Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916—1921 жылдар арасында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді. Ал 1921— 1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді. Қоғамдық құрылыстың мұндай сипат алуы 1923 жылы 17—22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясында анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясыОрталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті.