«Қазақстанда қоршаған ортаның экологиялық ахуалы қандай деңгейде?» Қазіргі заманда бүкіл дүниенің алдында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік-экологиялық сипаттағы үлкен мәселелер туындады. Бүгінгі күнде бізді қоршаған орта пен адамның ішкі ортасы тығыз байланысты. Адамның әрекеті табиғаттың өзгеруіне әсер ететін ерекше фактор. Адам еңбек пен ақыл ойдың арқасында қоршаған ортаға бейімделумен қатар, оны өзгертеді. Сондықтан табиғатты өзгерту барысында адамзат оның кейінгі зардаптарын да ескеруі қажет. Ғаламдық экологиялық мәселелерге климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрліліктің азаюы, шөлейттену және жердің құлдырауы жатады. Кезекте мен Қазақ еліндегі болып жатқан экологиялық жағдай туралы айтамыз.
Біріншіден айтылуға міндетті мәселе – ол еліміздің тарихындағы қайғылы үнімен шырқаған Семей полигоны. Семей ядролық полигоны ауданында 456 жер үсті және асты ядролық сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосферада, гидросферада және литосферада үлкен мөлшерде радиоактивті қалдықтар қалдырылды. Тек Семей ядролық полигонының ғана емес, соған жақын жатқан орасан үлкен аумақтар да радиоактивті ластануға ұшырады. Соның нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тірі ағзалар және тұрғын халықтар зардап шеккені мәлім. Қазіргі кезде ол адамдардың онкологиялық ауруларына шалдығуына, жергілікті флора мен фаунаның мутациядан өзгеруіне толықтай тиесілі.
Екіншіден айта кетер мәселе – кезінде алып теңіз болған Арал теңізі. Бұл мәселенің тууына себепші болған – адам әрекеті. Ұзақ жылдар бойы Аралға құятын ірі өзендер Әмудария мен Сырдарияның суын теңізге жеткізбей, түгелдей дерлік егістіктерді суландыруға пайдаланылып келді. Ол жергілікті жан-жануар мен өсімдіктердің жойылуына және бұзылуына әкелді. Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. "Арал тағдыры - адам тағдыры" болғандықтан оны сақтап қалу – елімізге қойылған міндетті мәселе.
Менің айтар соңғы мәселе – ол жалпы еліміздегі қалалардың экологиялық жағдайы. Ауаға шығатын улы заттардың концентрациясы белгіленген мөлшерден он есе артық. Ең ауыр жағдай Тараз, Теміртау, Алматы,
Шымкент, Риддер және тағы басқа да қалаларда қалыптасқан. Осы қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойынша белгіленген мөлшерден 5-10 есе артады. Бұл өте күрделі мәселені шешу үшін біраз уақыт қажет.
Қорытындылай келе, Қазақстанымыздағы қоршаған ортаға және де бізге келтіретін зиян жағдайлар көп, ал экологиялық ахуалының деңгейі қазіргі кезде әрі күрделі, әрі нашар болып тұр. Қазақстандағы экологиялық мәселелеріне міндетті түрде көңіл аударылуы керек. Оған әр Қазақстандық азамат көңіл бөліп, өз бағасын беріп, және ахуалы қандай деңгейде екенің түсінуі қажет.