Қазақстанның казіргі заманғы тарихы


ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік реформалардың Қазақстандағы қайшылықты салдарлары



бет12/69
Дата08.05.2020
өлшемі0,57 Mb.
#66599
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69
Байланысты:
HystoSovrKz (1)

5. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік реформалардың Қазақстандағы қайшылықты салдарлары.

5.1. Жеке басқа табынудың «шарықтауы» және «жылымық».
XX ғасырдың 50-шi жылдарында кеңес елiндегі қоғамдық-саяси ақуал адамдар арасындағы қатынастарға қатаң бақылау орнату, коммунистiк идеологияның ықпалын күшейтiп, оған жат көзқарастармен шексiз күрес жүргiзу және демократияны барынша шектеумен сипатталды. 20-шы жылдарда билік арнасына түбегейлi орнаған әмiршiл-әкiмшiлiк жүйе 50-шы жылдардың бас кезiнде өзiнiң шарықтау шегiне жеттi. Елде И.В.Сталиннiң жеке басына табынушылық бел алып қоймай, тiптi бүкiл саяси партия басқарушылық буындарының жетекшiлерiнiң өзi ерекше бағаланатын болды. Мұндай келеңсіз жағдайлар республиканың қоғамдық-саяси жағдайына терiс әсер етiп, ауыр зардаптарға ұшыратты. Даңғаза саяси айдар таңуды пайдаланған әртүрлi ұрандардың көлеңкесiнде заңдылық бұзылып, өкiмет билiгi терiс қолданылып жатты. Cөйтiп, осы кезге дейiн үлкен үмiт, сенiм, болашағы патриоттық сезiмге мол саяси жүйе өзiнiң iштей дамуының қабылетсiз екенiн қалың бұқараға таныта бастады.

Бұл кезеңде билеушi саяси буындарының жетекшілік сипаты олардың қоғам өмiрiнiң барлық жақтарына тiкелей, таза әмiршiл-әкiмшiлдік арқылы жүргiзiлдi. Мемлекет билігін өз қолына толық алған коммунистiк партия елдегi бүкiл шаруашылық, саяси-ұйымдастырушылық және заңдылық билiктi өзiнің қолына ұстап, барлық мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдарды дербестiгiнен айырды. Кеңес қоғамының (қазақ елiнiң) сол кезеңдегі жоспарлары өркениет арнасының демократиялық іс әрекетіне қайшы, тоталитарлық құрылымға үйлесiп жатты. Дегенмен, соғыстың барлық қайғысы мен қуанышын басынан өткiзген халық соғыстың алдындағы кезеңдегiдей емес, өзгерген едi. Бейбiт көңiл-күй жағдайында халықтың психологиясында қоғамдық құндылықтарды қайта бағалау құбылыстары жүрiп жатты. Қоғам мен партиялық-мемлекеттiк басшылықтың әкiмшiлiк-әмiршiлдiк саясатының арнасындағы арта түскен қарама-қайшылық, соғыстан бейбiтшiлiкке көшу кезеңiнiң нақты көрiнiсi болды. Осы жағдайда әлеуметтiк жаңғырудың iске асуына сiрескен қоғамдық-саяси құрылым кедергi жасады. Оның үстiне бұрын-соңды кездеспеген қауырт және ауыр соғыста жеңiске ауқымды ұйытқы болған әртүрлi буындағы басшылардың көпшiлiгiне басқарудың әкiмшiлiк тәсiлдерi мiнсiз, ақиқатты деген ой-өрiс психологиясы да терiс әсерiн тигiздi.

Осындай 1917 ж. революция қойған басты мақсаты демократияға жәйсіз билiктiң нәтижесiнде елде көптеген адам құқына қайшы, заңсыз шаралар жүзеге асырылды. 1944 жылы 26 тамызда немiстердiң пайдасына жаппай сатқындық жасағаны үшiн шешендердi, ингуштердi, қырым татарларын жер аудару, шешен-ингуш автономиясын жойып, Қырым татарлар республикасын облыс статусына түсiру, сондай-ақ қалмақтар, қарашайлар, балқарлар, Едiл бойындағы немiстер қоныстарынан “немiс басқыншылары мен байланыс жасағаны үшiн” 1944 жылы күштеп көшiрiлген болатын.

Бұл шаралар И.Сталиннiң орыс халқы жөнiндегi салтанатты жиында айтқандарынан кейiн, тарихтағы орыс халқының Кеңес мемлекетiндегi рөлiн қайта қарауға бағытталған белсендi жұмыстың қызу жалғасы едi. Шамамен осы кезеңнен бастап теорияда және ресми идеологияда (насихатта) адамзатты дамытуға орыс халқының қосқан тарихи үлесiнiң прогрессивтiк жақтарын баса көрсетуге толық жол ашылды және оның орындалысы саяси бақылауға алынды.

Революцияға дейiнгi Ресей отар халықтардың ордасы емес, халықтар достығының ұйытқысы ретiнде бейнеленіп суреттеле бастады, тiптi халықтардың ауыз әдебиетiндегi ата-бабадан қалған мұраттарын, оның iшiнде қазақтың “Қорқыт ата”, “Алпамыс”, “Ер сайын”, “Шора батыр”, қырғыздың “Манас” т.б. сол сияқты эпостарын ашық көрсетуге тиым салынды. XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы Кавказ халқының бостандығы жолындағы күрестiң жетекшiсi болған Шамил “ағылшын шпионы” деп жарияланды. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Кеңесары Қасымов өз басының қамы үшiн хан болуды көксеген бүлiкшi деп танылып, ол бастаған қозғалыстың халықтық сипаты жоққа шығарылды. Оған кешегi заманда билеушi топтардың аяғына жығылып, қазақтың қаймағы болған қасиеттi ұлдарын жамандауға тайынбаған жiгерсiз қасиетсiз, жалған оқымысты, жағымпаз “ғалымсымақтар”, өз ортамыздан өзеуреп шыққандар көмектестi. Олар 1950 жылы 26 желтоқсанда “Правда” газетiнде “Қазақстан тарихының мәселелерi маркстiк-лениндiк тұрғысынан жазылсын” деген мақала жариялап, қазақтың көрнектi тарихшысы Е.Бекмахановқа “Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген еңбегiнде буржуазиялық-ұлтшылдық мәселесiнде өрескел тарихи қателiктер жiбердi деген айып тақты.

Е.Бекмахановпен бiрге республиканың көптеген қоғамтанушы ғалымдары мен көрнекті жазушылары Бекежан Сүлейменов, Есмағамбет Исмаилов, Қажым Жұмалиев, Хамза Есенжанов, тағы басқалар қудаланып, Солтүстікке, Сібірге жер аударылды. Ұлт саясатындағы жүгенсiздiк, жеке адамның, ұжымдық шығармашылық жаңашылдығына тұсау салу соғыстан кейiнгi кезде өрши түстi. Космополитизмге қарсы деген желеумен шетелдiк авторлардың шығармаларын бастыру, оларды сахнаға шығару, тiптi шетелдiк тауарлармен әуестенуге дейiн айыпталды. Сол жылдары осы мәселе партия ұйымдарының жиналыстарында міндетті талқыланып, зиялы қауымның көптеген өкiлдерi қудалауға түсті. Осындай желеумен сынға ұшырап, қуғынға түскен Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов республикадан кетуге мәжбүр болды. Жаратылыстану ғылымының маңдай алды эерттеушiлерi патриоттық сезiмнен ада болған коcмополит деп айыпталды.

Соғыстан кейiнгi жылдары бейбіт өмір жәйіне ұмтылған қоғамда өзгерiс қажет деген ой-өрiстi, әкiмшiлiк жүйе идеологиялық және қудалау сипатындағы бiрсыпыра шаралардың көмегiмен тұншықтыра бiлдi. 50-шi жылдар КСРО мемлекеттiк қауiпсiздiк министрлiгiнiң жетекшiсi Л.П.Берияның қылмысты iс-әрекетiн үзiлдi-кесiлдi тоқтату, қоғамдық өмiрдi демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. КСРО-ны 30 жыл бойы басқарған И.Сталин дүние салысымен (1953 ж. 5 наурыз) жеке адамға табынушылықтың зардаптарынан арылып конституциялық заңдылықты қалпына келтiруге бағытталған бiрсыпыра шаралар iске асырыла бастады. Бiрақ “халық көсемiнiң” қазасы әмiршiл-әкiмшiлдiк саяси жүйеге аса маңызды өзгерiстер әкеле қойған жоқ деген ұстанымда болды.

1956 жылы ақпан айында билеушi партияның ХХ съезiнде И.Сталиннiң жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, елдегi демократияны өрiстетудiң қажеттiлiгiн қолдап алғашқы шараларды құптады. “ Жылымық жылдары” деген атпен тарихқа енген 50-шi жылдардың екiншi жартысынан бергі кезеңде көптеген игi iстер атқарылды. Басшылықтың ұжымдық негiздерi енгiзiлiп, әкiмшiл-әмiршiл басқару жүйесi босаңси бастады. Қағазбастылық, шексіз жиналыс, мәнсіз мәжiлiстер өткiзумен әуестенушiлiкпен күрес күшейдi. Ұлттық республикалардың құқығы кеңейтiлiп, ондағы жiберiлген бұрмалаушылықтар түзетiле бастады. Кеңестердiң рөлiн нығайтуға жаңа қадамдар жасалды. Кеңес мемлекетiнiң тарихын ақиқат арнасында қалың бұқараға баяндау, халықтардың өткен-кеткенiн сараптап сын көзбен қарау мүмкiндiгiне біртіндеп жол ашыла бастаған.

ХХ ғасырдың екiншi жартысының алғашқы жылдарынан бастап бүкiл елде, оның iшiнде Қазақстанда iске асырылған экономикалық, әлеуметтiк және идеологиялық шаралар нәтижесiнде дамудың бiршама көкжиектерi ашыла бастады. Бiрақ ол мүмкiндiктер толығынан пайдаланылмай қалды. Егерде объективтi заңдылық тұрғысынан сараптайтын болсақ, дәл сол жылдары жаңалықтар толығынан өмiрге енiп кетуi мүмкiн емес те едi. Сол жылдары КОКП-тың Орталық Компартиясының Н.Хрущев бастаған ой-өрiсi қалыптасқан саяси басшылардың, тiптi қандай идеалды жағдай болмасын елге радикалды өзгерiстер әкелуi қиын едi. Мысалы, экономиканы басқару iсi ойдан шығарылған әрекеттердiң ырқына түсiп кеттi. Ел басшылығының жеке тұлға пішімінен шыққан идеялары мен әрекеттерi қоғамның берекесiн кетiре бастады. Өркөкiректiк, жалған уәделер мен негiзсiз болжамдар мен тұжырымдар сөз бен iстiң арасын алшақтата түстi.

Жергiлiктi билеушi орындардың қызметiнде әсiресе жылтырақтық, өркөкiректiк, көзбояушылық, даурықпалық сияқты ұнамсыз жайлар кең орын алды. Аймақтық өнеркәсiптiк, ауыл шаруашылық басқармаларын, ауыл шаруашылығы жөнiндегi партия комитеттерiн құру негiзсiз болып шықты. Әр алуан штаттан тыс саяси комиссиялар құрумен әуестену кең өрiс алып, мұның өзi қызметкерлер мен еңбек адамдарын өндiрiстегi тiкелей жұмысынан алаңдатуға, оларды бекер әуре-сарсаңға түсуге ұрындырды.

Аталмыш жылдардағы саяси-қоғамдық өмiрдiң ерекше белгiсi, оның қайшылығы мен жеке адам басына табынуды жою iс-қимылдарының нақты жетiстiктерi, экономикалық дамудың белгiлi бiр табыстары және қияли, іс жүзінде мүмкін жоспарлар, қоғамдық өмiрдi демократияландыруға қадамдар жасауы Н.Хрущевтiң өзiнiң жеке басына табынудың күрт күшеюi сияқты қайшылықтар көрiнiсі орын алды. Мәселен, КОКП-ның III-шi Бағдарламасы туралы баяндай келiп ол:” Бұл коммунизмнiң материалдық-техникалық базасын салу бағдарламасы, бұрынғылардан оның өзгешiлiгi - ... бұл кезеңнiң соңында коммунизмнiң базасы жасалып бiтедi, сөйтiп кеңес адамдарының казiргi ұрпағы коммунизм тұсында өмiр сүретiн болады”,- деп мәлiмдедi. Өмiрдегi қиындықтар - уақытша жағдай, 20 жылдан кейiн кеңес адамдарын тек жақсы өмiр ғана емес, коммунизмнiң басталуы күтiп тұр деп дәмелендiрдi.

60-шы жылдардың басында өнеркәсiп пен құрылысты экономикалық аудандардың халық шаруашылығы кеңестерi арқылы басқару жүйесiнiң кемшiлiктерi бiрте-бiрте айқындала бастады. Өнеркәсiптi басқаруда халық шаруашылығы кеңестерiнде толып жатқан жаңа бөлiмдердiң құрылуы өнеркәсiп салаларының бөлшектенуiне әкелдi. Өндiрiстi басқарудың жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың түрлерi мен әдiстерi елдiң өндiргiш күштерiнiң жаңа, неғұрлым жоғары дәрежесiне сай келмедi, олардың дамуын тежедi.

Осы жылдары аграрлық ғылымның тұжырымынша ауыл шаруашылығын дамытудың үлкен мүмкiндiктерi болды, бiрақ ол дұрыс пайдаланылмады. Қазақстанда қоғамдық және жеке мүдделердi ұштастыру, ұжым еңбеккерлерiнiң егiншiлiк пен мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудi арттыруға деген материалдық ынталылығы негiздерiнiң бұзылуына жол берiлдi. Жоспарлауда және ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыруда елеулi кемшiлiктер мен өрескел қателіктер жiберiлдi.

Елдегi аграрлық саясатқа тың және тыңайған жерлердi игеру үлкен әсерiн тигiздi. Дегенмен, бос жер көлемiнiң азайтылуы тың жерлердегi егiншiлiктi жүргiзу жүйесiне зиянын тигiздi, егiс көлемдерiнiң қалыптасқан құрылымы бұзылды. Осының барлығы бұл өңiрдегi тек дәндi-дақылдар өндiру емес, жалпы қазақтардың кәсiп еткен дәстүрлi мал шаруашылығын да әлсiреттi.

Тың жерлердi игеру қарсаңында партия ұйымының немесе партия мүшелерiнiң пiкiрi анықталмай Қазақстан Компартиясының VII съезiнде Ж.Шаяхметовтың орнына республика билеушi партиясының бiрiншi хатшысы болып П.К.Пономаренко, хатшысы болып Л.И.Брежнев (XI.1954-VII.1955 жж.) Кремльден жіберілген еді. Осыдан кейiнгi он жыл бойы Қазақстанның саяси басшылары қолғаптай ауыстырылып отырды. П.К.Понамаренконы ауыстырған Л.И.Брежнев (VII.1955-III.1956 жж.) Мәскеуге жоғарылағаннан кейiн оны Д.Яковлев (III.1956-XII. 1957 жж.), ол түсiрiлгеннен кейiн Н.И.Беляев (XII.1957-XII.1960 жж.), оны ауыстырған Д.А.Қонаев (XII.1957-XII.1960 жж.), одан кейiн Н.Хрущевтiң ұсынысымен И.Юсупов (XII.1962-XII.1964 жж.) басқарды. Бас аяғы сегіз жылдың ішінде Республикада алты басшы ауыстырылған, сонда әрқайсысы бір жыл билік құрған. Мұндай билеу стилі Қазақстанның қай жағынан болса да дамуына зиянын тигізді. Осы жылдары Қазақстанның жоғарғы билік орындарында Мәскеу алтын және құнды металл институтын үздік бітірген аламатылық Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев өзінің кәсіби шеберлігімен танылды. Ол 1964 жылдың желтоқсанынан 1986 жылдың 16 желтоқсанына дейiн Қазақ елiн және оның Компартиясын басқарды.

Д.А.Қонаев республика экономикасы мен мәдениетiн өркендетуге елеулi үлес қосты, оның тұсында Қазақстанның Одақ бойынша алған орны биiктен көрiндi. Әрине, бұл жылдарда да жершiлдiк, жең ұшынан жалғасу, басқару орындарға тамыр-таныстықпен тағайындау, билеушi партия мен үкiмет орындарында өркөкiректiк, өрескелдiктер де ауқамды орын алды.

XX ғасырдың екiншi жартысында Қазақстан өндiрiс және соғыс қаруының көптеген жаңа түрлерi мен технологиясын сынайтын алаңына айналды. Гидропоникалық әдiспен өсiмдiк өсiру, жүгерi егу т.б. осы сияқты тәжiрибелер Қазақстан шаруашылықтарында байқаудан өттi. Республиканың оңтүстiктегi кейбiр аудандары көршiлес республикаларға берiлдi, өлкелер құрылды, қалалардың аттары өзгертiлдi. Н.Хрущев ел басқарған кезiнде қазақ зиялыларының жағымпаз, жарамсақтарын шешушi буындарға орналастырып, олар арқылы қазақ атаулыны мәңгүрттендiрiп, ұлы державалық, отаршылдық саясатын санасыздықпен интернационалдық, ұлттық теңдiктi, достықты жандандыра отырып қазақтардан бiрыңғай коммунистiк ұлт шығаруды армандады. Н.Хрущевтiң жолсыздықтары мен жөнсiз қылықтарын ашық айтпаса да халық оған наразы болды.

Cайып келгенде, елдiң экономикасын жаңа сатыға көтеру, халық шаруашылығын басқару, өндiрiстi жоспарлау мен ынталандыру жүйесiн түбегейлi жақсарту қажеттiгi пiсiп жетілiп келе жатты. Экономикалық мәселелердi шешуде субъективизмдi, волюнтаризмдi жою қажеттiгi барған сайын айқындала түстi. Cондықтан 1964 жылдың қазанында КОКП ОК шешiмiмен Н.Хрущев партия басшылығынан зейнеткерлікке жіберіліп, оның орнына Л.И.Брежнев сайланды. Кеңес өкiметiнiң басшысы етiп КСРО Жоғарғы Кеңесi А.Н.Косыгиндi тағайындады.

Аталған басшылардың есiмдерi Кеңес мемлекетi және Қазақстан тарихындағы елдiң экономикалық құрылымын өзгертуге бағытталған қадамдармен тығыз байланысты. Бірақта, олардың 1962-1969 жж. реформалық талпыныстары iс жүзiнде экономикада iрi батыл қайта құрылыстар жасауды қамти алмады. Сараптаушы-мамандардың тұжырымынша, реформа концепциясы жеткiлiктi ойланыстырылмай құрылған және бiрiн-бiрi жиi ауыстырып отырған елеулi тұрақсыздық, тұрмыс дәрежесiнiң және әлеуметтiк кепiлдiктердiң әлсiреуiн туғызды.

Нақтылы өмiр көрсеткендей, реформалық шаралардың экономикадағы сәтсiз талпыныстары, өндiрiс күштерiнiң тиiмсiз орналастырылуы, халық шараушылығын басқару жүйесiнiң атүстi және жиi өзгертiлуi республиканың экологиялық жағдайына және халықтың денсаулығына терiс әсер етті. Елдiң өнеркәсiптiк аймақтарында, әсiресе Атырауда, Ақтауда, Ақтөбеде, Өскеменде, Шымкентте, Таразда табиған ластанып экологиялық жағдай өзекті мәселеге айналды. 1948-1965 жж. аралығында Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйiскен шекаралас жерiне ядролық қаруды, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының жерiнде қару-жарақтарды сынайтын полигондар, ал Қызылорда өңiрiнде Байқоңыр космодромы бой көтердi.

Ядролық қаруды тұңғыш сынау 1949 ж. 29 тамызда өткiзiлдi. Ал 1989 жылдың 19 қыркүйегiне дейiн қуаты бiрнеше тоннадан 150 килотоннамен өлшенетiн 343 сынақ жасалды. Ғалымдардың пiкiрiнше ядролық жарылыстар жасалған жылдары Семей қаласының, Павлодар және Қарағанды облыстарының шекаралас аудандарының және РСФСР-дiң Алтай өлкесiндегi кейбiр аудандарының тұрғындары радиациялық сәулеге шалынды емдеуге келмейті сырқаттарға шалынған.

Денсаулық сақтау мекемелерiне иондандырушы радиацияға байланысты рак, лейкоздан және басқа аурулардан дүниеден озған адамдардың шын диагнозын қоюға тиым салынды. КСРО Денсаулық сақтау министрлiгi бұл дәрiгерлiк тексеру жүргiзудiң қорытындыларын жария етуге қатал тиым салды, ал әскери дәрiгерлер алған нәтиже-мәлiметтер құпияда сақталып, ядролық полигонның қызметi келтiрген зиянның бәрiн жасырып келдi. Радиацияға ұшыраған адамдардың денсаулығын iшiнара зерттеу тек 1962 жылдан ғана басталды.

Адамдардың денсаулығына деген мұндай көзқарас, полигонға жақын тұратын қазақтарды бұдан бұрын кездеспеген ауруларға шалдықтырды. Cәуле ауруының күрделi түрлерi Семей облысы Абай ауданының, Қарағанды облысы Егiндiбұлақ ауданының тұрғындары арасында жиi кездесетiн болды. Полигонның халық денсаулығына тигiзiп жатқан әсерiне абыржыған жеке дабылдарға билеушi орындар құлақ салмай, ешқандай мән бермедi. 1969-1970 жж. Маңғыстау облысының жерiнде халықтан жасырын жер астында үш рет ядролық жарылыс жасалды. Жерасты жарылыстары таулы жыныстарда да жасалды.

Қазақстан өндiрiсi жәйі. ХХ ғ. 50-70-шi жылдары республиканың халық шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту, шаруашылық айналымға жаңа қорларды қосу, өндiрiстiң техникалық дәрежесiн арттыру бағытында ауқымды iстер тындырылды. Бiрақ жеңiл және тамақ өнеркәсiп салаларына тежеу жасалып, шикiзат және отын өндiретiн салалар жедел қарқынмен дамытылды.

1951-1955 жж. өнеркәсiпке жұмсалған қаржының жалпы көлемi 1941-1950 жылдарға қарағанда 2,3 есе артық болды, ал өнеркәсiптiк күрделi құрылыста тек 1960 жылдың өзiнде ғана, бүкiл төртiнiшi бесжылдықта осындай құрылысқа жұмсалған шығыннан 1,4 есе дерлiк артты. 700-дей кәсiпорын iске қосылды. Олардың iшiнде Өскемен қорғасын мырыш, Жезқазған, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаттары, Ертiс өзенiнде Өскемен су-электр станциясы, Бұқтырма су-электр станциясының бiрiншi кезегi, Қарағанды 2-жылу электрстанциясы салынды. Жаңа көмiрлi аудандар (Саран, Шерiбай-Нұра, Шахан) игерiлдi, Екiбастұз кенiнiң құбырлары қатарға қосылды. Алайда осындай қарқынның көлеңкесiнде электр қуатының желiлерi мен оны бөлу орындары құрылысы күрт артта қалды, мұның өзi республика көлемiн электр қуатымен қамтуға кедергi болды.

Осы қарқын болашақ жылдарда да сақталып, тiптi өсiп келдi. 1965-1985 жж. Қазақстан экономикасын дамытуға бөлiнген күрделi қаржы кеңес үкiметiнiң бүкiл бұдан бұрынғы жылдарда бұл салаға бөлiнген көлемiнен көп игерiлдi, ол республиканың өнеркәсiп потенциалын екi есе өсiруге мүмкiндiк туғызды. Жалпы 60-шы жылдары 1174 iрi өнеркәсiп орны және 535 цех қатарға қосылды, жүздеген зауыттар мен фабрикалар қайта құрылды және жаңа техника, технологиямен жабдықталды. Қазақ жерiнде қара және түстi металлургия, мұнай және газ, химия және мұнай химиясы жедел дамыды, титан, магний, глинозем, шойын, кокс, синтетикалық каучук, жүк көтергiш құрылымдарын (крандар), электрмашиналарын, металды жiптеп созатын стандар және ұста-қысқыш машиналарын, асбест және басқада өндiрiске қажеттi қосымша құрал-жабдықтар шығаратын салалар пайда болды.

Қара металлургия Қазақстан өнеркәсiбiнiң алып салаларының бiрiне айналды. Осы жылдары iске қосылған Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты елiмiздiң алып кәсiпорындарының біріне айналды. 1970 жылы республикада 18,2 млн. тонна темiр рудасы өндірілді, бұл 1960 жылдың көрсеткiшiнен 3 еседен артық едi. Қарағанды металлургия комбинаты КСРО-дағы толық металлургиялық айналымдағы аса iрi кәсiпорыны болды. Ермак қайта балқыту зауытының ферросилиций өндiретiн бiрiншi кезегi қатарға қосылды. Республика хромит рудасын шығару да елде бiрiншi орын, темiр және марганец рудасын шығаруда үшiншi орын алды, Қазақстанның болат, прокат, ферросплав шығарудағы рөлi артты. Мұның бәрi қара металдардың жалпы одақтық өндiрiсiнде Қазақстан үлесiнiң едәуiр өсуiне жол ашты.

Түстi металлургия одан әрi дамыды. Тишинск руднигi және Лениногор полиметалл комбинатында мырыш зауыты, Жезқазған кен-металлургия комбинатының елдегi аса iрi N 55 және 57 шахталары, Павлодар алюминий зауытының глинозем өндiрiсiнiң комплексi қатарға қосылды және Өскемен титан-магний комбинаты алғашқы қуатына жеттi. Осындағы қорғасын-мырыш және Балқаш металлургия комбинаттарының өндiрiстiк қуаттары кеңейтiлдi.

1950-1970 жж. Қазақстан мұнай шығаратын iрi өңiрге айналды. Осы кездегi Маңғыстау түбегiн игеру бұл саланың онан әрi дамып, республика Кеңес Одағының аса iрi мұнайлы ауданы болып, бұнда 1970 жылы 10 млн. тонна мұнай өндiрiлдi. Парафинi көп Маңғыстау мұнайын өндіру мен тасымалдауға, кешендi пайдаланудың озық тәсiлдерiн енгiзуге, күрделi техникалық және қатынастық мiндеттер ойдағыдай шешiлдi.

Республика Кеңес өндiрiстiк комплексiнде химия, минералдық тыңайтқыштар өнеркәсiбiн дамыту жөнiнде алдыңғы орындарға шықты. 60-шы жылдардың ортасында Қаратау комбинаты, Жамбыл суперфосфат, Ақтөбе хром қосындылары, Қарағанды жасанды каучук, Атырау химия, Шымкент гидролиз және шина жасау зауыттары толық өндiрiс қуаттарымен жұмыс iстеп, өз өнiмiн шығара бастаған. Қазақстан өндiрiс салаларының бiр ерекшелiгi-онда кооперативтендiру кеңiнен өркендедi. 1963 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында және Шымкент қорғасын зауытында күкiрт қышқылы цехтары iске қосылды. Қарағанды металлургия зауытында коксохимия өндiрiсi өркендедi. Мiне осының бәрi Қазақстанда үлкен химия саласының iргесiн нығайтты. 1970 жылы республика елiмiзде сары фосфордың көп бөлiгiн, хромит тұздарының 40 пайызын, төменгi қысымды полиэтиленнiң 20 пайызын, күкiрт қышқылының 10 пайыздан артық шығарды.

Қазақ елiнiң тарихында болмаған электр энергетика жүйесi қалыптасып тез қарқынмен дамыды. 60-шы жылдардың бiрiншi жартысында Қарағанды 2-ГРЭСi, Петропавл жылу-электр орталығы, Алматы 2-ГРЭСi, Бұқтырма су-электр станциясы және басқа осы сияқты қуатты электр өндiретiн орындар пайдалануға берiлiп, Қазақстан бойынша энергияның бұл түрiн өндiру 1,9 есе ұлғайды. 1970-1975 жж. республикада 90 мың. км. электр желiсi жүргiзiлiп, оның 85 мың шақырымы ауылдық жерге тартылды. Бiр орталықтан электр қуатымен қамту екi есе өсiп, 76 пайызға жеттi.

Қазақ жерiндегi ғасыр басынан негiзi бар көмiр өндiру саласы жаңа қарқынмен дамыды. 1954 жылы Екiбастұз көмiр кенiшiнiң қалыңдығы жағынан теңдесi жоқ қабаттары ең тиiмдi-ашық әдiспен алына бастады. 1970 жылдың басында Қарағанды және Екiбастұз көмiр өндiрiстерiнiң өнiмi жылына 61 млн. тоннаға жеттi, оның 41 пайызы неғұрлым озық, ашық әдiспен шығарылды.

Қазақстанда машина жасау өнеркәсiбi республикадағы ерекше қарқынмен дамыған ауыл шаруашылығы, кен-руда, химия және мұнай кәсiпорындары сияқты салаларға қызмет етуге мамандандырылды. Трактор зауыты қатарға қосылып, “Қазақсельмаш” зауытында ауылшаруашылық машиналары бөлшектерiн шығаруға ыңғайланған жаңа қуаттар қатарға қосылды. Егiн және мал шаруашылығындағы жұмыстардың жеңiлдетуiн қамтамасыз ететiн жаңа машиналар мен жабдықтар шығару игерiлдi.

Дегенмен бұл саланың бұрын-соңды жеткiлiксiз дамуы, экономика сұранысын қанағаттандырудан әлдеқайда алшақ болды, өндiрiстегi үлес салмағы 60-70 жылдары 0,2 пайызға ғана өстi. Нақ осы кездiң өзiнде республикада тиiмдiлiгi жоғары түбегейлi өнiмдер-приборлар, автомобильдер, электротехникалық бұйымдар, машиналар мен жабдықтар шығаратын кәсiпорындар болмады.

Жеңiл өнеркәсiпте бiрсыпыра iрi кәсiпорындар, оның iшiнде Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киiм комбинаты iске қосылды. 1970 жылы республиканың жеңiл өнеркәсiбi жалпы республикалық өнеркәсiп өнiмдерiнiң небәрi 16 пайызын шығарды. Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындарының өнiм шығаруында трикотаж, аяқ киiм тiгу жедел қарқынмен өстi. Республикада жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру елiмiз бойынша орташа дәрежеден 2 есе дерлiк төмен болды. Аталған салалармен салыстырғанда тамақ өнеркәсiбi үлесiне 70-шi жылдарда жалпы өндiрiс көлемiнiң 17 пайызы тидi, бұл КСРО-ның орташа көрсеткiшiнен әлде қайда төмен болды.

1950-1970 жылдардағы Қазақстанның өндiрiстiк дамуының көлемi мен қарқыны құрылыс индустриясын қалыптастыруды қажет еттi. Мысалы, 1955-1965 жылдар аралығында тек қана цемент өндiру 11 есе өстi. Осы жылдары Қарағанды, Семей, Өскемен, Шымкент зауыттары республика қажеттiлiгiн барынша қамтыды. Темiр-бетон конструкцияларын, панелдер мен бөлшектер шығаратын көптеген зауыттар, шағын мамандырылған кәсiпорындар салу басталды. 60-шы жылдарда облыс орталықтарынан iрi үй құрылымдарын жасайтын ұжымдар қалыптасты.

Cонымен бiрге, бұл саланың дамуында әмiршiл-әкiмшiлдiк жүйенiң билiк жүргiзуiнен туған бiрсыпыра проблемалар бар едi. Өндiрiстi дамытуда оның көлемi мен бөлiнген қаржының шегi арасындағы үйлесiмсiздiк, жобалау мен жоспарлаудағы оралымсыздықтар жылдан-жылға кең қанат жайып, ал оған жауапты мамандар мен билеушi орынның басшылары жауапкершiлiгі талап деңгейінен әлдеқайда төмен болған. Өндiрiс экстенсивті әдiспен дамыды, iрiлі-кiшi кәсiпорындарды iске қосу мерзiмi негiзгi жобалар мен белгiленген мерзiмнен әлде қайда кешiктiрiлiп және сапасыз тапсырылып отырды.



Шаруашылық және экономикалық реформалар. 1966-1970 жылдарда өнеркәсiп саласында шаруашылық реформа жүргiзуге үлкен ұмтылыстар болды. Билеушi партияның 1965 жылғы қыркүйек және қазан айларында болған пленумдарында өнеркәсiптi басқаруды жақсарту, жоспарды жетiлдiру және өндiрiстегi экономикалық ынталандыруды күшейту жөнiнде қабылдаған шаралары тарихта шаруашылық реформа деген атаумен белгілі.

Қабылданған құжаттар бойынша кәсiпорындардың қызметiн жоғарыдан егжей-тегжейiне дейiн белгiлеуге тыйым салынды, олардың шаруашылық дербестiгiне мүмкiндiк берiлдi, сонымен бiрге шаруашылық және жоспарлау орындарынан неғұрлым көбiрек оралымдылық пен икемдiлiк, пайда, баға, сыйлық, несие сияқты аса маңызды тұтқаларды пайдалану талап етiлдi. Кәсiпорындардың жұмысының табысты болуы ендi қорларды тиiмдi пайдалану, өндiрiстi халықтың өскелең қажетсiнулерiмен ұштастыра бiлу, шаруашылық есептi нығайту, ғылыми-техникалық жетiстiктердi жедел енгiзу әдісiне, шаруашылық мiндеттердi шешудiң нақты ұтымды амалдарын таба бiлуге көп байланысты болды.

Жоспарлау мен экономикалық тиiмдiлiк жолындағы жаңа қадамда, әрбiр қызметкердiң және тұтас алғанда кәсiпорынның неғұрлым жоғары жоспарлық тапсырмаларға, өндiрiстiк қорларды, жұмыс күшiн, материалдық және қаржы қорларын толық пайдалануға өндiрiс техникасын жетiлдiрiп, өнiм сапасын жақсартуға қызметкер және ұжымның мүдделiлiгi арттырылуы көзделдi.

Кеңес мемлекеттiк басқару әдiсi бойынша игi мақсат көздеген мазмұнды шара iс жүзiнде алғашқы кезден билеушi партия мен үкiмет орындарының қарадүрсiн науқандылығына iлiндi. 1966-1967 жылдарда жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың жаңа жағдайларына негiзiнен iрi және пайдасы көп кәсiпорындар көшiрiлдi. 1967 жылдың аяғына таман 193 кәсiпорын, яғни республика өнеркәсiп орындарының барының 10 пайызы жаңа жүйе бойынша жұмыс iстеп, оларда барлық қызметкерлердiң төрттен бiр бөлiгi шоғырланған, олар жалпы өнеркәсiп өнiмiнiң үштен бiрiне жуығын өндiрген.

1968-1969 жылдары 13 министрлiк пен ведомстволарға қарасты кәсiпорындар, шаруашылықты жүргiзудiң жаңа жүйесiне көшудi толық аяқтады. Жаңа жүйе өнеркәсiпте ғана емес, құрылыс пен қатынас салаларында да тарады. Бұған қоса реформа коммуналдық шаруашылық кәсiпорындарын, “Казсельхозтехника” бiрлестiгiнiң шаруашылықтарын, байланыс министрлiгiндегi басқармалардың жартысына жуығын, Шығыс Қазақстан геология басқармасын, 232 совхозды, республиканың Сауда министрлiгi мен Қазақ республикалық тұтынушылар одағының сауда жасайтын барлық ұйымдарын қамтыды. Шаруашылықты жүргiзудiң жаңа жүйесiне көшкен кәсiпорындар өткiзiлетiн өнiмнiң бестен төрт бөлiгiнен астамын бердi.

Бесжылдықтың аяғында республикада жоспарлау мен материалдық ынталандырудың жаңа жүйесi бойынша 1467 өнеркәсiп ұжымы, немесе олардың жалпы санының 80 пайызынан астамы жұмыс iстедi. Олардың үлесiне өткiзiлген өнiмнiң 90 және пайданың 95 пайызынан астамы тидi. Жаңаша жұмыс iстеген кәсiпорындар материалдық ынталандыру қорына қаржы аударуды жылдан жылға көбейтiп, осы арқылы әрбiр қызметкердiң өз кәсiпорнының сапалық көрсеткiштерiн жақсартуға деген мүдделiлiгiн күшейту мақсаты көзделдi. Шаруашылық реформасы сегiзiншi бесжылдық жылдарында өнеркәсiптiң, құрылыс пен қатынас салаларының тез қарқынмен дамуына жағдай жасап, бесжылдықтың тапсырмаларын ойдағыдай орындауда үлкен рөл атқарды.

Алайда экономикалық реформа алдына қойылған мақсаттарды толық қамти алмады және орындауы мүмкiн емес едi. Оның негiзгi себебi қоғамдағы саяси басқару жүйесi мен экономикалық құрылымның арасындағы қайшылық едi. Ал келтiрiлген мысалдар көбiнесе билеушi орындардың қысымы арқылы министрлiктер мен ведомстволардың берген ақпарларынан алынған мәлiметтер. Шындығында аталған жетiстiктер жұмысшылардың қарқынды шабытымен, жан қиярлық еңбектерінің негізінде iске асырылды. Өнеркәсiп орындарын Одақтың түкпiр-түкпiрiнен келген маман жұмысшыларға, жаңа жерлерге келген жастарға тұрмыстық жағдай туғызылып, олар азық-түлiкпен толық қамтамасыз етiлмедi. Темiртаудағы Қарағанды металлургия комбинатын салуға жер-жерден келген жастардың көтерiлiске шығуының негiзгi себебi де осында. Көтерiлiс басылды, кәсiпорындарда жұмысшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшiн уақытша шаралар алынды. Бiрақ бұл оқиға әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң қоғамды тегістей жайлағанының алғашқы көрiнiстерiнiң бiрi болды.

Ауыл шаруашылығы ахуалы. Соғыстан кейiнгi жылдарда республикада астықтың орташа жылдық шығымдылығы 1913 жылғы көрсеткiшке (5,6 ц.) теңелген, ал астықтың жылдық орташа өнiмi 1928 жылғыдан төмен болды. 1946-1950 жылдарда мемлекет қоймасына өткiзiлген астық (жылдық орта есеп бойынша) көлемi 1941 жылдан төмен болды. Қазақстанның дәстүрлi кәсiбi мал өсiру саласындағы жағдай да өте ауыр болды. Республикадағы тек қой басы ғана 1928 жылдың көрсеткiшiне жақын болды (18036 мың).

Cол кездегi ресми үгiт-насихаттық материалдарда жағдай үлкен өрлеу мен рухани қанағаттанарлық дәрежеде сипатталды. Сырттай қарағанда жап-жақсы көрiнген соғыстан кейiнгi бесжылдықтың көрсеткiштерi, ауыл тұрғындарының азапты еңбегiнiң, жоқшылығы мен аштығының, өмiр дәрежесiнің төмендiгiнiң, балалар мен әйел еңбегiн қанаудың, халықты шаршатып-шалдықтыруды ең жоғарғы шегiне жеткiзудiң нәтижесi едi. Яғни, соғыстан кейiнгi ауыл шаруашылығын қалпына келтiрiп, дамытудың нәтижелерi бұқараның бойындағы күш-жiгерiн, халықтың табиғатына тән аса-зор еңбек ынтасын, тапқырлығын тұншықтырып келген жүйенiң арқасында емес, халықтың өзiнiң жанқиярлық еңбегi арқылы жүрiп жатты.

Билеушi партияның Орталық Комитетiнiң қыркүйек (1953 ж.) пленумында ауыл ұжымдарына мемлекеттiк салықты азайту, аграрлық секторға инвестицияны көбейту туралы мәселелер көтерiлдi және ауқымды бағдарлама қабылданды. Ол құжат бойынша бұдан былай салық саясатын өзгерту, ауыл шаруашылық өнiмдерiн сатып алу және оны дайындау бағаларын көтеру көзделдi.

Сол ғасырдың 30-40-шы жылдарында қалыптасқан колхоз-совхоз жүйесi өзiнiң бүкiл тарихында дағдарыстан шыққан емес. Өзiн-өзi ұйымдастырудан және дамуының iшкi серпiнен айрылған мұндай экономика тек тоталитарлық-жазалау жүйесiнiң шеңберiнде ғана табанды жұмыс iстей алды. Билеушi орындардың бақылауы сәл босаңсыса, бүкiл аграрлық сала дағдарысқа ұшырап отырды. Сондықтан елеусiз реформаның өзi ауыл шаруашылығында әлде қашан және көрiнбей сіңіп келген мерездермен терең қарама-қайшылықтарды көзге көрсетiп бердi.

Дағдарыстан шығу үшiн түбегейлi шешiм қабылдау, сала iшiндегi қатынастарға терең реформалар жасау, яғни нарықтық қатынасқа өту, сондай-ақ жеке меншiктi шаруашылыққа жол ашу қажет едi. Бұл жағдайда да жүйе өзiн-өзi сақтап қалу мақсатымен проблемаларды шешудiң бұрынғы қалыптасқан әдiс-жолдарын, экстенсивтi сұлбасын таңдап алды. Азық-түлiк тапшылығынан шығудың бiр амалы ретiнде дәндi дақылдар өндiрiсiнiң көлемiн ұлғайту бағдарламасы ұсынылды. Ол үшiн Қазақстанның әр аймағында дәндi дақылдар өсiруге ыңғайлы, игерiлмей жатқан, яғни тың жерлердi iске қосу бағдарламасы ұсынылды. Билеушi партия Орталық Комитетiнiң ақпан-наурыз (1954 ж.) Пленумы ұсынған Тың жерлердi игеру мiндетi мүлде де болмай қоймайтындай қажеттiлiк сипаты болған жоқ. Осы Пленумның шешiмi Қазақстанда миллиондаған гектар жерлердi игеруге итермеледi.

Соңғы жылдары оқулықтарда тың игеруге жұмсалған материалдық және рухани шығындар өтелдi ме деген сауалды көп көтерiп жүр. Шынында да оның негiзi бар. Тың жерлердi игеру нәтижесiнде Қазақстан тұрғындарының жан басына шаққанда 2 мың килограмнан артық астық өндiрiлетiн болды. Дүние жүзiлiк тәжiрибеде азық-түлiк проблеманы шешу үшiн 1 мың килограмм астық жеткiлiктi. Мұндай деңгейге Канада, Австралия, АҚШ, Дания, Франция, Венгрия, Румыния елдері ғана жеткен. Iс жүзiнде тың игеруден алынған астық Қазақстанның өз қажетiн ғана өтеп қоймай, оны әлемдiк астық рыногына шығуға жол ашты. Аса құнды ерекшелік тың жерлерiнде негiзiнен белогы көп қатты бидайдың түрлерi өндiрiледi.

Алайда, тың жерлерді игерудi экономикалық және әлеуметтiк тиiмдiлiгi, экологиялық тұрғысынан талдайтын болсақ, көлеңкелі жақтары да баршылық. Жердi кең көлемде игеру Қазақстанның тың аудандарында оқтын-оқтын құрғақшылыққа душар етті.

Экономикалық тиiмдiлiгiне келсек, көтерілген тың аймақтарының әр гектарына 1,5-2 ц. дән себiлiп, орташа есеппен 6-9 ц.-ден (1954-1958 жж. орташа түсiм гектарына 7,3 ц-ден, 1961-1965 жж. гектарына 6,1 ц-ден келдi) өнiм жиналған. Өндiрiс шығындарының көлемiнің ұлғаюына жыл сайын тың жерлерге астық жинауға жіберілетін жастар, кәсiпорындардың қызметкерлерi, Кеңес одағының түкпiр-түкпiрiнен механизаторлар мен басқа мамандар, әскери бөлiмдердің ұжымдары кең тартылып отырған. Осы шығындардың бәрi, сайып келгенде, астық өндiрiсiнiң тиімділігін тұрақты төмендетті.

Тың игеру әлеуметтiк жағынан бiрсыпыра жаңа құбылыстарды туғызды. Ол Қазақстанда кең көлемдегi әлеуметтiк және өндiрiстiк құрылымдар жасауда, бұл өңiрде жаңа iрi елдi мекендердiң пайда болуына, бұрын болмаған әлеуметтiк-мәдени және этностар араласқан аймақтар қалыптасуында орасан зор рөл атқарды. Тың игеру барысында миграциялық (адам қозғалысы) құбылыстар да кең орын алды. Көшiп келгендер есебiнен бұл аймақтардың халқының саны 1,7 есе өстi. Бұл өңiрлерге Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Молдавиядан көшiп келгендер басым болды. Солтүстiк Қазақстанда халықтың тығыздығы бiр шаршы шақырымға екi есе өстi, мұның өзi сол кезде оң құбылыс деп саналғанмен, кейін еліміздің демографиялық ахуалына да әсер етті. Көптеген жағдайда патриоттық /ұран желісіндегі/ көшi-қон республикада жергiлiктi этностың үлес санының 30 пайызға дейiн төмендеуiне алып келдi. Осының салдарынан қазақ халқының: менталитетiне, мәдениетiне, тiлiне, оның этностық болашағына керi әсер ететiн басқа құбылыстар етек алды.

Жалпы алғанда, 1950-1970 жылдары ауыл шаруашылығында бiраз игiлiкті iстер тындырылды. Елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық тарихында 60-шы жылдардың екiншi жартысы ерекше iз қалдырды. Ауыл шаруашылығы жалпы өнiмiнiң өсiмi 28 пайыз құрады, ал колхоздар мен совхоздардағы еңбек өнiмдiлiгi, алдыңғы бесжылдықпен салыстырғанда, 1,8 есе өстi. Бiрақ ауыл шаруашылығында басталған реформа аяқталмай қалды. Оның басты себебi қолданылған шаралардың тиiмдiлiгi ойдағыдай болмай, саладан күтілген тиiмдiлiк және нақтылы өciм алынбады.

Аса өткiр сын тұрғысынан қарасақ та ХХ ғасырдағы Қазақстанның тарихында 60-70 жылдар өзіндік биік орыны бар кезең. Осы кезде республикада ұлттық табыс 63 пайыз, ол жан басына шаққанда 48 пайыз, айлық еңбек ақының орташа мөлшерi 25 пайызға артты. Төменгi және орта мөлшердегi ақы төленетiн қызметкерлердiң жалақысы өсiрiлдi. Колхоз ұжымдарының табыстары көбейдi. Кәсiпорындарда бес күндiк жұмыс аптасы енгiзiлуiнiң зор әлеуметтiк маңызы болды. Ол жұмысшылар мен қызметкерлердiң еңбек жағдайларын жеңiлдеттi, олардың мамандығы мен бiлiмiн жетiлдiруге көп мүмкiндiктер ашты, еңбектi неғұрлым тиiмдi ұйымдастыруға жәрдемдестi. Бiрақ 60-шы жылдардың басында мәдениеттiң дамуында қарама-қайшылықтар пайда болды. Мәдениет саласындағы ұланғайыр жасалған жұмыстар мен жетістіктер әкімшіл-әміршіл идеологияның талабы және бағдарламасына сәйкестірілген әдістік жолдармен жүргізілді.

Қазақстан билеушi органдары мен буындарының жұмысында да елеулi кемшiлiктер орын ала бастады. Өркөкiректiк, менсiнбеушiлiк, басшылардың қатардағы еңбек адамдарының құқтарын аяққа басушылығы, орынды сын-ұсыныстарға мән бермеушiлiк, басқарушылық қызметке тағайындауда жершiлдiк пен ағайын туысқандық сияқты жат көрiнiстердiң етек алуы қоғамда сенімсіздік пен сыбайластық психологиясын туғызды. Сөйтіп, Қазақстанда да тоқырау және тежеу құбылыстарына кең жол ашылды.



Қазақстандағы рухани, шаруашылықтық «тоқыраулар» және экологиялық дағдарыстар. ХХ ғ. 70-шi жылдардың бас кезi жаңашыл үрдiстердiң едәуiр әлсiреуiмен, қоғамдық құрылыс қағидаттары мен түрлерiнiң тоқырауға ұшырауымен ерекшелендi. Саяси өмiр принциптерiне түзетулер енгiзген мұндай бетбұрыстың пайда болуы, ең алдымен 1968 жылдың тамыз айында бес ел әскерлерiнiң Чехословакия жерiне енгiзiлуiне байланысты болатын. Өйткенi дәл осы елде саяси құрылымды жаңартуға, нарықтық қатынастар жолымен экономикалық реформалар жүргiзуге бағытталған барынша ауқымды, түбегейлi ұмтылыстар көрiне бастады. Яғни, онда социализмнiң “сталиндiк”, “кеңестiк” нұсқасын жою және демократиялық қоғам орнату туралы мәселелер көтерiлдi. А.Дубчек бастаған коммунистiк партияның бұл елдегі бағытына халықтың көпшiлiк бөлiгi қолдау көрсеттi.

Алайда КСРО басшылығымен бұл ұмтылыс 1968 жылы “Прага көктемiне” қарсы төндiрiлген “интернационалдық акцияның” салдарынан iске аспай қалды. Осының нәтижесiнде 60-шы жылдар ортасындағы бетбұрыс төрешiл кертартпа күштердiң құрсауында қалды. Бұл оқиғаның iзi суымастан “ревизионизмге” қарсы басталған идеологиялық науқан ЧКП дамуындағы дағдарысты жоюға, бiрқатар басқа коммунистiк партиялардағы оппортунистiк күштерге теориялық соққы беруге, партия, оның социалистiк қоғамдағы жетекшi рөлi туралы “маркстiк-лениндiк” тұжырымдаманы қайта қалпына келтiруге жәрдемдесуге тиiс болды.

Алайда тарих тәжiрибесi коммунистiк құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгiленген мiндеттерi өзiне сай саяси және практикалық шешiмдер таба алмағандығын көрсеттi. Ал мұның өзi көптеген сауалдың жауабын кемелденген социализм тұжырым-дамасынан iздеу қажеттiлiгiн алдын-ала аңғартты. Cоциализмдi бiрте-бiрте жетiлдiру идеясы саяси бағыттың өзегiне айналды.

Билеушi партияның басшылығы Қазан (1917 ж.) оқиғаларының 50 жылдығына байланысты мәжілісте жасаған баяндамасында, Кеңес халқы жүрiп өткен тарихи жолдың басты қорытындысы кемелденген социализмнiң орнатылуына әкеледi деген тұжырым жасаған болатын. Бұл “тұжырымдаманың” өзiнен бұрынғы теориялық тұжырымдардан айырмашылығы, социализмнiң қоғам дамуының едәуiр ұзаққа созылатын кезеңi екендiгiн мойындауынан көрiнiс тапты. Ол тұрғыдан алғанда “коммунизмге қарай алып адыммен секiру” идеясынан бас тарту жағдайына байыпты баға беру көрiнiсi болғандығы шүбәсiз. Бiрақ бұл тұжырымдама “30-40-шы жылдары мерейi үстем болған, өтпелi кезеңнiң бүкiл проблемалары шешiлiп бiттi, социалистiк мұраттар негiзiнен жүзеге асты және осының бәрi дәлелденген” деп санайтын әлеуметтiк-экономикалық даму пайымына арқа сүйедi.

Осының салдарынан социалистік құрылымын жетiлдiру жолдарын iздестiру iсi (егер мұндай iздестiру жүргiзiлсе) ескiрген түсiнiктер аясында ғана қанат жаюға мүмкiндiк алды. Бұл қоғамның iркiлiссiз және қайшылықсыз үдере өркендеуi теориясы экономикалық және әлеуметтiк жетiстiктердi ерекше ұлғайтып көрсетуге, шындықты боямалап жеткiзуге итермеледi. Қоғам өзегiне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешiлдiктiң асқыну себептерiн жабулы күйiнде қалдыра бердi. Қоғамның даму құбылысы өткен кезеңдегi жетiстiктермен салыстыра қарастырылғандықтан, сөздер мен ұғымдар бiрте-бiрте шындыққа мүлде жанаспайтын жәйге ұласа берді, теория да шынайы мән-мағынасынан айырыла бастады.

Қиялдағыны қолдағыдай етiп көрсетуге тырысушылықтың барынша асқындаған көрiнiсi, КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясында орын алды. КОКП Орталық Комитетiнiң мамыр (1977 ж.) пленумы мақұлдаған Конституция жобасы бүкiлхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау барысында не бәрi 400 мыңға жуық ұсыныс келiп түстi. 1977 жылғы қазанның 7-сi күнi тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс жетiншi сессиясы Негiзгi Заңның мәтінiн қабылдады. Бұл күн Конституциясы күнi болып жарияланды.

1978 жылдың 17-i наурызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Төралқасы республика Конституциясының жобасын бас-аяғы бiр-ақ айға созылған “бүкiлхалықтық талқылауға” ұсынды. Оның iргетасын Кеңес мемлекетiнiң Негiзгi Заңы құрады. Сыншыл рухтағы ресми қоғамдық пiкiрге кереғар келетiн материалдар, әлбетте, ескерусiз қалды. 1978 жылдың наурыз айының 18-20 жұлдыздарында Қазақстан билеушi партиясының ОК-i мақұлдағаннан кейiн, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс жетiншi сессиясы Жаңа Конституциянын қабылдады.

Демократияны шектеу, еңбек адамын меншiк пен билiктен алыстату, адамның құқын аяқасты ету т.б.сияқты кеңес қоғамының саяси жүйесiне тән белгiлер, мiне, осындай. Жаттандық пен қасаңдыққа бой ұру демократиялық институттардың қатып-семуiне және формалдi сипат алуына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай Кеңестердiң демократиялық iшкi мүмкiндiктерiнiң тынысын тарылтып, адымын ашқызбауға айналды. 1970-1980 жылдары жетекшi органдар тарапынан Кеңестер жұмысын жақсарту жөнiнде ондаған құжаттар қабылданғанымен, оң өзгерiстер болған жоқ және болуы да мүмкiн емес едi. “Мемлекеттендiру” процесi кәсiподақтарды, жастар (комсомол) және қоғамдық ұйымдарды да қамтыды. Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттiк аппаратпен тұтасуы, олардың дербес негiздерiн жоққа шығаруға апарып тiредi.

Бұл кезеңге тән болған сөз бен iс, қабылданған шешiмдер мен олардың орындалуы арасындағы алшақтық кеңес адамдарының бойында самарқаулық пен немқұрайдылық орнатты. 50-60-шы жылдардағы реформалардың сәтсiздiкке ұшырауы, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердiң болмауы, жарияланған мақсаттар мен ниеттерге сенiмсiздiкпен қарау рухын дүниеге әкелдi. Оның үстiне халықтың едәуiр бөлiгi әрекетсiздiк пен маскүнемдiкке бой алдырып, рухани жарымжандыққа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрды.

Келеңсiз құбылыстар ұлтаралық қатынастар саласында да орын алды. Осы жылдары республика бойынша мектептерде ана тiлiнде оқытуды жақсарту жөнiнде бiрде-бiр құжат қабылданбады, оның есесiне мұндай құжаттар орыс тiлiн оқыту сапасын арттыруға байланысты молынан қабылданып жатты. Орыс тiлiнiң жағдайын ұдайы жақсартуға бағытталған “қысымшыл” саяси бағдар “ұлт мәселесiнiң толық және түпкiлiктi шешiлуiмен”, “халықтардың мызғымас достығымен”, “ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы және бiрiгуiмен” бүркемелендi.

1975 жылы Алматыда Олжас Сүлейменовтың “АЗиЯ” (“Iзгi ниеттi оқырманның кiтабы”) атты еңбегi жарық көрдi. Бұл еңбегінде О.Сүлейменов көне орыс әдебиетiнiң ұлы ескерткiшi болып табылатын “Игорь жасағы туралы жыр” (XII ғ.) “славяндық және түркiлiк этникалық әлем шекарасында дүниеге келген және шығармада екi көршi мәдениеттiң шындықтары айқын көрiнiс тапқан” деген түйiн жасайды. Шындығында да, “Игорь жасағы туралы жырда” түркi төркiндес сөздер аса мол болды. Мұның өзi кездейсоқ жәйт емес едi. Бiрақ ұлыдержавалық шовинизм айқындамаларын мықтап ұстанған идеологтар үшiн О. Сүлейменовтың тұжырымдары ғылыми түйіндер мен ұлттық саясатқа қайшы деп бағаланды. “АЗиЯ” кiтабы кiтапханалар сөрелерінен алынып, оның жаңа басылымдарына тыйым салынды.

Кезiнде Едiл бойындағы немiс автономиясы таратылғаннан кейiн оның мыңдаған тұрғындары Қазақстан жерiне күштеп көшiрiлген едi. КОКП ОК-нiң 1979 жылдың көктемiнде олар үшiн Қазақстан аумағында немiс автономиялық облысын құру туралы шешiмi қазақ халқының мүдделерiн тұтастай аяққа басудың көрiнiсi болып табылды. Республикамыздың көрнектi қайраткерi, сол кездегi билеушi партияның бiрiншi хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлiк етуiне қарағанда, мұндай ұсыныс КСРО МХК төрағасы Ю.Андропов тарапынан жасалған екен. Ал мәселенiң өзi қойылған кезде Қазақстан басшылығы үнсiз қалады.

Тiптi Қазақстан аумағында бұл автономияны құру үшiн Қазақстан ОК-нiң хатшысы А.Коркин басшылығымен ұйымдастыру комитетi бекiтiлiп, оның астанасын Ақмола облысының Ерейментау қаласы болуға тиiс деген ұйғарым жасалады. Автономия құрамына сондай-ақ Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бiрнеше аудандары енгiзiлуге тиiс болды. Немiс автономиясының құрылуы туралы хабар Қазақстан жерiне, әсiресе оның солтүстiк бөлiгiне лезде тарап кеттi.

1979 жылғы маусымның 16-сы күнi таңертең қазақ жастарының топтары Ақмолының (Целиноград, Астана) орталық алаңына көптеп жинала бастады. Жастардың қолдарында “Қазақстан бөлiнбейдi!”, “Немiс автономиясына жол жоқ!” деген жазуы бар деп жазылған ұрандар болды. Көп ұзамай қала орталығы лық толды. Осы оқиғаны көзiмен көргендердiң айтуына қарағанда, шеруде сөйлеушiлердiң сөзi дәйектi де байсалды болған. Олар Қазақстанның көп ұлтты Кеңес Одағының құрамдас бөлiгi екендiгiн айтқан. Бұл жерде ондаған жылдар бойына қазақтар, орыстар, украиндар, немiстер, татарлар және көптеген басқа халықтардың өкiлдерi қоян-қолтық бiрлесiп еңбек еттi. Ендi келiп осындай республикада оның халқымен ақылдаспастан, ойда жоқта немiс автономиясы құрылмақшы. Шеруге қатысушы бiр студент: «Бiз Кремлдiң мұндай шешiмiн айыптаймыз»,- дедi. Облыс басшыларының шерудi тез арада таратып жiберуге тырысқан әрекетi iске аспады. Шеруге қатысушылар шеп түзеп, қала көшелерiмен ұрандатып өттi.

Келесi шеру маусымның 19-ы күнi болды. Шеруге қатысушылардың алдына облатком төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Морозов шықты. Олар Ақмола облысында ешқандай автономия құрылмайтындығына жұрттың көзiн жеткiзе бiлдi. Дегенмен жұрт дүрлiгiп қалған едi. Толқулар басқа елдi мекендер мен облыстарға қанат жайды. Алайда бiраз уақыттан соң толқу саябырси бастады. Сөйтіп, өктемдік шешім орындалмай қалды.

Бiрақ республика билеушiлерi мен МХК бұл шерулер туралы ақпараттар таралмауы үшiн қолдан келгеннiң бәрiн iстедi. Баспасөз де бұл оқиғалар туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Алайда Ақмолада 1979 жылы болып өткен толқулар туралы қауесет республикада ұзақ уақыт бойы тыншымады.

Қоғамдық өмiр дамуындағы демократиялық және төрешiл бетбағыттар күресi әсерiнен туындаған саяси жүйенiң қайшылықты, күрделi сипаты сыртқы саясатта да айқын көрінді. 70-шi жылдардың бас кезiне әлемдегi саяси ахуалдың жұмсаруы, халықаралық шиеленiстiң бәсеңдеуi тән болды. 1973 жылы Вьетнамдағы соғыс аяқталды. Хельсинкиде жалпыеуропалық кеңестiң шақырылуы барлық бейбiтшiлiк сүйгiш күштердiң қомақты табысына айналды. Еуропалық 33 мемлекеттiң, АҚШ пен Канаданың басшылары қол қойған қорытынды актiде мемлекетаралық қатынастар жаңа айқындамалар тұрғысынан реттелiп, мемлекеттердiң адам құқын қорғау жөнiндегi күш-жiгерi бiрiктiрiлдi.

Өзгерiстер жағдайында Қазақстан өзiнiң халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкiндiк алды. Өзге елдермен мәдени және экономикалық қатынастар нығая түстi. Алдыңғы бесжылдықтарда Қазақстан кәсiпорындары өндiретiн тауарларды сыртқа шығару ұлғайды. Алайда Қазақстанның шет елдер рыногына шығаратын өнiмдер тiзiмi технологиялық жаңалықтардан емес, негiзiнен шикiзаттық қор көздерiнiң өнiмдерiнен, мәселен, түстi металдардан, хром кенi мен темiр балқытпаларынан, жұқа болат тақталарынан, мұнайдан т.б. тұратын едi. Ал металл өңдейтiн станоктарды, жол құрылысы техникалық жабдықтарын, қатынас техникасын, жиhазды, киiмдi, тағам өнiмдерiн, электр тауарларын т.б. Кеңес республикаларынан және шет елдерден тасымалдайтын едi.

Қазақстанның шетелдермен мәдениет саласындағы байланысы қарқынды дамыды. Республикадан жүздеген мамандар әлемнiң көптеген елдерiнде - Иракта, Египетте, Үндiстанда, Моңғол Халық Республикасында, Финляндияда, Ауғанстанда жұмыс iстедi. Қазақ КСР Ғылым Академиясы шетелдiк әрiптестерiмен 31 проблема мен жеке тақырыптар бойынша зерттеуге қатынасты. Химия ғылымдары институтының қызметкерлерi өздерiнiң чехословакиялық және болгарлық әрiптестерiмен берiк қатынастар орнатты. АҚШ, Франция, Италия ғалымдарымен байланыс жүзеге асырылды.

Қазақстанда Кеңес-Сирия достығының күндерi, Францияның КСРО-дағы күндерi өткiзiлдi. Елiмiздiң Құрманғазы атындағы Мемлекеттiк ұлт аспаптары оркестрiнiң әртiстерi, КСРО халық әртiстерi Е.Серкебаев пен Б.Төлегеновалар Францияның музыка сүйер қауымын өздерiнiң қайталанбас тамаша әуез өнерiмен тәнтi еттi. Қазақ операсы мен балетiнiң, көркемсурет пен графикасының, қолданбалы өнерiнiң шеберлерi Еуропа, Азия, Африка, Америка елдерiнде өнер көрсеттi.

Алайда сыртқы саясат саласындағы қарыспа шешiмдер, бiлiктiлiк жағынан төмен және шала ойластырылған идеология, мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыру жолында көптеген тастүйiн кедергiлердiң бой көрсетуiне себепшi болды.

Екi әлеуметтiк-саяси жүйе арасындағы текетiрестiктiң өрши түсуiне шынайы дүниенi айқын тануға бөгетi мол “дұшпан бейнесi” дейтiн түсiнiк май тамызды. “Саяси күрестiң күшеюi” туралы жолнұсқа (тезис) орнына “идеологиялық күрестiң күшеюi” дейтiн екiншi бiр жолнұсқа келдi. Осының салдарынан екi жақ та әскери күшiн еселей өсiрiп, қарулануға жұмсалатын қаржы көлемiн үстi-үстiне ұлғайта түстi. Әскери шығындардың негiзгi ауыр салмағы екi iрi держава - АҚШ пен КСРО-ға түстi. Бұл шығындар ең алдымен осы екi мемлекеттiң азаматтарының мойнына жүк болды. Ұлы мемлекеттердің тәкаппарлығы жанталаса қарулануды күшейтуге, ядролық мүлiк қоймасын жаңарту және жасақтауға сүйредi.

Қазақ халқының аса көрнектi даналарының елiнде, яғни Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйiскен тұсында орналасқан Семей ядролық полигоны Қазақстан аумағын молынан қамтыды. Ядролық қару мұнда алғаш рет 1949 жылғы тамыздың 29-шы жұлдызында сыналды. Ғылыми тұжырымдар бойынша, әрбiр эксперименттiк қондырғы мен оны жер астында сынақтан өткiзу ұзақ жылдар бойы құпия болып, кейiннен жергiлiктi халықтың денсаулығына бәлендей зияны жоқ деп мәлiмдесе де полигон айналадағы табиғатқа, адамдардың болашағына аса қатерлi қауiп туғызды.

Дәрiгерлерге рактан, лейкоздан және иондаушы радиацияға байланысты туындаған басқа да аурулардан қайтыс болғандарға дәл себебiн айтуға тыйым салынған. КСРО Денсаулық сақтау Министрлiгi бұл аймақта медициналық зерттеулер жүргiзуге де тыйым салды, ал әскери дәрiгерлер жүргiзiлген тексерiстердiң нәтижесi аса құпия сақталып, ядролық полигон әрекетi салдарынан келген зардап көлемi туралы мәлiметтер жасырын ұсталды.

Адамдарға деген осыншалық безбүйрек көзқарас салдарынан полигон маңайында тұратын халықтың әр түрлi ауруларға шалдығуы жиiлей бастады. Сәуле ауруының нышандары, мәселен Семей облысында Абай ауданының, Қарағанды облысындағы Егiндiбұлақ ауданының тұрғындарының бойынан көптеп кездестi. Бiрақ полигонның халықтың денсаулығына төндiрiп отырған қатерi туралы оқта-текте үн көтергендердiң дабылы естiлусiз де ескерусiз қалып жатты. “Империалистiк қатерден” үрейленген мемлекет қарулануды жалғастыра бердi. 70-80 жылдары Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарында халықтан жасырын түрде кен жыныстары мен далада, полигондарда әртүрлi көлемдегi және күштегi ядролық сынақтар, қару-жарақтарды апробациялық-зерттеу жұмыстары жалғаса бердi.

Саяси және идеологиялық жағдайдың ушығуына социалистiк достастық елдерiнiң iшiндегi күрделi қарым-қатынастар да әсер еттi. Қытай Халық Республикасы өзiнiң “қытайлық ерекшелiк” жолын iздестiре бастады. Оның үстiне ҚХР-ның Кеңес Одағымен қарым-қатынасы 60-шы жылдардың ортасынан бастап салқын тартқан едi. Екi ел арасындағы экономикалық, саяси өзара байланыстар айтарлықтай шектелдi. 1964 ж. әскери қарама-қарсылық күшейе түстi. Екi мемлекеттiң шекарасына 1967 жылы сан жағынан 400 мың шамасында әскерлер шоғырланды. 1969 жылғы маусымның 13-i жұлдызында Даман аралында екi ел арасында әскери қақтығыс болып, оның барысында екi жақтан да көп адам қаза тапты. Осы жылдың 13 тамызында Семей облысының Жалаңашкөл бойындағы iрi әскери қақтығыста адамдар тағы да шығынға ұшырады. Кеңес басшылығы Қытай ядролық объектiлерiне алдын-ала ескерту соққыларын беру жоспарын жасай бастаған кезде екi ел арасында ядролық соғыс қаупi шынайы сипат алды. Бұл қатер КСРО мен Қытай басшыларын келiссөз жасауға мәжбүр еттi. Осы жылғы 11-ші қыркүйекте Пекин әуежайында А.Н.Косыгин мен Чжоу Эньлай арасында болған кездесу ядролық жанжалды болдырмауда шешушi рөл атқарды. Соғыс қаупi тоқтатылғанмен, бұдан былай КСРО мен ҚХР арасындағы қарым-қатынаста салқындық сақталып қалды. Екi ел ұзақ уақыт бойына бiр-бiрiне қырғи қабақ қарап келдi.

Югославия болса бiртiндеп шаруашылықтың жоспарлы, бiр орталыққа бағынған түрiнен бас тарта бастады. Алайда Югославия басшылығының мұндай әрекеттерi КСРО тарапынан қолдау тапқан жоқ. Албания оқшаулану саясатын жүргiздi. Ал Румынияда Н.Чаушеску әулетінің өктемдiк саясаты нығая бастады. ГДР-ның, ПХР-ның, Болгарияның iшкi тұрмысында да күрделi мәселелер аз ұшырасқан жоқ. Дегенмен, “социалистiк” бағыт ұстанған елдердiң көпшiлiгi Варшава Шарты елдерiнiң одағына бiрiктi.

70-шы жылдардың соңы мен 80-шi жылдардың басында сыртқы саясатта Кеңес халқына қымбатқа түскен жаңсақ әрекеттерге жол берiлдi. Әскери күш-қуатты арттыруға жұмсалатын қаражат көлемi ұлғая түсiп, қарсы жақтың “әрбiр танкiсiне танкпен”, “әрбiр ракетасына ракетамен” қолма-қол жауап берiлдi. Көптеген көрсеткiштер бойынша КСРО Қарулы Күштерi АҚШ армиясынан басым түсiп жатты.

Ауғанстанның сол кездегi басшылары үстi-үстiне өтiнiш жолдап тұрғанымен, Кеңес әскерiнiң 1979 жылдың 27 желтоқсанында бұл елге енгiзiлуi қисынсыз әрi Кеңес халқының мүдделерiне кереғар шешiм болды. Бұл шешiм Л.И.Брежнев бастаған Кеңес басшылығының тар аясында ғана қабылданды. Қазақстан мен Орта Азия республикаларының басшылары да Ауғанстанға әскер енгiзiлгендiгi жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана естiп бiлдi. Бiрақ кеңес адамдарының басым көпшiлiгi Ауғанстанға әскер енгiзудiң шұғыл қажеттiлiгiне сенiп қалды. Кейбiр жеке адамдар болмаса, үкiмет орындарының шешiмiне ешкiм ашық наразылық, не келiспеушiлiк бiлдiрген жоқ. Нәтижесінде Ауғанстан жерiнде кеңес әскерлерi де, жергiлiктi тұрғындар да елеулi шығындарға ұшырады.

Бұл апатты желөкпелiкке қарсы батыл үн көрегендердiң бiрi академик А.Д.Сахаров едi. Ол өзiнiң КСРО Жоғарғы Кеңесi төралқасының төрағасы Л.И.Брежневке жолдаған ашық хаты мен үндеулерiнде Ауғанстанға кеңес әскерлерiн енгiзудiң қателiгi туралы айтып, оларды алып кетудi және бұл проблеманы БҰҰ-да шешудi талап еттi. Оның үстiне А.Д.Сахаров кеңес басшылығынан әскери және ядролық тұжырымдамалардың түбегейлi түрде қайта қаралуын талап еттi. Бұған жауап ретiнде Кеңес басшылығы оны Мәскеуден Төменгi Новгород (Горький) қаласына жер аударды.

Кеңес билеушiлерiнiң Ауғанстанға әскер енгiзу туралы шешiмi КСРО-ның халықаралық беделiне едәуiр нұқсан келтiрдi. Кеңестiк сыртқы саясаттың тағы бiр аса iрi және қымбатқа түскен жаңсақтығы орта қашықтықта әрекет ететiн ракеталарды Еуропаға орналастыруы болды. Бұл елдегi жағдайды күрт тұрақсыздандырып, КСРО-ның сыртқы саясатына сенiмсiздiк ахуалын туғызды.

70-шы жылдардың соңы мен 80-шi жылдардың бас кезiнде Кеңес Одағында қос қабат қайшылықты жағдай қалыптасты: оның бұрын-соңды еш уақытта дәл осындай аса қуатты қорғаныс қабiлетi болып көрмеген едi, бiрақ нақ осыған байланысты соғыс қатерi, ядролық шабуылға ұшырау қаупi бұрынғыдан да ұлғая түстi.

Бұл кезеңде әлемдiк социализмнiң даму қарқынының бәсеңдеуi байқалды. Әлеуметтiк-экономикалық және саяси салаларда қолайсыз бағыттар пайда болып, тереңдей түстi. Шығыс Еуропа елдерiнде орныққан тоталитарлық құрылыстар саяси басшылық пен мемлекеттiк басқару арналарын бiр уысқа шоғырландыра келiп, бiрте-бiрте өзiн халық бұқарасына қарсы қойды. Бұған, мәселен, Польшада болып өткен оқиғалар айғақ бола алады. Мұнда 1956-1980 жж. төрт рет дау-жанжал туындады. Бұл төңтерiстiк әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң теориясы мен идеологиясының дағдарысқа ұшырағандығының белгiсi едi. Алайда мұндай “дабылдардың” бiрде-бiрiне саяси тұрғыдан лайықты жауап берiлмеді. Саяси-экономикалық құрылымды жаңартуға бағытталған ұмтылыстар оппортунизм, ревизионизм, яки “капитализмге қайта оралу” деп бағаланды.

Мұнда ел басқару жүйесiн сақтап қалудың барлық әдістері, тiптi әскери жағдай енгiзу де түгел қолданылды. Қасарыспа қасаңдық пен идеологиялық шалықтау шылауында қалған КСРО мен социалистiк қосын елдерi басшыларының басым көпшiлiгi қоғамдық құрылысты түбегейлi өзгерту мiндеттерiн шешу биiгiне өре жеткiзе алмады. Идеологиялық қысым көрсету мен әр түрлi жазаларға ден қою социализм елдерiндегi рухани өмiрдiң басты нышандарына айналды.

1970-1985 жж. республиканың индустриялық мүмкiндiктерi белгiлi дәрежеде өсе түстi. Өнеркәсiптi өркендетуге 40,8 млрд. сом, яғни халық экономикасында игерiлген қаржының 32 пайызы жұмсалды. Негiзгi өндiрiстiк қорлар 3,1 есе артты, оның iшiнде химия және мұнай химиясында 6,5 есе, машина жасауда 4 есе дерлiк, отын өнеркәсiбiнде 3,8 есе өстi. 15 жыл iшiнде өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемi екi есе, ал машина жасау химия өнеркәсiбi сияқты салаларда үш еседен астам өстi. Мыңға жуық өнеркәсiп орындары мен цехтар қатарға қосылды.

Болашақта Қазақстан индустриясының алыбынан үмiткер өнеркәсiп ұжымдары: Қазақ газ өңдеу, Қарағанды резина-техника, Маңғыстау пластмасса, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Қарағанды металлургия комбинатындағы ақ қаңылтыр цехы, Екiбастұз және Ермак ГРЭС-терi, Қапшағай су-электр станциясы, Шымкент және Жамбыл фосфор зауыттары, Жайрем кен байыту комбинаты осы жылдары iске қосылды. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi жөнiнен Қазақстан үшiншi (РСФСР мен Украинадан кейiн) орынға көтерiлдi. Маңғыстау, Қаратау-Жамбыл, Павлодар-Екiбастұз аймақтық-өндiрiстiк кешендер қалыптастыру жөнiнде көптеген ресми хабарламалар жарияланды.

КСРО-дағы саяси ахуалдың өзгеруi экономикалық дамудың мүмкiндiгiн айтарлықтай тарылтты, ал кейiннен олардың мүлдем тежелуiне әкеп тiредi. Оның үстiне шаруашылық жүргiзу тәжiрибесi бiрте-бiрте социализм туралы қасарыспа қасаң түсiнiктер салдарынан туындаған, күнi бiткен шептерге сырғи бердi. Осының нәтижесiнде республика тарихи прогрестен бiртiндеп шетқақпайлана бердi. Реформалардың шектелуi 70-шы жылдардың басында кейiнгi кезеңдердегiдей айқын сезiле қойған жоқ.

Ведомстволық шашыраңқылық пен төрешiлдiк тосқауылдар жағдайды қиындата бердi. 80-шы жылдардың басында КСРО бойынша өндiрiске енгiзiлетiн ғылыми- техникалық жаңалықтардың болғаны 3-ақ пайызы тидi. Сонымен қатар олардың экономикалық тиiмдiлiгi небәрi 2,3 пайызды құрады. Экономиканы бiр орталықтан басқару әдiсi жаңалық ойлап табу мен жүзеге асыру арасындағы жолды шамадан тыс ұзартып жiбердi.

Республикада бұрынғысынша шикiзат өндiрiсiне бiржақты бағдар ұсталды. Пайдалы қазбалар мен қуат көздерiн өндiрудегi шикiзат пен қуатты пайдалану тиiмдiлiгi төмен болды. Мәселен, 80-шы жылдардың орта шенiнде КСРО Батыс Еуропа елдерiмен және АҚШ-пен салыстырғанда әр өнiм басына қуат пен шикiзатты 2-3 есе көп жұмсап отырды. Қазақ КСР Ғылым Академиясының республиканың өндiргiш күштерiн зерттеу жөнiндегi Кеңесiнiң есебi бойынша, көмiр өндiрiсiнде оның 50-60 пайызы, мұнайдың 70 пайызы, темiр кенiнiң 11,5 пайызы рәсуа етiлдi.

Өндiрiстiң материалдық байлықтарын қолдану тиiмдiлiгiнiң төмендiгiне әр түрлi себептермен жұмысқа шықпай қалушылық салдарынан, жұмыс уақытының босқа жоғалуы келiп қосылды. Өнiмдi қандай да бiр шек қойылмастан жалпы көлемi бойынша жоспарлау сақталды. Билеушi партияның съездерiнде жұмыс қорытындылары көтерiңкi рухта айтылып жатты, яғни құрылыс жұмыстарының қарышты қадамы, машина жасау, химия мен мұнай химиясы, электр қуатын өндiру, т.б. салалардағы табыстар туралы материалдар ең алдымен ауызға алынды. Мәселеге осындай көзқараспен келу сансыз жеңiс мәлімдемелерін, жаңа “көтерiңкi мiндеттемелер” қабылдау мен кезектi ұран көтеру тасқынын туындатты. Қағаз бетiндегi ұраншыл жарыс етек алды. Өнеркәсiптiк құрылыс саласында республика басшылығы алып аумаққа әуестенушiлiктi кеңiнен қолдап отырды. Мифологиялық пайым социалистiк мемлекеттiң зор қуатын бейнелейтiн жаңа символдардың күннен-күнге көбейе түсуiн талап еттi. Бұрын аталған Павлодар-Екiбастұз, Маңғыстау, Қаратау-Жамбыл, Шымкент-Кентау тәрiздi iрi аймақтық-өндiрiстiк кешендер дәл осы кезеңде тұрғызылды. Жылдық, тоқсандық, айлық тапсырмаларға түзетулер енгiзу бұрынғысынша үйреншiктi iс күйiнде қала бердi. 1981-1985 жылдар iшiнде әр түрлi министрлiктер мен ведомстволардың жоспарлары 300 реттен астам түзетiлдi.

Бұл жылдары жалпы өнiм көрсеткiшiн қуалай өсiру ауыр өнеркәсiпте негiзгi мақсатқа айналды. Күрделi құрылыста да солай болды, мұнда жұмысты атқарудың ұзақ мерзiмге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуiр бөлiгi iстен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетiн, нақтылы тиiмдiлiкке жетудi қамтамасыз етпейтiн объектiлер салынды. Еңбектi, материал мен ақшаны көп жұмсаған қызметкер немесе кәсiпорынның көрсеткiшi жоғары бағаланды. Республика iлгерiлеу қарқынынан айрыла бастады, шаруашылықтың және мәдениеттiң барлық саласында iркiлiс көбейiп, қиыншылықтар үстi-үстiне жинақталып, шиеленiсе түстi, шешiлуiн күткен мәселелер көбейе бастады. Мысалы, IX бесжылдықта жоспарды күрт төмендетiп отырса да өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 12,6 пайыз орындалмаған болса, оныншы бесжылдық - 25 пайызға, он бiрiншi –3,6 пайызға орындалмаған. Соның салдарынан ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-шi жылдардың бас кезiнде ол бiзде iс жүзiнде экономикалық тоқырауға алып келдi.

Дүниежүзiлiк экономикалық заңдылық бойынша өндiрушi тұтынушының “көңiлiн тапқанда” елдегi әлеуметтiк жағдай дұрыс болады. Ал бiзде тұтынушы өндiрушiнiң ырқында болып шықты, өндiрушi не берсе тұтынушы соны пайдалануға мәжбүр болды. Мұның бәрi сол баяғы “жалпы өнiмге” бола жасалды. Сөйтіп, республика дамыған басқа елдерге қарағанда өнiмнiң бiр өлшемiне шикiзаттың, энергияны, басқа да қорларды едәуiр көп жұмсау әдетке айналған. Ал АҚШ пен Жапонияны алсақ, өнiмнiң бiр өлшемiне бiзге қарағанда шикiзат пен энергияны 30-40 пайыз кем жұмсады. Елiмiздiң бай табиғи және еңбек қорларын қалай болса солай пайдаланып, оның экономикасын ондаған жылдар бойы экстенсивтi жолмен дамыту үйренішті әдетке айналған. Мысалы, Маңғыстауда өндiретiн мұнай мен серiктес газдың тек қана 8-10 пайызы пайдаланылды. Бiрақ осыған қарамай, өте қымбат, шығыны көп Ақтау қаласындағы атом реакторы 1973 жылы iске қосылды.

Ел билеушi топтардың бiлiксiздiгi мен империялық пайымның без бүйректегi салдарынан, еселене түскен жоғарыдан белгіленген жоспар республика экономикасына орасан зор нұқсан келтiрдi. Бұл орайда Арал теңiзi атрабына өндiргiш күштердi орналастыруда жiберiлген стратегиялық қателiктер, жер және су қорын есепсiз пайдалану, мақта мен күрiш дақылдарын өсiруге дара үстемдiк беру салдарынан теңiз түбi 27 мың шаршы шақырымға дейiнгi аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңiз суының тұздылығы 3 еседен астам өсiп, Арал өзiнiң балық өнеркәсiбiнен тұтастай айрылды. Оның үстiне құрғап қалған теңiз түбiнен тұз бен шаңның көтерiлуi күшейе түсiп, Арал аймағының табиғаты мен ауа райы күрт нашарлап кеттi. Ал бұл болса сол маңайдағы тұрғындардың денсаулығына әсер еттi.

Айналадағы табиғи орта тепе-теңдiгiнiң бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндiрдi. Адам өлiмi, әсiресе балалардың шетiнеуi көбейдi. Аймақ тұрғындарының 80 пайызы әр түрлi сырқаттарға шалдықты. Дүлей күшiне енген экологиялық апат iс жүзiнде ұлттың генетикалық өсiп-өнуi мүмкiндiгiн сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр еттi, өйткенi Арал аймағы негiзiнен республиканың байырғы халқы-қазақтар мекендейтiн аудан болатын. Бұған Балқаш көлiнiң бiр бөлiгiнiң iске жарамсыз болып қалғанын, көптеген өнеркәсiптiк қалалардағы, әсiресе Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Өскемен, Жамбыл, Шымкенттегi экологиялық жағдайдың ауырлығын қосқанда, КСРО-дағы социалистiк құрылыстың “артықшылықтары” тайға таңба басқандай көрiнедi.

70-80-шi жылдарда ауыл шаруашылық саласы КОКП ОК наурыз (1965 ж.) Пленумы белгiлеген бағдарламасы негізінде дамытылды. Ол құжатта ұлттық табысты аграрлық саланың пайдасына қарай қайта бөлу, селоның әлеуметтiк проблемаларын шешу, шаруашылық есептi енгiзу, ауыл шаруашылық өнiмдерiнiң сатып алу бағасын арттыру шаралары белгiлендi. Осындай шаралар белгiленсе де, өндiрiс қатынастары және шаруашылықты басқару жүйесi бұрынғысынша қалды. 1971-1985 жж. республиканың ауыл щаруашылығына көп мөлшерде қаражаттар бөлiндi.

Ал осындай көлемдi және күрделi шаралардың нәтижесi қандай деген заңды сауалға келетiн болсақ, көптеген түсiнiксiз жәйттерге кезiгемiз. Бiрiншiден, ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру ұдайы төмендеумен болды: IX-шы бесжылдықта 13 пайыз, XI-шi бесжылдықта - 0,4 пайызға дейiн құлдырады. Екiншiден, қазақ халқының ата-тегiнен келе жатқан мал өсiру кәсiбi терең дағдарысқа ұшырады. Осы жылдары 4,2 млн. iрi қара, 55 млн. қой-ешкi т.б. өлiм-жiтiмге ұшырап, бұлардың әр жүз аналығына шаққанда алынған төл саны 10,3 және 69 басқа азайып кеттi.

Бұл халық үшiн аса маңызды сала тиiмдiлiгi төмендеуiнiң басты себебi шаруалардың өз еңбегiнiң жемiсiн көре алмайтындығынан болды. Ауыл шаруашылығын басқарудың 20-30-шы жылдар арасында қалыптасып нығайған әкiмшiл-әмiршiл жүйесi құбыла, түрлене келiп, 70-80-шi жылдары өмiр сүре бердi. Шаруалардың экономикалық мүдделерiне нұқсан келтiрiлген реттерде көрсеткiштер де бiрден күрт құлдырап жатты.

Ауыл шаруашылық өнiмдерiн сатып алу бағаларын көтеруге ұмтылыс та айтарлықтай тиiмдiлiк берген жоқ, өйткенi өнеркәсiптiк кәсiпорындардың өз өнiмдерiне өздерi баға белгiлеу құқылығы тыңайтқыштардың, техниканың, құрама жем мен басқа өнiм түрлерi құнының бақылаусыз өсуiне әкеп тiредi. Егер ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бағасы 2 есеге артса, оларға арналған өнеркәсiптiк өнiмдерiнiң бағасы 2-5 есе көбейдi. 70-шi жылдары мұның үстiне өндiрiстiк құрылыста тұрақты қымбаттай түстi. Колхоздар мен совхоздар “Ауыл шаруашылық техника”, “Ауыл шаруашылық химия” тәрiздi қызмет көрсетушi мекемелер тарапынан да “талауға” түстi. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн жоспарлы түрде сатып алу, интенсивтендіру жолындағы тосқауылға айналды. Шын мәнiнде, бұл түрлi әдiс-тәсiлдер арқылы сығып алынатын азық-түлiк салғырты едi.

1970-1985 жж. республика одақ қорына жыл сайын килосы 2 сомнан аспайтын 300 мың тонна ет жөнелтiп отырды. Мұнан түскен пайда 9 миллиард сом болса, ет өндiруге кеткен шығын 18-27 миллиард сомға тең болды. Осының бәрiнiң салдарынан 1986 жылы Қазақстандағы колхоздар мен совхоздардың көпшiлiгi өздерiнiң айналымдылық қаржысынан толықтай айрылып, өндiрiстiк қызметiн несие есебiнен жүргiзе бастады.

70-шi жылдары республиканың бiрқатар ауылшаруашылық мамандары шаруашылық жүргiзудiң қалыптасқан құрылымын өзгертуге әрекеттендi. Мысалы, И.М.Худенко Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданындағы “Iле” совхозының, кейiн сол облыстың Күртi ауданындағы “Ақши” совхозының басшысы болған кезде фермерлік тұрақ мекендерін дамытуға әрекеттенiп, қағазбастылық сүйретпесiне шұғыл шектеу қойды, яғни шаруалардың еркiн еңбектенуiне қадам жасағысы келдi. Алғашқы шараларының нәтижесiнде совхоздардың жұмысы анағұрлым қарқынды жүрiп, еңбек өнiмдiлiгi артты, тәртiп нығайды. Жаңалық әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң басқару арнасына қайшы келiп, ондаған тергеулерден кейiн И.М.Худенко сотқа тартылып, түрмеде көз жұмды. Кейiн елдегi өзгерiстер басталғанда ғана Қазақ КСР Жоғарғы Сотының шешiмiмен ол ақталды.

1982 жылдың мамырында қабылданған азық-түлiк бағдарламасы ауыл шаруашылығының да, оған қызмет ететiн салалардың, көлiк пен сауданың да жұмысын бiрiктiру мақсатын көздеген болатын. Әзiрлеу жүйесiнiң мемлекеттiк қабылдау орындары мен сақтау қоймаларында белең алып тұрған қылмысты қырсыздық жағдайында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру көлемiн арттыруға әрекеттенудiң өзi мағынасыз едi.

Азық-түлiк бағдарламасы мен ауылшаруашылық өндiрiсiнiң құлдырауын тоқтатуға бағытталған өзге де әрекеттер айтарлықтай нәтиже бермедi, бағдарлама басқарудың ескiрген жүйесi аясында жасалды және шаруалардың түбегейлi мүдделерiн, еңбеккерлердiң экономикалық мүдделерiн қозғаусыз қалдырды. Колхоздар мен совхоздардың шаруашылық дербестiгi бұрынғысынша ұсақ-түйектерге дейiн жоғарыдан реттелдi. Осының бәрi ауылдағы дағдарыстық тенденцияның ұлғайып, күрделенуiне әкеп соқтырды. 80-шi жылдардың орта шенiнде iс жүзiнде барлық жерде тамақ өнiмдерiмен шектеулi қамтамасыз ету жүйесi енгiзiлдi.

Кеңес Одағында астық өндiру жөнiнен алдыңғы орындардың бiрiнде болған республика, жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауылшаруашылығы өнiмдерiн өңдеу, сақтау, халыққа сату iсi бетiмен жiберiлдi. Көлiктiң, элеваторлардың, қоймалардың жетiспеушiлiгiнен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнiмнiң 20-40 пайызға дейiнгiсi ысырап болды. Ауыл ұжымдары мүшесінің еңбегi тиiсiнше бағаланбай, олар қалалар және өндіріс жанындағы елді мекендерге жаппай қоныс аударуы өмір салтына айналды. Жүздеген иесiз қалған кiшiгiрiм ауылдар саны шексiз өсiп жатты.

Бұл жылдары бiлiм беру саласында да елеулi өзгерiстер болды. 1970 жылдың басында республика бойынша жалпы бiлiм беретiн мектептер саны 10154 жетiп, оларда 3 млн. 348 мың оқушы бiлiм алды. Ал 1986 жылдың басында бiлiм беретiн мектептер саны 8728 қысқарып, оларда 3 млн. 348 мың оқушы оқыды. Мұндай қысқартулар iрi агрокешендер құру кезеңiнде “болашағы жоқ” ауылдардың жойылып кетуi салдарынан орын алды. Бұл кезде негiзiнен шағын мектептер жаппай жабыла бастады. Әсiресе, қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептер саны қысқарды. 80-шi жылдары бiрқатар пәндер тереңдетiп оқытылатын мектептер кең өрiс алды. Қазақ КСР Ғылым Академиясының бастама көтеруiмен республикалық тұңғыш академик О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебi ашылды. Билеушi органдардың 1986 жылғы қарашаның 10-ындағы “Жалпы бiлiм беретiн орта мектеп жұмысын одан әрi жақсарту шаралары туралы” қаулысына сәйкес республикада мектеп реформасы өткiзiлдi. Оқыту бағдарламаларына біршама өзгерiстер енгiзiлiп, арнаулы кабинеттер ашылды.

Бiрақ ғылыми-техникалық прогресс мектептiң үздiксiз дамуын ұдайы талап етiп отырды. Заман талабына сай өндiрiс пен ауыл шаруашылығына т.б. салаға жаңа маманданған кадрлар қажет болды. Республика үкiметiнiң “Жалпыға бiрдей орта бiлiм беруге көшудi аяқтау және жалпы бiлiм беретiн мектептi одан әрi дамыту туралы”, “Кәсiптiк-техникалық бiлiм беру жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы”, “Елдегi жоғары бiлiм берудi одан әрi жетiлдiру туралы” және де басқа маңызды қаулылары халыққа бiлiм беру iсiн жетiлдiрудiң жаңа бағыттарын белгіледі. 1972 жылы республикада жалпыға бiрдей орта бiлiм беруге көшудiң соңғы кезеңi басталды. Оқушыларды еңбекке баулу ісі тереңдете жүргiзiле бастады. Орта мектептердiң барлығы, ал орталау мектептер жартысы оқытудың кабинеттiк жүйесiне көштi.

1970-1985 жылдарда жоғары бiлiм беру жүйесi де бiршама өзгерiстерге ұшырады. Жоғары оқу орындарының саны 55, ал ондағы студенттер - 273,3 мың болды. Орта арнаулы оқу орындарының саны 246-ға жетiп, оларда 272,6 мың жастар бiлiм алды. Республика жоғары оқу орындарында көптеген бiлiктi мамандар, әлемге танымал ғалымдар еңбек еттi. Cтуденттер арасында ғылыми iзденiстер серпiндi дамыды. Бұл кезеңде студенттiк құрылыс отрядтары кең өрiс алды. Өндiрiстiк бағдарламаларды орындаумен қатар студенттер кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi қадағалаушы орындармен бiрлесiп, тәртiбi қиын жасөспiрiмдермен жұмыс жүргiздi.

Өнеркәсiптiң қауырт дамуы, ауыл шаруашылығында бой көрсеткен интенсивтендiру бағыты ғылым-зерттеу жұмыстарына да серпiн бердi. 60-шы жылдардың аяқ шенiнде-ақ Қазақстан КСРО-ның iрi ғылыми орталықтарының бiрiне айналды. 1985 жылы республикада 40377 ғылыми қызметкер жұмыс iстедi. Олардың 864-i ғылым докторы, ал 650-i Ғылым Академиясының академиктерi, корреспондент-мүшелерi, профессорлар болды.

Д.В.Сокольский мен У.М.Ахмедсафин тәрiздi аса көрнектi ғалымдардың есiмдерi республикадан тыс алыс шет елдерге танылған. Д.В.Сокольский катализаторларды элетрохимиялық әдiстермен зерттеу мәселесiн тұңғыш игерген болса, У.М.Ахмедсафин республикадағы гидрогеология және гидрофизика ғылымдары бойынша жаңашылдығымен әлемдік биікке жеткен ұйымдастырушысы болды. Қазақстан ғалымдары генетика мен микробиология саласында да табыстарға жеттi. Ғалымдардың бiр тобына, оның iшiнде қазақстандық ғалым М.А.Айтхожинге, өсiмдiк жасушаларындағы информсомоларды яғни жасуша iшiндегi бөлшектердiң жаңа тобын тапқаны үшiн КСРО-ның ең жоғарғы дәрежесі Лениндiк сыйлықтың атағы берiлдi. Сондай-ақ, елiмiзде Қазақ энциклопедиясының қазақ тiлiндегi басылымын шығару аяқталды.

Қоғамдық ғылымдар, көркем әдебиет ұдайы өктем билiк тарапынан қысым көрiп келдi. Әдебиеттiң, операның және бейнелеу өнерiнiң дамуында идеологиялық әсер iздерi айқын аңғарылады. Солай болғанымен әдебиет пен өнердiң үздiк өкiлдерi тамаша шығармалар туғыза бiлдi. Мәселен, Ғабит Мүсiрепов осы кезеңде өзiнiң ең маңдай алды шығармаларының бiрi - ”Ұлпан” повесiн жазды. Повестiң орыс тiлiндегi аудармасы 1976 жылы жарық көрдi. Қаламгер республика жазушылар арасында тұңғыш рет Социалистiк Еңбек Ерi атағын алды. Ғ.Мұстафин, И.Шухов, Ә.Тәжiбаев, Д.Снегин, О.Сүлейменов оқырмандарды жаңа туындылары мен қуантты. 80-жылдары Б.Момышұлы, Ә.Нұрпейiсов, Т.Ахтанов, I.Есенберлин, Ж.Молдағалиев, З.Сәмәди, Қ.Мырзалиев, И.Щеголихин, М.Шаханов және басқа қаламгерлер көркем әдебиеттегi елеулi туындылармен жұртшылық ықыласына ие болды.

Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры шығармашылығымен аса маңызды табыстарға жеттi. “Қан мен тер” драмасын қойғаны үшiн режиссер мен басты рөлдердi орындаушылар 1974 жылы КСРО Мемлекеттiк сыйлығына ие болды. М.Ю.Лермонтов атындағы республикалық орыс драма театры, ұйғыр музыкалық-драма және корей драма театрлары өз қойылымдарымен және актерлiк шеберлiгiмен көрермен қауымды қуанышқа бөледi.

Қазақ циркi көпшiлiкке кеңiнен танымал болды. Сазгерлер Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, Н.Тлендиев, Ш.Қалдыаяқов, Ә.Еспаев, К.Күмiсбеков, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов т.б. қазақ музыкасын тың шығармаларымен байытты. Бұл жылдар ұйғыр сазгерi Қ.Қожамияров үшiн де жемiстi болды. Әншiлер Е.Серкебаев пен Б.Төлегенова өнер сүйер қауымның ықыласына бөлендi. Осы кезеңде жас әншiлер Әлiбек Дiнiшев, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиеваның, суретшiлер Үкi Әжиевтiң, Сахи Романовтың, Ерболат Төлепбаевтiң өнерлерi көпшiлiк қауымның ықыласына бөлендi.

Қазақ киносының Ш.Айманов, М.Бегалин, С.Қожықов сияқты iрi қайраткерлерiнiң қатысуымен жасалған “Атаманның ақыры”, ”Қыз Жiбек”, ”Мәншүк туралы ән” атты тұлғалы көркем фильмдері экранға шықты. Қазақ мультипликациясы да өзiнiң табыстарымен танылды.

Алматыда Мемлекеттiк өнер, Қазақ КСР, қазақ ұлт-аспаптары мұражайлары ашылды. Алматы, Ақмола, Ақтау қалаларының орталықтарында тамаша сәулеткерлiк ансамбльдер бой көтердi.

Халықтың тұрмыс дәрежесi. Билеушi орындардың елде халықтың ақшалай табысын арттыруға бағытталған саясаты тұрғындардың тұрмыс дәрежесiн соғыстан кейiнгi жылдармен салыстарғанда бiршама көтердi. 70-шi жылдардың бiрiншi жартысында экономиканың өндiрiстiк салаларында қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбек ақылары көтерiлiп, оның ең төменгi мөлшерi 70 сомға жеткiзiлдi, ал 1977-1978 жылдары өндiрiстiк емес салалардың қызметкерлерi үшiн жаңа ставкалар мен жалақылар белгiлендi. Сөйтiп, республика еңбекшiлерiнiң орташа айлық табысы 1971-1989 жж. 123,7 сомнан 233,7 сомға дейiн, өнеркәсiп жұмысшыларының табысы 133,9 сомнан 259,3 сомға дейiн өстi. Ауыл шаруашылық саласындағы еңбекшiлердiң жалақысы да елеулi түрде -121 сомнан 247 сомға дейiн өстi. Жасына қарай төленетiн айлық орташа зейнетақы 51,1 cомнан 93,2 сомға дейiн көтерiлдi. Билік орындары мен оның бүкiл идеологиялық құрылымдары халықтың тұрмыс дәрежесiн тек қана жалақы мен төлемдердiң өсу деңгейi арқылы бейнелеп декларативтi түрде сипаттады. Яғни, төлемдердiң мұндай дәрежеде өсуi жылдар бойы халықтың тұрмыс дәрежесi өсiп келедi деп санады, ал iс жүзiнде бұл ақиқаттан әлдеқайда алыс едi. Мемлекеттiң және өндiрiстiк салалардың бағаны көтеруi, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуi, жалақының көлемiн қолдан төмендету, ақы төлеудегi теңгермешiлiк сияқты факторлар халықтың тұрмыс дәрежесiнiң құлдырай беруiне әкеп соқтырды. Өнеркәсiптегi таза өнiмдегi жалақының үлесi үнемi төмендей бердi. Мысалы, ол 1927 ж. 58 проценттен 1985 ж. 36 процентке дейін қысқарған.

Халықтың нақты табысының төмендеуiне ақшаның құнсыздануы да әсер еттi. Мұны көп уақыт бойы билеушi орындар қоғам мүшелерінен жасырынды ұстап келген. Құнсыздану қарқыны жылына 4 пайызға (ғылыми тұжырымдар) өскенiн есептегенде нақты жалақы 1970-1986 жж. 20 пайызға төмендеген. 1985 ж. 1 сом 60-жылдардың ортасындағы бiр соммен салыстырғанда 54 тиынға тең келдi. Тiптi билеушi партияның XXV съезiнде елдiң басшылары ақшалай табыстың жеке өзiн алып қарағанда тұрмыс дәрежесiнiң нақты өсуi емес екенiн мойындауға мәжбүр болды.

Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры есебiнен жәрдем, зейнетақы және стипендия төлеуге, тегiн бiлiм алуға, денсаулық сақтауға, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жүйелi түрде көптеген қаражат бөлiнiп отырды. 1971 жылы қолхозшылар үшiн зейнетақы белгiлеу тәртiбi енгiзiлдi. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектерiне айлық, орташа зейнетақы 33 пайызға көбейтiлдi, 1975 жылы Отан соғысының мүгедектерiне қосымша жеңiлдiктер енгiзiлдi. Ана мен баланы қорғау жөнiнде шаралар белгiлендi, соғыс ардагерлерiнiң материалдық-тұрмыс жағдайы жақсартылды, бала кезiнен мүгедек болғандарға түрлi жәрдем түрі енгізілді.

Тағы да экономикалық талдаулардың нәтижелерiне сүйенсек, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесiн көтеруге ықпалы тым әлсіз болып қала берген. Зейнетақы мен жәрдем ақының ең аз мөлшерi мардымсыз өсiрiлдi, өйткенi оны өсiрудегi негiзге алынған мөлшерi онан да мардымсыз болатын. Халықтың едәуiр бөлiгiнiң, әсiресе зейнеткерлердiң, көп балалы отбасылардың табысы төмен күйiнде қалды, сөйтiп ол көбiнде күнкөрiс деңгейiне де жанаспады. 70-80 жылдары көпшiлiк тұтынатын тауарлар бағасының, тұрмыстық және коммуналдық қызмет көрсетудiң, қоғамдық көлiктiң бағасының ресми және сол сияқты жасырын түрде ауқымды жоғарылатылуы халықтың нақты табысын недәуiр төмендеттi.

Жылдан-жылға тапшылық артып, сауда орындарында сапалы тiгiлген киiм-кешектiң көзi азайып, күнделiктi қажет азық-түлiк түрлерi тапшыланды. Тамақ өнiмдерiнiң бағасы тоқтамсыз қымбаттап, оны өндiретiн салалардың қызметi құлдырады. Республика азаматтарының сауда орындарының есiк алдын бағып, сағаттап кезекте тұру әдетке айналды. 70-80 жж. халық арасында партиялық-мемлекеттiк, әскери, шаруашылық номенклатурасына берiлген әлеуметтiк артықшылықтарға, қоғамдағы күнделiктi әдiлетсiздiкке байланысты наразылық өрши түстi. Мұндай артықшылықтар әлеуметтiк теңсiздiктiң арнаулы түрiн туғызды, iс жүзiнде алып қарағанда, ақшаның сатып алу құны әртүрлi тұтыну рыноктарын қалыптастыру болды. Билеушi топтар артықшылықтарды бөлуде шендiк қағидатты қатаң сақтады. Олардың көлемi қызмет орнынының дәрежесiмен белгiлендi.

Аталмыш кезде республикада азаматтарға ең өткiр проблема баспана болған. Оны шешуде бiршама iлгерi жылжу байқалса да, халық санының өсуiне байланысты көптеген отбасылары бiреулердiң босағасында паналаумен ғұмырын өткiзген. Үй салуға бөлiнген қаржы көлемi шегерiлiп, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек он бiрiншi бесжылдықта ғана республикада 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлмедi, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу орындалмады. Тұрғын құрылысының бұл жағдайына қарамастан республика астанасы мен облыс орталықтарында құны қымбат әкiмшiлiк үйлерi бой түзеп көтерiлдi.

ХХ ғ. 70 жылдары ортасында Қазақстан халық тұрмысын сипаттайтын көрсеткiштер бойынша жалпыодақтық межеден әлде қайда төмен болды. Республиканың көптеген өңiрлерi жан баласы төзiмсiз қиын жағдайда болды. Негiзiнен қазақтар тұратын түкпiрдегi елдi мекендер қалыпты дәрiгерлiк көмекпен, ауыз сумен, көкөнiспен, жемiспен қамтамасыз етiлу жәйi қанағаттандырғысыз болып, оларда бала-бақша, мектептер, көпшiлiк мәдени орындар жетiспедi. Мұндай жағдай республика мен орталық арасындағы қарама-қайшылықтың қауырт шиеленiсуiне объективтi негiздi құрады.

Cөйтiп, экономикалық қайшылықтар әлеуметтiк қиындықтарды тереңдетсе, олар өз кезегiнде күрделi адамгершiлiк проблемаларын дүниеге әкелдi. Жалақы төлеудегi теңгермешiлiк бағыт еңбеккерлердiң қабiлетiн төмендетпеуi мүмкiн емес едi. Азық-түлiктiң, сапалы өнеркәсiп тауарларының тапшылығы күшейдi, адамдар өмiрiнiң орташа ұзақтығы қысқарды. Еңбекке немқұрайлы қарау, өндiрiстегi ұрлық, еңбек тәртiбiнiң құлдырауы, маскүнемдiк, қылмыс жасау жаппай құбылысқа айналды, “көлеңкелi экономика” дамыды. Осының бәрi республикада болашағы бұлдыр әлеуметтiк-экономикалық жағдай жаратылғанының айғағы едi және әлеуметтiк саладағы дағдарыстың көрiнiстерi билік жүйесiн күйретуге алып келген объективтi себептер едi.

80 жылдардың бастапқы кезінде Кеңес елiнiң республикаларында аса ауыр әлеуметтiк-экономикалық дағдарыстар бет алды. Қоғамның саяси ұйымдасуы, экономикалық қатынастардың күнi өткен жүйесi КСРО-ны күрделi дағдарысқа әкелiп тiредi. Дағдарысқа тiреген жағдай бұрынғы басшылықтың толғағы жеткен өзгерiстердi жүзеге асыруға дәрменсiздiгiнен ғана емес, оның қажеттiгiн түсiнуге қабiлетсiздiгiнен, барлық экономикалық қызметтiң, қоғамдық өмiрдiң бiр орталықтан басқарылуынан, партиялық және мемлекеттiк функциялардың қосылып кетiп, оның төрешiлденуiнен заңдылықтың бұзылуынан; қоғамдық-саяси өмiрдiң аса маңызды мәселелерi жария болмауынан айқын көрiндi.

Экономикалық салада оның белгiлерi мыналар болды: шаруашылықты жүргiзудiң шығындық тәсiлi, ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте артта қалушылық, iс жүзiнде бақылаусыз басқару аппаратының, өндiрiстiң материалдық қорларды пайдаланудағы тиiмдiлiктiң төмендiгi, инфляция және орасан зор тауар зәрулiгi.

Қоғамдық өмiрдегi оның негiзгi белгiлерi тұрмыс деңгейiнiң нашарлауы, материалдық игiлiктердi бөлуде әділетсіздiктiң етек алуы, әлеуметтiк әдiлеттiлiктiң жиi бұзылып отыруы, ұлтаралық қатынастардағы проблемалардың туындауы, шынайы өмірдің бұрмаланып көрсетілуі, адамгершiлiк дәреженің әлсіреуі; маскүнемдiк пен нашақорлық, ұрлық пен қарлық, жемқорлық мен жезөкшелiк болды. Қоғамдағы қасаң идеология мен нәтижесіз реформалар құлдырау мен тоқырауды тоқтата алмады. Ширақ ұйымдастыру және жаңа бағыттың қажеті айқындалды. 80-шi жылдардың бiрiншi жартысындағы КСРО саяси басшылығындағы бiрнеше өзгерiстерден кейiн КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланған М.С.Горбачев әлеуметтiк-экономикалық дамуда жеделдету бағытын жариялады. Бұл серпiлiстi саяси басшылық дамудың экономикалық қарқынының бәсеңдеуiне жол бермеу және негiзгi күштердi осы бағытқа жұмылдыру арқылы жүзеге асыруға тырысты.

Жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргiзiлдi. Жаңа басшылық әлеуметтiк және экономикалық дағдарысты бүкiл мемлекеттiк жүйенi қайта құру арқылы емес, жекелеген шаралардың көмегiмен, идеялық-саяси тәрбиенi күшейту арқылы болдырмауға болады деп есептедi.

Сондықтан, жеделдету бағытының сәтсiздiкке ұшырауының негiзгi кiнәлiлерi жекелеген басшы билеуші партия мүшелері болып жариялануы белгiлi бiр заңдылық тәрiздi. Мысалы, Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, ұлттық республикаларда Д.Қонаев пен Г.Алиев. Мұнан кейiн, партиялық аппарат қызметкерлерiнiң тежеушiлiк ықпалы туралы әңгiмелер қозғала бастады. Мұндай идеялар “Правда” газетiнде жарияланған “Тазару” атты мақалаларда айтылды. Онан соң “жақсы еңбек еткiсi келмейдi-мiс” деп кеңес адамдары кiнәланды.

Дей тұрсақ та жаңарудағы тежеудiң ұшығы әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң бұрынғыша сақталуында, оның саяси институттарының тиiмсiздiгiнде, халыққа жаттығында, адамға қоғам үшін жақсы еңбек ету негiзiнен тиiмсiздігінде болған, оның экономикалық құрылымдарының өмiршең еместiгiнде жатты. Қоғам дамуының iркiлісiнен ғылым да қалып қойды. Дағдарыстың ушығуы мен себептерiне байсалды талдау жасаған ғылым өкiлдерiнiң дауысы да ел iшiнде әлi бәсең едi.

Бұл кезде саяси жүйенiң мерездерi жайлы бәрiнен бұрын айта бастаған жазушылар болды. Мысалы, әмiршiл жүйенiң адамды бүлдiрiп, оны “тетiкке” айналдыратын кесапаттылығы жайлы А.Бектiң “Жаңа тағайындау” романында айтылды. Cол мазмұндағы, кейiнiрек одақтық республикаларда одан да өткiр шығармалар көпшiлiкке тарады. Алғашқыда жарияланған мақсаттар мен нақты өмiрдiң арасындағы күрделi қайшылықтардың нәтижесi 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына жеткiздi.

Экономикадағы тоқырау әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң саяси, экономикалық-әлеуметтiк салаларды жоспарлауындағы және оны орындаудағы жiберген олқылықтар мен қарама-қайшылықтарының нәтижесi едi. Осы жылдары орта машина жасау, қорғаныс министрлiктерi республика кеңістігіндегі нағыз қожалары болып алды. Әр түрлi жоспарлар жасау, жаңа кен орындарын игеру кезiнде, iс жүзiнде республика мүдделерi екінші тіпті ескерілмей соңғы қатарға ығыстырылды. Ведомстволардың қанжығасына түскен миллиардтаған табыстардан республикаға оның елеусiз бөлiгi ғана түсетiн едi, ал жергiлiктi халыққа экологиялық кесапаттың үлесi аса зор болды.

Табиғат қорларынан түскен барлық қаржы орталықта қалып, тiптi халыққа қажеттi тауарлардың 60 пайызға жуығы Кеңес Одағының басқа аймақтарынан тасымалданды. Идеологиялық тоталитаризм және ғылым мен ағарту саласын қаржыландырудың “қалдықты” принципi адамдардың рухани дүниесiнiң дамуын жылдан-жылға тұншықтырып, жаншыды. Ғылымдар, оның iшiнде әлеуметтiк-гуманитарлық салалары ресми саясаттың елгезек “қызметшiлерiне” айналып, ал мәдениет болса ұлттық негiздерiнен алшақтап өңiнен айрыла бастады. Мысалы, 1954-1986 жж. аралығында 700-ден астам қазақ тiлiнде оқытатын мектептер жабылды. Қоғамдағы қазақ тiлiнiң жағдайы тек тұрмыстық тiлге айналды. Тiлдiң өзiндiк өрiсi де тарыла түстi, өйткенi, оны жастардың көпшiлiгi ұмыта бастағаны былай тұрсын, тiптi оларда ана тiлiне деген менсiнбеушiлiк пайда болды. Ұлттық мәдениет пен тiлден айырылудың осындай ұзақ процесi мәңгүрттердiң елеулi тобын дүниеге келтiрдi. Бұның бәрi қазақтардың көңiл-күйiн ауырлата бердi.

Тағы бір ерекше себеп, бұл жергiлiктi басқарушы орындардың дәрменсiздiгi мен жалтақтығы. Анағұрлым маңызды саяси-экономикалық шешiмдер Мәскеуде қабылданып, ұлттық республикаларға әмiр (бұйрық) ретiнде жiберiлiп отырды. Қандай да болмасын жоғарғы жақпен келiспеушiлiк немесе қарсылық “партиялық тәртiптi бұзу” немесе “ұлтшылдық” деп бағаланып, iле-шала қатаң жазаланды.

Тоталитарлық жүйенiң 20-30 жылдарда терең енген “ көсемдерге”, өзiнен жоғары қызметтегi адамдарға табынушылық пен иланушылық Мәскеуде ғана емес, облыс, аудан, жергiлiктi басқару орындарында да кең қанат жайды. Республика басқару буындарында принципсiздiк пен өзiмшiлдiкке жол берiлiп, билеушiлер төңiрегiне қызмет бабын дүние қоңыздық мақсатта пайдаланатын адамдарды жинады. Сол кездегi халық “сенiмдiлерiнiң” көз алдында Арал құрғап, қазақ тiлiнiң қолданылу аясы тарылды, Курчатов (Семей), Эмбе-5 (Ақтөбе), Капустин Яр, Азгыр, Тайсойған, Атырау, Маңғыстау облыстары, Орал өңiрiндегi полигондарда үздiксiз жарылыстар жүргiзiлiп, әкiмшiл жүйенiң мәңгiлiк сыңарлары: парақорлық, тамыр-таныстық, маскүнемдiк пен халықтың әлеуметтiк немқұрайдылығы кең құлаш жайды.

1986 жылғы желтоқсанның 16-шы жұлдызы таңертеңгiлiкте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң 18 минутқа созылған V пленумы осы ел перзенті, білгер басқарушы Д.А.Қонаевтың орнына КОКП-ның хатшысы Г.П.Разумовскийдiң ұсынысы бойынша Г.В.Колбиндi тағайындады. Ол бұған дейiн КОКП-ның Ульянов облыстық комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып iстеген, республикаға мүлдем бейтаныс болатын. Орталықтың өркөкiректi, өктемдi шешiмдерi қазақстандық тарға бұрыннан да мәлiм едi. Желтоқсанның 17-сi күнi таңертең Алматыда студент жастары мен жұмысшылардың жаппай толқуы басталып, кейiнiрек ол республиканың басқа да қалаларына тарады. Г.В.Колбиннiң жоғары басшылығына тағайындалуы толқу үшiн сылтау ғана едi. Наразылыққа жылдар бойы қорланған себептер түрткi болды. Халықты ашындырған Кремль билеушілерінің дәстүрлi өктемдiк әрекеттерi мен қайта құру жариялаған демократиялық принциптер арасындағы қарама-қайшылықтар едi.

Билеушi орталықтың шешiмiне қазақ студент және жұмысшы жастарының қарсы шығып бой көрсетуi ұлтшылдық сипатта емес, құқыққа қарама қайшы сипатында болды. Шеру бейбiт және саяси сипатта басталды, онда басқа халықтарға қарсы атой салушылық, мемлекеттiк құрылысты жоюға деген үндеу-ұрандар болған жоқ. Әмiршiлдiкке дағдыланған республика басшылары әу баста-ақ жастармен тең құқылы келiсiмге бармады және олардың пiкiрiн тыңдағысы келмедi. Cаяси наразылықты үкiмет билiгiне төнген қатер деп бағалап, олар бұған Алматы гарнизонын жауынгерлiк дайындыққа келтiрiп, сан жағынан шеруге қатысушылардан әлдеқайда көп күштермен орталық алаңды қоршап алумен жауап бердi.

КОКП ОК-не оқиғаларды бұрмалап түсiндiрген жедел хабар жiберiлдi. Республика билеушiлерiнiң үстi-үстiне сұраған өтiнiштерiнен кейiн, Кеңес мемлекетi ішкi iстер министрi А.В.Власов Алматыға әр аймақтардан әскерлердiң арнайы бөлiмдерiн жiбердi. Шерудi тарату кезiнде сойылдар, кiшi саперлiк күректер, үйретiлген иттер, өртке қарсы су шашатын машиналар пайдаланылды. Cөйтiп, кейiн ресми орындар бейбiт және сан жағынан аз наразылық шерудiң жаппай тәртiпсiздiкке ұласып кетуi республика басшыларының саяси дәрменсiздiгiнен, қиын жағдайдан бейбiт жолмен шыға алмағандығынан және шыққысы келмегендiгiнен, олардың сана мен iзгiлiк ниетке емес, күшке арқа сүйегендiгiнен болды деген тұжырым жасады.

Өкiмет орындарының жағдайды болжай алмауы қайғылы оқиғаларға әкелiп соғып, шеруге қатысушылар тарапынан да, қоғамдық тәртiптi сақтаушылар тарапынан да адамдардың арын кемітуге жол берiлдi. Шерудi тарату кезiнде билеушi орындардың тарапынан бақылаусыздыққа жол берiлдi. Ресми деректер бойынша уақытша ұстау бөлмелерi мен арнайы тергеу бөлiмдерiне жеткiзiлiп, қаланың сыртына әкетiлген адамдардың санының өзi 8,5 мыңнан асты. Оқиғаға қатысқандарға қарсы қылмысты iстер қозғау, сот-тергеу жұмыстары кезiнде көптеген дөрекi заңсыздықтарға жол берiлдi. Тергеу, әдеттегiдей асығыс, ойдан шығарылған және айыптаушылық пейiлде жүргiзiлдi.

Мысалы: айыпталған 99 адамның 46-сы бiршама уақыттан кейiн ақталды. Жоғары оқу орындары мен кәсiпорындарда қудалау жүргiзiлдi. Қысқа мерзiмнiң iшiнде желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшiн 787 адам жастар одағынан шығарылды, 1138 адам қоғамдық ұйымнан сөгiс алып, 271 адам оқу орындарынан шығарылды, жүздеген адамдар жұмыс орнынан кетуге мәжбүр болды. 1987 жылғы шiлдеде КОКП ОК “Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшiлерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегi жұмыстары туралы” қаулысында 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларын “қазақ ұлтшылдығының көрiнiсi” деп бағалады. Төрешiл, билеуші партия аппараты да өзiн ақтап шығып, кезектi “кiнәлiнi” iздедi. Тәртiп қорғау күштерi, құқық қорғау, тергеу, сот орындары, прокуратура, бұқаралық насихат құралдары тарапынан жасалған осыншалықты дөрекiлiк арсыздық, заңды бұзушылық, шындығына келсек, саяси басшылықтағы шағын топтардың жүгенсiз монополиялық билiгiнiң, қатаң орталықтанған әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң бар айла-амалы мен күшiн сарқа пайдаланып, барынша толық жұмыс iстегендiгiнiң нәтижесiнде мүмкiн болды. Өз дегендерін іске асырып тарихта қалдыру үшін қанша ынталанса да билеуші орталық Желтоқсан оқиғасының қоғамда қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық тоқыраудың нәтижесінде ел еңсесін түсірген жағдайларға қарсы бағытталған әрекет екендігін мойындауына тура келді. Біраз уақыттан соң ақиқат жеңді, КОКП ОК-нiң қаулысындағы “қазақ ұлтшылдығы” деген кiнәлау қате деп мойындалды.

Демократия мен жариялылық нығая түскен сайын республикада желтоқсан оқиғаларына өзiндiк мораторий жарияланды. Көптеген кiнәсiз адамдар бұл кезде түрмелерде жатты, заңды саналған КОКП ОК-ның қаулысы әлi өз күшiнде едi, ал жасалған заңсыздықтарға жауапты адамдар беттерiне шаң тимей өздерiнiң орындарында мiндеттерiн атқара бердi. Осы мәселенiң жәйiн алғашқы болып тергеп, үнсiздiктiң тас қабырғасына қозғау салған ақын М.Шаханов болды. Ол КСРО халық депутаттарының I съезiнде сөйлеген сөзiнде желтоқсан оқиғаларының ақиқатын бүкiл елге жария еттi. Әдiлдiк салтанат құру үшiн одан кейiн де бiраз уақыт өттi.

Демократиялық процестер тұсындағы саяси-қоғамдық қозғалыстар. Қазақстандағы алғашқы және неғұрлым бұқаралық қозғалыстардың бiрi “Невада-Семей” экологиялық қозғалысы болды. 1989 жылдың көктемiнде ақын, елдiң көрнектi қоғам қайраткерi, ойшыл О.Сүлейменовтың тiкелей араласуымен құрылған бұл қозғалыстың түпкi мақсаты Қазақстан территориясында орналасқан Семей ядролық және басқа қару сынақ полигондарды жабу болатын. “Невада-Семей” қозғалысы полигонның құпиялық пердесiн ашып, тұрғындар шеккен зиянның орнын толтыруды талап еттi. Осы мақсатпен қозғалыс белсендiлерi пикеттер, шерулер, халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар ұйымдастырды.

Арал төңiрегiндегi халықтарға көмек беру үшiн Арал және Балқаш проблемалары бойынша комитет құрылды. Дүниежүзiлiк жұртшылықтың және КСРО үкiметiнiң назарын Арал теңiзiнiң апатына аудару үшiн комитет көп шаралар іске асырды. Өскеменде, Алматыда, Ақтөбеде, Атырауда, Ақтауда т.б. облыс орталықтары мен өндiрiстiк елдi мекендерде табиғатты қорғау және тазалықты сақтау үшiн күресетiн қозғалыстар қалыптасты.

1990 жылдың шiлдесiнде Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсіздiгiн алуды өзiнiң басты мақсаты етiп қойған “Азат” азаматтық қозғалысы дүниеге келдi. Алғашқы кезде қозғалыс әр түрлi саяси партиялардың өкiлдерiн өзiнiң қатарына бiрiктiрдi. 1991 жылы ол саяси партия болып тiркелдi. Осы кезде Қазақстанның социал-демократиялық партиясы құрылды. Жастардың шағын тобы бiрiгiп, өздерiн “Алаш” партиясы деп атады. 1990 жылы тамыз айында ғылыми-техникалық интеллигенцияның өкiлдерi “Единство” ұлтаралық қозғалысын дүниеге әкелдi. 1986 жылғы оқиғаларға қатысқандар және қолдаушылар “Желтоқсан” партиясын құрды.

Саяси ұйымдардан бөлек, өздерiнiң мүшелерiн әлеуметтiк, кәсiптiк және басқа белгiлерi бойынша бiрiктiрген ұйымдар - “Жауынгер-ауғанстандықтар”, “Әдiлет”, “Жас құрылысшылардың мемориалдық ассоциациясы”, “Тәуелсiз студенттер одағы”, “Азамат”, “Ақиқат”, “Қазақстан мұсылман әйелдер лигасы” т.б. құрылды.

1990 жылғы қарашаның басына дейiн Қазақстандағы саясаттанған қоғамдық бiрлестiктердiң саны 100-ден асып, оның 40-қа жуығы республика астанасы Алматыда болды. Дегенмен, көп уақытқа дейiн экологиялық қозғалыстардан басқа жаңа қозғалыстардың саны аз болды. 1989 жылдың сәуiрiнде өзінің мүшелерiн гуманистiк, адамгершiлiк принциптердi, заңсыздықтарды, кемсiтушiлiктi, адамдардың азаматтық қадiр-қасиетiн қорғайтын, қоғамдық проблемалар мен әлеуметтiк жанжалдарды шешудiң құралы ретiнде озбырлық пен зорлықты айыптауға қарсы күрестің ерiктi тарихи-ағартушылық “Әдiлет” қоғамы құрылды.

Заманның жаңа ағымы арнасында қалыптасқан саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың көпшiлiгi ұйымдық жағынан болсын, өздерiнiң стратегиялық және тактикалық мiндеттерiн айқындау жағынан болсын, әлi қалыптасу сатысында болды. “Невада-Семей” қозғалысы, “Азат”, “Қазақ тiлi” сияқты жекелеген ұйымдар құрамы жағынан мейлiнше көп, белгiлi бiр ақшалай қаражаттары да бар (демеушiлер мен азаматтардың ерiктi көмегi есебiнен) және өздерiнiң газеттерiн де шығарады. Өздерiнiң мақсаттары мен мiндеттерi, сонымен бiрге iс-әрекеттерiнiң тиiмдiлiгi бойынша бұл ұйымдардың бiр-бiрiнен елеулi айырмашылықтары бар. 1990 жылдың аяғына қарай қатарында 800 мыңға жуық мүшесi болған Қазақстан Коммунистiк партиясының беделi айтарлықтай түстi. Оның қатарынан өз еркiмен жалпы санының 4,2 пайызы шықты.

1990 жылдың қазан айында Республика Жоғарғы Кеңесiнiң сессиясы Қазақ КСР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация қабылдап жатқан кезде, қоғамдық қозғалыстар айрықша белсендiлiк көрсеттi. Республика Жоғарғы Кеңесi үйiнiң алдындағы алаңда күн сайын көптеген адамдар жиналып, таңертеңнен кешке дейiн шерулер өтiп жатты. Әлеуметтiк мәселелердi шұғыл шешудi, Кеңес Армиясын қайта құруды талап еткен жастар ұйымдастырған пикет, аштық жариялау көрiнiстерi жиiлей түстi.

Осы кезде Республикада тағы бiр қозғалыс - казактар бой көрсете бастады. Олар Алтын Орданың ыдырауы заманынан кейiн Ресейде пайда болған әскери-саяси әлеуметтiк топ (сословие). Көптеген жылдар бойы казактар патшаның империялық басқыншылық саясатының сенімді қорғаны болып, қазақ өңірін отарлаудың түгел тарихында басқыншылық, жазалаушы күш ретiнде пайдаланылды. Орал казактары басшыларының 1991 жылғы қыркүйектiң 15 жұлдызында өздерiнiң патша мен Отанға қызмет етуiнiң 400 жылдығын мерекелеуге шешiм қабылдауы елде болып жатқан саяси өзгерiстерге мүлдем қайшы болды. Облыс басшыларының мұндай айқын, сыңаржақты мерекелеуге кедергi жасап, ақылға шақыруы ешқандай нәтиже бермедi.

“Азат”, ”Желтоқсан”, “Парасат” қозғалыстарының басшылары бұл қазақ халқының намысына тию деп бағалады. Мерекеге бiрнеше күн қалғанда осы қоғам өкiлдерi Орал қаласының орталық алаңына жиналып халық алдында ұран көтердi, ереуiл және шерулер ұйымдастырды. Осымен бiр уақытта қалаға Краснодардан, Доннан, Челябiден, Самарадан казак әскерлерiнiң өкiлдерi де келдi. Тартыс қыза түсiп, жаппай қақтығысуға өте жақын тұрды. Тек қана құқық қорғау органдары мен “Азат” қозғалысы басшыларының жұмыстары нәтижесінде ғана қақтығысқа жол берiлмедi.



Жаңа Өзендегi оқиғалар. Алматыдағы желтоқсан оқиғалары, Кеңес Одағының әр түрлi аймақтарында болып жатқан жанжалдар билік органдарын ойлантуға, жылдар бойы жинақталған проблемаларды шешудiң тәсiлдерi мен жолдарын iздестiруге мәжбүр етуге тиiстi едi. Осындай шешiмiн таппаған түйiннiң бiрi Маңғыстау облысының Жаңа Өзен қаласындағы iрi толқуға әкелiп соқтырды. Мұнда тұрғын үй алу кезегi, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiне деген кезек өте баяу жылжуы, жастар арасында жұмыссыздық өстi. Аймақтың мұнайы мен газын сорып жатқан орталық ведомстволар жергiлiктi жерде кадрлар даярлаудың орнына, өндiрiс орындарында Солтүстiк Кавказдықтар мен өзге ұлт өкiлдерiнiң және вахталық әдiспен қызмет етуi халық наразылығының түрткiсi болды.

Сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсетудi ұйымдастыруда iрi кемшiлiктер болды. Үй бөлуде, азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларын бөлуде әдiлеттiлiк бұзылып отырды. Басқа жақтан келген жұмысшылар жергiлiктi халықтың дәстүрлерiмен санаспай, оларды дөрекiлiкпен кемсiттi. Әлеуметтiк жағдайлардың шиеленiсуi ұлтаралық қатынастардағы, әсiресе байырғы тұрғындар мен Кавказ ұлт өкiлдерiнiң арасындағы қақтығыстармен астыртын ұштаса бастады. 1989 жылдың маусымында қалада екi жақтан да қан төгiлген жаппай тәртiпсiздiктер басталды. Бұл жанжал құқық қорғау органдары мен арнайы мақсаттағы әскерлердiң араласуымен ғана басылды. Басқа да қалалар мен жұмысшы қалашықтарында жекелеген жанжалдар орын алған.



Қарағанды кеншiлерiнiң ереуiлдерi. 1989 жылы шiлдеде Қарағанды көмiр алыбының 10-15 мың кеншiлерi күн сайын ереуiлге шықты. Кеншiлердiң талаптары алғашқыда экономикалық сипатта болса, әсiресе еңбек ақыны көбейту, шахталардағы еңбек жағдайын жақсарту, азық-түлiк тауарларының түрлерiн көбейту мәселелерi алға тартылды. Кейiннен әлеуметтiк талаптарға, Семей ядролық полигонын жабу, одақтық ведомстволардың монополиясын тоқтату мәселесi қосылды. Кеншiлер құрған комитеттердiң басында Д.Тегiсов, П.Шлегель, М.Рамазанов, П.Перебойнос және басқалар тұрды. Кеншiлермен билеушi орындардың басшыларының бiрнеше кездесу-сұхбатынан кейiн, олардың көптеген, әрi әдiлеттi талаптарын орындауға уәде берiлген соң ғана ереуiлдер тоқтатылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет