Оң жақ отаулардан бастап ойнау. Бұл принцип бойынша ойынды оң жақтағы отаулардан ( 6., 7., 8., 9 ) бастап жүріп, өрістету қажет те, сол жақтағы отауларға жиналған құмалақтармен қолайлы бір шабуыл жасау сәтін күту керек. Бұл әдіс әрі сол жақ отаулардағы құмалақтардың күшін сақтайды.
Егер оң жақтағы отаулардағы құмалақтарды жүрмесек, екі-үш жүрістен кейін ол отаулардағы құмалақтар саны көбейіп кетіп, тиімсіз боп қалады. Мысалға; 8-отауды алайық. Үш жүрістен кейін-ақ сегізінші отаудағы құмалақ саны 12-ге жетеді де ол қарсыласының отауларынан асып, өз отауларына келіп түсетін болады. Бұл тиімсіз сан құмалақ деп аталады. Енді 2-отауды алайық. Отауда 9 құмалақ бар. Егер оны жүрмей, сақтап отырсақ, осы отаудағы құмалақтар саны 17 болғанша қарсыластар отауларына шабуыл жасау күшін жоғалтпайды. Яғни бұл отауды сегіз жүріс бойы жүрмей отыруға болады екен. Ал оң жақтағы отауларды бірден жүріп, құмалақтар санын азайтып алсақ, ол отаулардағы құмалақ саны бір-екі жүрістен соң-ақ шабуыл жасауға тиімді болып шыға келеді. Мысалы, 8-отауда үш құмалақ болған сәттен бастап ол құмалақ саны 12 болғанша шабуыл жасауға тиімді болып тұрады. Мұнан шығатын қортынды : жүрістерді оң жақ отаулардан бастау тиімді. Бұл – біз айтып өткен принциптің бірі.