Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы мағлұмат



бет33/36
Дата05.11.2016
өлшемі7,94 Mb.
#574
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36

Куәгерлердің естеліктері

Тарихи маңызы


Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.Көне түркі даласын мекен өткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген мол, құнарлы тарихы бар. 
"Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз," - дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан "ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің" ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Бірақ, "Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды". Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған қиянат. Біз оны бар қайғы-қуанышымен, жеңіс-жеңілісімен бірдей қабылдауымыз керек. Себебі, ол – тұтас құбылыс. Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақтарды кешті. Сонау сақтардың әйел патшасы Томиристен соңғы хан Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қанша рет дала қанға бөкті, жылғалар қан боп ақты, қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың ақсақ та айбынды ұранына куә боп, қанша рет "елім-ай" деп, шер төккен халықтың мұңы мен зарына ортақ болды. 
"Біз - қазақ, ежелден азаттық аңсаған" демекші, бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азатыққа жасалған бір қадам. 
Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды. Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп, жалмады. Адам өміріндегі ең ыстық, ең жақын нәрсе – Отан, төрт ана. Осы дәуірде, әсіресе қызыл империяның қол астындағы жетпіс жылда, Отан өгей анаға айналып, тұтас бір халық, тамырынан айырылып, қаңғырып, жоғалып кете жаздады. Ресей бізді, тіпті, қарусыз-ақ жер бетінен өшіруге айналды. "Жаулаған елің өзіңе бағынсын десең - оның тілі мен дініне қол сұқпа", - деген екен Шыңғыс хан. Төрт анасынан түбірімен айырылған қазақта енді мәңгүрт, "қазақ емес" ұрпақ пайда бола бастады. Бірақ, бұл кезде де халқымыздың ауырын көтерер Қайрат, Ләззат сынды азаматтар табылды. "Өжет адам өлімді жеңеді. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің". Қазақ жастары жылдар өте өзінің өжеттілігімен, қайтпас қайсар рухымен дегеніне жетті. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір "соқтықпалы" соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. "Мың өліп мың тірілген", енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. 
Ал 1986 жылғы "Желтоқсан оқиғасы" тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. 
Қазір Желтоқсан оқиғасына себеп болған нендей жағдай еді деген сұраққа жауап жиі ізделінуде. Меніңше КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені, республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 


"Қайта құру" кезеңіндегі республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер

1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды. Бiрақ бұл шешiм тек сөз жүзiнде қалды. Iс жүзiнде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездеттi. Оны Қазақстанның партия, Кеңес органдары қызметiнен байқауға болады. 


Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды iрiктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып бердi. 
1986 жылғы Алматыдағы 17-18 желтоқсан оқиғасы

1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Ондағы студенттердің 57,7 пайызы ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан оқиғасы қарсаңында "еңбектен тыс табыс” дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыдағы пәтер жалдап оқып жүрген үш мыңдай студент баспанасыз қалды. 


Ең бастысы, бір ғана ұлттың басым көпшілігінен тұратын одақтас елдердің билік органдарымен салыстырғанда біздің республика басшылығы көп ұлттан тұрды. 1920-1986 жылдар аралығында бірен-саран қазақ болмаса ел партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян, ұйғыр жетекшілік етті. 
1985 жылдың дерегі бойынша Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінде қазақтар үлесі – 36 пайыз, орыстар – 40,8 пайыз болды. Кеңес өкіметі жылдарында республиканың бірде-бір өкілін коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды. Ақыры Қазақстанда шексіз билікке ие болған және орталық мүддесін қорғайтын Г.Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы түгесілгендей еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті. 
Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д. А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г. В. Колбин сайланды. 
Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында "Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек" деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г. В. Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С.М. Мұқашев, Н.Ә. Назарбаев, З.К. Камалиденов, О.С. Мирошхин, М.С. Меңдібаев, А.П. Рыбников, Л.Е. Даулетова, В.Н. Лобов, т. б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады. 
Негізінде алаңға бейбіт жастар шықты. Жалпы күш көрсетеміз деген ой олардың санасында да жоқ еді. Бірақ наразылық білдірді. Көтерген үнқағаздары болды. «Ленин идеясы жасасын!» деген үнқағаз ұстағандардың өзі де жауапқа тартылды. 
Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың, кейбіреулері мұнда талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе-наразылығын білдіргілері келсе, басқалары "ұлттық намысты қорғау” ұранына еліктей аттанды. Шеру саяси сипатта өтті және ол басқа халықтарға, соның ішінде орыстарға қарсы бағытталмады. 
17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды. 
Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына деген басты кінәні саяси айтыстан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдарының шенеуніктеріне арту керек. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен милицияға қара күш қолдануға рұқсат берілді. Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11-і университеттен қуылды. 
Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес. 
Билік басындағылар 1986 жылғы көтеріліс кезінде әдейі арандатушы топ құрып оларды жастарды ортасына жіберген. Олар әдейі күпәйке киіп: «қашанға дейін осыған төзе береміз», «орыстар қашанға дейін бізді басына береді» деп өзеуреп, әскерлерге қарсы мұз лақтырып, бір жағы бұзақылық көрсетіп тұрған. Бұл қасақана ұйымдастырылған топ мүшелері «Метель» операциясына сай құрылып арнайы арандату арқылы ұлттардың арасына жік салу арқылы көтерілісті басу ісімен жүзеге асырылған зымиян жоспардан туындаған еді. 
Ал «Метель» операциясы 1986 жылғы желтоқсаннан бір жыл екі ай бұрын алдын ала ойластырылған еді. Бірақ ол операцияны жүзеге асыратындай жер болмаған соң ол босқа жатып қалған. Ал Алматыда бейбіт жастар шеруі жүріп жатқан кезде КСРО Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Чебриков М. Горбачевке жолығып «Метель» операциясын қолдануға ауызша рұқсат алған. Бұдан кейін бейбіт жастардың шеруі неге айналғанын қазір бәріміз білеміз. Ал сол күні Алматыға ұшып келген КСРО Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бобков пен КСРО ішкі істер министрінің орынбасары Елисов «Метель» операциясын сынау үшін, Алматыда жаппай күш көрсетуге көшті. 
Алдын ала ойластырылған үлкен күш Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарға қасақана жұмылдырылды. Күш қолдану үшін оған негіз болу керек қой. Сондықтан «алаңға шыққандарды маскүнемдер, нашақорлар және бұзақылар еді» дегізу қажет болды. Колбиннің тапсырмасымен Желтоқсан көтерілісі қарсаңында зауыттар түні бойы жұмыс істеп темір таяқ кесіп дайындаған. Қазақтың жігіттері ондай қаруды қолданудан бас тартқан. Сөйтіп, жастарға күш көрсеткен қарулы топ, негізінен орыс жасақшылары болып шықты. Олардың көпшілігі қызып кетіп, садизмге беріліп, көше-көшеде жолыққан, ешкімде шаруасы жоқ бейкүнә адамдардың өзін ұрып-соғып таяққа жығып, қорлаған. Осылайша екі ұлт ашықтан-ашық бір-біріне қарсы қойылды. 
Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар жүрді. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Олар жастарды мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Осыған байланысты үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді. 
Иә, ақыры қазақты ұлтшыл атандырып КОКП Орталық комитетінің қазақ ұлтшылдығы туралы арнайы шығарған қаулысы дүниеге келді. 1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті "Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы" арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей-тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді. 
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны "Қазақ ұлтшылдығы" деп айыптауға дейін барды. 
Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайызы, ал қалалық және аудандық партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орын алынды. Мұндай тазарту жұмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді. 
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. 
Желтоқсан оқиғасына «ұлт-азаттық саяси қозғалымс» деген баға беріліп отыр. Бұл – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын көтеріліс. Қазақ халқы өзінің тәуелсіздігі, мемлекеттілігі үшін қай заманда болсын, қозғалысын еш уақытта тоқтатпаған. Бұл - соның айғағы. Егемендікке жетудің жолында жасалған көп қадамның бірі осы Желтоқсан көтерілісі. Шындығы, бұл – ұлт-азаттық күрес. Өйткені бұған тек қазақтар ғана қатысты. Оған саяси дегенді қосуымыз керек. Бұл жердегі қойылған талап – билік басында қазақ отыруы тиіс. 
Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г.В. Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г. В. Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н. Ә. Назарбаев сайланды. 
Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында еңбекшілердің азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Халық арасында орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. 
Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты. 
Жазықсыз жапа шеккен жастар

Енді жазықсыз жапа шеккендер, сотталған, түрлі дәрігерлік "сынақтан” өткен, қорланып, намыстары тапталған жандар өмірінен деректер берейік. Шымкент облысы, Бөген ауданы, Ақжол ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақпал Молданазарованың сол кездегі Конституциялық сотқа жазған арызынан үзінді: 


"Менің қызым Кенжегүл Молданазарова Алматы дәрігерлік институтының студенті. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні көшеде келе жатқан кезінде солдаттар "торына түсіп”, басынан қатты соққы алды. Ауруханада қызымды дұрыс қарамай, тез шығарып жіберген. Ол алаңға өзінің немерелес сіңлісі, байланыс техникумының студенті Анар Бәдренованың қайда екенін білуге барған. Анар да соққыға ұшыраған. 
Қызым Арыс, Шымкент ауруханаларында емделгенімен, нәтиже шықпады. Сосын оны Ташкентке алып бардық. Ондағы зерттеу кезінде басына қатты соққы тигендіктен миына қан құйыла бастағаны белгілі болды. Операция үстінде Кенжегүл дүние салды. 
Қызымның өліміне кінәлі қанішер солдаттар мен милиция қызметкерлері және соларға бұйрық беріп, жастарды жазалаған басшылар жауапқа тартылуы тиіс. Мұны мен ана ретінде өтінемін.” (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 9-том, 265-бет.). 
Көздеріне қан ұялаған жендеттер қолдарына кімнің түскенін де ажыратып жатпады. Ұйғыр жігіті Абайдулла Рузиевтың сол кездегі басынан кешкенін ешкімге де тілемей-ақ қояйық. 
"17 желтоқсанда мені тұтқындады да 15 сөткеге жауып тастады. Осы 15 күн ішінде тергеушілер небір сұрақтар қойып, менің қайдағы бір қылмысқа қатыстылығымды айтып, ұрып-соғумен болды. Шағын камераға 30-дан артық адам әрең сиятын еді. Онда сыз тартып, суық болды. Ақыры мен ауырып қалдым. 15 күннен соң жұмысқа оралдым. 
Бірақ та 1987 жылдың қаңтарында мені қайта шақырып, түрмеге жауып тастады. Тергеушілер Сафонов пен Бейсалиев менің әскери курсанттарға қол жұмсағаным жөнінде түсінік беруімді талап етті. Көнбеп едім, олар ұрып-соғуға көшті. Қорлыққа шыдай алмай, өз "кінәмді” мойындадым, сөйтіп 5 жылға кесіліп, айдауға кеттім. Әкем дүниеден ерте кетіп еді, үйде шешем үйелмелі-сүйелмелі 7 баламен қалды. Алатыны бар-жоғы 75 сомдық зейнетақы. 
Айдауда жүргенде ең бір қиын учаскелерде болдым, тайганың 50-60 градустық аязы табанымнан өтіп, арқамнан шыққандай болды”. (Бұл да сонда. 10-том, 78-бет.). 
Алматы оқиғасының жаңғырығы басқа қалаларға да жетті. Барлық жерлерде студенттер мен жастар жиналып, ұлттық мәселені жоққа шығарып отырған орталықтың өктем саясатына қарсылық білдірді. Оған жауап ретінде жергілікті билік органдары жазалау әрекетіне көшті. Сондай жапа шеккендердің бірі целиноградтық Асқар Сағынаев Конституциялық сотқа былай деп жазды: 
"Алматыдағы оқиға туралы естіген соң, біз студенттер бірінші хатшы Г.В.Колбиннің атына қарсылық хат жаздық. Жоғары оқу орындарының студенттері қол жинауда белсенділік танытты. Сол үшін бізді ұстап, соттады. Мені бірден "есі” дұрыс емес деп тапты. Күштеп "емдей” бастады. 8 ай бойы олар жүйкеге әсер ететін дәрілерді беріп, осылайша менің "саяси көзқарасыммен” күресті. 
...Кейіннен мен Жоғарғы Соттың шешімі бойынша ақталдым, өйткені менің іс-қимылымда еш қылмыс жоқ деп тапты. Әйтсе де бұл толық ақталу емес. Өйткені, дәрігерлер анықтаған "дерт” әлі де алынған жоқ. Тоталитарлық жүйенің жандайшаптары улаған менің денсаулығымды кім қалпына келтіреді? Олар осы күнге дейін адам құқын таптағандарын, сау адамды ауру қылғанын, мойынсұнбағандарды басып-жаншығанын еске алғылары келмейді. 
Қазір мен институтты тәмамдадым, отбасылы, бала-шағалы болдым. Бірақ та сонау бір аязды күндері тапталған ар-намысым кейде түн ұйқымды төрт бөледі. Біздің қазіргі билік органдары сол кездегі оқиғаға саяси баға беруге батылы бара ма екен?” (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 10-том, 66-бет.). 
1992-1994 жылдарғы Конституциялық сотқа жазылған осындай хаттардағы оқиғаларды талдап қарайтын болсақ, онда жазалау әдістерінің бір-бірімен ұқсастығын байқаймыз. Сол кезде бұқаралык ақпарат құралдары бұл туралы неге жазбаған? Оның себебі айдан анық. Егер шындықты адамдар білетін болса онда: "Бір топ бұзақы маскүнемдер мен нашақорлардан басқа Қазақстанның еңбеккерлері пленум шешімін бірауыздан мақұлдады”, деген жалған ақпар иесі – ТАСС-тың өтірігі шығар еді. Сонымен бірге ойдан шығарған ақпараттарды таратуға қатысқан Соломенцев пен Колбиннің беделі түсер еді. 
Олар үшін ең қорқыныштысы осы болатын. Бірақ, бір нәрсе айқын: алаңға шыққан жастардың қимылын билеп-төстеушілер бәрібір қылмыс деп жариялады. Осыдан барып олар жастарды соққыға алды. Қазіргі күнге дейін қанша адам тұтқындалғанын ешкім айта алмайды. Өйткені, құқық қорғау органдарының құжаттарында "келісім” жоқ. Олардың жаттанды жауабы: "Сақтауға деген шектеулі мерзімнің бітуіне байланысты барлық құжаттар кезінде өртелінген”.

ҚОРЫТЫНДЫ 


1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Совет өкiметi тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс Алматыда демонстрация "Брежнев алаңында қаптаған жұрт”, "Көшелерде сап түзеп бара жатқан жастар” деген лебiздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсiне алмай дал болды. Демонстрация, алды-артымызды бағамдағанша, ес жиып ой қорытқанша болмай, аяусыз басылды. Артынша бұл оқиға 1825 жылғы орыс декабристерiнiң iс-қимылымен салыстырылып, желтоқсан қаһармандары "қазақ декабристерi” аталып, бiрден-бiрге айбыны асқақтай түстi. ”Жалын атқан жастар арандап қалды-ау” деп жанашырлық ниет-пейiл бiлдiргендер де болмай қалған жоқ. Бiрақ ол сөздер ашық айтылмай, "аузы күйген үрiп iшедiнiң” кебi келiп, жасырын үрке қарап, бiр-жар адамдардың басы қосылып шүйiркелескенде, сыр шертiскенде ғана айтылып жүрдi. Жалпы үрей, қорқыныш билеген жұрт сең соққандай күйде едi. 
"Қазақ" деген қаным бар деп бастап, "Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар" деп аяқтаған қайсар Қайраттың даусы да тым жақында естіліп еді ғой?! Осы азаттық үшін үнемі күрескен халықтың еншісіне тиген қайғы-қасіретті көре жүріп, көтере білген халық нағыз қайсар халық емес пе?! Бордай тозып, жоқ болып кетпей "тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған халық" нағыз ұлы халық екенін таныта білді. Көрген ауыр хикметінен кейін де "бас шұлғып, үнсіз көнетін" әдетті бойларына жұқтырған жоқ. Қанына намыс дарыған, рухына кие енген халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген тәуелсіздігін алды. Терезі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Енді мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында көк байрағы, алтын зерімен күнге шағылыса желбірейді. Саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтады, басына ескерткіш орнатты. 70 жыл сананы улаған қызыл заманның солақай саясатының күлпаршасын шығарды. Қазақ хандарының, билерінің, батырларының рухы халқына кие болып оралды. Ұлттық діл мен дін жүрегімізге еніп, алпыс екі тамырға қуат таратты. Иә, өткенге салауат... Өткен күндер өксік кернеп өкінсе де, болашаққа батыл қараймыз. 
Қазақстандағы 1986 жылғы қазақ халқы жастарының серпілісі азаттық қозғалысы шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады. 
«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», - деді ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов. Демек бұл әншейін ауыз толтырып айтуға қана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек. 
Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек. 
Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.

1991- 2009 ж.ж. Қазақстанның саяси дамуы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет