АҚЫЛБАЙ АБАЙҰЛЫ ҚҰНАНБАЕВ
(1861 – 1904)
Ақылбай – Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.
Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.
Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы болғандықтан, өз әкесі Абайға туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.
...Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.
Үйленген соң, Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:
Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,
Фәниден уақыт жетіп о да кеткен,
Сасқан жан жер шетінен бабам десе,
Аруағы көз ашқанша келіп жеткен,
– деген сияқты болатын. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би, Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәдаға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдадан туған тұңғыш баласы Ақылбай.
Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» - дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болады. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.
Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.
Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін (1890) жазады.
Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.
Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант болады. Ол домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік мақтаулы өнерпаз болады.
Құнанбай мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтап өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас:
«Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға,
Сарп еттім дүниені білмей баға.
Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,
Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға», -
деп кейін өлең етеді.
Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.
Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.
«Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын... Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкаға Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынына Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», - дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.
Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:
Матай да алыс бірталай жер деген соң,
Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.
Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.
Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.
Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Ол: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».
«Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.
Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.
Ақылбай ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалы поэмалар жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты мәдениетті ақын.
Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.
Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш) қайтыс болады, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі Абай қайтыс болады.
Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.
Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.
Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил...
«Алаш мұрасы».
Қайым Мұхамедханов
көп томдық шығармалар жинағы
3 том, Алматы, «Алаш» 2005
АБАЙ ҰРПАҒЫ ТҰРСЫНҒАЗЫДАЙ-АҚ БОЛАР!
Құлақтан кіріп, бойды алар… Жақсы ән мен тәтті күй.
Ән... cезім мен мейірім, парыз бен парасат, намыс пен қайсар рух тұнған ғажайып әлем.
Неткен құдірет! Әсем ән қалықтай жөнелгенде немесе шалқи төгілгенде сұлу сезім болмысыңды билеп, көңіліңді көкке самғатқандай. Осы сәт бесікке бөлеген нәрестедей, алаңсыз да тәтті күйде тербелесіз. «Сәби болғым келеді, сәби болғым...» Өмірге пәк көңіл, нәзік үмітпен қарап, тірлік думанында бейкүнә хәлде балқисыз.
Тұрсынғазы Рахимов!
Ол ұлан-байтақ елімізді аттылы-жаяу аралай жүріп, Ұлы Абай әндерін терең сүйіспеншілікпен әуелетті. Амангелді Жікенов пен Келденбай Өлмесеков секілді ән дүлдүлдерімен бірге Шәкәрім әндерінің алғашқы насихатшыларының бірі болды. Тұрсынғазының ән әлемі әрқашан мөлдір де жарқын, шуағы мол Күн сәулесіндей. Жүрегіңді мейірімге толтырып, айналаңа тап сондай ыстық мейірім, дархан жүрекпен қаратады.
Сондай жарқын сәттерде менің ойыма сонау жастық шақта, ерке Ертістің бойында табысқан дарынды дос, ән төресі Тұрсынғазы оралады. Табиғаты таза, болмысы бөлек ән серісі Тұрсынғазы... жан-жүрегіңді ерекше баурап алып, жан-жағыңды құшағыңа сыйғызғандай ерекше сүйіспеншілікке бөлейтін Тұрсынғазы.
Қанатты үш дарын иесіне шәкірт болғаны жайлы Т.Рахимов былайша еске алады: «Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі айтатын, «сен сазгерлікпен айналысасың» - деп. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырайтын қара домбыраң» дейтін екінші ұстазым Есмұхан Обаев. Ол маған талай рөл беріп сахнаға шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек. Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. 1979 жылы алғаш әнім « Сәби болғым келедіні» жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген тәлімгерім еді…».
Шіркін... ән әлемінде еркін қалықтаған және шабыттана шарықтаған Тұрсынғазыдай ән перілері барда мынау өмірдің кейбір кірбіңі мен түйткілдері мүлде естен шығады. Мөлдір де жарқын ғажайып әлем! Оның ән әлемі бізді «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені аңсаймын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз ару», «Батыр баба - Қабанбай», «Ән атасы - Әміре» және Әсетке арналған «Сағынбасқа не шара», Жәнібек Кәрменовке сағыныштан туған «Ақбөкен», «Әнің қайда, Жәнібек» әндері болып тербейді.
«Таңқаласың... Тұрсынғазылар тұрғанда кейбіреудің тамағын босқа кенеп, қанаттың тұқылындай шолақ қолтығын текке қаққаны сайраған бұл-бұлмен жарысқан сауысқанның шықылығындай шалалық қой. Қоймайды, бәрібір жазғандар, жанталасқандар, түсінбейді. Тұрсынғазының әні жалқы жаралып, дүйім жұртты дүр сілкіндіретін дара сезім және топта талай сыналған дүр сезім!» Сонау, 2006-шы жылы, осыдан он жыл бұрын жазған «У» атты романымда Тұрсынғазы досқа деген сағынышымды ақ қағазға осылай түсіргем екен. Бұл сөздердің менің ғана емес, барша өнерсүйер қауымның көңіліндегі көркем де ыстық лебіз екеніне дау бар ма!
Кеше Семейдің ән дариясы тағы бір толқып-толқып кеткендей болып, жағалауына жырдан шашу шашты. Абай атындағы театрда Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» атты республикалық 1-ші ән фестивалі бұлақтың мөлдір суындай, самалдың тәтті сырындай өнерді сағынып, шөліркеп қалған жұрттың көңілін шаттыққа толтырып, қуанышқа бөледі.
Осылайша еліміздің әр қиырынан Тұрсынғазы достарына сағына жеткен ән жұлдыздары қазақтың дарынды әнші перзентін мейірім шуағына орап, әнсүйер қауымды ризашылыққа бөледі. Билік те өнерге деген құрметін паш етті: Тұрсынғазыға Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаты мен Қазақ хандығының 550 жылдық медалі табысталып, ол Семей қаласының Құрметті азаматы атанып, ат мініп, шапан киді.
Тұрсынғазы Рахимовтың ән кеші өнердің бәйгесін қыздырып, бағын асырып, қазақтың дара туған өнерпаздарына деген сүйіспеншілігінің тамаша айғағына айналды. Өнер құдіретінің мәңгілік екеніне қалайша, қуанбассың! Ол өнердің бағын ашып, құдіретін жаятын да сол Тұрсынғазы секілді ән жұлдыздары. Дарынды перзенттерін аялай біліп, ардақ тұтатын дана да дархан мінез халқымыз. Тамаша ән кешінде осыған тағы да көз жеткізіп, ғажайып өнері мен өнерпаздары бар қазағымыздың бір іргелі жұрты – Семейдің ән сүйер қауымына іштей разы көңілмен алғысымызды жаудырдық.
Мәңгілік асыл дәстүрлері бар дархан да дана, намысшыл да батыр, өнерлі де өршіл ұлы дала елінде бұлай болуы әбден! Ақ қағаздан ажырағым келмейді, қаламымды қолыма қыса түсемін. Ұлы Абай айтып кеткендей «...Көңілге түрлі ой салар; Әнді сүйсең, менше сүй».
Достарыңызбен бөлісу: |