2-тарау. «Еңбекке баулу» оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру
Пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 35 сағатты құрайды.
Оқу бағдарламасының мазмұны материалдарды 5 ортақ білім беру бағыттары арқылы оқып-үйренуді қарастырады: «Табиғи материалдармен жұмыс», «Қағаз және қатырма қағазбен жұмыс», «Техникалық үлгілеу және құрастыру» ,«Өзіне-өзі қызмет ету»
Әртүрлі жұмыстарды орындау барысында еңбек гигиенасының және қауіпсіздік техникасының ережелері сақталады.
Оқу пәнінің мазмұны 3 бөлімнен тұрады:
«Шығармашылық идеяларды білу және тану» бөлімі: қоршаған әлемді, әртүрлі материалдарды зерттеу арқылы зерттеушілік дағдыларын және шығармашылық елестету қабілеттерін дамыту, қазақ халқының және басқа халықтардың дәстүрі мен мәдениетін зерделеу, өзінің шығармашылық идеяларын әзірлеу;
«Шығармашылық жұмысты жасау және дайындау» бөлімі: ұжымдық, топтық және жеке жұмыстарды орындау процесінде сенсорика, қолдың моторикасын, қиялдауы мен шығармашылығын, практикалық дағдыларын дамыту, әртүрлі материалдармен эксперимент жүргізу, әртүрлі жұмыс техникаларын меңгеру, өзінің іс-әрекетін жоспарлау;
«Талдау және бағалау» (презентация) бөлімі: презентация арқылы коммуникативтік және сөйлеу дағдыларын дамыту, соның аясында өзінің және басқалардың жұмысын бағалау, презентациялау және түсіндіру.
«Еңбекке баулу » оқу пәнінің 1-сыныпқа арналған базалық мазмұны:
шығармашылық идеяларды зерттеу және дамыту: қоршаған ортаны білу және түсіну, қазақ халқының қолданбалы өнері, ою-өрнектер, шығармашылық идеяларды дамыту, табиғат аясына саяхат, табиғи материалдарды жинау, адам өміріндегі қағаздың маңызы, түрлерін, қасиеттерін зерттеу.
шығармашылық жұмысты жасау және дайындау: шығармашылық жұмысқа арналған табиғи және жасанды материалдар, дәстүрлі емес материалдармен (көркемдік, табиғи және жасанды) , әртүрлі материалдармен (кепкен өсімдіктерден аппликация, жапырақ пен гүлдерден композиция құрастыру, тұқымдар мен дәндерден мозайка жасау) және техникалармен эксперимент жүргізу, әртүрлі жұмыс техникаларын меңгеру, өзінің іс-әрекетін жоспарлау; дайындау технологиясы, өлшеу құралдарымен жұмыс, қарапайым тәсілдермен материалдар мен компоненттерді біріктіру, көлемді пішіндерді жасау, құрастыру, қағаз пластикасы, қазақ ұлттық мәдениетінің элементтері бар шығармашылық жұмыстар, қауіпсіздік техникасын сақтау, қауіпсіздік техникасының ережелері;
презентация, талдау және бағалау: презентация, шығармашылық жұмыстардың презентациясы, шығармашылық жұмыстарды талқылау және бағалау.
«Еңбекке баулу» пәні бойынша 1-сыныпты бітірген оқушыдан күтілетін нәтиже:
еңбек қауiпсiздiгi ережесi және жеке бас гигиенасын сақтайды;
қағазды өңдеуге қолданылатын қарапайым құрал-саймандардың аты және қолданылуын біледі;
қағаздың, кептiрiлген жапырақтың, бұтақтардың өзiндiк қасиеттерін атайды;
қарапайым 2–3 бөлшектен тұратын бұйымдарды жасауды біледі;
жұмыс орнын ретке келтiру және тазалық сақтау ережелерін орындайды;
материал мен құрал-сайманды ұқыпты пайдаланады;
табиғи материал, қағазды өңдеуде құрал-саймандарды орнымен пайдалануды біледі;
–үлгi бойынша жұмыс iстеу алады;
бүктеу және желiмдеу арқылы құрамақ бөлшектерiн бiрiктіре алады;
-бiр-бiрiнiң пiкiрiмен санасып, өзара сыйласа бiледі.
Бағдарлама мазмұны әртүрлі көркемдік-шығармашылық әрекетті қарастырады. Сабақ барысында іске асырылатын шығармашылық әрекеттің түрлерін еңбекке баулу мұғалімінің өзі анықтайды. Бұл ретте көркемдік- шығармашылық әрекеттің негізгі үш түрі: құрылымдау, жоспарлау және сәндеу әрекеттері міндетті түрде іске асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |