Қазақстан тарихын зерттеудің негізгі міндеттері мыналар



бет6/39
Дата01.12.2023
өлшемі0,68 Mb.
#194491
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
Байланысты:
S 1241 tttilik 33 33 33

[өңдеу]Сайлау жүйесі


Ауыл старшындары мен болыстар ақсүйек топтардан іріктеліп, сайлауда шар салудың (дауыс берудің) нәтижесі бойынша ғана тағайындалатын. Бұл лауазымды қызмет орнына сайланудан халықтың сенімі мен құрметіне ие адамдардың ғана үміттенуіне болатын. Олар бұрын өздерінің арына сотты болып «дақ түсірмеген» адамдар болуы тиіс еді. Бұл қызметтерге үміткерлердің жасы 25-тен кем болмауы шарт саналатын.
Болыстағы әрбір 50 үйден сайлауда шар салушы (дауыс беруші) бір адамнан сайланатын болды. Ал олардың бас қосқан жиынында болыс сайланатын және осы қызметтен үміткер белгіленетін. Taп осындай тәртіппен әр ауылдағы әрбір 10 үйден сайлауда шар салатын (дауыс беретін) бір адам сайланатын болды. Ал олардың бас қосқан жиынында ауыл старшыны сайланды және осы қызметтен үміткер белгіленетін. Ең көп дауыс алған адам ауыл старшыны немесе болыс сайланатын, ал одан кейін дауыс алғандар осы қызметтерден үміткерлер болып белгіленді.
Болыстар мен ауыл старшындары 3 жыл мерзімге сайланатын. Болыстарды губернатор, ал ауыл старшындарын уезд бастығы бекітетін. Сондай-ақ оларды бұл қызметтерден кез келген уақытта алып тастауға да құқықты болатын. Болыстар мен ауыл старшындарын қызметке бекіту мен қызметінен алып тастаудың мұндай тәртібі қазақ даласындағы сайлау жүйесінің отаршылдық мазмұнын көрсетті.
Жоғары лауазымды шенеуніктердің отаршыл әкімшілікке қолдау көрсетпейтін адамдарды қызметке бекітпей қоюға құқығы болды.
Ауыл старшындарына және болыстарға қоладан құйылған төс белгілер, сондай-ақ арнайы жасалған мөр берілетін. Отаршыл әкімшіліктің бұл төменгі буындары полицияның және тыңшылардың міндетін қоса атқарды. Олар қазақ даласында тыныштықтың сақталуын қадағалауға, әсіресе барымтаны жоюға міндеттенді. Сонымен қатар заңдардың қатаң сақталуын, алым-салықтың уақтылы әрі толық жиналуын, басқа да міндетті борыштардың түгел орындалуын қамтамасыз етуге тиіс болды. Олар сот шешімдерінің және халық соттары қаулыларының орындалуын жүзеге асыруға да міндетті еді.
Өкінішке орай, оқиғалардың бұдан кейінгі барысы сайлау жүйесінің «партиялық» күреске айналып кетуіне алып барып соқтырды. Бір рудың өкілдері мен екінші бір ру өкілдерінің арасында шиеленіскен күрес өршіді. Елде байлықпен қызметті сатып алу, қоқанлоқы жасап қорқыту, күш көрсету және жала жабу сияқты келеңсіз қылықтар кеңінен етек алды. Лауазымды қызметтен үміткерлер сайлау науқаны кезінде ақшаны оңды-солды аямай шашты.
[өңдеу]Қазынагерлік жүйе және міндетті атқарылатын борыштар


1867— 1868 жылдарда енгізілген жаңалықтар алым-салық жүйесін де қамтыды. Осы кезден бастап Қазақстанның бүкіл аумағында біртұтас салық — «түтін салығы» енгізілді. Ол жыл сайын бір рет әрі үй басынан ақшалай алынып тұрды. Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы қазақтар 3 сомнан, ал Түркістан генерал-губернаторлығындағы қазақтар 2 сом 75 тиыннан төлеп келді. Мал санағы 3 жылда бір рет өткізілді. Малдың санын жасырғандарға салық екі есе көп салынды. Түтін салығын төлеуде, басқа да міндетті борыштарды өтеуде Кіші жүздің қайтыс болған ханы Шерғазы Айшуақұлының отбасы мүшелеріне жеңілдік жасалды. Жеңілдіктер сұлтандар Баймағамбет Айшуақұлының, Ахмет және Арыслан Жантөреұлдарының отбасыларына да, сондай-ақ 1844 жылы хан Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарының қолынан қаза тапқан қазақтарға да берілді. Түтін салығын төлеуден Орта жүздің хандары Уәли мен Бөкейдің ұрпақтары да босатылды. Мұндай шаралар олардың өкіметке қарсы пиғылдарын бәсеңсітуі тиіс болды.
1820 жылдан бастап қолданылып келген билеттік тіркеу орнына сндігі жерде біртұтас төлқұжаттық тіркеу тәртібі енгізілді. Басқа жаққа барып жұмыс істеп, табыс тапқысы келгендер болыстардан төлқұжат алуы тиіс болды.
Көшпелі қазақтар бірқатар борыштар атқаруға міндеттелінді. Aтaп айтқанда, олар көпірлер мен жолдарды тегін жөндеп тұруға міндетті болды. Дала тұрғындары осы кезден бастап науқас адамдар жататын және іссапарға келген шенеуніктер тоқтайтын киіз үйлер бөліп тұруға міндеттелінді. Қазақтарға оларды отын-сумен және шемеуніктерді жолға мінетін ат-көлікпен қамтамасыз ету де жүктелді. Қазақтар міндетті әскери борыш өтеуден босатылды.
[өңдеу]Денсаулық сақтау саласындағы реформа


Әр облыста облыстық дәрігер тағайындалды. Әрбір уезде бір дәрігер мен акушер-кіндік шеше болатын болды. Уездік дәрігерге шешекке қарсы егу шараларын қамтамасыз ету міндеті жүктелінді. Ол науқас адамдарға тегін медициналық көмек көрсетіп, оларды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етуі тиіс болды. Қазақтар әскери және азаматтық мекемелердегі емдеу орындарында да дәрігерге тексеріле алды. Шамасы, реформаның жағымды бір ғана сипаты болса, ол денсаулық сақтау саласындағы тап осы жаңалықтың енгізілуі дей аламыз. Солай бола тұрса да, дәрігерлердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтардың бұл мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді жарытымды пайдалануы мүмкін болмады. Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақ халқының арасында, әсіресе балалар арасында өлім-жітім көп болды.
[өңдеу]Жерді пайдалану мәселелері


Қазақтардың қоныстанған жерлері мемлекет меншігі саналды. Ол жерлер қазақтарға қоғамдық пайдалану құқығы негізінде ғана берілді. Жаңа реформа бойынша ормандар да мемлекет меншігі деп жарияланды.
Қазақтарға жерлерін Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген орыс шаруаларына белгілі бір мөлшерде жалға беруіне рұқсат етілді. Ал мұның өзі олардың ежелден келе жатқан атамекенінен айырылып, өздерінің жерсіз қалуына алып барып соқтырды.
Қоныс аударып келген орыс шаруалары бірқатар елеулі жеңілдіктерді пайдаланды. Мәселен, олардың әрқайсысы уездік билік орындарынан үй салып алу үшін жер телімін, сондай-ақ құрылыстық ағаш материалдарын тегін алды. Олардың сауда жасаумен, қолөнер кәсібімен, өнеркәсіптік қызметпен және егіншілікпен емін-еркін айналысу құқығы болды.
Ал башқұрт, татар, Орта Азия халықтарының өкілдері сияқты мұсылмандар мұндай жеңілдіктерді пайдалана алған жоқ. Өйткені патша үкіметі ислам дінін ұстанатын өзге халықтар өкілдерінің қазақ даласына шоғырлана түсуінен қорықты.
[өңдеу]Реформаның отаршылдық сипаты


1867-1868 жылдардағы реформаның жалпы алғанда отаршылдық сипаты басым болды. Ол реформалар Қазақстанды Ресейге қосып алу үрдісінің толық аяқталғанын көрсетті. Қазақстанның кең-байтақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне өтті. Патша үкіметі бұдан былай қазақтардың жерін кез келген сылтаумен оп-оңай тартып ала беретін болды. Мұның ақыры дала тұрғындарының ежелгі атамекен жерлерінен айырылып қалуына, сөйтіп қайдағы бір құнарсыз және тұзы бетіне шығып жатқан сортаң жерлерге ығыстырылуына жеткізді. Құнарлы жерлер ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруалары мен қазақтарға, шенеуніктерге берілді. Патша үкіметінің Қазақстанның табиғи бай ресурстарын оңды-солды емін-еркін пайдалануы бұл өлкені Ресей экономикасының қосалқы арзан шикізат көзіне айналдырды.
Болыстардың сайланып қойылуы Қазақстанның бүкіл аумағын руаралық кескілескен қақтығыстар сахнасына айналдырып жіберді. Сайлауда шар салушының дауысын сатып алу кеңінен етек алды. Болашақ болыстар өз қандастарының қамын жеуден қалды. Олар ендігі жерде орыс үкіметінің аузына қарап, жалтаңдаудан көз ашпады, қайтсем солардың қаһарлы қолшоқпары болсам екен деп армандады.
Сұлтан тобын басқару жүйесінің орта және жоғары буынынан толық ығыстырып шығару қазақ халқын құқық атаулыдан жұрдай тобырға айналдырды. Отаршыл Ресей қазақ мемлекеттілігінің ең соңғы қалдықтарын да жойды. Қазақтарға болыс және ауыл старшыны деген ең төменгі дәрежедегі қызметтер ғана тиді. Олардың уезд бастығы, әскери губернатор, генерал-губернатор сияқты жоғары лауазымды әкімшілік қызметтерге барар жолы заң жүзінде біржола жабылды.
Жаңа міндетті борыштар мен алым-салық түрлерінің еселеп енгізілуі қазақтардың материалдық жағдайын нашарлатып жіберді. Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиыннан 3 сомға бір-ақ көтерілді. Болыстарды, ауыл старшындарын, сондай-ақ олардың толып жатқан шабармандарын ұстауға жұмсалатын қаржы да халықтан жыл сайын қосымша жинап алынды. Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы халық харадж (егіннен алынған өнімнің оннан бір бөлігі), зекет (тауар құнының қырықтан бір бөлігі) төлеп тұруға міндетті болды. Әр түрлі қажеттерге жұмсау үшін қара шығын деп аталатын қосымша салыққа салынды. Бұдан түскен қаржы жол салуға, оны жөндеуге, көпір, мешіт, мектеп, аурухана салуға жұмсалды. Патша үкіметі Қазақстаннан орасан зор мөлшерде қаржы жинап алумен болды. Оның бір бөлігі отаршыл әкімшілік пен әскери күштерді ұстауға жұмсалды, енді бір бөлігі орталыққа жіберіліп отырды.
Патша үкіметі қазақтардың ежелгі дәстүрлі қоғамын күйретті. Болыстар мен уездер құру кезінде рулық ерекшеліктер ескерілмеді. Дәстүрлі билер сотының құқықтары елеулі түрде қысқартылды.
Реформалар Батыс Сібір аумағында ежелден бері тұратын қазақтардың жағдайына да келеңсіз әсерін тигізбей қала алмады. 1880 жылғы 22 қазанда Тобыл және Томск губернияларының қазақтарын Құлынды даласына көшіру қолға алынды. Ол жақта қазақтар үшін 1 миллион десятина құнарсыз жер бөлінді. Құлынды қазақтарына үй басы 6 сом мөлшерінде түтін салығы салынды. Бұл отырықшы орыс шаруалары төлейтін салық мөлшеріне тең болып шықты.[1]
XIX ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар жартыкеш болып шықты. Онда қазақ халқының құқықтары тым шектелінді. Мұның өзі қазақтардың тарапынан қатты наразылық пен қарсы әрекеттер тудырды. Сондықтан да патша үкіметі 80-90-жылдары реформаны одан әрі жаяғастыруға мәжбур болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет