Қазақстан тарихы нұсқау



бет5/19
Дата12.06.2023
өлшемі2,32 Mb.
#178695
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
4-мәтін
Ырғызбай емші
Халық емшілерінің арасында қазақ даласында дәрілік өсімдіктерді жетік білген, онымен малды да, адамды да емдеп, жаза алған атақты тәуіптер болған. Солардың бірі – Ырғызбай емші Досқанұлы. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажыны дәрілік өсімдіктермен емдеп жазған. Халық емшісі 1787 жылы Тарбағатай өңірінде дүниеге келіп, 1850 жылы «Мыңжылқы» құдығына таяу маңдағы күзеуде қайтыс болады. Ырғызбай емші бала жасынан емдік шөптерге үйір болса керек. Емші шипалы тамыр-шөптерді жаз, күз айларында, әбден толысып-жетілген шағында жинайтын көрінеді. Әрине, әрбір шөптің теру тәсілі, сақтау ережесі бар ғой. Бір шөпті таңғы шық кеппей тұрып жинау қажет болса, екіншісін тек қана кешкілік терген дұрыс. Және де оларды шіліңгір аптапта тамырынан ажырату оның емдік қуатын әлсіретеді. Ырғызбай емші өсімдіктердің шипалы тамырларын жаңбырдан кейін, қараңғы түсе жинаған да, күн сәулесі түспейтін көлеңкеде, самал есіп тұратын орындарда кептіріп, дайындаған.
Ырғызбай емшінің кезінде айтып кетуі бойынша, кейбір шөптер мен тамырлар аралас кептіріліп сақталса, күш-қуатын жоғалтады екен. Ол сол себепті шөп, тамырларды бөлек-бөлек сақтайтын үш қанат күркені алдын-ала дайындап, оған сөрелер орналастырған, қапшықтар мен қалталар әзірлеп, оны керегеге іліп қойған. Емшінің шипалы өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасайтын ыдыстары мынандай болыпты: ағаш тостағандар мен шойын шөңкелер, күміс тегештер мен мүйіз тостағандар, аршаға ысталған мойнақ торсықтар мен жез құтылар, емдік майларды сақтайтын сүйек ыдыстар, сұйық және тұнбаларды құятын басқа да қажетті заттар. Дәрі-дәрмектердің мөлшерін анықтайтын нәзік таразысы да болған. Емші дәрі-дәрмектер дайындау барысында жылқының қылы мен түйенің шудасын, тарамысты да пайдаланыпты. Бір рет Шәуешек жақтан бір қарт емші оның үйіне келіп, Тарбағатайдың теріскейіндегі күн түспейтін сулы қойнауларында емдік қасиеті өте күшті адам бейнелі өмір тамыры болатынын, хансулардың оны женьшень дейтінін, осы шөпті іздеп табуын өтінеді. Ырғызбай емші оны көп жыл бойы іздеп, ең соңында Түйемойнақ шыңының сулы жықпылынан табады. Сөйтсе, ол жасыл жапырақтары жайылған, қызғылтым сабағының ұшында шоқ жемістері мөлдіреп тұрған, аласа бойлы ерекше өсімдік екен.
Атақты Ырғызбай емші шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан, тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай ауруға қалай қолданғанда ем болатынын табиғи түйсікпен біліп, дамытқан. Емшінің үйінен қысы-жазы кенекұнжұт, түймешетен, адыраспан, долана, көккекіре, суқалампыр, қарандыз, киікоты, шайқурай, тікенжиде, тәуіпдәрі, томардәрі, қасқыртамыр мыңжапырақ, жаушүмілдік тәрізді өсімдіктер үзілмеген. Ол улы шөп-тамырларды аса сақтықпен жіңішке ауруларға, тері ауруларына, күйікке қолдана біліпті. Құнанбай қажы ауруынан емдеп жазуға шақыртқанында, Ырғызбай емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қоса алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартып дайындапты. Ол Құнанбай қажының өт жолының да бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде жүз үш түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатып, жеті түрлі дәмнен тосап дайындайды. Тосапқа аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіртіп, қырық күн емдеп, Құнанбай қажыны ауруынан жазып алады. Құнанбайдың өтінішімен Сыбан еліндегі ақын Түбекті де емдеп, қатарға қосқан.

  1. Мәтіндегі емшінің емшілік қасиетіне сай мақал

A)Түйсігі бар кісінің берекеті бар ісінің.
B)Сұрап алған аурудың емі табылмас.
C)Түйенің танығаны жапырақ.
D)Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.
E)Өзен жағалағанның өзегі талмас.

  1. Дәрі-дәрмектердің мөлшерін анықтаған құрал

A)жез құты
B)сүйек ыдыс
C)нәзік таразы
D)шыны ыдыс
E)күміс тегеш

  1. Шөптерді дайындап, кептіру тәсілі

A)желді күні, күннің көзіне шығарып кептірген
B)Ылғалды жел соғып, ауа кіретін, көлеңке жерлерде кептірген
C)көлеңкеде, самал есіп тұратын орында кептірген
D)күн түспейтін қараңғы, салқын бөлмеде кептірген
E)күн түсетін, көлеңкеде, салқын жерде кептірген

  1. Өсімдіктерден дәрілер жасағанда оларды қандай ауруға қолдану керек екендігін анықтау тәсілі

A)табиғи түйсікпен білген
B)өсімдіктердің көптігінен
C)арнайы білім алу арқылы
D)кітаптардан оқу арқылы
E)тәжірибе алмасу арқылы

  1. Мәтінде жауабы жоқ нұсқа

A)Женьшень өсімдігін қайдан тапқан?
B)Құнанбайды қалай емдеген?
C)Өсімдіктерді қай мезгілде жинаған?
D)Емдік өсімдіктерді қалай кептірген?
E)Женьшень шөбімен қалай емдеген?

  1. Емшінің шипалы тамыр жинайтын жыл мезгілдері

A)тек қана кешкілікте
B)жаңбыр жауып өткесін
C)жаз, күз айларында
D)жаздың басында
E)таңғы шық кеппей тұрып

  1. Түйемойнақ шыңының сулы жықпылынан табылған емдік өсімдік атауы

A)адыраспан
B)женьшень
C)көккекіре
D)суқалампыр
E)киікоты

  1. Емшінің емдік майларды сақтайтын ыдысы

A)ағаш тостаған
B)сүйек ыдыс
C)жез құты 
D)мойнақ торсық
E)мүйіз тостаған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет