Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Тарих,археология және этнология факультеті. Қазақстан тарихы кафедрасы. Ғылыми тарих мамандығы.
Орындаған:Тілеуберген Санжар. Қабылдаған:Жүгенбаева Гүлбану. Алматы 2022
Тақырып: “ Деректанудың теориялық және методологиялық негіздері”.
Деректану тарихшылардың теориялық, методологиялық және арнаулы даярлығын қамтамасыз ететін іргелі ғылымға жатады.
Деректану теориясы деректану ғылымының ең өзекті мәселесі болып табылады. Келешек тарихшылардың кәсіби деңгейлері олардың деректану теориясын қаншалықты меңгерулерімен тікелей байланысты. Деректермен жұмыс істей білу тарихшылардан алдымен сол деректермен жұмыс істей білу теориясын меңгеруді талап етеді. Деректану теориясын жете меңгермей, деректермен тиімді жұмыс істеу мүмкін емес.
Деректану археология, этнология және тарихнама сияқты тарих ғылымының іргелі негіздерінің бірін құрайды және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Бірақ, жалпы тарих ғылымы мен деректанудың зерттеу объектілері де, атқарар қызметі де екі басқа. Тарих ғылымының зерттеу объектісі өтен өмір. Дәлірек айтқанда тарих ғылымы қоғамда болып өткен құбылыстар, уақиғалар, үдерістер тарихын зерттейді. Ал, деректанудың ғылым ретіндегі қызметі сол өткен өмір, яғни қоғамдық құбылыстар, уақиғалар, үдерістер т. т. бейнеленген тарихи деректерді зерттеу болып табылады. Деректану бойында сол қоғамдық құбылыстар, уақиғалар, үдерістер туралы мәліметтер сақтаған деректердің пайда болу заңдылықтарын және оларда тарихи процестердің объективті бейнелену дәрежесін зерттейді. Демек, деректану ғылымының тікелей зерттеу объектісі - тарихи деректер. Деректану ғылымы теориялық және қолданбалы болып 2 түрге бөлінеді. Теориялық деректану тарихи деректердің пайда болу заңдылықтарын, олардың нақты тарихи процесті бейнелеуін, ондағы мағлұматтардың мазмұнын зерттейді, деректерді жүйелеу принциптерін анықтайды. Теориялық деректану жазба деректер негізінде зерттеледі. Қолданбалы деректану тарихтың жеке салаларына, тарауларына, кезеңдеріне байланысты қалыптасты. Деректанулық тәжірибе архивтер, мұражайлар мен кітапханалардың деректерді жинақтау, сақтау, баяндау, жариялау қызметін, тарихшының зерттеу жұмысы кезінде деректермен жұмыс істеуін қамтиды. Деректану теориясы бойынша зерттеулерде негізгі нысана: тарихи деректердің ортақ қасиеттері және олардың жеке топтары, оларды зерттеу әдістері және сол әдістерді жетілдіру жолдары. Деректер туралы ғылым деректерді іс жүзінде зерттеу тәжерибесімен тығыз байланысты.
Деректану теориясы зерттеудің тиімділігін, сапалық деңгейін, кәсібилігін қамтамасыз етуге тиіс. Теория деректанулық зерттеулерде ғылымның осы саладағы берген нәтижесі мен жасалған қорытындыларын бағалауға көмектесетін өлшемдер мен талаптарды жасайды және қалыптастырады. Деректану теориясы үшін принципті сәттің бірі - тарихи деректің адамдардың мақсатты іс әрекетінің жемісі ретінде қарап, оның әлеуметтік табиғатын ашу болып табылады. Деректанудың негізгі мәселесі - тарихи деректің табиғатын ашу, оның объективті қасиеттері мен олардың қалыптасу заңдылықтарын зерттеу. Адамдардың мақсаты іс әрекеттерінің қорытындысында пайда болған деректерді талдау, олардың пайда болу себептерін ашу – тарихи процестердің барысында атқарған функцияларын айқындау арқылы ғана мүмкін болады. Әлеуметтік үдерістердің даму барысында пайда болып, кейіннен тарихи зерттеу объектісіне айналған деректер, өзінде тарихи процесс ретіндегі методологиялық бірлігі мен ғылыми тарихи танымды біріктіреді.
Міне теориялық және методологиялық деректану негіздерінің деректану саласындағы қолданылу принциптері осылай түсіндіріледі.