Қазақстандағы тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелері
Кез-келген мемлекет экономикалық дамудың белгілі бір кезеңінде өсу нүктесі болып табылатын саланы анықтайды. Сондай салалардың бірі Қазақстан 2030 стратегиясында көрсетілген тағам өнеркәсібі. Адам денсаулығына ең қажеттісі бәрінен бұрын сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен дұрыс тамақтану. Азық-түлік дайындайтын өндірістерде дамуымыз бен нығаюымыздың бірінші факторы - өзіміздің мемлекеттен шыққан тауарлар. Мұның басты мәселесі отандық экологиялық таза, жасанды қоспасыз азық-түлік тауарларды, шетел компаниялары мен еліміздің инвесторлық компанияларының табиғи азық-түліктерді дамыған технологиялар арқылы өндіріп шығару. Қауіпсіз тағам өнімдерін өндіру ең алдымен тағам кәсіпорнының міндеті болып табылады.
Қазіргі таңда азық – түлік өнімдерін өндіретін кез – келген өндіруші – кәсіпорынның барлығы дерлік, өз өнімін экспортқа шығару жолында қабылданған халықаралық стандарттарды сезінуде. Мұның себебі, Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына мүше елдер өз елдерінде өндірісте қабылданған азық – түлік өнімдерінің қауіпсіздігі нормаларына сай емес өнімдерді кіргізуге рұқсат бермейді. Бүгінгі таңда іс жүзінде барлық елдерде өнім қауіпсіздігін басқару жүйесі міндетті талаптардың бірі болып отыр, оның мақсаты түпкілікті тұтынушыны сапасыз өнім қабылдаудан туатын келеңсіз зардап шегуден берік қорғау. Қазір, Еуразиялық интеграция ТМД елдерінің арасында еркін сауда (одаққа кіретін елдердің арасында) еліміздегі кәсіпорындарға көптеген мүмкіншіліктер ашқан уақытта, отандық кәсіпорындардың өз өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басқа амалы жоқ. Олардың мақсаты нарыққа сапалы өнім шығарып, өз өніміне тұтынушылардың сенімін нығайту болып табылады. Өндірісте азық – түлік өнімдерінің қауіпсізідігін қамтамасыз ету жүйесін енгізудің тағы бір тиімді әсері бар, ол кәсіпорын қызметкерлер психологиясының тұрғылықты бейнесінің және олардың өндірістік процеске деген көзқарасының өзгеруі.
Азық – түлік өнімдерінің қауіпсіздігі дегеніміз не екеніне тоқталып өтсек. Қазіргі кезеңде “ азық-түлік қауіпсіздігі ” деген ұғым екі мағынада қолданылып жүр. Біріншісі, әдебиетте азық-түлік қауіпсіздігінің анықтамасына қатысты бірнеше көзқарастар бар. Солардың бірі Ресей ғалымы Г.В.Григорьевтың анықтамасы бойынша «азық-түлік қауіпсіздігі- бұл халықтың ең әлсіз, кедей топтарының міндетті түрде басым болған жағдайда, адамдардың өмірі мен әрекет істеуге бейімін сақтау және қолдау үшін қажетті көлем мен сапада тамақ өнімдерінің табиғи және экономикалық қол жетімділігінің шарты және азық-түліктің сыртқы көздерінен мемлекеттің толық тәуелсіздігі кезінде оның өз өндірісі арқылы барлық халықтың азық-түліктің негізгі түрлерімен тұрақты қамтылуы мүмкін болатын экономиканың, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы» [1].
Екіншісі, «Азық – түлік өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi - тамақ өнiмдерiнiң оларды әдеттегi жағдайда пайдалану кезiнде зиянды болып табылмайтындығы мен қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулығына қауiп туғызбайтындығына негiзделген сенiмдiлiк күйiнiң болуы» [2].
Басқаша айтқанда, біріншісі, экономикалық қорларды басқару, реттеуге қатысты болса, екіншісі тікелей сапалық басқаруға қатысты ұғымдар. Біз осы мақалада екінші ұғым төңірегінде сөз қозғамақпыз.
Тағам қауіпсіздігі – бұл тағам өнімдерінің адам денсаулығына зиянсыздығы.
Әр түрлі мемлекеттердің ауыл шаруашылығының дамуы әр түрлі деңгейде болуына және кейбір мемлекеттер өз-өзін азықпен қамтамасыз ете алмауына байланысты сауда мен жануарлар саудасының әрі қарай жаһандануын болжауға болады. Өндіруші елдерден сапасыз өнімнің импортталуы нәтижесінде адамдар арасында әр түрлі ауруларлар туындауы жиілеп кетті.
Халықаралық індет бюросының стандарттарымен ветеринариялық қызметке індеттанулық қадағалау жүргізу, жануарлардың жұқпалы аурулармен, оның ішінде адамға және жануарларға ортақ зооантропоноздармен, зооноздармен және тағам токсикоинфекцияларымен күресу және олардың алдын алуы жүктелген. Тәжірибе жүзінде байқалғандай, алдын алу шараларын жүргізуге және індеттік қадағалауды іс жүзіне асыруға жұмсалған шығын аурудың пайда болғандағы шығынынан едәуір төмен. Аурудан таза емес аумақтардың және шаруашылықтардың пайда болуы көп шығынды өажет ететін ветеринариялық – санитариялық шаралар және жануарлардың жойылуын талап етеді, бұл еліміздің азықтық қауіпсіздігін бұзып, үлкен шығын келтіреді. Халықаралық стандарттарды енгізуге және ұзақ мерзімді, жүйелі орындалатын шаралардың кешенін жүргізуге қажет инфрақұрылым және қаржылық-техникалық базаны құру үшін мемлекет тарапынан қаржыны көбейту қажет.
Адам денсаулығына құрамында әр түрлі аурулардың қоздырғыштары, ксенобиотиктар және суперэкотоксиканттары бар азықтық өнімдер үлкен қауіп төндіреді. Жаңа биологиялық белсенді заттардың, гендік түрлендірілген өсімдіктердің, жануарлардың және ластағыштардың (контаминанттардың) пайда болуына байланысты азық-түлік қауіпсіздігі нақты анықталуы керек, сондықтан азық-түлікті бақылауға арналған жаңа тиімді әдістер мен арнаулы тәсілдер енгізілуі талап етіледі.
Қоршаған ортаның техногенді және экологиялық факторларының әсерінен сырттан келетін және жергілікті мал шаруашылық өнімдердің және азықтардың қауіпсіздігін анықтау - БСҰ-на қатарына кіру қарсаңында қазіргі Қазақстан үшін көкейкесті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанға әкелінетін, құрамында ГМА бар азық және тағам өнімдерінің, гендік түрлендірілген өсімдіктердің түрлері мен тармақтарының және олардың саны жайлы нақты мәлімет жоқ. Сауда саттық орындарына әкелінуге рұқсат етілмеген немесе ГМА түрлерінің қауіпсіздігіне тексерілмеген өнімдердің әкелінуін ешкім бақылап, тоқтатылмаған, себебі азықта ГМА-ның бар болуын анықтау үшін мамандандырылған, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар мен жоғары квалификацияланған мамандардар қажет.
Тағам қауіпсіздігі зертханаларының рөлі қазіргі кездегідей ешқашан маңызды болған емес. Тағам өнімдерінің қауіпсізідгі мен сапасы - тұтынушылар, үкімет және өнім өндірушілер арасында маңызды мәселе болып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік ветеринариялық қызметіне мал шаруашылық өнімдерінің және азықтың қауіпсіздігін бақылауды заңды түрде тіркеу, қауіп төнген жаңдайда дер кезінде жауап беру және сәйкес шаралар қолдану үшін «егістіктен тұтынушыға дейін» тағам өнімдерінің өндірудің барлық сатыларында ветеринариялық-санитариялық бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Тамақ өнімдерінің әр түрлі вирус, паразиттермен залалдануы адам денсаулығына қауіп төндіруші негізгі факторлардың бірінен саналады. Соңғы кездері адамзатты алаңдатқан сиыр құтырығы, құс тұмауы, жануарлар мен құс еттерінде сальмонелла бактерияларының пайда болуы, өнімнің экологиялық залалдануы сияқты адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін көптеген қауіпті факторлар пайда болуда. Сонымен қатар, генетикалық өңдеу жолымен алынған белоктардың аллергиялық ауруларды қоздыру ықтималдығы басым болса, ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылатын химиялық заттар (пестицидтер, нитраттар, ауыр металдар, т.б.) өсімдік пен малдан алынатын тамақ өнімдерінде сақталу арқылы адам ағзасына тікелей қауіп төндіреді. Тамақ өнімдерінде химиялық зиянды заттардың (канцерогендер, аллергендер, т.б.) пайда болуына кейде өндірістік процестердің де әсері айтарлықтай болуы мүмкін. Соңғы уақыттарда тамақ өнімдерін өндіру, айналымға жіберу барысындағы контаминация (қауіпті факторлардың өнім құрамына енуі) қауіптілігі күрт жоғарылауда. Мұндай қауіптілік физикалық, химиялық және биологиялық сипатта, өнімнің өмірлік циклінің кез келген сатысында – шикізатты өндіруден бастап дайын өнімді пайдалануға дейінгі аралықта пайда болуы ықтимал. Тамақ өнімдерінде химиялық қауіпті заттардың пайда болуы кейбір жағдайларда өндірістік технологияның кемшілігінен де болуы мүмкін.
Сонымен қатар, кейбір оңай олжа тапқысы келетін санасы төмен адамдардың заңсыз әрекетінен рынокта жалған өнімдердің пайда болуын да жоққа шығаруға болмайды. Жалған өнім жасаушылар тұтынушыларды алдап қана қоймайды, кейбір жағдайларда сол жалған өнімдерімен адам денсаулығына зиян келтіріп, өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Әсіресе, тамақ өнімдерінің белгілі бір құрамдарын арзан да сапасыз қоспалармен алмастыру арқылы олардың санын немесе салмағын молайту, өнімнің сыртқы орама, қапшығына оның құрамы мен тағамдық құндылығы туралы жалған ақпараттар беру (мысалы, табиғи емес өнімді табиғи етіп көрсету), т.с.с. тәсілдерді қолдана отырып тұтынушыны алдап, жаңылыстыратын әрекеттер жиі ұшырасады. Нарықта стандарт және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер көп. Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін бақылау шараларын күшейту қажет. Сондықтан мұндай әрекеттердің жолын кесу үшін Үкімет пен тұтынушы қауым күш қосып күресуі керек.
Елімізде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі келесі заң актілерінде қарастырылған. Қазақстан Республикасының “Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы” (2004 ж.), Бұл Заң тамақ өнiмдерiнiң Қазақстан Республикасы аумағында дайындалуы мен айналымы кезiнде олардың сапасын және халықтың денсаулығы мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейдi. Заң 4 тарау, 22 баптан тұрады. 1-тарауда Жалпы ережелер туралы айтылған, 2-тарауда «Тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк реттеу» деп аталады, бұл тарауда қауіпсіздікке қойылатын талаптарды сертификаттау және растау, мемлекеттік қадағалау және бақылау, мемлекеттік реттеу пункттері қарастырылған, 3-тарауда тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қойылатын талаптар көрсетілген, 4-тарау «Қорытынды ережелер», бұнда заң бұзылған жағдайда, не болатыны айтылған [3].
Келесі “Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы” Заңы (2010 ж.), бұл Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды [4].
Сонымен қатар, “Техникалық реттеу туралы” Заңы (2004 ж.). Осы Заң Қазақстан Республикасында өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтердiң және процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейді [5].
Осы заң актілерінде белгіленген талаптарды орындау, тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін әлемнің көптеген елдерінде НАССР (Hazard Analysis and Critical Control Point») жүйесі сәтті пайдаланылуда. Қазақша мағынасы тәуекелдерді талдау және сыни бақылау нүктелері немесе өнімнің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етуші қауіпті факторларды жүйелі түрде бірдейлендіру, бағалау және басқару тұжырымдамасы. НАССР жүйесі оны жүзеге асыруға қажетті ұйымдық құрылым, құжаттар мен өндірістік процестер және қорлардың жиынтығы болып табылады. Қазақстан Республикасында НАССР принциптері негізінде тамақ өнімдерінің сапасын басқару бойынша сапа жүйесінің мемлекеттік стандарты ҚР СТ 1179-2003 қолданысқа енгізілген. Бұл жүйенің өнім қауіпсіздігінің технологиясы деп аталуы тегін емес. НАССР жүйесі әлемдік тамақ индустриясында жетекші орын алады және азық-түлік тауарларын өндіруші кәсіпорындар өнімдерінің қауіпсіздігіне деген тұтынушылардың сенімділігін нығайтады. Себебі, НАССР жүйесі бойынша тамақ өнімдерін өндіру саласындағы қауіптіліктерді анықтау және оларды басқару немесе алдын алу (жою) тәсілдері ғылыми негізде жүзеге асырылады [5].
Бүгінгі күні тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін әлемдік стандартқа сай қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің әлемдік рыногы өнім қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуді өте-мөте қажет етуде. Алайда санитарлық-гигиеналық нормалардағы ұлттық айырмашылықтар халықаралық сауда базасын құруға айтарлықтай кедергі жасап келді. Осындай жағдайда қажетті сәйкестікке қол жеткізу үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару жүйесінің жаппай мақұлданған моделін енгізу көзделген еді. Осы мақсат бойынша 2005 жылдың тамыз айында ИСО 22000:2005 “Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджмент жүйелері. Тамақ өнімдерін өндіру және тұтыну саласындағы барлық ұйымдарға қойылатын талаптар” халықаралық стандарты бекітілді.
Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінен алғашқы болып табылатын осы стандарт кез келген тамақ өндіру кәсіпорны үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару жүйесін әзірлеу кезінде ұстанатын қағидалар мен жүзеге асырылатын іс шаралар тізбегін қамтиды. Бұл стандарт, сондай-ақ құрал-жабдық, орама, қапшық, тағамдық қоспалар мен шикізат, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері, мал азығы т.б. өндіретін ұйымдарға қатысты. Яғни ИСО 22000:2005 стандарты азық-түлік тауарларын өндіру, өңдеу, өткізу, салаларындағы операцияларды түгелдей реттеуге арналған. Осы халықаралық стандарттың маңыздылығын ескере отырып, ҚР Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚР СТ ИСО 22000-2006 мемлекеттік стандарттын әзірлеп, қолданысқа енгізді. Сондықтан еліміздегі ауылшаруашылық ұйымдарынан бастап өнімді өткізуге дейінгі аралықтағы тамақ өнімдерімен айналысатын барлық мекеме, кәсіпорындар тамақ өнімінің қауіпсіздік жүйесін әзірлеп, енгізуде осы стандартты толық пайдалана алады.
Халықаралық стандарт 22000:2005 НАССР принциптері мен оларды енгізу сатыларын қамтиды. Сонымен қатар, жүйенің қажетті бағдарлама, жоспарларын біріктіреді. Яғни, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты іс әрекеттерді жоспарлауға көмектеседі. Жұмыс бағдарламасы қауіптілікті талдау арқылы анықталады және ол қауіптіліктің пайда болу ықтималдығын басқару үшін қажет. Халықаралық ИСО 22000:2005 стандарты пайда болуы мүмкін қауіптіліктің барлығын да бірдейлендіру және бағалауды талап етеді.
Халықаралық стандарт ИСО 22000:2005 бойынша қауіптілікті талдау кезінде кәсіпорын алдын ала қажетті жұмыс бағдарламасы мен НАССР жоспарын ұштастыра отырып стратегияны анықтайды. Ұқсас өнімдердің шикізаты, ингредиенттері, технологиясы, орамасы, сақтау шарты бірдей болған жағдайда НАССР жоспары бір болады. Басқа жағдайда әрбір өнімнің өзіндік НАССР жоспары болуы тиіс. Осылайша ИСО 22000:2005 стандарты нақты бір ұйымда тамақ өнімдерінің бірдейлендірілген қауіптілігін басқару ісін қамтамасыз етуіне көмектеседі. Сондай-ақ, стандартта қадағалау, талдау және сәйкессіздікті басқару жүйесін қолдану туралы талаптар белгіленеді. Басқару іс қимылдарын жан-жақты пайдалану тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару жүйесін ұдайы жақсартуға ықпал етеді. Жекелеген ұйымдардың осы стандартты пайдалануына көмек ретінде техникалық шарт ИСО/ТШ 22004:2005 “Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджмент жүйелері. ИСО 22000:2005-ті қолдану жөнінен жетекші нұсқаулық” әзірленген.
ИСО 22000:2005 халықаралық стандарты менеджмент жүйесі жөніндегі басқа стандарттардан тәуелсіз қолданыла алады. Ол ИСО 9001-мен үйлестірілгендіктен, ұйымдарға сапа және қауіпсіздік менеджментінің ықшамдалған жүйесін құруға мүмкіндік береді. Ұйымның жалпы басқару іс-қимылына тамақ өнімдері қауіпсіздігінің тиімді жүйесін енгізу тек сол ұйымға ғана емес, сонымен қатар, барлық мүдделі тараптарға да өте зор пайда келтіреді.
Казіргі таңда сапа менеджменті жүйелерінің барлық түрін енгізген кәсіпорындардың басым көпшілігі Алматы қаласы мен облысында орналасқан, яғни сәйкесінше 288 және 95, Қарағанды облысында - 180, Шығыс Қазақстан облысында - 120, Астана қаласында - 105 кәсіпорын. Өнімдерін экспортқа шығаратын 548 кәсіпорынның 368 менеджмент жүйесін енгізген. Техникалық реттеу жүйесінде СМЖ бойынша 150 астам сарапшы-аудиторлар аттесталған, олардың ішінде 8 сарапшы экологиялық менеждмент саласында, 20 - OHSAS бойынша, 28 - ХАССП бойынша аттесталған. ХАССП жүйесі (ИСО 22000 бойынша) тағам өнімдері саласының 50 % енгізілген [7].
Ары қарай, қазіргі таңда Қазақстан экономикасындағы ең атаулы өзгерістердің бірі болып табылатын – Еуразиялық экономикалық одақтың азық – түлік өнімі саласына әсеріне тоқталып өтейік.
Бүгінгі таңда бірыңғай мемлекеттік сатып алулар орталығы құрылуда. Бірыңғай сатып алуларға одаққа мүше елдердің бизнесмендері қол жеткізбек, бұл өз кезегінде бәсекелестік пен қызмет сапасын арттырады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер тауардың сапасы мен шығуының бірыңғай сертификатына ие болып, ішкі шекараларда (сыртқы шекарадан бөлек) бақылаудың кеден, фитосанитарлық, ветеринарлық түрлерінен босатылады. Бұл бизнестің уақытты үнемдеп, шығындарды қысқартуына мүмкіндік береді.
Ал тұтынушы үшін Еуразиялық Одақтың ең басты артықшылығы – өндірілетін тауарлардың дүниежүзілік стандарттарға жауап бере алатындай жоғары сапада болуына деген талап күшейеді. Осыған орай, азық-түлік тауарларын өндірудің техникалық регламентін бірегей сипатқа көшіру жоспарларнып отыр. Соның нәтижесінде тауар өндірушілер өз өнімдерінің сапасын көтеруге міндетті болады. Мәселен, бүгінгі таңда шұжық өнімдеріндегі еттің үлесі бар-жоғы 5% – 20% ғана екен. Техникалық бірегей регламент енгізілген жағдайда мұндай өнімдердің құрамындағы ет 60%-дан кем болмайтын болады.
Екінші бір артықшылық – жаңа ашылған біріккен кәсіпорындардың және бүгінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың кеңейтілуі есебінен жаңа жұмыс орындары ашылады. Импорттың жеңілдетілуі жаңа техникалар мен технологияның көптеп келуіне ықпал етеді. Осының бәрі жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне серпін береді. Ішкі көші-қонға қатысты процедуралар жеңілдетіледі: еуразиялық интеграцияға қатысушы-мемлекеттердің азаматтары Бірыңғай экономикалық кеңістіктің кез келген елдерінде жұмысқа қабылдау кезінде кәсіби және әлеуметтік құқықтары мен міндеттері ортақ болады. Статистика бірыңғай кедендік аумақ құру қазақстандық өнеркәсіп өнімдерінің артуына өте жақсы ықпал еткенін көрсетіп отыр.
Мәселен, төменгі кестеде азық – түлік өнімдерінің кей топтарының 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2013 жылы қанша пайызға өскені көрсетілген [8].
Сурет 1. Азық – түлік топтарының көрсеткіші
Ішкі нарық және сыртқы нарықтың пайыздық қатынасын келесі диаграммалардан көруге болады. Бұл суреттерде 2015 жылдың қантар – қыркүйек аралығындағы экспорт және импорт тауарлық құрылымы -дық көрсеткіште көрсетілген. Суреттердегі мәліметтер ҚР Статистикалық Агенттігінің сайтынан алынды [9].
Сурет 2. Экспорттың тауарлық құрылымы
Сурет 3. Импорттың тауарлық құрылымы
Диаграммаларда экономикаға әсер ететін негізгі салалар көрсетілген. Бұл диаграммадан біз экспортқа жануар және өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік өнімдері 4,0 шығарылатынын, ал екінші диаграммадан біздің елімізге 10,8 мөлшерде келетінін байқадық. Яғни, ішкі нарықта импорттық өнімдер 6,8-ға артық қолданылады. Бұл 2000 жылдарға қарағанда жоғары көрсеткіш. Осыдан 10 жыл бұрын Жұмагүл Темiрғали «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі заңмен реттелетін болады» деген мақаласында, «Қазіргі кезде өзімізде шығарылатын және сырттан тасмалданатын тамақ өнімдерінің сапасын жақсартудың қажеттілігі дау туғызбайды. Өйткені, нарық экономикасына көшу кезінде тамақ өнеркәсібіне монополия жойылды. Тамақ өндірушілір саны орасан көбейді. Сырттан тасымалданатындарының көлемі артты. Ал, мемлекет тарапынан тамақ өнімдерінің сапасын және оны сатудың тәртібін бақылау төмендеді. Нәтижесінде халық тамақ өнімдерінің сапасының төмендігінен жапа шеге бастады. Тамақтан улану, олардың кесірен кейіннен пайда болатын кеселдер ұшырасуда» десе, қазіргі таңда тағам қауіпсіздігі саласына көңіл бөлініп, қаншама жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктерге жеткендігін байқаймыз. Өндіріс бірнеше пайызға артып, ішкі нарық молайып, импорттық тауарлар ығысуда.
Алдағы уақытта өндірістің артуы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортының өсуіне оң әсерін тигізбек. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына оңынан әсер етеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Григорьев Г.В. Продовольственная безопасность как экономическая категория и её роль в обеспечении национальной безопасности // Молодой ученый. 2012. №2. С. 113-116.
2. ҚР Азық-түлiк шикiзатының және тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы нұсқаулығы. 2000 жылғы 29 қараша N 1783.
3. Қазақстан Республикасының “Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы” Заңы. 2007 жылғы 21 шiлдедегi N 301.
4. ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңы. 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы.
Достарыңызбен бөлісу: |