Алаш автономиясының және Қоқан автономиясының тарихы.
Алаш автономиясы (1917—1920) — 20 ғ. басында қазіргі Қазақстан Республикасы жерін мекендеген қазақ-қырғыз республикалық мемлекеті.
Алаш автономиясы — 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-терр. мемлекеттігі. Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын ... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап ... съезд бір ауыздан қаулы қылады:
Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
... Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады ...
Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
Ұлттық-терр. қазақ автоном. мемлекетін құруда съезд делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде алауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемл. құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді. Бүкілқазақтық 2-съезде автономияны жариялау мерзімі жөнінде қызу айтыстар болды. Бұл айтыстардың негізінде қазақ автономиясын жариялауға байланысты өлкені мекендеген қазақ емес халықтардың (ең алдымен орыстардың) пікірін білу және жариялауға тиісті автономияға Түркістан өлкесін мекендеген оңт. қазақтарының қосылу-қосылмау мәселесін нақтылы шешу қажеттігі жатты. Бұл мәселеде бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт қалыптасты. Бір бағытты Ә.Бөкейханов басқарды. Оны жақтаушылар съезде өкілдері болмаған Қазақстанды мекендейтін орыстардың еркін білмейінше автономия жариялауды кідірте тұру қажет деді. Ж.Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері автономияны дереу жариялауды қажет деп санады. Дегенмен ұлттық, жалпыхалықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Ә.Бөкейханов пен Ж.Досмұхамедовтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ, ымыралы келісімге келді. Екі жақтың көзқарастарын жақындатуға алғашында бүкіл қазақ жерін Түркістан (“Қоқан”) автономиясының құрамына енуін жақтаған, ал соңынан бұл пікірінен бас тартқан Мұстафа Шоқай оңды рөл атқарды. Съезд қабылдаған ымыралы қаулының негізгі баптары мыналар еді:
Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса-алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді...
Егер бір айдан кейін Алаш баласы (қазақтар - К.Н.) қосылмаса һәм қалған Алашқа иғлан (жария - К.Н.) етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді.
Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін.
2-бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай біріккен мәлімдемеге қол қойды. Мәлімдеме “Қазақ” газетінің 1917 жылғы желтоқсанның 18-індегі 255-і санында жарияланды.
Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік, терр. тұтастық принциптерін таңдады. Ә.Бөкейханов 2-жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-терр. мемлекетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп кейінірек (1919 жылғы 11-і ақпан) былай деп мәлімдеді: “съездің бұл шешімдері қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады ... Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы — большевизммен күрес тұрды”. Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес үкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Нәтижесінде жеңіске жеткен Кеңес үкіметі Алаш автономиясын және оның үкіметі Алашорданы тарих сахнасынан күштеп кетірді.
Түркістан Автономиясы немесе Қоқан автономиясы — Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұра¬тын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік "еуропалық" ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Сонымен, 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі бас¬қару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.
Достарыңызбен бөлісу: |