Қазан революциясы және Азамат соғысы тарихының зерттелуі
Қазақстандық тарих ғылымының пайда болуы мен қалыптасуы XX ғасырдың 20-жылдарындағы ұлттық кеңестік мемлекеттің дүниеге келуі және қазақстандық партия ұйымдарының құрылуы секілді нақты оқиғалармен тығыз байланысты. Жоғарыда аталған оқиғалардың баршасы І.М. Қозыбаевтың «Қазақстан тарихнамасы: тарих тағылымдары» (А., 1990) деп аталатын жұмысында егжей-тегжейлі қарастырылды. Республиканың ғылыми саласы ұйымдық құрылысының негізгі кезеңдері мен формаларын атап өтейік. РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің (ХКК) 1920 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен Ағарту халық комиссариатының жанынан, одан соң 1921 жылдың 1 желтоқсанынан РК(б)П ОК жанынан бөлім құқығында құрылған «Истпарт» (Қазан төңкерісі тарихы және Коммунистік партия тарихы жөнінгі материалдарды жинау мен зерттеуге арналған комиссия) деп аталған құрылым Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар бойынша алғашқы ғылыми мекеме болды. Қазақ өлкесінде алғашқылардың бірі болып, 1921 жылдың 24 қарашасында құрылған Семей истпарты қызмет ете бастады. Ал 1924 жылға қарай губерниялық партия тарихы мекемелері Ақмола, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей, Жетісу губернияларында іске қосылды. Осымен бір уақытта сол кезде Түркістан АКСР-інің құрамына енген Қазақстан аудандары аумағындағы революцилық қозғалыс тарихын Түркістан партия тарихы мекемесі зерттеді. Сондай-ақ аталған мәселені зерттеу ісіне Сібір, Омбы және басқа да шекаралас аймақтардағы осы секілді комиссиялар өз үлестерін қосты. 20-жылдары, бұрынғыша, ғылыми-зерттеу жұмыстарын Ғылым академиясының мекемелері жүргізді. Алайда бұрынғы жылдардағыға қарағанда бұл жұмыс неғұрлым кең ауқымды әрі мақсатты сипатқа ие болды.