Сана - бейнелеудің ең жоғарғы деңгейі. Материалистік концепция бойынша сана- бұл жоғары ұйымдасқан материяның (мидың) материяны (қоршаған әлемді) бейнелеу қабілеті. Ол объективтік дүниенің субъективтік бейнесі. Сана іштен туатын қасиет емес. Ол атадан балаға көшетін де қабілет емес. Сана адам миына байланысты пайда болады, ал ми – оның мекені. Мисыз сана да, психикалық қызмет те жоқ. Бірақ ми түрлі жануарларда да бар. Ал сана тек адам миының ғана жемісі.
Ерекше феномен ретінде сананың төмендегідей жалпы қасиеттерін атауға болады: - субъекттілік – сана «иесіз» болмайды, әрқашанда оның өзінің иесі бар;
- пәнділік (мазмұндылық) – сана ешқандай мазмұнмен толтырылмаған, «бос» бола алмайды.
Әрқашанда санада бейнеленетін және оның пәнін құрайтын нәрсе, зат, құбылыстар болады, басқаша айтқанда, бұл сананың мазмұны;
- белсенділік және мақсаттылық, яғни сана дүниені (әлемді) белсенді, мақсатты және талғап бейнелейді;
- идеалдылық – санада пайда болатын образдар (бейнелер) идеалды сипатта, олар материалдық құбылыстардың «дубликаты» емес, субъект қабылдайтын немесе елестетін формалар (пішіндер);
- интенционалдық – бұл сананың әлде бір объектілерге бағытталғандығын (Ф.Брентано, Э.Гуссерль) білдіреді;
- рефлективтік – сананың өзіне бағытталғандығы, өзінің жеке мазмұнын бейнелеуге қабілеті.
Сана мен ойлауды барабар деп қарастыруға болмайды. Олар арасында байланыс бар, бірақ мәндері, табиғаттары бөлек: сана-әлеуметтік қасиет, ойлау (мышление) – физиологиялық процесс. Сананы көп пәндер, ғылым салалары зерттейді, сол сияқты ол (сана) көп проблемалармен де байланысты (ми, тіл, бейсаналық, жасанды интеллект, т.б.)
Интенцияшылдық (лат.intentio- талпыну, зейін қою) – сананың белгілі затты түсінуге бағытталуы немесе заттың шынайы, шынайы емес екендігіне тәуелсіз сана нақтылығы. Бұл ұғым тарихы жалпы ортағасырлық схоластикадан бастау алады. ХІХ ғ. неміс ойшылы Ф.Брентано осы ұғымды қайта енгізеді. Кейін Э. Гуссерльдің феноменологиясында ерекше зерделеніп, негізгі ұғымға айналды және феноментану үшін мүлде тосын және негіз қалаушы мағынада пайымдалады. Әрбір феноменнің өзіндік интенциялық құрылымы бар. Жалпы, интенцияшылдықтың құрылымы төмендегідей: интенцияшыл әрекет, интенцияшыл мазмұн мен зат.
Тарихи жан адаммен бірге дүниеге келеді. Ал рухқа келер болсақ - ол адам психикасы дамуының соңғы жетілген сатыларымен байланысты. Неміс философы К.Ясперстің ойынша, рухтың дүниеге келген уақыты – кіндікті уақыт (осевое время), шамамен б.з.д.VIII-II ғ.ғ. болса керек. Осы кезде адамның абстрактылық ойлау қабілеті жетіліп, мифологиялық дүниетүсіну философиялық пайымдауға ауысып, көпқұдайлықтан бірқұдайлыққа негізделген дүниежүзілік діндер дүниеге келеді. Міне, осы уақытта жан-дүниенің үстінде рух пайда болады».
Карл Ясперс сана және бейсаналық екжей-текжейлі зерттеу жүргізген ойшылдардың бірі. Оның пікірінше бейсаналық дегеніміз, автоматты мінез-құлық. Яғни бір кездерде саналы түрде үйреніп, кейін өздігінен сияқты орындала беретін әрекеттер. Жүру, жазу, вилосипед тебу, доп ойнау т.б. Бүгінде ұмыт болған бұрынғы тәжірибедегі әртүрлі іс-әрекеттер, сезім күйлері т.б. Кей-кейде жадымызда қалқып шығатын түрлі күтпеген еске түсулер.
Философиядағы тіл мәселесін тіл философиясы зерттейді. Тіл XIX ғғ. дейін классикалық философияда сананың, ақыл-ойдың, танымның қызметі, құралы ретінде қарастырылды. Тек XIX ғ. бастап тілдің болмысы өзге қыры ашыла бастады. Тіл білімінде Гумбольт, Соссюр сияқты ойшылдар тіл мәселесін тереңдеп зерттесе, философияда Хайдеггер, сонымен қатар неопозитивизм, аналитикалық философияда Витгенштейн сияқты ойшылдар тіл болмысының өзінділігін жан-жақты қарастырды.
Гумбольт: тіл халықтың рухы, рух дегеніміз халықтың тілі деп есептеді. Соссюр тілді тарихи қалыптасатын күрделі белгілердің жүйесі ретінде қарастырды. Хайдеггер тіл болмыстың үйі дейді. Тіл бәрінен үлкен, онда ұлттың тарихы, таным-түсінігі, жадысы түгел жинақталған. «Адам тілмен емес, тіл адамдармен сөйлейді десек дұрыс болады “дейді ойшыл. Тілдегі қалыптасқан сөздерді бұзып айта алмаймыз. Тілдің заңдылықтарын оқып үйренеміз. Сондықтан тіл бәрімізден үлкен. Хайдеггер болмысты тану үшін тілге құлақ түру керек дейді. Тілдің өзін сөйлету керек. Соның ішінде поэзияны жоғары бағалайды. Болмыс өз мәнін поэзияда ғана шынайы ашады дейді. Поэзияны адамзаттың ең алғашқы алғытілі деп санайды.
Әдебиет Петрова В.Ф., Хасанов М.Ш. «Философия». – Алматы: Эверо, 2014.
Нұржанов Б.Ғ. Модерн. Постмодерн. Мәдениет / Б.Ғ.Нұржанов / Қазақ тіліне аударған Марал Хасен / – Қарағанды: «TENGRILtd», 2013. – 320 б.
Кенни Э. Батыс философиясының жаңа тарихы. 1-том: Антика философиясы / Ғылыми ред. Молдабеков Ж. Ж. – Астана, 2018. – 408 б.
Кенни Э. Батыс философиясының жаңа тарихы. 2-том: Орта ғасыр философиясы / Ғылыми ред. Оспанов С. – Астана, 2018. – 400 б.
Кенни Э. Батыс философиясының жаңа тарихы, 4-том, Қазіргі заман философиясы. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 420б.
Бертран Р. История западной философии. – М.: Издатель Litres, 2018. – 1195 с.
Мырзалы С. Философия: оқу құралы. – Аcтана: Бастау, 2014/16. – 646 б.
Зотов А.Ф. Современная Западная философия. – М.: Высшая школа, 2012.