2. Ұлттық мемлекет құру жолындағы қозғалыстар.
2.1 Қазақстандағы азамат соғысы (қарсыластығы).
Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның құрылуы.
1918 жылдың бiрiншi жартысында Кеңес үкіметінiң iшкi қарсыластығының шиеленiсуi ел iшiндегi азаматтардың қарсыластығына, қарулы ұрыстарға әкелiп соқтырды. Қарсыластықтың негiзi ауыл мен қала, жұмысшылар мен шаруалар арасында болып шиеленiсе түстi. Жұмысшы-шаруалар Кеңестерiнiң орталық пен ел өңiрiндегi үкiмет тiзгiнiн басып алуы, алғашқы кезден-ақ билiктен алыстатылған топтардың қарулы қарсылығын туғызды. Яғни, бүкiл мемлекеттегiдей Қазақстанда да азаматтық қарсыластық қарулы ұрысқа - азамат соғысына әкелдi.
Казіргі Қазақстан өңірінде азамат соғысының оты 1917 жылдың қарашасында Торғай облысының әкiмшiлiк орталығы Орынборда тұтанды. Атаман Дутов басшылығымен мұнда Кеңес үкiметi құлатылып С. Цвиллинг басқарған революциялық комитеттi тұтқындады. Ал 1917 ж. 13 қарашасында Жетiсудың казактары Кеңестермен күресу үшiн әскери үкiмет құрылымын ұйымдастырып, Верныйға осы өңiрдегi ақгвардияшылар мен юнкерлердi топтастыра бастайды.
1917 ж. қарашасында революцияға қарсы ауқымды топ Оралда бой көтерді. Басшылыққа келген әскери үкiмет жергiлiктi Кеңестi таратып, өңiрдегi билiктi қолына алады. Осынау әскери үкiметтер Қазақстандағы революцияға қарсы ақгвардияшылардың басты күшiне айналды. Олар ақгвардияшыл офицерлерге, казак станицалары мен келiмсектер қоныстанған елдi-мекендерiнiң бай-билеушi топтарына сүйенiп, жергiлiктi кадет, эсерлер мен меньшевиктерден, Алаш, Шура-Ислами партиялары басшыларынан, тағы басқа саяси қозғалыстар мен топтар тарапынан қолдау тапты. Мысалы, Атырауда (Гурьев) 1918 жылы 23 наурызда Орал казактары бүлiк шығарды. Бұнда генерал Толстовтың бұйрығымен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесiнiң 9 мүшесi сотсыз атылды. Ал осы жылы наурыз айының аяғында ақ гвардияшылар Алаш Орда өкiлдерiмен бiрiгiп, Орал қаласында төңкерiс ұйымдастырды.
Сайып келгенде, Кеңес үкiметiн құлату үшiн ел iшiндегi ақгвардияшылдармен бiрiгiп алған iрi-iрi дамыған мемлекеттердiң қатысып қолдауымен 1918 ж. жазында азамат соғысы кең көлемде құлаш жайып кетедi. Олардың ең басты, пәрмендi күшi елдiң солтүстiгi мен шығысында, яғни Австро-Венгрия тұтқын солдаттары сапар шегiп бара жатқан бағытында болады. Ciбiрде 1918 жылдың мамырында Антанта елдерiнiң қолдауымен Чехословак әскери тобының офицерлерi бүлiк шығарды. Кейiн олар ел iшiндегi жаңа үкiметке қарсы күштермен бiрiгiп, Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай, Семей қалаларын басып алды. Қ.Сүтiшев, И.Дубинин, П.Калюжная, Қ.Ыдырысов, Қ.Шугаев, П.Салов және басқаларын азаптап өлтiрiп, Өскемен Совдепiнiң төрағасы Я.Ушаковты тiрiлей кеменiң пешінің отына тастады.
Жаңа үкiметке қарсы күштер Самарада ақ гвардияшылар мен әскерлердiң “Комуч” (Құрылтай жиналысының мүшелерiнiң комитетi) “үкiметiн”, Омбыда Колчак бастаған Сiбiр ақгвардияшыларының “үкiметiн”, Каспий сыртқы облысында ағылшындар “үкiметiн” құрды. Краснов пен Деникин соғыс қимылдарын күшейте түстi. 1918 жылы 2 маусымда Орынбор қаласынан Қызыл Армия бөлiмдерiнің кейiн шегiнуіне байланысты Ақтөбе майданы пайда болды. Оның әскери құрылымдарына Қазақстанның оңтүстiгiндегi қалаларда (Ташкент, Шалқар, Қазалы, Перовск /Қызылорда/, Черняевск /Шымкент/, Әулиеата) қалыптасқан шоғырлар келiп қосылды. Оның қатарында негiзiнен ерiктiлер болды.
Әскери мiндет туралы БОАК-тiнiң (Бүкіл Орталық Атқару Комитеті) 1918 жылы 29 мамырда қабылданған жарлығынан кейiн әскери мiндеттi өтеуге еңбекшiлердiң белгiлi жасқа жеткендер шақырылатын болды. 1918 жылдың жазында алғашқы ұлттық әскери бөлiмдер Жетiсуда, Орынборда, Оралда, Батыс Қазақстанда, Бөкей Ордасында ұйымдастырылған. 1918 жылдың күзiнде Бөкей Ордасында қалыптасқан қазақ атты әскер полкiнде Хамит Чурин, Ж.Сарсеков, Х.Ишанов, В.Жәнекешев т.б. азаматтар белсендiлiк көрсеттi.
1918-1919 жж. Торғайда Әлiби Жангелдин және Аманкелдi Имановтың екi атты әскер бөлiмдерiне кiшi буындағы командирлердi даярлайтын оқу тобы, зеңбiрекшiлер тобын, Ырғыз қаласында тағы бiр атты әскер бөлiмiн құрды. Олардың қатарында қазақ жастары мен бiрге бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында Ресейде қалып қойған шетелдiктер венгр, чех, румын, поляк, немiс өкiлдерi де ішінара болған. Осы жылдары Ә. Жангелдин бастаған экспедиция Мәскеуден көп қару-жарақ пен оқ-дәрi жеткiздi. 1918 ж. көктемінде ол ХКК-ның төрағасы В.Ульянов-Лениннен тікелей тапсырма алып жол-жөнекей Астрахань қаласында балық зауытында жұмыс жасап жүрген қазақ жігіттерін қатарына тартып, Маңғыстауға адай руының жігіттерімен қатарын толықтырып Үстүрт арқылы Шалқарға /казіргі Ақтөбе облысы, Орынбор-Ташкент теміржолының торабы/ жетіп, жиналған қару-жарақты аман-есен Ақтөбе майданына жеткізеді. Кеңес үкiметiн жақтаушы күштердiң (Қызыл Армия) 1 және 4-шi бөлiмдерi шабуылға шығып, Бугуруслан, Бұзылық, Қазан, Александров Гай қалаларын азат етіп, Орынбор мен Оралға жақындай түсті.
Жетiсу өңiрiндегi азаматтық қарсыластық жаңа үкiмет жауларының пайдасына шешiлмедi. Бұл бағытта қазан айының екiншi жартысында Қызыл Армия күштерi шабуылға шығып, Абакумовка стансасын ақ гвардияшылдардан босатты. Ақтөбе майданының қарулы күштерi 1919 жылы 22 қаңтарда Орынборды, 26 қаңтарда Орал қаласын азат етiп, Қазақстан және Түркiстан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтiрдi.
Азаматтық қарсыластық толықтай қарулы сипат алғанда, Қазақ жерiнiң көпшiлiгiнде Кеңес үкiметi құлатылған алмағайып жағдайда, Алаш Орда Орынбордағы Дутовпен, Омбыдағы Сiбiр уақытша үкiметiмен және Самарадағы құрылтай жиналысының Комитетiмен (Комуч) одақтасып, Орал мен Сiбiр, Жетiсу қазақтарымен байланысты күшейтiп, Кеңестерге қарсы шығуға дайын отырды. 1918 жылдың маусымында Алаш Орда үкiметi Кеңестердiң мемлекеттiк жүйесiне қарсы бағытталған бiрқатар жарлық шығарады. Бұл құжаттарда Алаш аймағында Кеңес үкiметi жария еткен шешімдер, заң актiлерi түгелдей күшiн жояды деп жарияланып, большевиктер партиясының мүшелерiн қудалау заңды деп табылды.
Алаш партиясының өкілдері Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және бiрқатар әскерилер 1918 ж. шiлде және тамыз айларында Самар мен Омбыда Комуч пен Сiбiр уақытша үкiметтерiнiң әскери ведомстволары өкiлдерiмен кездесiп, Алаш Ордаға көмек беру және оның қарулы күштерiн құру жөнiнде келiссөздер жүргiздi. Алаш Орданың елiмiздiң батысындағы жетекшiлерi ағайынды Досмұхамедовтер таяу уақытта қазақтардың 2 мың адамнан тұратын іскери құрамасын ұйымдастыруға уәде бередi. Казіргі Қазақстан территориясындағы азаматтық қарсыластық Ресейдегi азамат соғысының құрамды бiр бөлiгi едi. Сол себептi де Қазақстан майдандарындағы күрес-тартыстың дамуы мен барысына соғыстың басты майданындағы соғыс әрекеттерiнiң жүрiсi ғана емес, Қазақстанның ақгвардияшылар жаулап алған территориясындағы жаңа билікті қолдаушылар соғысы Қызыл Армияның Шығыс және Оңтүстiк майдандарында шайқасып жатқан негiзгi күштерiнiң күрестерiне біраз тірек болған.
Азамат соғысының нәтижесiне ақгвардияшыларға қарсы халықтың ерікті белсенділігі (партизан) елеулі әсер еттi. Қазақстандағы партизан қозғалысының iрi ошақтары Қостанай уезi, Ақмола, Жетiсу облыстарында болды. Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен Зайсан уездерiнде, әсiресе Зырян, Қатон Қарағай, Шыңғыстау, Шемонаиха болыстарында партизан қозғалысы кең қанат жайып, елдiң едәуiр бөлiгiн қамтыған. Черкасск қорғанысы, Тарбагатай мен Үржардың “Таудың қызыл қырандары” отрядтарының ерен қимылдары Қазақстандағы азамат соғысында елеулi орын алды. Кеңес мемлекетiнiң тарихында 22-і және 25-шi Чапаев дивизияларының қимылы, Орал мен Орынборды қаhармандық пен қорғау елiмiздiң тарихының аса елеулi беттерi болып саналады.
1919 жылы М.В.Фрунзе басқарған Қызыл әскер шоғырлары Қазақстанның солтүстiк аудандарында, ал Чапаев бастаған шоғырлар оңтүстiк-батыс аудандарда соғыс жүргiзiп, Колчак құрамаларының Деникин әскерлерiмен қосылуына жол бермей, оларға күйрете соққы берген. Қазақстанда Колчак әскерiне қарсы көтерiлiс Қостанай уезiнде болды. 1918 жылы желтоқсан айының аяғында Ә.Жангелдин, А.Иманов және Ырғыз шоғырының бiрiккен күшiмен Торғайда Кеңес үкiметi қалпына келтiрiлдi. Бұл кезде Семей, Ақмола облыстарында да партизандық қозғалыстар өрiстедi. Сондай-ақ Жетiсу майданының, солтүстiк-шығыс шебiнде 1918 жылы тамыз және 1919 жылғы қазанның орта кезiне дейiн ақгвардияшыларға қарсы күрес қарқынды жалғасқан.
Шығыс майданындағы Колчак армиясы жеңiлгеннен кейiн Батыс, Солтүстiк, Солтүстiк-Шығыс Қазақстан мен Жетiсуды азат ету міндеті тұрды. Сөйтiп, 1919 жылдың аяғында Қазақстанның негiзгi аумағы ақ гвардияшылардан азат етiлiп, 1920 ж. наурызында азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы ошағы - Солтүстiк Жетiсу майданы жойылды. Кеңес үкiметiне қарсы күштердiң Қазақ елiнiң барлық аймағындағы күйреуi Алаш Орда қарулы топтарының арасында толқулар туып, Алаш милициясының қатарының сирей бастауына алып келдi. Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетi 1919 ж. наурыз айында Алаш Ордаға амнистия (кешiрiм) жарияланғаннан кейiн және Алаш Орда басшыларының бiрi А. Байтұрсынов пен оның жақтастарының үлкен бiр тобының Кеңес өкiметi жағына шығуына байланысты бұл құбылыс өзiнше тоқтамайтын сипат алды. Азамат соғысы аяқталысымен Кеңес үкiметi қайта қалпына келтiрiлiп, 1919 ж. шiлдесiнде РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесiнiң жарлығы бойынша Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi Революциялық Комитет (Ревком) құрылды.
Елiмiздi шет ел басқыншылары мен Кеңес үкiметiн құлатуға ұмтылған күштерге қарсы ұрыстарда М.В.Фрунзе, М.Н.Тухачевский, В.И.Чапаев сияқты қолбасшылар, И.П.Белов, И.С.Кутяков, А.Иманов т.б. талантты командирлер ерен ерлiк көрсеттi.
1918 жылдың орта шенiнде елде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, билеушi партия мен Кеңес үкiметi барлық материалдық қорларды жаңа мемлекеттi қорғауға жұмылдыру және оларды үнемдеп бөлу үшiн экономикада бiрқатар төтенше шараларды қабылдады. Бұл шаралар тарихқа “соғыс коммунизм” деген атаумен енген. Кеңес мемлекетi кезiндегi оқулықтар мен ғылыми зерттемелерде “Ол лажсыз белгiленген, төтенше, уақытша жүргiзiлген саясат болды, бiрақ сонымен бiрге сол жағдайдағы қажет әрi бiрден-бiр дұрыс саясат едi. Ол шаруашылық күйзелiсiнен, экономикалық қоршаудан және жаңа үкiметтi қорғаудың ерекше қиыншылықтарынан туған едi” деген тұжырымдар берiлдi.
Бұл саясаттың тарихи шарттылығы туралы ғылымдағы пiкiрлер сан-қилы. Олар негiзiнде: большевиктер партиясының жетекшiлерiнiң, Кеңес дәуiрiндегi ғылымның, шет ел (Шығыс, Батыс) ғылыми мектептерiнiң, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы ғылымның жаңаша бағалары мен көзқарастары болатын. Бiздiң елiмiздiң ХХ ғасырдағы тарихи жолы аталған пiкiрлердiң арасында әскери коммунизм әдiсiмен бейбiт жағдайда жаңа қоғам құрылысын жүргiзу мүмкiн еместiгiн анықтады. Адамзат тарихындағы тең және бостанды елдiң идеясын iс жүзiнде орындауға алғашқы теориялық пайымдаулар мен тәжірибе жасағандар бұл жөнінде мынадай тұжырым берген:”...амалсыз осыны iстеудiң қажетi де болды: бiз... адам айтқысыз ауыр, сұрапыл соғыс жағдайында өмiр сүрдiк; мұндай жағдайда бiзге экономика жөнiнде де соғыстағыдай қимыл жасаудан басқа ештеңе қалмады”.
Соғыс (әскери) коммунизм саясатын енгiзудегi алғашқы төтенше шаралардың бiрi азық-түлiк мәселесiн шешуге бағытталды. Кеңес үкiметiнiң 1918 жылдың көктемiнде және жаздың басында қабылдаған декреттерi материалдық тұрғыдан қорымды және меншік иемденушi топтардың қолындағы азық-түлiктiң артығын әміршіл жолмен алуды, жалдаушылыққа тыйым салып, халықты бiр орталықтан жабдықтау тәртiбiн белгiлеудi көздеген едi. Сөйтiп, азық-түлiк салғырты енгiзiлгеннен кейiн мемлекет астық дайындауды көбейтуге, майданды азық-түлiкпен қамтамасыз етуге, қала тұрғындары мен азық түлiгi тапшы адамдарды ашаршылықтан құтқару мiндеттерi көзделген болатын.
Соғыс коммунизмі түйінді сипаттары өнеркәсiптi жедел қарқынмен ұлттандыру, оны басқаруды Кеңестер құзырына толық беру, өнеркәсiп ұжымдарын қару-жарақ және қарулы күштіер саласын материалдық жағынан жабдықтап басқа да бұйымдар өндiретiн етiп қайта құру қажет болатын. Кеңес үкiмет бағдарламасы аясында iрi және орташа өнеркәсiптi ғана емес, ұсақ кәсiптi де ұлттандыруға арналған еді. Осындай шара арқылы мемлекеттiң соғыс өндiрiсiн едәуiр көлемде ұлғайтып, қару-жарақ, құрал-жабдық, оқ-дәрi шығаруды арттыруды, материалдық қорларды iшкi және сыртқы жаңа үкiметке қарсыластармен күреске пайдалануына мүмкiндiк беретін мақсатқа оңтайландырылды.
1919 жылғы 29 қаңтарда Халық Комиссарлары Кеңесiнiң қарары бойынша бүкіл елде баршаға бiрдей еңбек мiндеттiлiгi енгiзiлдi. Еңбекке жарамды азаматтардың бәрi тұрақты қызметiне қарамастан, жергiлiктi үкiмет орындары кезек күттiрмейтiн iстер деп есептеген түрлi жұмыстарды атқаруға; жолдарды, көпiрлердi жөндеп қалпына келтiруге, олардың сапасын жарамды етіп ұстауға, отын дайындап жеткiзуге, әскери құрамалар мен жүктердi көлiкпен тасуға міндеттелді.
Ауыл шаруашылық өнiмдерi мен көпшiлiк қолмен iстелiнетiн тауарлар өндiрудiң қысқаруы қала мен ауыл арасындағы экономикалық байланыстардың үзiлуiне әкелiп соқтырды. Рынок қатынастары барған сайын тауар айырбасы сипатына ие болып келе жатты. Жаңа үкiмет жүйесі халықты азық-түлiкпен және көпшiлiк қолданысты бұйымдармен тұрақты, қолжетімді бағамен, ал кейбiр ерекше жағдайда тегiн тауарлармен жабдықтау мақсаты туралы сөзбен жарияланды. Осы жылдары (1918-1920) жалақыны заттай беру және өнеркәсiп бµйымдарын ауыл шаруашылық өнiмдерiне тiкелей айырбастау, тұтыну заттарын бөлудегi теңгермешiлiк экономикалық саясаттың құрамдас бөлiгi болды. Соғыс коммунизм саясаты әуелi Қазақстанның майданнан тыс аймақтарында жүргiзiлдi. Зерттеушілер мен замануи саясаткерлер тұжырымынша сол саясаттың жедел міндеті азық-түлiк салғырты өлкеде жарияланысымен бiрден енгiзу болмаған. Мұның өзi ең алдымен Қазақстанның кеңестiк аудандарында қалыптасқан жағдайдан туған едi. Майдан қоршауында болған бұл аудандардың орталықпен байланысы тіпті нәзік болды. Мұндай жағдайда ауыртпалықтың едәуiр үлесi орта шаруаның мойнына түскен азық-түлiк салғыртын дереу енгiзу мүмкiн емес едi. Олай болса адам құрамы негiзiнен алғанда жергiлiктi шаруалардан құралып, толықтырылып отырған жаңа мемлекеттiк әскери бөлiмдерiнiң жауынгерлiк қабiлетiне ол кері әсерiн тигiзер едi.
Ақ гвардияшылар басып алған аудандарда ескi тәртiптердi қайта орнатқан бұрынғы билік тәртiбiнiң қыспағын көрмеген орта шаруа бұрынғы иемденушi топтардың үгiтiне оңай ерiп кететiн болды. Шаруалар екiнiң бiрiнде мемлекеттiк қысымнан (монополиядан) және тұрақты бағалардан орағытып өтiп, азық-түлiгiн “қара” рынокта өнеркәсiп тауарларына айырбастауды тиімді деп есептеген. Оның үстiне Қазақстанның кеңестiк аудандары астықты аз өндiретiн. Мысалы, Бөкей өңірінде, халықтың денi көшпелi мал шаруашылығымен шұғылданды. Оның солтүстiк аудандарындағы отырықшы орыс және қазақтар орналасқан азын-аулақ елдi мекендерiнде ғана 60 мың десятинадай егiн егiлетiн. Қазақстанның оңтүстiгiндегi шөлейт және құнарсыз жердегi уездерi де ол кезде дәнді дақыл немесе көкөніс егумен жөндi шұғылданбайтын және оны сырттан алатын.
Жетiсу облысында бiраз астық өндiрiлетiн, бiрақ облыстың солтүстiк жағында орналасқан негiзгi астықты аудандары 1918-1920 жылдары өршiген соғыс орталығы болғандығынан, астық өндiруден қол үздi. Бұл аудандар азат етiлген кезде революциялық өзгерiстерге қарсы күштер оларды күйзелтiп, талап-тонап кеткенi сонша, халыққа азық-түлiк пен тұқымдық астық берiп, жедел көмектесу қажет болды. Ал салғырт жөнiнде әңгiме де болуы мүмкiн емес едi.
Торғай және Орал облыстарының Ақтөбе және Темiр уездерi астықпен бiршама тәуiр қамтамасыз етiлген едi. Түркiстан республикасының орындарымен жасасқан шарт бойынша тауар айырбас ретiмен Ақтөбе уездiк азық-түлiк бөлiмi 1918 жылдың орта шенiне дейiн 150 мың пұт астық жөнелттi. Темiр уезiнде 1918 жылдың ортасынан 1919 жылғы наурызға дейiн азық-түлiк орындары 545,4 пұт, ал Ақтөбе уезiнен - 944,1 пұт астық дайындап темiр жол арқылы Түркiстанға жөнелтiп отырған.
Қазақстанның кеңестiк аудандарының Ресей империясының орталығынан шалғай жатқандығы, соғыс қимылдарының шаруашылық өмiрдiң шырқын бұзуы, жекелеген уездер мен облыстардың шаруашылық-экономикалық жағынан дамуының әркелкiлiгi мен өзгешелiгi (көшпелi және жартылай көшпелi мал шаруашылығының басым болуы, бұл жылдары егiннiң аз себiлуi, жер мәселесiнiң шешiлмегендiгi, ұлттық қарым-қатынастардың күрделiлiгi) т.б. себептер Қазақстанда азық-түлiк салғыртының толық көлемiнде майдандар жойылып, астық өндiретiн негiзгi аудандар азат етiлгеннен кейiн ғана, тек 1920 жылдың басынан кейiнгi кезеңдерде iске асырылуына мүмкiндiк болды. Кейбiр уездерде 1919 жылы азық-түлiк салғыртын жүргiзуге әрекет жасалды, алайда оның нәтижесі мардымды болмады.
Мемлекеттiк астық монополиясы, астықтың тұрақты бағасы барлық жерде бiрдей жүзеге асырылмады және ол мүмкiн емес едi. Астықтың негiзгi қорларын иеленушiлер астықты Кеңес азық-түлiк орындарына тұрақты бағалармен тапсыруға мүлде қарсы болды. Олар астығын жасырын түрде жалдаптықпен сатты. Орталықтандырылған жолмен өнеркәсiп тауарлары мен азық-түлiк ала-алмаған халық оларды түрлi саудегер мен алыпсатарлардан алуға мәжбүр болды. Кеңес орындарының жеке меншiк сауданы жоюға ұмтылған түрлi айла-әрекеттерiне қарамастан, бұл сауда жойылған жоқ, әсiресе облыс орталықтары мен темiр жолдардан шалғай жатқан жерлерде кең тараған.
Малы бар азаматтар мен байларға салық салу арқылы, сондай-ақ үдемелi жинау әдiсi бойынша шаруалардың артық малын тәркілеу, салық төлеуден қашып жүргендердiң мүлкiн реквизициялау, малды аудандарда еркiн баға бойынша сатып алу және тауар айырбасы ретiмен тұрақты бағалар бойынша заттай мiндеттiлiктi күшпен орындату арқылы дайындалды. Еңбек ақыны заттай беру өте-мөте шектеулi болды. Негiзгi тамақ өнiмдерi - ет, астық, картоп, қант еңбекшi халықтың әрбiр тобы үшiн таптық белгiсi бойынша шектеулi мөлшерде берiлдi. Бiрқатар уездерде тамақтандыру нүктелерi мен асханалар ашу арқылы ашыққан халықты тегiн тамақтандыруы қолға алынды.
Соғыс коммунизмі саясатының Қазақстанда өнеркәсiптi ұлттандыру және кеңес органдарының қолына шоғырландыру, өнеркәсiп орындарын әскерге арнап қару-жарақ пен құрал-жабдық жасауға ыңғайлау сияқты қысымды шаралар толық көлемде қолданылды. Ең қажеттi өнеркәсiп тауарларына деген тапшылықты iшiнара болса да өтеу үшiн iрi және орташа кәсiпорындар емес, сонымен қатар ұсақ және қолөнер өндiрiсi майдагерлiк кәсiпорындары ұлттандырылды.
Өлке экономикасының аграрлық сипатына, қалалардың экономикалық рөлiнiң мардымсыздығына, өнеркәсiп пен қатынастың жұмыс күшiн қажетсiнуiнiң шектеулiлiгiне байланысты Қазақстанда баршаға бiрдей еңбек мiндеттiлiгi кең қанат жайған жоқ. Ол мұнда баршаға бiрдей және тұрақты сипат алмады, негiзiнен кәсiпорындары бар қалалар мен елдi мекендерде, сондай-ақ темiр жолдарға 25 шақырым өңiрдегi ауылдарда темiр жолдарды жөндеу және түрлі табиғи құбылысқа қарсы шараларға сол жерлгілікті тұрғындар тартылды. Осы жылдары үкiмет мүддесiне халықтың тiкелей еңбек ету және көлiк беру мiндеттiлiгi (отын дайындау және тасып беру, азық-түлiк және басқа жүктердi тасып жеткiзу) де болды. Ал көшпелi қазақтың дәстүрлі өмір жәйі аясында тұрғындар еңбек ету және көлiк беру мiндеттiлгiне бiршама аз тартылды.
Қазақстанның облыстары мен уездерiнде ұлттандырылған кәсiпорындарды басқару үшiн Халық шаруашылығы кеңестерi құрылды. Алғашқы кеңестердiң бiрi 1918 жылғы 16 мамырда Ақтөбе уезiнде қалыптасты. Сол жылғы маусым айынан бастап облыстық халық шаруашылығы Кеңесi Жетiсу облысында, Черняев, Арал, Әулиеата, Қазалы, Перовск және Түркiстан уездерiнде құрылды.
Қорғаныс үшiн зор маңызы бар кейбiр кәсiпорындарда соғыс жағдайындағы тәртіп жарияланды. Жергiлiктi жерлерде халық шаруашылығы Кеңестерiмен қатар әскердi жабдықтау жөнiндегi төтенше комиссиялар құрылды. Олар халық шаруашылығы кеңестерiмен бiрге әскер бөлiмдердi материалдық жағынан қамтамасыз етумен шұғылданды. Шикiзат пен отынды есепке алып, кәсiпорындарды қажеттi материалдармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге тікелей араласты.
1918 жылғы 12 қазанда Түркiстан Халық шаруашылығы кеңесi қорғасын қорыту зауыты мен кен орындарын отынмен және кадрлармен қамтамасыз ету туралы шешiмнiң нәтижесiнде, желтоқсанның бас кезiнде қорғасын өндiрiле бастады. Ақтөбеде, Перовскiде, Верныйда, Қапалда, Гавриловское (Талдықорған) селосында қару жөндейтiн, оқ-дәрi жасайтын, киiм тiгетiн, көлiк әбзелдерi мен ер-тұрман жасайтын шеберханалар жабдықталды. Верныйдағы реквизицияланған шұға фабрикасы тек 1919 жылдың I жартысында әскер үшiн 47 мың кездей шинельдiк шұға тоқыды; қаладағы 7 былғары зауыты жылына 24 мың былғары берiп тұрды.
Cолтүстiк Жетiсу майданының әскерлерiне қажеттi жылқы малын өсiретiн өнеркәсiп иелерiнен тіркіленiп алынды. Бөкей аймағында Царицын майданының мұқтаждары үшiн 1918 жылы тамызда 500 түйе, ал қазанда 1000 жылқы мен 500 түйе сатып алынды. Осы облыста әскердi етпен жабдықтау үшiн тек 1919 жылдың қаңтарында қазақтардан 5 мың бас iрi қара мен 40 мыңға жуық қой “Кеңестер шешiмiмен” деген әміршілдікпен тартып алынды.
Қазақстан территориясы арқылы өтетiн негiзгi темiр жол магистралы - Орынбор-Ташкент жолында соғыс коммунизм саясаты кезiнде 1918 жылғы 22 шiлдеде төтенше жағдайы енгiзiлдi. Майданға жүк, ал Ташкентке, Шымкентке, Қазалыға және басқа елдi мекендерге астық тасуды қамтамасыз ету үшiн сала қызметшілері жолдарды қалпына жөндеп қалпына келтiретiн арнайы топтарын құрды. Олар әскер үшiн бiрнеше бронепоезды мезгiлiнде iске қосуға, кiрiс жолдарын техникалық талаптар арнасында ұстауға елеулі істер атқарған.
Соғыстың аса қиын жағдайларында “соғыс коммунизмі” талабын орындау желеуiмен большевиктер партиясы мен Кеңестер ауылдағы жағдайға- мұндағы өндiргiш күштердi сақтау, аграрлық мәселелердi шешу т.б. аса көңiл бөлдi. Иемденушi топтардың жаппай егiндiк және жайылымдық жерлерi, шабындықтары, құрал-саймандары, жемшөбi, астығы мен малы билік қысымы арқылы мемлекет қорына алынды.
Қоныс аударып келгендердiң тұрағы мен қазақ ауылында жаңа әлеуметтiк құрылым да билік күшімен орнатыла бастады. Қазақстанның бiрқатар уездерiнде ауыл шаруашылығында жаңа әлеуметтік-экономикалық (социалистiк) қатынастар аясында алғашқы ұжымдар құрыла бастады. 1918 ж. шiлде айында Верный Кеңес үкiметiнiң ұйғарымымен Жетiсуда “Новая эра” коммунасы құрылды. Одан кейiн осы өңiрде “Заря”, Карл Маркс, “Единение” деген жаңа типтегі еңбекшілер ұжымдары бой көтерген. 1919 жылдың бас кезiнде облыстағы жүзден астам коммуналар мен артельдерге 4 мыңға жуық шаруалар күштеп тартылды. Бөкей облысында сол кездегi 19 кооперативтiк жер бiрлестiгiнiң 11-не қазақтардың басым көпшілігі күштеп бiрiктiрiлген болатын. Шаруалар мен мүлік иелері арасын алшақтатып, бiрiне-бiрiн қайшы қою саясаты басқа өңiрлерде де өктемдiкпен таратылды.
Сайып келгенде, соғыс коммунизмі саясаты кезiнде қазақ жерi жаңа, әрi көп қиыншылықтар әкелген саяси-экономикалық, әлеуметтiк құбылыстарға толы болды. Осы кезде болашақ Кеңес тоталитарлық басқару жүйесi құрылым негiзiнiң алғашқы тiректерi қалана бастады. Жұмысшы-Шаруа Қорғаныс Кеңесi 1920 жылдың 2 қаңтарындағы губерниялық және уездiк революциялық комитеттердi тарату және бүкiл өкiмет билiгiн Кеңестердiң құзырына үзінді кесінді беру туралы қаулысына сәйкес Қазақ өлкесiнде де революциялық комитеттердiң орнын Кеңестер ала бастады. Осы мiндеттi түсiндiру және оған қалың бұқараны иландыру мақсатымен 1920 жылдың бiрiншi жартысында бүкiл Қазақстан бойынша қазақ халқы өкiлдерiнiң уездiк съездерi өткiзiлдi. Мысалы, Семей уезiндегi қазақ халқы өкiлдерiнiң осындай шарасына 90 делегат қатысқан. 1920 жылғы 11-15 маусымда Маңғыстау уезiнде Бозащы болысының Буракөл деген жерiнде өткен адайлардың, табындардың және олармен бiрге көшiп жүрген басқа да қазақ руларының 1-шi Кеңестiк делегаттық съезiне Маңғыстау мен Темiр уездерiнен және Түркiстан АКСР-iнiң Закаспий облысындағы Красноводск уезiнен қазақтардың мыңға өкiлдерi қатысып жаңа билік және кеңестік реформалар туралы ой-пайымдарын талқылаған.
Революциялық комитеттерден Кеңестерге көшу ең алдымен Орал облысында басталды. 1920 жылғы қаңтардың бас кезiнде Орал уезiнiң 22 болыстық, станицалық, ауылдық және селолық Кеңестерi сайлауы өтiп, болыстық Кеңестердiң құрамына 101, ал ауылдық Кеңестерге 396 депутат сайланды. 1920 жылдың шiлдесiнде Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерiнiң көп жерiнде селолық, ауылдық және болыстық Кеңестер сайланды. Сол кезден бастап-ақ большевиктер партиясы демократия мен теңдiк идеяларына сүйеніп, Кеңестер құрамының басым көпшiлiгiне тек қана өз партиясының мүшелерiн сайлау талабын ашық жариялаған.
Негiзiнен 1920 жылғы жаздың аяғына қарай жергiлiктi жерлерде мемлекеттiк өкiмет органдарының бiрыңғай жүйесiне көшу аяқталды. Революциялық комитеттер төтенше органдар ретiнде өз мiндеттерiн атқарғаннан кейiн орнын конституциялық органдарға - Кеңестерге бердi. Ерекше жағдайға байланысты Адай уезiнде және Жетiсуда революциялық комитеттер сақталып қалды. Қоғамдағы Кеңестер рөлiн өктемдiкпен күшейтумен қатар большевиктер партиясы ұйымдастыру және саяси билiктi өз қолына алуды да назардан тыс қалдырған жоқ. Көптеген маман зерттеушілер осы тарихи оқиғалардың бәрi қазақ жерiнде кеңестік мемлекеттiк құрылыстың орнауына негiзгi себепкер болды деп есептейді.
Кеңестiк Қазақ мемлекетiнiң қалыптасуы мен нығаю мәселесi РКП(б) Орталық Комитетiнде, Саяси бюроның мәжiлiстерiнде, Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетi мен Халық Комиссарлары кеңестерiнде жиі талқыланды. 1920 жылғы 25 тамызда Облыстық бюроның және Қырғыз революциялық комитетiнiң төрағасы болып В.А.Радусь-Зенькович тағайындалды. Осы жылы қазақ еліне Ресей орталығынан ұйымдастырушылық және мол тәжiрибесi бар деген ұсыныспен жүзге тарта қызметкерлер жiберiлдi. 1920 жылғы 26 тамызда “Автономиялы Қырғыз (қазақ) Социалистiк Кеңес Республикасын құру туралы” тарихи Декрет жарық көрді. Онда ”Ресейдiң бiр бөлегi ретiнде Автономиялы Қырғыз Социалистiк Кеңестiк Республикасы құрылсын” деп жазылған болатын.
Қазақ республикасына (1917 жылға дейiнгi әкiмшiлiк шекараларда) Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғыстау уезi, Закаспий облысының Красноводск уезiндегi 4-шi және 5-шi Адай болыстық, Астрахань губерниясындағы Синемор болыстығы, Бөкей ордасы (Бөкей даласы), 1-шi және 2-шi Приморье округтарына шектес, қазақтар қоныстанған бұрынғы қазыналық оброктық жерлердiң территориясы қайтарылды. 1920 жылғы 22 қыркүйекте Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетiнiң жаңа декретi бойынша КАКСР-iнiң құрамына Орынбор губерниясы қосымша енгiзiлiп, ал Орынбор қаласы республиканың астанасы болды. Декретте: «Қазiр Түркiстан республикасының құрамына кiретiн Қырғыз территориясын Қырғыз республикасының құрамына енгiзу осы облыстар халқының еркi бойынша жүзеге асырылып отыр» былай деп айдан анық жазылған.
Қазақстанның екi соғыстан кейiн күйзелiске ұшыраған экономикасы үшiн декреттiң “Қазақ АКСР-i барлық қажеттi қаржы және техникалық құралдармен РСФСР-дiң қаржысынан жабдықталады” деген бөлiмiнiң өте-мөте зор маңызы болды. 1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында В.А.Радусь-Зеньковичтiң төрағалығымен ҚАКСР-iнiң әлеуметтiк топ өкiлдерiнiң Құрылтай съезi ашылды. Съезге Қазақстанның барлық облыстарынан 273 делегат және Алтай губерниясы қазақтарының атынан 6 делегат қатысты. Делегаттардың iшiнде 128 қазақ, 127 орыс, басқа ұлттардың 18 өкiлi, 197 большевиктер партиясының мүшесi және 4 тiлектес болды.
Кеңестердiң Құрылтай съезi қабылдаған “Қырғыз (Қазақ) АКСР-i еңбекшiлерi праволарының Декларациясы” оның аса маңызды тарихи актiсi болды. Онда Қазақ ұлттық кеңес мемлекетiн, РСФСР-ге бiрiккен Кеңестiк республикалардың ерiктi федерациясына (одағына) автономия ретiнде кiретiн қазақ халқының түрлi әлеуметтiк топтарының депутаттары республикасын құрудың негiзгi принциптерi белгiлендi. Тарихи құжатта Кеңестердiң таптық мәнiн белгiлеп, оны “Бүкiл өкiмет-заң шығарушы, атқарушы және бақылаушы өкiмет-бүтiндей және тек қана еңбекшi халықтың қолында болуға тиiс”,- деп жазылған еді. Кеңес үкiметiнiң Қазақстандағы негiзгi мiндетi “адамды адамның қанауын және қоғамның таптарға бөлiнуiн толық жою”, “қоғамның социалистiк ұйымын орнату” деп жарияланды.
Декларация ұлттық езгi мен құлдыққа қарсы үзiлдi-кесiлдi кереғарлығын жариялап, Кеңес өкiметi жариялаған халықтардың тең құқылығы, өзара сенiмге, барша еңбекшi-халықтың таптық мүдделерiнiң ортақтығын түсiнуге негiзделген, олардың тығыз топтасу және туысқандық ынтымақтасу принципiн жария еттi. Декларация азаматтардың құқыларын: Кеңестердi сайлау және сайлану құқын, нәсiлдiк және ұлттық тегiне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқылығын, әйелдердiң теңдігін, сөз, жиналыс, баспасөз, ұждан бостандығын қуаттап, баянды еттi. Азаматтардың бейбiт жағдайда еңбек ету, ал соғыс болған жағдайда Отанды қолына қару ұстап қорғау мiндеттерi де белгiлендi.
Кеңестердiң Құрылтай съезi жер мәселесi жөнiнде, экономикалық құрылыс туралы, халыққа бiлiм беру, денсаулық сақтау жөнінде шешiмдер анықтады. Бұл шешiмдер қоғамды билеушi партия жетекшiлерiнiң пайымдауынша қоғамдағы әлеуметтiк топтардың ара-қатынасын нығайтып, жалпы халықтардың достығын қалыптастыру делiнген.
12 қазанда Кеңестердiң Құрылтай съезi құрамында 76 мүшемен 25 үмiткер болған Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетiн сайлады. Комитет құрамына А.Д.Авдеев, Ә.Әйтиев, И.А.Акулов, А.М.Әлiбеков, С.Д.Арғыншиев, Ә.Т.Жангелдин, И.Ф.Киселев, Г.А.Коростелев, С.Меңдешев, В.А.Радусь-Зенькович,М.Т.Ряхов, С.Сейфуллин, П.Я.Струппе және басқалар ендi. Орталық Атқару Комитетiнiң Президиумында 10 мүше мен 5 үмiткер болды: С.Меңдешев (төраға), В.А.Радусь-Зенькович, Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, И.Ф.Киселев ж.б. Орталық Атқару Комитетi республиканың Халық Комиссарлары Кеңесiн құрды, оның төрағасы болып В.А.Радусь-Зенькович сайланды. Уақытша басқару органы болған Қырғыз революциялық комитетi өзiнiң барлық өкiлеттiлiктерiн Қазақ АКСР-iнiң үкiметiне бердi.
Достарыңызбен бөлісу: |