1
. Жастардың құқықтары мен бостандықтарының
сақталуын қамтамасыз ету
Мемлекеттік жастар саясаты Конституцияда және Қазақстан Республикасының
аумағында қолданылатын өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітілген жас адамның,
саяси, әлеуметтік-экономикалық, жеке құқықтары мен бостандықтарын толық тануға
негізделеді.
Заңда белгіленген тәртіптен тыс жас азаматтың қайсыбір бостандықтары мен
құқықтарына шектеулер енгізуге, өзге жастағы азаматтар міндеттерімен салыстырғанда
қосымша міндеттер жүктеуге жол берілмейді.
18 жасқа (кәмелеттік жасқа) толмаған тұлғалар мемлекеттің айырықша қамқорлығында
болуға тиіс. Бұл ретте мемлекет кәмелетке толмағандардың жастығына орай өз
әрекеттеріне толыққанды баға бере алмайтындығын, мұның өзі олардың қосымша
құқықтар мен заңдық жауапкершіліктер алу мүмкіндіктерін шектейтіндігін басшылыққа
алады.
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін барынша тиімді қорғау
мақсатында дамыған елдерде қолданылып жүрген ювеналдық әділет жүйесін
(мамандандырылған соттар, жасөспірімдерге арналған жазасын өтеу орындары т.б.)
қалыптастыру қажет. Атқарушы билік жүйесінің барлық деңгейіндегі тиісті құрылымдар
кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, бетімен кетушілік пен өзге де тәртіп
бұзушылықтың алдын алу, жетім балалардың, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар
мен жартыкеш және сәтсіз отбасылардан шыққан балалардың құқықтары мен мүдделерін
қорғау ауқымындағы кешенді шараларды үздіксіз жүзеге асырып отыруы тиіс. Ювеналдық
әділеттің қалыптасуы, жастарға арналған әлеуметтік қызмет мекемелерінің дамуы қоғам
тұрақтылығын нығайтумен қатар, жастар ортасындағы түрлі шиеленісті төмендетіп,
қоғамның жастар арасындағы құбылыстарға айтарлықтай белсенді ықпал етуіне мүмкіндік
береді.
Жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қоғамдағы жалпы құқықтық мәдениетті
көтеруді, жастар бойына Қазақстанның мемлекеттік дамуына негіз қалайтын идеяларға,
Конституцияға, заңдарға құрмет сезімін дарытуды көздейді.
Document Outline
Достарыңызбен бөлісу: |