-тақырып. Не себепті Кеңес үкіметі Жаңа экономикалық саясаттан бас тартты?
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.
Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді. Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты.
Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң ” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.
Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды. 1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштадта матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей селоларынан келген, флотта әскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті. Бұл және Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия әскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.
Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды. 1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заңқабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді. Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті.
Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді.
Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.