Реформалар екiншi кезеңі (1993-1994):
Екiншi кезең экономикалық дағдарыстың түйiндi кезеңiне айналды, бұл дағдарыс мыналардан көрiндi: Ресей Федерациясымен шаруашылық байланыстардың үзiлуi және осының салдары ретiндегi төлем төленбеу дағдарысы: кәсiпорындардың өзара борыштары 1993-94 жж. және 1995 жылдың басында 634913 млн. теңге болды; инфляция (гиперинфляция) өрши түстi: 1993 ж. тұтыну бағасының индексi 2265% деңгейiне жеттi (Ресей Федерациясының жаңа рублiнiң инфляциясы); өнеркәсiптiң шегiне жете құлдырауы: өндiрiлген ұлттық табыс 1991-93 ж. 1976 жылғы деңгейге дейiн төмендеп, жалпы құлдырау 38,2% болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары басындағы жалпы экономикалық дағдарыс халық тұрмысының күрт нашарлауына әсерiн тигiздi: 1990-1994 жж. аралығында жалпы iшкi өнiм тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша жан басына шаққанда орта есеппен 20%-ға азайып, 4711 АҚШ доллары болды.
Бұл кезеңде халықтың жаппай көшi-қоны өрістеді, ол 1994 ж. терiс сальдоға жеттi (–410387 адам). Осы кездегі реформалар алдына қойған мақсаты аясында мынадай шараларды көздедi: меншiк қатынастарын қайта құру жеке меншiктi заңдастыру жағына ойысты; “рубль аймағынан” шығу және ұлттық валюта-теңгенi енгiзу (1993 ж. қараша); валюта-қаржы және банк жүйесiн өзгерту; инфляция мен бюджет тапшылығын кемiтуге қатысты қатаң шектеу шараларын жүзеге асыру; алтын-валюта сақтық қорларын еселей түсу. Бұл кезеңде үкiмет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдады, ол инфляция деңгейiн азайтуға және өндiрiстiң құлдырауын шектеуге бағытталды. Қаржы секторы беретiн қарыздардың көлемiн шектеуге қосымша несиенiң “бағасын ұтымды ету” талабы, яғни жоғары пайыздық мөлшерлеме белгiлеу қарастырылды.
Бұл шара жекеше жинақ ақшаның өсуiне септiгiн тигiзетiн, қарыз қорларына жұмсалатын шығынның өсуi себептi банк секторының қарыздарына жалпы сұранымды қысқартуға жәрдемдесетiн барынша тиiмдi шаралардың бiрi ретiнде қарастырылды. Мұндай жағдайда ҚР-ның Үкiметi басшылық нұсқамасымен “директивалық” несиелер беру есебiнен кәсiпорындарға талғамалы қолдау көрсетуге тырысты: 1994 ж. оның көлемі 14063,7 млн. теңге болды. Тұрақтандыру бағдарламасы шеңберiнде қолданылып жатқан шараларға қарамастан мемлекеттiң нысаналы несиелерi көбiнесе қайтарылмайтын несиелерге айналды. 1994 жылдың аяғына қарай шамамен 2,3 млн. теңге (яғни бөлiнген несиенiң алтыдан бiр бөлiгi) қайтарылды. Бұл кезеңде жалпы iшкi өнiмнiң серпiнi өндiрiстiң шапшаң құлдырауымен сипатталды, ал 1995 жылдың басына қарай жалпы iшкi өнiмнiң көлемi 1990 жылғы деңгеймен талдағанда 61,4% құрады. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның нәтижесiнде таза жинақ қаражат өндiрiстi тұрақтандыратын әлеуеттi инвестициялар өсуге тиiс едi.
Алайда, жинақ қаражат күткендегiдей өсе қоймады: халықтың салымы небәрi 606,9 млн. теңгеден (1.1. 1994) 1673,5 млн. теңгеге дейiн (1.7.1994) ғана көбейдi, ал банкiлердегi ағымдағы, есеп айырысу және депозиттiк шоттардың қалдықтары тиiсiнше 4154,1 млн. теңгеден 12472,0 млн. теңгеге көбейдi. Сөйтiп, экономиканың нақты секторында орын алған тұрақсыздану өндiрiстiң құлдырауын ушықтыра түстi. Тек 1994 ж. ғана Қазақстан өз өнеркәсiбiнiң ширегiнен астамынан айрылды. Дағдарысты шектеу қатаң экономикалық саясат жүргiзудi талап еттi, соның салдарынан әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрi нашарлады. Қазақстанның экономикалық саясатына түзету енгiзудiң нәтижесiнде экономика дәрменсiздiктен серпiлiп, макроэкономика тұрақтану үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк туды. Бұл кезеңде Қазақстан Халықаралық валюта қорына кiрдi, ол елге дағдарысты еңсеру үшiн нысаналы несие бөлдi.
Реформалар үшiншi кезеңі (1995-1997):
Үшiншi кезеңде макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды, ол қатаң шектеу арқылы инфляцияны төмендетудi көздедi. Тұрақтандыру бағдарламасы мынадай мақсаттарды алға қойды: нарықтық экономикалық институттары мен инфрақұрылымды дамыту; халықаралық стандарттарға сәйкес екi деңгейлi банк жүйесiн жаңғырту, инвестициялық және сақтандыру компанияларын, биржалар мен аудиторлық фирмалар құру; қатаң ақша-несие және тиімді бюджет-салық саясатын жүргiзу; ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына қол жеткiзу; атаулы жалақыны шектеу; берiлетiн несиелердi шектеу және ақша қорының қатаң көлемiн (11722 млн. теңгеден аспайтын) белгiлеу. Бұл кезеңде шет ел капиталы кеңiнен тартылды, рыноктер мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшiн жағдай жасалды. Қолданылған шаралардың нәтижесiнде 1996 жылы теңгенiң валюталық бағамы тұрақтанды (1994 ж. — 1 доллары үшiн 35,76 теңге, 1995 ж. — 60,93 теңге, 1996 ж. — 67,29 теңге), бюджет тапшылығы азайды, өнеркәсiптiң сыртқа шығаруға бағдарланған бiрқатар салаларында өндiрiс жанданды. әлеуметтік саладағы қаржы-экономикалық реформалар қаржы жүгiн республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджетке беру, көрсетiлетiн әлеуметтік қызметтердiң сапасын арттыру, әлеуметтік сала мекемелерiнiң қызметiне жаңа экономикалық бәсекелестiк қатынастарды енгiзiп, дамыту, қаржыландырудың бюджеттен тыс көздерi мен көлемдерiн ұлғайту бағытында оңды өзгерістер мен жаңашылдықтар орнықты.
Қаржы қорларын шектеу жағдайында негiзгi қаржы-экономикалық өзгертулер аралас қаржыландырудың жаңа үлгiсiне көшу негiзiнде қаржыландыру жүйесiн өзгертумен ұштастырыла жүргiзiлдi, мұнда бюджеттен тұрақты қаржы бөлу, сақтандыру жарналары мен жекеше инвестициялар негiзгi көздерге айналды. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 1997 ж. бұрынғы үш жылғы көлеммен салыстырғанда 14,1 млрд. теңге деңгейiне дейiн көбейген. 1997 жылдың бас кезiндегi экономиканың жай-күйiн мынадай факторлармен сипаттауға болады: iс жүзiнде барлық тауарлар мен қызметтердiң бағасы еркін жіберілдә немесе ырықтандырылды, негiзгi заңдық актiлер өзгертiлдi, олар реформаларды жүргiзуге мұрындық болды, сыртқы экономикалық қызмет ырықтандырылды, нарық талаптарына сай келетiн жаңа салық базасы енгізілді, меншiктi қаржы рыногi құрылды, банк жүйесi жаңғыртылды, оның инфрақұрылымы дамытылды; мемлекеттік бағалы қағаздар рыногi орнықты, мемлекеттік меншiктi жекешелендiру жедел қарқын алып көлемі ұлғайды.
Алайда, қатаң ақша-несие, бюджет-салық саясатының экономикалық тұрғыдан тиiмдi нәтижелерiне қарамастан бұл кезеңде халықтың әлеуметтік-демографиялық ахуалы күрт нашарлады: халықтың өсiп-өну деңгейi кемiдi; өмiрдiң ұзақтығы қысқарды; бiлiм сапасы мен деңгейі тарылды; азаматтардың материалдық әл-ауқаты құлдырады: қазақстандықтардың 31%-ға жуығы тұтыну қоржынының ең төмен деңгейiне түсіп күн-көрiс қажеттерiн қанағаттандыра алмады, жұмыссыздық деңгейi екi есеге жуық өскен. Бұл кезеңде бұрынғы әлеуметтік саясат қағидаларын өзгерту қажеттiгi туды: халықты әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік көмек пен қолдауға көшу, сондай-ақ, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қамқорлықты қысқарту қажет болды.
Бұл нарықтық реформалар кезеңiнiң басты жетiстiктерiне келетін болсақ: біріншіден, елде тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай сақталды; екіншіден, ұлттық ақша бiрлiгi енгiзiлдi және дербес ұлттық ақша саясатын жүргiзу мүмкiндiгi туды; үшіншісі, сауда рыногi тұтыну тауарларымен толыса түстi; төртіншісі, республиканың тәуелсiздiгi мәртебесiн дүниежүзілік қоғамдастығы мойындап Қазақстан халықаралық қаржы институттарынан өзіне тиесілі орынды алды. Әлеуметтік-экономикалық шаралардың iске асырылуы Қазақстанда жекеше зейнетақы, сақтандыру және медициналық қорларын құруға жол ашты.
Достарыңызбен бөлісу: |