14 - тақырып: 14.1. КӘСІПКЕРЛІК ҰЙЫМДАРДЫ ҚАЙТА ҚҰРУ МЕН САУЫҚТЫРУ
Қайта ұйымдастыру – бұл заңды тұлғалардың мұрагерлік қатынастарына әкелетін заңды тұлғаның мүлкі мен істерін таратпай-ақ құқықтық жағдайын өзгерту.
Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру қызмет етуді тоқтату тәсілі болып табылады. Ол келесідей нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
бірігу;
қосылу;
бөліну;
бөлініп шығу;
қайта өзгеру.
Қайта ұйымдастыру құзіретті құрылтай құжаттары бар заңды тұлға органымен немесе оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) шешімі бойынша өткізілуі мүмкін.
Заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру үрдісінің маңызды элементі, олардың құқықтары мен міндеттерінің мұрагерлігін қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені аталған үрдіс әмбебап құқықтық мұрагерлікке негізделген, ол мұрагерге қайта құрылатын заңды тұлғаның міндеттері мен құқықтарын шектемей, толығымен беруді қарастырады. Іс жүзіндегі пайдаланып жүрген заңнамамен қайта құрылатын заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері жаңадан пайда болатын заңды тұлғаға келесідей тәртіпте беріледі деп бекітілген:
• қайта құрылу, бірігу мен қосылу кезінде – беру актісіне сәйкес;
• бөліну және бөлініп шығу кезінде – бөліну балансына сәйкес.
Бұл жағдайда, беру актісі мен бөліну балансындағы құқықтық мұрагерлік туралы ережеде, қайта құрылатын заңды тұлғаның барлық несие берушілер мен борышкерлерге қатысты міндеттемелері және басқа да тараптар алдындағы міндеттемелері толығымен қарастырылуы қажет. Аталған құжаттар заңды тұлға мүлкінің иесімен немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешімді қабылдаған органмен бекітіледі. Қайта құрылған заңды тұлғаның құрылтай құжаттары немесе жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу үшін олар міндетті түрде тіркеуден өтуі керек. Қайта құру процедураларын өткізу кезінде беру актісін немесе бөліну балансын құрастыруға ереше назар аудару керек. Өйткені аталған құжаттардың типтік нысандары іс жүзінде заңмен бекітілмеген. Ең алдымен, бұл құжаттарды құрастыру алдында көрсетілген мәліметтердің растығын дәлелдеу үшін міндеттемелер мен мүлікті түгендеуді өткізу керек (43-сурет).
43-сурет. Қайта ұйымдастыру нысандары
Ұйымдардың бірігуі деп бір немесе бірнеше ұйымдардың барлық құқықтары мен міндеттерін беру жолымен немесе олардың қызметін тоқтату арқылы жаңа ұйымның пайда болуын айтады. Ұйымдардың бірігуі кезінде олардың әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері жаңа құрылған ұйымға беру актісі бойынша өтеді.
Ұйымдардың қосылуы деп басқа ұйымға барлық құқықтары мен міндеттерін бере отырып бір немесе бірнеше ұйымдардың өз қызметтерін тоқтатуын айтады.
Ұйымның бөлінуі деп қайта құрылатын ұйымдарға барлық құқықтары мен міндеттерін беру жолымен, ұйымның қызметін тоқтатуын айтады.
Ұйымның бөлініп шығуы деп қызметін тоқтатпай, қайта ұйымдастырылатын ұйымның құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігін беру жолымен бір немесе бірнеше ұйымдардың құрылуын айтады.
Ұйымның қайта өзгеруі деп заңды тұлғалардың жеке ұйымдастырушылық-құқықтық нысандары туралы ҚР АК ережелеріне сәйкес бір ұйымдық – құқықтық нысандағы заңды тұлғаның басқасына айналуын айтады.
Беру актісі келесідей ақпараттарды қамтығаны жөн: • қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның және құқықтық мұрагердің аталуы мен ұйымдық – құқықтық нысаны;
• мерзімі мен қайта ұйымдастырудың ұйымдық нысаны;
• қайта құрылатын құқықтық тұлғаның, оны қайта құру мерзіміндегі активтері мен пассивтерінің баланстық сомасы және оның бөлімдері бойынша таңдамасы;
• алынатын бухгалтерлік есеп нысандарының және басқа да құжаттардың тізімі; дебиторлық және кредиторлық борыш бойынша аналитикалық мәліметтер; кәсіпорынның есептік саясаты бойынша бұйрығы, салыстыру ведомостары, түгендеу құжаттары және т.б.
Бухгалтерлік баланстың типтік нысаны бойынша құрастырылатын бөліну балансы, бұрынғы жұмыс істеген заңды тұлғаның жалпы балансы мен барлық жаңа тұлғалардың баланыстарынан тұрады.
Мүліктік құқықтар мен міндеттемелер құқықтық мұрагерге тіркеу кезінде өтеді. Егерде заңнамалық актілермен немесе қайта құру туралы шешіммен басқаша жағдайлар қарастырылмаса. Қайта құру үрдісінде маңызды жағдайлардың бірі қайта құрылатын заңды тұлғаның барлық несие берушілерді уақытылы жазбаша ескертуі болып табылады. ҚР АК 48 бабы осы аталған жағдайды реттейді.
Жеке түрде заңды тұлғаларды қайта құру үрдістері толығырақ түрде арнайы нормативтік актілерде қарастырылады.
Қайта ұйымдастыру ерікті немесе мәжбүрлі түрде жүргізілуі мүмкін.