінің саны 1967 жылы 400 мың адамға жетті. Кеңес әскерлері болса Монғолияға қарай жылжып, Қиыр Шығыс пен Забайкальеге орналастырылды. 1969 жылғы масуымның 13-і Даман аралығында екі ел арасында әскери қақтығыс болып, оның барысында екі жақтан да көп адам қаза тапты. Дәл екі айдан соң тамыздың 13-, Семей облысындағы Жалаңашкөл бойында келесі ірі әскери қақтығыс болып, адамдар тағы да шығынға ұшырады. Кеңес басшылығы Қытай ядролық объектілеріне алдын-ала ескерту соққыларын беру жоспарын жасай бастады. Ядролық соғыс қауіпті шынайы сипат ала бастады. Бұл қатер КСРО мен Қытай басшыларын келіссөз жасауға мәжбүр етті. Қыркүйектің 11-і Пекин әуежайында А.Н. Косыгин мен Чжоу Эньлай арасында болған кездесу ядролық жанжалды болдырмауда шешуші рөл атқарды. Соғыс қауіпі жойылды, бірақ бұдан КСРО мен ҚХР арасындағы қатынас жақсарып кеткен жоқ. Екі ел ұзақ уақыт бойына бір-біріне қырғи қабақ қарап келді.
Югославия болса біртіндеп шаруашылықтың жоспарлы, бір орталыққа бағынған түрінен бас тарта бастады. Алайда Югославия басшылығының мұндай әрекеттері КСРО тарапынан қолдау тапқан жоқ. Албания оқшаулану саясатын жүргізді. Ал Румынияда Н.Чаушеску жұрағатының өктемдік саясаты нығая бастады. ГДР-дің, ПХР-дің, Болгарияның ішкі тұрмысында да күрделі мәселелер аз ұшырасқан жоқ. Дегенмен, «социалистік» бағыт ұстанған елдердің көпшілігі Варшава Шарты елдерінің әскери одағына бірікті.
70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың басында сыртқы саясатта кеңес халқына қымбатқа түскен жаңсақ әркеттерге жол берілді. Әскери күш-қуатты арттыруға жұмсалатын қаражыт көлемі ұлғая түсіп қарсы жақтың «әрбір танкісіне танкпен», «әрбір ракетасына ракетамен» қолма-қол жауап берілді. Көптеген көрсеткіштер бойынша КСРО Қарулы Күштері АҚШ армиясынан басым түсіп жатты.
Ауғаныстанның сол кездегі басшылары үсті-үстіне өтініш жолдап тұрғанымен, кеңес әскерінің 1979 жылдың желтоқсанында Ауғаныстан жерін енгізілуі қисынсыз әрі кеңес халқының мүдделеріне кереғар шешім болды. Бұл маңызды шешім Л.И.Брежнев бастаған кеңес басшылығының тар аясында ғана қабылданды. КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев пен Орта Азия республикаларының басшылары да Ауғаныстанға әскер енгізілгендігі жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана естіп білді. Бірақ кеңес адамдарының басым көпшілігі Ауғаныстанға әскер енгізудің шұғыл қажеттілігіне сеніп қалды. Кейбір жеке адамдар болмаса, өкімет орындарынаң шешіміне ешкім ашық наразылық, ия келіспеушілік білдірген жоқ. Ал соның арасында Ауғаныстан жерінде кеңес әскерлері де, осы таулы ел тұрғындары да қазаға ұшырап жатты. Бұл апатты желөкпелікке қарсы батыл үн көтергендердің бірі академик А.Д.Сахаров еді. Ол өзінің КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасына оның төрағасы Л.И.Брежневке жолдаған ашық хаты мен үндеулерінде Ауғаныстанға кеңес әскерлерін енгізудің қателігі туралы жазып, оларды алып кетуді және бұл проблеманы БҰҰ-да шешуді талап етті. Оның үстіне А.Д.Сахаров кеңес басшылығынан әскери және ядролық тұжырымдамалардың түбегейлі түрде қайта қаралуын талап етті. Бұған жауап ретінде Брежнев бастаған басшылық оны Мәскеуден Горький (Төменгі Новгород) қаласын жер аударды.
Кеңес басшылығының Ауғаныстанға әскер енгізуі туралы шешімі КСРО-ның халықаралық беделіне едәуір нұқсан келтірді. Кеңестік сыртқы саясаттың тағы бір аса ірі және қымбатқа түскен жаңсақтығы ортақ радиуста әрекет ететін ракеталарды Еуропаға орналастыруы болды. Бұл халықаралық жағдайды күрт тұрақсыздандырып, КСРО-ның сыртқы саясатына сенімсіздік ахуалын туғызды.
70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың бас кезінде Кеңес Одағында қос қабат қайшылықты жағдай қалыптасты: оның бұрын-соңды еш уақытта дәл осындай аса қуатты қорғаныс қабілеті болып көрмеген еді, бірақ нақ осыған байланысты соғыс қатері, ядролық шабуылға ұшырау қауіпі бұрынғыдан да анғұрлым ұлғая түсті.
Бұл кезде әлемдік социализмнің даму қамқорының бәсеңдеуі байқалды. Әлеуміттк-экономикалық және саяси салаларда қолайсыз бетбағыттар пайда болып, тереңдей түсті. Шығыс еуропа елдерінде орныққан тотолитарлық құрылыстар саяси басшылық пен мемлекеттік басқару функцияларын бір уысқа шоғырландыра келіп, бірті-бірте өзін халық бұқарасына қарсы қойды. Бұған, мәселен, Польшада болып өткен оқиғалар айғақ бола алады. Мұнда 1956 жылдан 1980 жылға дейінгі аралықта төрт рет дау-жанжал туындады. Ол поляк Біріккен Жұмысшы партисяның нақ өзі мен оның әлеуметтік тірегі болып саналатын жұмысшы табы арасында өрестеді. Бұл тоңтерістік әкімшіл - әміршіл жүйенің теориясы мен идеологиясының дағдарысқа ұшырағандығының белгісі еді. Алайда мұндай «дабылдардың» бірді – біріне лайықты жауап берген жоқ. Жаңартуға ұмтылыстар оппортунизм, ревизионизм, яки «капитализмге қайта оралу» деп бағаланды.
Мұнда ел басқару жүйесін сақтап қалудың барлық құралдары, тіпті әскери жағдай енгізу де түгел қолданылды. Қасарыспа қасаңдық пен идеологиялық шалықтау шылауында қалған КСРО мен социолистік қосын елдері басшыларының басым көпшілігі қоғамдық құрылысты түбегейлі өзгерту міндеттерін шешу биігіне өре жеткізе алмады. Идеологиялық қысым көрсету мен әр түрлі жазаларға ден қою социализм дәуіріндегі рухани өмірдің басты нышандарына айналды.
Өнеркәсіптегі жағдай. КСРО-дағы саяси ахуалдың өзгеруі экономикалық реформалар мүмкіндігін айтарлықтай тарылтты, ал кейіннен олардың мүлдем тежелуіне әкеп тіреді. Оның үстіне шаруашылық жүргізу тәжірибесі бірте-бірте социализм туралы қасарыспа қасаң түсініктер салдарынан туындаған, күні біткен шептерге сырғи берді. Осының нәтижесінде республика тарихи прогрестен біртіндеп шетқақпайлана берді. Реформалардың қусырылуы 70-жылдардың басында кейінгі кезеңдердегідей ауыр сезіле қойған жоқ. 170-тен астам өнеркәсіп кәсіпорны мен цех, оның ішінде Лисаков кен-байыту комбинаты, Шерубай-Нұра шахтасы, Талдықорған аккумулятор зауыты, бірқатар жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары бой көтерді. Павлодар облысында Екібастұз отын-энергетика кешенінің Ертісте Шүлбі СЭС-інің құрылысы басталды. Трактор және ауылшаруашылық машиналарын жаса, мал шаруашылығы мен жем өндіру машиналарын шығару салалары озыңқы қарқынмен дамыды. Мұнай өндіру көлемі ұлғайды. Бұл сала әсіресе Маңғыстауда жедел өркендеді. 1975 жылға қарай республиканың барлық кәсіпорындары дерлік энергиямен қамтамасыз етілді. Минерал тыңайтқыштар өндіру – 1,8 есе, сары фосфор – 1,5 есе өсті, оның үстіне республиканың фосфор өнеркәсібі КСРО бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады.
Мұнайдың едәуір көлемін сыртқа шығару халық шаруашылығына қажетті сырттан тасылатын тауарларды көбірек сатып алуға мүмкіндік туғызып, экономикалық дамудағы жаңсақтардың ащы зардабын тежей тұруға жәрдемдесті. Бірақ 70-жылдардың екінші жартысынан бері қарай мұндай теріс бетбағыттар барған сайын айқын аңғарыла түсті.
Тежеліс тетігінің өзегіне айналған сөз бен іс арасындағы алшақтық әр қилы сипаттарда көрініс тапты. Бұған төмендегі мысалдар жақсы дәлел бола алады. КОКП – нің XXIV – XXVI съездерінде ғылыми-техникалық прогресс туралы көп айтылды. Осыған орай ғылым мен техниканы тұтастыру формасы ғылыми - өндірістік бірлестіктер құру деп танылды. 60 – 70 – жылдар ұласқан тұста дүниеге келген мұндай бірлестіктер жаңа техниканың жасалуына ғана емес, оның халық шаруашылығына таралуына да жәрдемдесті. Ғылыми - өндірістік бірлестіктердің құрамына ғылыми және өндірістік бөлшектер енгізілді, яғни ғалымдардың, конструкторлардың, инженерлер мен жұмысшылардың күнделікті еңбегін бір орталыққа тоғыстыруға ұмтылыс жасалды. Қазақстанның халық шаруашылығындағы өндірістік және ғылыми-өндірістік бірлестіктер саны 1971-1985 жылдар ішінде 28-ден 162-ге, осы принциптермен жұмыс істейтін кәсіпорындар 97-ден 610-ға дейін жетті. Барлық шығарылған өнім көлемінің 46,7 проценті және өнеркәсіп пен өндірісте жұмыс істеушілердің 46,8 проценті ғылыми-өндірістік бірлестіктер үлесіне тиді. Бірақ іргетасы берік дұрыс шешімдер тәжірибеге енгізілген сәттен бастап өмігшеңдігінен айырылып қалатын. Мұның себебі мынады: КСРО-да ғылыми-техникалық революция рухында түбегейлі өзгерістер жүргізу қажеттігі сөз жүзінде мойындалғанымен, іс жүзінде бұрынғы басқару әдістерін қолдану жалғастырыла берді. Ғылыми-техникалық прогресті тұсауламай тұра алмаған мемлекеттік-монополистік меншік экономиканың тиімді дамуына мүмкіндік бермеді. Сондықтан өндірістік бірлестіктер құру ісі ғылыми-техникалық саясатта монополиялық бетбағыттардың пайда болуына әкеп тіреді
Қазақстан қайта құру жылдарында және КСРО-ның ыдырауы.(1985-1991).
1991 жылға дейін Қазақстан - КСРО-құрамындағы он бес одақтас республиканың бірі болды. КСРО-ның жалпы аймағы құрлықтың 1/6 дерлік бөлігін — 22 402,2 мың шаршы шақырымды қамтыды. 1989 жылы КСРО-дағы адам саны — 285,7 млн-ды құрады. Ресей империясының геосаяси мұрагері ретінде Кеңестер Одағы осынау ұлан-байтак өңірде өзінің «социалистік» үлгісін жүзеге асыруға батыл қадамдар жасады.
Қазакстан географиялық жағынан Еуразия құрлығында, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан. Республиканың аумағы батыстан шығысқа 3000 шақырымға және солтүстіктен оңтүстікке 1600 шақырымға созылып жатыр. Қазақ КСР батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте РКФСР-мен, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында Орта Азиялык кеңестік республикалармен — Түрікмен КСР, Өзбек КСР және Қырғыз КСР-мен шектесті. Оңтүстік шығыс және шығыста республика шекарасы КСРО мен ҚХР арасындағы мемлекеттік шекара бойынша өтті. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырым. Оның 3 мың шақырымы су (Каспий және Арал теңіздері) арқылы өтеді. Қазақ КСР аумағының көлемі жағынан Кенестер Одағы республикалары арасында РКФСР-нан кейін екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, қалған 13 республика аумағын косқаннан артық болды. Республика аумағы — 2717,3 мың шаршы шақырым. Демек, КСРО-ның 1/8 бөлігін құрады.
1977 жылғы КСРО Конститутциясы одақтық республикалардың саяси дербестігін шартты түрде мойындады. Алайда барлық республикалар бір орталыққа бағынды. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы КСРО жоғарғы саяси басшылығының — КОКП ОК Саяси Бюросының құрамына кірді. КСРО-ның саяси жүйесі «барлық ұлттар мен ұлыстардың жұмысшы, шаруа және интеллигенциясының еркі мен мүддесін білдіретін социалистік, жалпы халыктық мемлекет» ретінде анықталды. КСРО Жоғары Кеңесі мемлекеттік биліктің ең жоғары органы болып жарияланды.
1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясында Республика — жұмысшылар мен шаруалардың және интеллигенцияның «егеменді социалистік» мемлекеті деп анықталды. Қазақ КСР-нің халқы кеңес халқының құрамдас бөлігі деп жарияланды. Республикадағы адам саны — 1986 жылы 1 каңтарда 16027,9 мың болды. Ол КСРО халқының 5,7%-ын құрады. Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыстар өмір сүрген көп этносты республика болып қалыптасты.
КСРО өмір сүрген 70 жылдан астам уақытта кеңестік тоталитарлы жүйенің өзіндік үлгісі қалыптасты. Коммунистік партияның дербес билігі және адам құқығын аяққа басу, саяси, экономикалық реформалардағы жартыкештік, рухани-мәдени саланың бір идеологияға бағындырылуы сиякты қарама-қайшылыкты саясаты жыл өткен сайын қарқын алып отырды. «Социализм орнатудың жарқын идеялары» мен оны тәжірибе жүзінде іске асыру әдістеріндегі қайшылық 1980 жылдары КСРО-ның әр алуан бағыттарда саяси жаңаруын қажет етті.
Қазақстан «100 ұлттың ғаламшары» деп дәріптелгенімен, ұлт мәселесінің ішкі қарама-қайшылықтары қордалана берді. Ұлттардың әртүрлі мәдени және діни айырмашылықтары біртұтас кеңес халқын қалыптастыруда назардан тыс қалды. КСРО-ның құрылған кезінен бастап өз құрамына «алынған» ұлттар мен ұлыс өкілдерін «кеңес халқына» айналдыру үшін коммунистік партия бар күш жігерін жұмсады. Әр ұлттың қайталанбас ерекшеліктері интернационалдық бағыт пен көлеңкесінде қалғандықтан да қарама-қайшылыктар туындады. Сөйтіп, кеңес қоғамының саяси жүйесінде дағдарыс белгілері айқын көріне бастады. Әкімшілік-партиялык бюрократиянын рөлі артып, билік пен халықтың арасы алшақтай түсті. Биліктің жоғары сатысында отырғандар арасында лауазымды орындарға талас байқалды. Жеке адамдар КОКП-ға мүшелікті пайдакүнемдік мақсатта пайдалана бастады. Өйткені, партияға мүше болу көптеген құқықтар мен артықшылықтарға жол ашатын.
Қоғамдық үдерістердің басым бағыттары назардан тыс қалып, партия жетекшілерінің кұрамы әлсіреді. Жетекші құрамның ауысуының табиғи үдерісі бұзылып, тоқырауға ұшырады. Бұл саяси бюро мен орталық партия комитетінің хатшылығының және мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне әкелді.
1980 жылдардағы Қазақстанның дамуы КСРО-да қалыптасқан саяси өзгерістерге сай бағыт алып отырды. 1980 жылдардың ортасындағы шешуші оқиға - М.С. Горбачевтің КСРО Компартиясы ОК Бас хатшысы қызметіне келуі. Белгілі дәрежеде бұл жағдай сол уақыттағы партия өміріндегі ескі дәстүр мен жаңа көзқарастардың күресін көрсететін еді. М.С. Горбачевтің билікке келуі мен 1985 жылғы сәуір пленумынан бергі кезеңде ел өмірінде «қайта кұру» үдерісі басталды. Алайда халық үшін ақпарат көздері жабық болды. Соның бір дәлелі ретінде, 1986 жылдың сәуір айындағы Чернобыль АЭС-дағы оқиғаны атауға болады. Бұл жағдай қайта құру саясаты мен саяси көшбасшылардың беделіне айтарлықтай нұсқан келтірді. Адам шығыны болды. Онын зардаптары ұзаққа созылды.
М.С. Горбачев және онын айналасындағылар өз ұстанымдарын нығайту мақсатында партия органдарына да, кеңестерге де балама сайлау енгізді. Бұл бастаманы қоғам дұрыс қабылдады. 1986 — 1988 жылдары кеңес коғамын жаңартуға бағытталған реформаларды енгізу әдістері алдымен жасырын басталып, бірте-бірте ашық сипат алды. Балама, көп мандатты сайлаулар бірінші кезекте ұлттық, аймақтық мәселелер мен мүдделерді ұсынды. XX ғасырдың 80-жылдарынан кеңес қоғамында бұрын болмаған жаңаша ойлау, коғамдық-саяси өмірді қайта құру үдерісі басталды. 1990 жылдың қазан айына дейін республикада ұйымдық құрылымы мен идеялык позициялары қалыптасқан 104 саясиландырылған талапкер топтар мен партиялар құрылды. Республиканын саясиландырылған қоғамдық ұйымдары 1990 жылғы 9 ай ішінде аштық жариялау, пикет жасау, жер басып алу тәрізді 60-тан астам акциялар жасады.
Көптеген аймақтарда ұлтаралық негізде қан төгілген қақтығыстар орын алды. Жазықсыз жандар опат болды. Алматыда, Бакуде, Ферғанада, Ошта, Молдовада, Оңтүстік Осетияда, Таулы Қарабахта және өзге де жерлерде жиі-жиі бас көтерулер, қарулы қақтығыстар өтті. КСРО-нын кұлауының «іргелі себебі» ұлт саясатындағы қордаланып қалған мәселелер болатын. КСРО-ның және кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуінің ең басты, әрі шешуші себебі де осы болатын. Таптық мүдде үстем болған КСРО-да ұлттық факторды қажетті деңгейде бағаламау орын алды. Мемлекет басшылығында ұлттық мәселені шешетін бағдарлама мен стратегия болған жоқ. Басты бағыт пен көзқарастардан ала-құлалық танылды. Батыл әрекет, оң шешім жасалмады.
Ұлтаралық кикілжіңдерді реттеудің жүйесіздігі елдегі өкіметтін әлсіздігін көрсетті. Салиқалы ұлт саясатын жүргізу түбегейлі теориялық тұғырнаманы, қалыптасқан саяси ахуалды теориялық тұрғыдан жан-жақты пайымдауды қажет етті. Бұл — бір сәтте бола қоймаған, 70—80-жылдарға тұтас созылған ғылыми-технологиялық, стратегиялық жеңілістің салдары. Бұл күйреудің талай себептерін табуға болады.
Сонымен, кайта құру алғашқыда қоғамдағы істің жағдайын тез арада жақсартып жіберетіңдей көңіл-күй туғызғанымен үміт ақталмады. Өйткені қайта құрудың мақсат, міндеттері айқындалмады. Әдіс-тәсілі талданып, шешілмеді. Ол құрғақ сөзбен басталып, дауға ұласты. Елді басқарып отырған адамдардың мемлекеттік оргаңдарды жоғарыдан төмен қарай қайта ұйымдастыру шараларының салдары экономиканы басқару мен халықтың әлеуметтік жағдайына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуге әкелді. Орталықта және жергілікті жерлерде бұрынғы басшылардың беделін түсіретін материалдар іздестіріліп, ол бұқаралық ақпарат кұралдары арқылы жария етіле бастады. Жаңа басшылық өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келді. Алайда биліктің тізгінін өз қолдарына «берік ұстағанымен» экономиканың тұралауына, қылмыстың күрт көбеюіне және дүкен сөрелерінің каңырап бос қалуына бұрынғы және жаңа басшылық та жауапты еді. «Кім кінәлі?» деген сұрақтың жауабын өткеннен іздеумен болды. Белгілі дәрежеде тығырықтан шығар жолды көрсете алмай отырған жаңа басшылыктың да осал тұстары айтылмады.
1986-ж. Алматыдағы желтоқсан оқиғасы.
Достарыңызбен бөлісу: |