45 ХХ ғасырдың басындағы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің маңыздылығын анықтаңыз. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден (Шахмардан) Қосшығұловтың (қосарлас редакторы А. Ибрагимов) бастамасымен “Улфат” газетіне қосымша ретінде “Серке” газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3-4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған. 1907 жылғы наурызда Троицкіде “Қазақ” газетінің бірінші, әрі соңғы нөмірі шықты. Тыйым салынған екінші нөміріндегі “Біздің мақсаттарымыз” деген бас мақалының авторы М. Дулатов еді. Нақ сол жылы қазақ жастарының Томск қаласында “Дала” газетін шығаруды жолға қоймақ болған әрекеті де табысқа жеткізбеді. “Айқап” журналы. Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. “Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М. Сералинге, — делінген құжатта,- Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайын “Эй-кафь” журналын шығаруға рұқсат берілді”. Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армандары орындалды:1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш “Айқап” ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Нақ соның, ал кейініректе, 1913 жылғы 2 ақпанда Орынбор қаласында шыққан “Қазақ” газетінің де тағдырына жалпы ұлттық басылымдар болу жазылған еді. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872-1929) бұрын педагоктік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған. Кеңестік тарихнаманың дегені жүріп тұрған кезеңде көптеген зерттеушілер идеологияға жағынып, М. Сералинді XX ғасырдың басында Оңтүстік Оралдың революцияшыл социалдемократтардың шеңберіне кезігуге тырысты. Мұның бәрі “Айқап” журналын кеңес өкіметі контрреволюциялық ұлтшыл деп айыптаған “Қазақ” газетіне қарсы қою мақсатымен жасалған еді. М. Сералиннің өз айтуына қарағанда, журнал “еңбекші таптың органы болған жоқ. Халықтық болған ол белгілі бір таптық, саяси және экономикалықбағдар ұстанбады ”.“Оренбургский край” газетінің журналды “жергілікті халықтық басылым” деп атағаны кездейсоқ емес. М. Сералиннің сіңірген еңбегін атап өте келіп, зерттеушілер ол “Қазақстанда демократиялық бағыттағы ұлттық журнал шығаруды бірінші болып жолға қойды. “Айқап” журналы білім әлеміне ашылған бір терезе болды”деп атап көрсетеді. М. Дулатов “Оян ” деп қазаққа дабыл қаққаннан кейін М. Сералиннің демократияшыл зиялыларды, либерал-революциялық ниеттегі студент жастарды іс жүзінде топтастырып, олардың назары мен жігерін жалпы ұлттық проблемаларды шешуге шоғырландыра білгенін айту керек. “Айқап” патша өкіметінің реакциясынан кейін қазақ қоғамын оятты, “Қазақ” газеті оның жақсы дәстүрлерін жалғастырып, жаңа биікке көтерілді. Журналдың бірінші нөмірінде М. Сералин оқырмандарға басылымды құрудың ұзаққа созылған оқиғасын түсіндіріп берді: “Біз бір-бірімізді үнемі… кінәлап жүрдік… Басымыз қосылмады. …Біздің қазақтың неше жерден “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды”. “Айқап” журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. “Оқиғалар” айдарынан көрініп отырғанындай, жер-жерден Ташкент, Верный, Шымкент, Әулиеата, Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Маңғыстау, Бөкей Ордасы, Омбы, Қапал, Семей, Аягөз және басқа жерлерден хабарлар түсіп тұрған. “Айқап” журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин “біздің ғасырымыз-ғылымның ғасыры” деп санады. Ол Ш. Марджанидің, Ы.Алтынсариннің ізбасары болды. Жәдидшілдіктің, жаңа әдіспен дауыстап оқытудың атасы И. Гаспринскийді өзінің ұстазы және тәләмгері деп білді. XIX ғасырдың аяғында жәдидшілдік идеялық-саяси ағым ретінде қалыптасты, оның жолын қуушылар жәдидтер (“жаңашылдар”) деп аталды. Жәдидшілдер мұсылман дінінің озбырлығына қарсы шықты, өз халықтарын еуропалық мәдениетке, ең алдымен мектеп пен медреседе еуропалық дыбыстап оқыту әдісіне тартудың жақтастары болды. Жәдид қайраткерлері жеткілікті болғанымен, Қазақстанда жәдидшілдік қалыптаспады. И. Гаспринский ұсынған жәдидшілдік өркениетке жеткізер жолдағы басты кедергі исламның озбырлығы, ортағасырлық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар деп санады. Қазақтардың рухани өміріне ислам ықпалының дәрежесі Татарстан, Башқұртстан, Қырым және Түркістанмен салыстырғанда едәуір әлсіз болды. Қазақстанда ағартушылық қозғалыс ұлттық қайта өрлеу жолындағы басты кедергі отаршылдық деп санады. И. Гаспринский түрік-татар бірлігі туы астында әрекет етті. Ал Қазақстандағы ағартушылар татар және бұхара теологтарының, түркі-татар жазуының үстемдігіне жан сала қарсы шықты. “Шығыстың көрнекті ағартушыларының еңбектері, — деп жазды М. Сералин, — туған халық тілінде оқу мен білім алудың және оны құрметтеудің пайдалы екеніне біздің көзімізді жеткізді”. “Қазақ” газеті. “Қазақ” газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. “А. Байтұрсыновтың шебер басшылығы мен жанқиярлық еңбегінің арқасында,-деп жазды М. Дулатов,-жоқтан барды жасаған деуге болатын және патшалық-полицейлік режимнің ауыр жағдайларында тіршілік еткен газеттің жабылар алдында өз баспаханасы, қағаздың үлкен қоры, шағын кітапханасы болды, таралымы 8000-нан асты”. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстық қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды. “Қазақ” газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, М. Дулатовтың анықтауынша, “қазақ әдеби тілінің мектебін жасаушы”, бірақ ең алдымен –ой өрісі аса кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Азаттық қозғалысының мұраттарына, қазақ халқының топтасуы мен рухани өрлеуі мүдделеріне белгілендік, таңғажайып талант және ғылымның көптеген салаларынан энциклопедиялық білімділік оны ұлт ағартушылары мен рухани аталарының алдыңғы қатарларына шығарды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа “Қазақ” газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. Құлшынған қызба қанды, әсте ымырасыз, жалынды көсемсөзші, топ көрсе қыранша түлейтін ақын М. Дулатов өзінің ерлік және қайғылы тағдырымен көп жағынан XIX ғасырдағы Махамбет Өтемісұлын еске салатын. “Қазақ” газеті 1918 жылы (№ 261-265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты. “Қазақ” газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Ә. Бөкейханов былай деп атап өтті “Жуық арада далада, бәлкім, қазақ арасында белең алып келе жатқан екі саяси бағытқа сәйкес екі саяси партия ұйымдастырылатын сыңайлы. Олардың бірі ұлттық-діни партия деп аталуы мүмкін және де қазақтарды басқа мұсылман халықтарымен біріктіру оның мұраты болып табылады. Басқа бір батыстық бағыт қырғыз даласының болашағы-осы сөздің кең мағынасында-батыс мәдениетін саналы түрде іс жүзіне асыруда деп біледі”. “Қазақ” екінші бағыттың ой-пиғылын көрсетті. Ол тұжырымдамалық проблемаларды көрсеткен кезде соны негізге ала отырып жазды. Ең алдымен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов қазақ халқының өркениет, түрік дүниесі тарихында алатын орнын анықтап берді. Халықты топтпстыру, оның ежелгі мәдениетін және демократиялық Ресей құрамындағы қазақ ұлттық мемлекеттігін қайта түлету проблемалары газет қызметінің өзегіне айналды. “Шаруашылықтағы өзгерістер” деген сериалы мақалаларында А. Байтұрсынов қазақ халқының эволюциясын және мәдениет тарихын көрсетті. “Қазақ” газеті мұсылман діні мәселесі бойынша ғылыми негізделген тактика ұстанды. Ол қазақ халқының артта қалған бөлігінің діншіл екеніне, Алланы және оның “жердегі өкілдері” молдаларды шын жүректен қадірлейтініне көңіл бөлді. Газет редакциясы “мұсылмандар одағының кадеттік бағдар ұстанатынын ескерді. Ә. Бөкейханов пен басқа да авторлар 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін бүкіл Ресейде орын алған қуатты мұсылман қозғалысымен есептесіп отырды. Қозғалыстың қай тапқа жататынына қарамастан, елдегі 20 миллион халық түрінде тірегі болды. Мұсылмандардың бірінші съезінің қарарында мұсылмандардың прогресшіл бөлігі “озық қоғамның мұраттарына” қосылатыны және “орыс халқымен бірдей тең(саяси, азаматтық, діни) құқықтарды” пайдаланғысы келетіні атап өтілді”.Сөйтіп XX ғасырдың басында империяның Қазақстан сияқты алып шет аймағында қазақтар Ресейдің ана тілінде газеттері, журналдары мен кітаптары бар 24 (орыстардан басқа) халқының біріне айналды. Хат-хабарлардың географиясы өте ауқымды болды-мейлінше әр түрлі жанрдағы жазбаша хабарлар келіп түспеген ауылдар мен болыстар іс жүзінде болған жоқ. Демократиялық қазақ баспасөзі революция, Мемлекеттік Дума, оның мұсылман фракциясы, мұсылман съездері туралы, империяның ішкі және сыртқы саясаты, соның ішінде оның отаршылдық саясаты туралы жазды. Ол шет аймақтардың ғасырлар бойындағы ұйқыдан оянып жатқан халықтарының мүдделерін көрсетті, өркениетті дүниежүзілік қоғам жүйесіндегі оның болашағы туралы армандарға берілді. Алда халықтың тұтас ғасыр бойындағы қиын тағдырын белгілеп берген Қазан революциясы, аласапырандар мен өзгерістер тұр еді.