ҚазақТЫҢ халық ЖӘне дәСТҮрлі ән мәтіндерінің танымдық МӘні мен лингвостилистикалық ерекшелігі сейтжанова Сымбат 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет7/10
Дата19.02.2017
өлшемі2,92 Mb.
#10994
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Таңжарық Жолдыұлы шығармалары. – Алматы, Жазушы, 1992.

2.Таңжарық Жолдыұлы. Арман – тау. – Алматы, Жазушыы, 1974.

3.Тұрлыбек Мамесейіт, Таңжарық. – Алматы, 2003.

4. Хо ши мин, Түрме күнделігі, - Алматы, 1980, 10б.

5. Байрон таңдамалы шығармалары, - Алматы, 1960.

6. Қытай қазақтар әдебиеті туралы зеріттеулер, - Алматы, қазақ университеті, 2013.

7. Іле газеті, (Қытай) №3, 2015.




ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ЖАНР
Мансурова Эльнара – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Асқарова Гауһар
Хат… Хат дегеніміз көне заманнан бері адамдардың қарым-қатынас жасау құралдарының бірі болған. Ел билеушілері арасында жазылған хаттардан, тарихи деректерді білуге болатыны айтпасақ та түсінікті. Хаттарды жекелеген адамдар да жиі жазатыны белгілі. Әйгілі адамдардың жазған хаттары, олардың өмірлерін тереңірек танып-білуге болатын нақты құжат болмақ. Ағайын-туғандар, дос-жарандар арасында жазылған хаттар, олардың ұрпақтары үшін асыл мұра ретінде сақталатын оқиғалар да аз ұшыраспайды. Мұндай хаттарда, жеке тұлғалардың ауызша айтыла бермейтін көңіл-сырларын білдіретіні, сол кездегі өмір мен өмір-тірліктерін сипаттайтынын ұғыну қиын емес. Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданнан ата-анасына, туыстарына жауынгерлер жиі хат жолдайтын еді. Мұндай хаттардың кейінгі кезде құнды дүниеге айналғаны да мәлім. 1980-90 жылдары «Майданнан жазылған хаттар» деген жауынгерлердің жазған хаттары кітап болып шыққаны осының айқын дәлелі болса керек. Сондай-ақ, қыз-жігіттер арасында жазылған ғашықтық сезімдерін білдіретін хаттардан, олардың таным-түсіні­гін, ой-өрісін, тіл байлығын білеміз. Тіпті, ақындардың кейбір өлең-жырлары хат ретінде жазылған. Ал, әйгілі адамдардың бір-біріне жолдаған хаттарында ауызша айты­ла бермейтін көңіл сырларын ашып айтатын көрінеді. Осындай хаттарды оқып отырғанда әдеби шығармаларда, естеліктерде, баспасөзде жарияланған мақалаларда айту­ға болмайтындай құпиялы жәйттердің өзін, хат арқылы білдіретінін аңғару қиын емес. Осы тұрғыдан қарастырғанда хаттар дегені­міз, зерттеуге лайық өз алдына бір жанр (эпистолярлық) деп тұжырауға да болады. Бұлай дейтініміз жазысқан хаттары арқылы әйгілі адамдардың ішкі жан-дүниесін, болмыс-бітімін, оның нақты тұлғасын тереңірек білуге хаттардың көмегі зор болмақ. Өйткені, олардың айтылмаған сырлары, ашылмаған құпиясы хат жолдарында өрнектеліп, олардың адам ретінде қандай болғанын, шынайы мақсаты мен мүддесі, ойы мен арманы, күйініші мен сүйініші, өкініші, өмірге, саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылады. Мұны ешқандай естеліктерде, әдеби шығармаларда, не болмаса мақалаларда қамтылмайтын, шынайы ақиқатты көрсететін нақты құжат деп тануға болады. Демек, хат дегеніміз, нақты шындықты бұлтартпай көрсететін құжат. Осы тұрғыдан қарастырсақ, хатты өз алдына жеке жанр (эпистолярлы) деп зерделегеніміз жөн болар. Көптеген ғалымдар хатты «Эпистолярлық стиль», «Эпистолярлық әдебиет», «Эпистолярлық жанр» деп атап жүр. Эпистолярия сөзі гректің «эріstole», яғни «хат» деген мағынадан шыққан ұғымды білдіреді. «Эпистолярлық» - «хатқа тән»; «хат түрінде жазылған»; «хаттан тұратын» деген ұғымдарды береді [1, 603-б]. Қазақ Совет энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше жолдау, үндеу) – сан алуан хат түрінде жазылған шығарма. Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады» деген түсінік беріледі [2, 453-б]. Хаттың жанрлық сипатына келер болсақ, оның эпистолярлық жанрдың бастау көзі екендігі дәлелденген. Ал хаттың тек қана қара сөзбен емес, өлең түрінде де, аралас та жазылатындығын ескерсек, оның өзіне ғана тән ерекшелігі болатындығы да – заңдылық.

Хаттың қара сөзбен жазылатын түрінен бөлек өлең түріндегі нұсқалары да ежелден (алғашқы грек оқымыстылары, шығыс шайырларының хаттары, т.б. мен халықтық көне жазбалар (Орхон-Енисей, Тоныкөк, Күлтегін, т.б.)) қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді шешуде зор рөл атқарғандығы белгілі. Мәселен, ақын-жазушылардың бір-біріне өлең және қара сөз түрінде жазысқан хаттары түрлі мәселелерді көтеріп, баспасөз беттерінде жарияланып, қала берді түрлі баспалардан кітап болып шығуда. Осыдан-ақ эпистолография саласының өмірдің түрлі жағдаяттарын сөз етіп, адамдар арасындағы небір сауалдарға жауап тауып, салиқалы ой айтуға түрткі болғандығын көреміз. Ал негізгі хат тарихының сонау бағзы заманнан (тасқа қашалған жазулар, талдардың діңіне ойылған белгілер, т.б.) бастау алғандығын ескерсек, оның қоғам өміріндегі байланыс құралының ең негізгісі екендігіне шүбә келтірмейсіз. Осы ретте баспасөз теоретигі, ғалым Е.Прохоров: «Хат – адам сана-сезімі мен жүрегіне әсер ететін бірден-бір қатынас құралы»,- десе [3]. , ғалым Б.Жақып: «Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі – шаруашылық, дипломатиялық, және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи ескерткіштердің бір тобы – ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне, дәл осындай жолдаулардан келіп, публицистикалық эпистолографияның алғашқы көріністері туды», [4]. Эпистолярлық әдебиетке ірі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, тарихи мәні бар, әдеби мұраға айналған хаттары жатады. Эпистолярлық әдебиет жанр ретінде көне дәуірден басталады. Цицеронның, Горацийдің, Сенеканың хаттары эпистолярлық публицистиканың негізін қалады. Кейін хатпен жазылған роман пайда болды. Мысалы, орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің «Орыс саяхатшысының хаттары» (1789–1792) – эпистолярлық әдебиеттің тамаша үлгісі. Қазақ әдебиетінде Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары – эпистолярлық қымбат мұра [5].. Ал осы ойымызды қуаттау үшін ғалым К.Қамзиннің де пікірін тілге тиек еткіміз келеді: «Хат жанрында ежелгі тегінің, байырғы стандартының, ақындар айтысының, тұрмыстық санаттағы хаттың сыртқы пішіні сақталып қалған. Екі жақтың жауаптасуына (контактқа) негізделген публицистикалық хат жанры тақырып аймағының шекарасында комбинация жасайды, айтылған ойды шешімге ұластыруға тырысады»,- деген тұжырымы хаттың публицистикалық мазмұнын аша түседі [6].

Қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық әдебиеттің қымбат мұраларының бірі – Ы.Алтынсарин орыс достарына жазған хаты екендігін айтып кететін болсақ, мысалы : (Ыбырайдың соңғы хаты 1889 жылы 15 июльде жазылып, В.В. Катаринскийге арналған). Онда: «Аса қадірлі Василий Владимирович! Сізге соңғы хатымды жазғаннан кейін мен тағы да ауырып қалдым. Бұл жолы бұрынғыдан анағұрлым қатты ауырдым, жүрт мені жаны қалса болар еді деп қауіптенеді. Әлі де аурумын, ұйқым жоқ десем де болады, тамақ ішпеймін, жүрегімнің соғуы күшті, ентіге беремін. Троицкіден үшінші доктор шақыртқанымнан кейін, қазір тәуірірексің деседі, ол маған 10 июльге дейін ішетін дәрі беріп кетті. Өзімді бір құдайға тапсырдым, тағдырда жазылғаннан артық ештеңе болмайды ғой...» [7,2]. Осынау қысқа ғана хат иесінің сабырлығы, салмақтығы, дос-жаранға мейірбандығы, әр нәрсеге байыппен, ерекше ықыласпен, ыждағаттылықпен қарайтыны, парасаттылығы, байқампаздығы, өмірге қүлшынысы, тіршілік, халық үшін күресі байқалып тұр. Бұл хат эпистолярлық жазбалар болып табылады, яғни эпистолярлық жазбаларда қазақтың хан, сұлтан, болыс, билерінің орыс империясының әкімшілік орындарына жазғн хаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері, ақын – жазушы, оқыған азаматарының хаттары. Осы мысалдан біз эпистолярлық жанр арқылы біз белгілі бір кезеңнің әлеуметтік жағдайын көре аламыз, әсіресе тарихи жағдайларға куә болып, сол заманның тыныс- тіршілішімен тыныстай алатын жанр деп те айтсақ қателеспейміз, сондықтан да біріншіден сол XVII-XVIII ғасырлардағы болған тарихи оқиғаларды қазақ зиялылары мен сұлтан, болыстардың әдеби немесе саяси хаттарын негізгі бағыт етіп алуға болады.

Қазақтың көркем шығармаларынан эпистолярлық стильдің үлгісін кездестіруге болады. Қазақ әдебиетінде де эпистолярлық жанрға жататын көркем туындылар кездеседі. Ы.Алтынсариннің «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген өлең түрінде жазылған хаты бар.



Үміт еткен көзімнің нұры балам,

Жаныңа жәрдем берсін құдай тағалам.

Атаң мұнда енеңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың;

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың [8, 9-б]

Өлеңнің «үміт еткен көзімнің нұры балам» деп басталуынан хаттың эпитетті тіркестер арқылы жазылу мәнерін көреміз. Хат эпистолярлық стильге тән сөз қолданыстар арқылы басталады. Жазушы кейіпкерінің кез келген жерде аша бермейтін ішкі сырын хат арқылы ашқызады. Ілияс Жансүгіровтың «Баласынан анасына хат», «Ертістен хат» деген шығармалары эпистолярлық стиль үлгісінде жазылған. «Баласынан анасына хат» өлеңінде қалаға оқуға кеткен баласының елдегі анасына жолдаған сәлемі бейнеленеді. Өлеңнің тілі жеңіл. Ауызекі сөйлеу стиліне жақын жазылған. Туындыда антонимдер, тұрақты тіркестер, теңеу, эпитет, метафора сияқты тілдің айшықтау құралдары көп қолданылмайды. Дегенмен, эпистолярлық стиль үлгісіндегі бұл шығармаларда тілдің көркемдік құрал тәсілдері мүлде қолданылмаған деуге болмайды.



Қорғаным, анам, қамқорым,

Қолыңа тисе осы хат.

Құлының жазды қолынан,

Қуан да хатқа қыл қуат [9, 244-б].

Берілген шумақта аллитерацияға құрылған дыбыстық анафора тәсілі қолданылған. Синтаксистік құрылысында да эпистолярлық стильге тән белгілер, кездеседі. Сөйлемдері көбінесе қысқа қайырылып, бірдей тұлғаға аяқталады. Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіровтың хат түріндегі келесі өлеңі – «Ертістен хат» деп аталады. Бұл өлең де осы үлгіде жазылған. Мұнда негізінен Ертіс өзені бойының табиғат сұлулығы, байлығы сипатталады. Мұнда ауызекі сөйлеу стиліне тән белгілер де орын алған. Бұл өлең алдыңғы өлең тәрізді қысқа қайырылған, құрылысы бірдей сөйлемдерден тұрады.



Журналыңның бетіне,

Жұртым, жаздым сәлем хат.

Жүзгенім Ертіс өзені,

Мінгенім «Алтай» - пароход [9, 306-б].

Шығарма тілінде көркемдегіш, көріктегіш құралдар, астарлы бейнелеулер өлеңнің табиғат әсемдігін бейнелеуге арналған шумағында бейнелі суреттер кездеседі.



Төбем аспан – торғыннан,

Маужыраған кең майдан.

Астым ағыс толқыған,

Сылдыр-сылдыр су ойран[9, 306-б].

Жалпы халықтық сауат кезеңдік саясатқа байланысты тоқыраған сәтте ауызекі өлеңге түседі. Ақын мен ақын өлеңмен есендеседі, шалқар сахараның екі шалғайында жатып бір ауыз өлең айтып сәлем жолдайды. Өлең – хат құлақтан құлаққа өтіп, жатталып адресатына жетеді. Ынтызар жүректі ғашық жандар тілегін өлеңмен айтып жеткізеді. Қазақ қыздары жігіт тілегіне ықыласты болса- оған өрнек шеккен жібек орамал сыйлаған. Бертінге дейін сақталып келген бұл дәстүр де хат сипатын беретін, хабарласу міндетін атқаратын символдық мән-мағынаға ие салт. Ертеде ұзатылған қыз ата-анасына өзінің есендігін, қандай көңіл күйде жүргендігін орамалға шегілген өрнек арқылы астарлап, ишаралап жеткізетін болған.

Халық әні- «Әпитөкте»:

Тіл хат жоқ.

Ақша маңдай, қаракөз,

Өзіңдей бекзат жоқ,

Тым болмаса,

Хат пенен хабар сөзің жоқ.

деген жолдар бар. Хат – кестелі орамалмен жеткізілер хабар, берілген уәденің символы. Қорыта айтатын болсақ, эпистолярлық жанр – жан-жақты зерттеуді қажет ететін сала. Яғни қай кезеңнің болсын жазушы, сыншы, ғалымдар, өнер иелерінің хаттары жүйелі зерттеуді қажет етеді. Ол хаттар эпистолярлық мұраның мол көзі болып табылады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Словарь иностранных слов. -Москва., 1988. - 624 с.

2. Қазақ совет энциклопедиясы. Том 12, -Алматы, 1978. -598 б.

3.Прохоров Е.П. Эпистолярная публицистика. –Москва, 1966.


4.Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –Алматы: Қазақ университеті, 2007.

5.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. X том.

6.Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. –Алматы: Экономика, 2009.

7. Жармұхамедов М. Ыбырай Алтынсарин тағлымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. - А., 1991

8. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. -Алматы, 1988. -314 б.

9.Жансүгіров І. 5-томдық шығармалар жинағы, 1-ші том, -Алматы, 1986.- 325 б.




АЯГҮЛ МАНТАЙ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ БҮГІНГІ КҮННІҢ ШЫНДЫҒЫ
Бектасова Мадина – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Сатемирова Дариға
«Ар азғынсыз құр өнердің өсуімен басқалар бақытты бола алмағаны секілді, келешекте қазақ та бақытты бола алмайды» [1,116], - деген Сұлтанмахмұт сөзі бүгін де мәнді, маңызды.Ғылым мен технология қарыштап дамып, адам баласының алдынат сан-салалы жеңілдіктерді жайып салғанымен, рухани-мәдени дүниесінде қылаңдана бастаған түрлі дағдарыстарға тосқауыл болуға қауқарсыз қалып танытуда. Осындайда әр халықтың өзіндік төлтума қазынасы мен жалпыдүние жұртшылығына ортақ болған рухани құндылықтарды насихаттау ісі аса қажет екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені «әдебиет  ардың ісі». Ұлттық құндылықтар мен адамзаттық мұраттардың әр нүктесінде қиылысатыны да сондықтан. Ғасырлар бойы сөз зергерлерінің қаламына азық, жырына арқау болған адамшылық мәселесі қазақтың төл әдебиетінде де ерекше көрініс тапқаны белгілі.Әлемдік әдебиет кеңістігіндегі түркілік-қазақтық сөз өнерінің басты айырым-белгісінің өзі  оның тек текті сөзді жетекке алғандығы, арсыз сөздің тасқа басылмағандығы деуге толық негіз бар. Уақыт-ағзамның сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі ұрпақ кәдесіне жарап жатуының бар сыры да сонда болса керек-ті. Бұл үрдіс тоқтай қоймады.Ұлттың абыройы, әдебиет көшінің бастаушысы боп жүрген аға буынды айтпағанда, Тәуелсіздік дәуірдің еркін ойлы жас толқынының да бұл аса мәртебелі де жауапкершілігі мол игі жолда тыныдратыны аз емес. Қайта жастар үні өзгеше естіледі [2,506].

Жас толқынның бірі және бірегейі, жастар арасындағы өзіндік стиль-соқпағын тапқан жазушы  Аягүл Мантаева. Аягүл Оңтүстік Қазақстан обылысы, Мақтарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. Тырнақ алды туындысы «Балалықтың көктемі» әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланады.Көпшілік жылы қабылдап, жас жазушының өзіне деген сенімін оятты. «Депрессия», «Томпақ», «Жауhар», «Мәңгілікке құштарлық», «Интуиция» т.б әңгімелері өзінше бір төбе десек те болады.

Аягүл Мантаеваның әңгімелерін мерзімді баспасөз беттерінен оқып, оның тіліне, кейіпкерлерінің әрқилы мінезіне, шынайы оқиға желісіне сүйсініп жүруші едім. Енді сол әңгімелердің топтамасын түгелдей қайта оқып шыққанымда қазақы тұрмысты, қазақы психологияны, қазақы мінезді бүге-шегесіне шейін білетін, бігенін көркем туындыға шебер айналдыра алатын, әсіресе, жас балалар әлеміне алдыңа қаз-қалпында жайып салатын шынайы жазушыға тән қасиеттерді тауып, ерекше сүйсіндім[3,3].

Бас-аяғы 7-8 әңгімеден тұратын жинақтан балалар әлемін, оны қоршаған үлкендер әлемін табиғи күйінде, еш боямасыз тауып, олардың тосын мінездеріне, іс-әрекеттеріне әрі таңырқап, әрі еріксіз езу тартып отырасыз.

Ауыл адамдарының аңғалдығы, тазалығы, ашуланса да зілі жоқ мінез-құлықтары жан-дүниеңді ізгілікке, жақсылық лебіне бөлеп отырады. Олардың бет-бейнелері мен болмыстарын көз алдыңа елестетіп тіпті дауыстарын да естіп тұрғандай сезінесің. Сөйте тұрып, дәл осындай қазақы мінездердің бірте-бірте алыстап бара жатқанын, күндердің күнінде олардың орнын сипап қалар ма екенбіз деген уайым көңілге қонақтап жатқанын байқайсыз. Төрт беттен ғана тұратын «Балалықтың көктемі» деген әңгіме балғын шақтың алаңсыз кезеңіне жетелей жөнеліп, әр адамның бойындағы ұмыт бола бастаған сағыныш сезімдерін оятып кетеді.

Әрбір жақсы шығармадан оқушы өз өмірін табады. Осындағы “Жаңбырлы көктем”, “Томпақ”, “Маргарита”, “Сурет”, “Муза” атты әңгімелер қияндағы бейтанысқа да оның өткен өмірін сағындырып, не болмаса, тап солардың басындағы оқиғаларды баяндап отырғандай күйге жетелейді. Әйтеуір, Аягүл әңгімелері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Жинақты оқып шыққанда кеудеңе Оңтүстіктің жылы лебі соғып өткендей жандүниең рахат бір сезімге толады деп баға берген екен жазушы,драматург Дулат Исабеков [3,4].

Аягүл Мантаеваның «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағын оқығанда, талапты жазушының талантты жазушы екеніне көз жеткіздім.Жазушының «Депрессия» әңгімесін талдау нысанына алайық. Бес баласын бес еркектен тапқан әйелдің Айкөркем атты қызы да өсе келе өзгере береді. Оның мінезіндегі ғана емес, киім киісіндегі, жүріс-тұрысындағы өзгешелік өз құрбы-қатарластарынан алыстатып жіберген. Тек ол ғана емес. Әр оқушының көкейінде «Ол біздің әкеміздің, не ағамыздың қызы емес пе екен» деген күдік-күмән бар. Жезөкшілігімен танылған Жұпарды төрт қызымен тракторшы кісі алады.Бүгінгі күннің шындығы, қасіреті десек те болады жезөкшелік... Айкөркемнің төрт әпкесі бар. Бірақ сыныптас достары да, ең жақын құрбысы да Айкөркемнен алыс жүргенді жөн көрді.Қаладан ауылға сирек келетін әйелдің бес қызы да қараусыз қалады.Ауылда некесіз сәбилер көбейіп кетті...Бүгінгі күннің шындығы осы іспеттес...Елімізде баласынан безген «көкек» аналар көбейіп бара жатқаны бәрімізге белгілі. Республика көлемінде дәл осындай жағдайлар әр жерден жиі естіліп жатады. Туа салысымен далада, қоқыста қалған нәрестелердің кейбірі жарық дүниенің қызығын көрмей жатып о дүниеге аттанып кеткен. Ал оларды тастап кеткен шешесымақтар қандай тасбауыр десеңші!Бүгінгі қоғамның ащы да болса шындығы.Әңгімеге оралсақ, бізде заңды сұрақ туындауы мүмкін «Не үшін жезөкше әйелді төрт «жетімегімен» қарапайым тракторшы жігіталды?» деген.Жауабы мәтінде тұр. Ол  оқымысты, кітапханадан сөмке-сөмке кітап тасып әкететін кісі. Сол үшін де балалар оны «данышпан адам» деп атайды. Әңгімеде кітапты оқитындардың тым азайып кеткені де, және санаулы кітапқұмардың қоғамдағы қасіретке тосқауыл болғысы келіп, күрескенімен қауқары жетпей жатқандығы көрінеді. Өйткені, тракторшы жігіт жынданып өледі. Адамзаттық құндылық болып табылатын ізгілік шырағының тым бәсең тартып қалғандығы тұспалданып айтылады. Ал бес қыздың тағдыры да талапайға ұрынды, бесеуі де жезөкшелік жолға түсті. Оқырман жауапты іштей дайындап отырады. Себебі, олар тәрбиесіз қалды, жүрек жылуы мен мейірімге шөліркеп өскен ұрпақтан абзал азамат шықпайтыны кішкентай щтрихтар арқылы сенімді бейнеленіпті. Әңгіменің осы эпизоды бүгінгі қоғамдағы аса өзекті мәселелерді жайып салды алдымызға. Айкөркемнің асқан сұлулылығына қаншама жігіт құласа да, өзі сүйген жігіт басқа қызға мойын бұрып кетті. Отбасында да, махаббатта да, жалпы өмірде еш жолы болмаған қыз жалғандықты жанына ермек етті. Өзі де анасындай «кәсіп» тапты. Материалдық игілікті ізгіліктен іздемеді, жезөкшелікке барып, өзін-өзі алдарқатты. «Менің жаным сезімді іздемейді, тәнім болса ақшаны іздейді. Тәнім ар-ұятым мен намысымнан да қымбат. Сезімім мен үмітім, қиялым мен арманым алдап кетті. Қарызға құрбым бермеген ақшаны тәнім тауып берді». Осы жолдарда бүгінгі ұрпақтың қасіреті жатыр. Әрине, кейіпкердің өзі айтқандай, бұл оның өзінің ғана шындығы. Араға сегіз жыл салып ызғарлы көзқарасына шыдай алмай, есінен танып, ауруханаға түсті. Дәрігер даладан теріп әкелген бес тал қызғалдақтың екуін терезеден лақтырып жібереді. Бұтаққа қонған жазықсыз торғайды жызым еткелі келе жатқан мысықт қуып жіберу үшін осылай жасады. Иә, ол «гүлді лақтырып тастаған жоқ, торғайды ажалдан арашалап алды». Иә, тракторшы жігіт өз өмірін обал етпеді, ол бес қыз  торғайды тұрмыс ажалынан арашалап алғысы келді. Әйтсе де, тракторшы жігіт пен қызды ақтап алғымыз келмейді. Қыз өз құрбысының алдында жасзықты. «Достығы сыналатын қыл өткелден оның қолынан жетектеп өте алмағаны үшін, қап-қара көзіндегі мұңын түсіне алмағаны үшін жазықты». Тракторшы жігіт өз әйелін жөнге салып, қыздарына тәрбие бере алмағаны үшін жазықты. Жағымды-жағымсыз кейіпкер,қысқасы. «Депрессиясында» басталғаннан-ақ жан-жануарлар мен жәндіктер әлеміне еніп кеткендей болдық. Көбелек пен шіркей, аппақ құс, құмыраға отырғызылған гүл, ақыры  қара мысық. Біздіңше, жазушы тым аллегорилық-символикалық қадамдарға бара бермей, негізгі бейнелердің болмысын таныстырғанда ұтымды шығар еді. Осылай десек те, әңгіме әдемі аяқталған: үтірі бір түрлі көрінгенімен, нүктесі шын қуантты. «Депрессия» атты әңгімесі арқылы жазушы қазақ қоғамындағы бір ауық шындықты оқырман алдына жайып салады. Өмірдегі шындықты өнердегі шындыққа айналдыра білу  жазушының шеберлігі ғана емес, міндет-борышы да.

Күлудің түр-түрі болады екен. Аягүл Мантаева кейіпкер күлкісін сан құбылтып береді. Әйтсе де, оның кейіпкерлері көбіне мұң-қайғыға салынған адамдар. Жауhар «мұңдана күледі». Біресе «мұңлы жымиса», біресе «көңілсіз езу тартады». Айгүл Мантаеваның шығармаларында пәтер жалдап тұратын жастардың тыныс-тіршілігі суреттеледі. «Мәңгілікке құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкер «зорлана жымияды». Әйтеуір, Айгүлдің кейіпкерлері өмірге қапа. Жалпы, бүгінгі жастар шығармашылығында өмірден түңілу бар. «Жауhарда» екі уыз қыздың жылап отырғаны айтылады.Қиыны  себепсіз жылайды. Сөйте тұра, «мұңдана кұледі». Айгүлдің кейіпкерлері өлімді жиі еске алады. «Жауhарда» адамзаттың бұл өмірге өлу үшін келгенін ескертеді, «түбі бәрінің өлетінін ойланса, жүрегі қуанышқа бөленетін» кейіпкерді «Интуициядан» кезіктіреміз. «Мәңгілікке құштарлықта» да кейіпкер «әдеттегідей өлімді ойлап отырады»[3,58-59].

Маған қатты әсер еткен әңгіме «Томпақ». «Томпақта» өлік шығатын үйде тамақ іздеп жүрген ашқұрсақ бүлдіршінді көріп жүрек езіледі.Мұның бірі автордың таным түйсігі мен ішкі психологиялық әлемінен хабар беретін детальдар.Қазіргі қазақ әдебиетінде, тек Аягүлде ғана емес, Осындай сарындағы шығармаларыдың қарасы көбейгені жасырын емес. Әдебиеттің басты міндеті образ жасау десек, өмірдің өнердегі сәулесін біз жазушы әңгімелерін оқу арқылы жүрегімізге түсірдік. Жан жылып, көңіл қош болды.Басты кейіпкер Айжұлдыз.Бірақ, оны бұлай тек анасы атайтын, толықтығынан Томпақ деп атап кеткен. Әкесі ащы суға құмар болып, анасын талай таяқ астынан алып қалған батыр қыз тағдыры оқырманды елжіретпей қоймайды. Анасын арашалап жүріп, көзілдірігі сынып, әйнек сынығы бетін жырып кетсе де, әкесінің қолы тиіп, көзі көгерсе де ол әкесін жақсы көретін.Топыраққа аунап жататын әкесінің қасынан табылатын да Томпақ еді. Бір күні әкесі жоғалып кетеді. Досының үйінде ішіп, соңы екеуі жанжалдасып тарайды. Қақаған аязда бағытынан адасып, далада ұйықтап қалады.Осылайша Томпақ әкесінен айырылады.Тағы да бүгінгі күннің шындығы...Ең бірінші: ащы судың әсерінен қаншама отбасы айырылысып, қаншама жан түршігерліік жағдайлар болып жатыр.Екіншіден: әкенің тәрбисін көрмей өскен бала қанша? Үшіншіден: жалғыз басты қалған ананың тағдыры, ендігі бар ауыртпашылық ана мойынында. Жоқшылық, таршылықты жан түршігерлік эпизодтармен суреттеген. Оқи отырып оқырман көз алдына еріксіз жас алады. Қазір де ең басты қоғамда алып жатқан мәселе осы емес па? Дала безіп, бір үзім нан тауып жей алмай жүрген жан қаншама? Ащы судың әсерінен бір-бірін өлтіріп жатқан, ажырасып жатқан отбасы.Осылайша күнәсіз сәби толыққанды отбасының тәрбиесін көрмей өседі.Сегіз,тоғыз, он баламен жалғыз қалған жалғыз басты аналар тағдырын айтсайшы.Барлық тағдыр ауыртпалығын мойнына арқалап жүр... Томпақ он жеті жасында оң жақта отырып дүниеге бала әкеледі.Негесіз бала дүниеге келеді. Толғақ қысқанда ғана шешесі өз қызының жүкті екенін біліпті.Семіздігінен іші білінбесе керек.Баламның әкесі  бұлт деп, баласының есімін Бұлт қояды. Ауыл ішінде «Томпақтың баласының әкесі Қарауылбек жынды екен» деген өсек тарады.Қарауылбек – ауылдың жындысы еді...Дәрігерлер томпақтың бауырында ісік бар екенін анықтайды. Біз оны келеке етіп күлетінбіз дейді. Бірақ тағдырға ешкім күле алмайды... Осы сөйлем маған қатты әсер етіп, сан қилы ой салды...Тағы да бүгінгі күннің шындығы некесіз бала.Біздің қазақ ежелден ұрпақ мәселесіне көп көңіл бөлген. Дүниеге некесіз ұрпақ келуін ар мен намыс санаған. Қазіргі уақытта адам азды ма, заман азды ма, осы жағы белгісіз болып тұр. Мәселенің бәрі жастардың беттің арын белге түюінде. Некесіз бала мұсылмандарға жат. Әсіресе, әйел затына өзінің күйеуінсіз дүниеге ұл-қыз әкелу намыс болып саналады. Некесіз ұл мен қызды кінәлаудың ешқандай реті жоқ. Олардың қандай кінәсі бар. Бәріне жауапты олардың ата-анасы деп білемін.Тәрбиенің жұтаңдығы шығар...Мүмкін санасыз адамнан да шығар...[3,5-7].

Қорытындылай кетсем, менің айтпақ ойым қазіргі қазақ жастар прозасының жай-күйі болатын. Менікі сынау, мінеу емес деп түсініңіз. Әдебиеттің бұл эпикалық жанры әр дәуірде өз қаламгерлерінің көлемді туындыларымен жанарып, көркейіп отырады.Әр қаламгер әр қырынан жазып әдебиетке бір серпіліс алып келсе, әдебиеттің проза жанрындағы қоржыны толады емес пе?! Қоржынды өз әңгімелерімен толтырып жүрген талан иесі  Аягүл Мантай. Аягүл Мантай шығармаларын оқыған қазақтың саналы жастары өзіне үлгі алады деп ойлаймын. Әңгімелері тәрбиелік мәні зор деп түйсіндім.Қазақ прозасын әрмен қарай ізін жалғайтын әдебиетті жаны сүйетін жастар болғандықтан, қазіргі техникалық заманда қолына қалам алып жазатын жастардың саны көбейсе нұр үстіне нұр болар еді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Торайғыров С. Үштомдықшығармаларжинағы.Үшінші том.– Алматы: «Алаш» баспасы, 2005ж.-116б.

2.Қазіргі әдебиеттегі жалпы адамдық құндылықтар.– Алматы: «» баспасы, 2014ж.-506б.

3.Мантаева А. Жаңбырлы көктем.Әңгімелер. – Алматы: «Жалын» баспасы, 2009ж. -3-4 (58-59)б.



М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін орта мектепте оқытудың тиімді жолдары
Орал Бибіажар – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Сатемирова Дариға
Қазақ елі қашанда өзінің сан-салалы ғұмыр жолында өмірлік істердің қай-қайсына да аса жауапкершілікпен, асқан қырағылықпен көңіл бөле қарайтын халық болған. Асқақ армандары мен мол мұраларын болашақ ұрпақтың тәрбие ісінде айқын көрсетіп, бала тәрбиесін бесікте жатқанда-ақ қолға ала білген.

Бұл жауапкершілік сезімі бүгінгі таңда да ұрпақ тәрбиесінде өз күшін жойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінде балаға тәрбие мен білім беру саласында жүргізіп жатқан реформалары мен жаңарту бағытындағы түбірлі өзгерістері жекелеген пәндер, соның ішінде қазақ әдебиеті пәнінің маңызы арқылы көрініс табуда. Ал бұл пәннің маңыздылығын жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында қарастырылған «Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, эстетикалық, интеллектуалдық, көркемдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру, оқырмандық талғамды қалыптастыру, әдеби мұраны және онда белгіленген құбылысты эстетикалық тұрғыда қабылдауға қажетті білім және білікпен қаруландыру»деген бір ғана мақсаты арқылы айқын көруімізге болады [1,13б.].

Қазақ әдебиеті пәнінің маңызы мен оқушыларға берер тәрбиесі–оны оқыту әдістемесіне келіп тіреледі. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде жекелеген тұлғалардың шығармашылығын орта мектептерде оқыту ісі - көптен қалыптасқан, кең қамтылған сала. Алайда соның ішінде бүкіл саналы ғұмырын туған әдебиетіміздің тарихын, ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, ұлы ақын Абайды әлемге танытқан даңқты жазушы, драматург М.О. Әуезовтің мол мұрасын оқыту жұмыстары қолға алынғанымен де, заман талабы мен оқушылардың білім сапасына қарай жаңарып отыратыны белгілі. Себебі әлемнің жазушылары мен ғалымдары жоғары баға берген М.Әуезовтің шығармашылық мұрасын бүгінгі және болашақтағы ұрпаққа таныту - әдебиеттегі маңызды мәселелердің бірі. Себебі әдебиеттегі кесек тұлға М. Әуезов шығармашылығын мектепте оқыту мәселесі өте күрделі сала болғандықтан, терең білімпаздық пен аса ізденімпаздықты қажет етеді. Әр шығармасын оқыту үшін үлкен дайындық, терең эрудиция, үлкен жүрек пен сезім қажет. М. Әуезов шығармашылығын зерттеуші, жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың сөзімен айтсақ: «Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолының өзі қазақ мәдениетінің рухани тарихындағы құбылыс. Ол сан-салалы және жинақтай зерттеуді қажет етеді», - деп ескертеді [2, 18 б.].

Адамзат ақыл-ойының ғұлама жазушысы Әуезов шығармашылығын қалай оқыту керек, оны жастардың бойына қалай сіңіру керек, осы мәселе әрбір әдебиетші ұстазды ойландырып келгені рас.Себебі, М.Әуезов шығармашылығын оқыту дегеніміз - үлкен мұхитқа сапар шеккенмен тең. Қай кезеңде де, қай туындысын алсақ та, Әуезов туындыларының тақырыбы мәңгілік мәселені қозғайды. Қазақ халқының өткен тарихын баяндап, толғағы жеткен мәселелерді көтеріп, ел тұрмысының шынайы болмысын көрсетіп, адамдар тағдырының шындығын суреттейді.

Қазақ мектебіндегі әдебиеттің бағдарламасы бойынша оқытылатын М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жалпы 29 сағатты құрайды. Осындағы әрбір шығарманы оқытуда оқушының білімі, тәрбиесі, ақыл-ойы қалыптасып дамиды. Олай болса, мектептерде Әуезовтің шығармаларын жаңа ғылыми негізде оқыту- әдебиетті оқыту сапасын арттыруға, білім сапасын жетілдіруге байланысты қазіргі уақытта алға қойылып отырған өзекті мәселелердің бірі. М. Әуезов шығармаларын оның ішінде әсіресе, әңгімелерін оқытудағы басты мақсат - ең алдымен жазушының шеберлігі, сюжет пен композиция шымырлығы, характер жасаудағы табысы, тіл көркемдігі болып келсе, тақырып пен әңгіме идеясында жатқан тың проблемалар, адами мәселелердің көтерілуін таныту – мұғалім алдындағы басты мақсаттардың бірі болып табылады. [3, 3 б.].

Жазушының әңгімелерінің ішіндегі қорғансыздар тағдырын суреттейтін алғашқы шығармаларының бірі – «Қорғансыздың күні». Әңгімеде дала тағдыры – Ақан мен Қалтайдың қара жер көтере алмайтын жауыздығы, панасынан айрылған үш сорлы әйелдің ауыр тағдыры, ағайындар, туыстар арасындағы ашкөзділік пен тасбауырлық, даладағы жүгенсіз кеткен жуандардың әлсіздерге істеп жүрген сұмдықтары шынайы қалпымен баяндалады. Өмір шындығынан алынған осы шығарманы оқыту, онымен жасөркендерді таныстырудың ең басты мақсаты – жауыздық, тасбауырлық, қорқаулықтан сақтандыру, адам деген атқа лайық емес істерден жирендіру болуы керек. Сондай-ақ жазушының суреткерлік шеберлігін таныту, тіл көркемдігімен таныстыру әңгіменің өзіндік ерекшелігін саралау да негізігі мақсаттардың бірі. Автор әңгімеде қорғансыз Ғазиза тағдырын баяндай келе, қорғансыз жандардың өзекті мәселелерін көтере отырып, әңгіменің шарықтау шегінде оларды жанын сала қорғайды. Әңгімеде автор сырт баяндаушы, әңгімелеуші ғана емес, дала жауыздарын айыптаушы, қаралаушы, әділ төреші биігінде де көрінеді. Оған дәлел – әңгіменің ең соңғы беттері. «Менде жазық жоқ, мен тазамын» - деген ашық тазалықтың белгісі, балалық жүзінде қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар», - деген сипаттаулар – Ғазизаның сәбилік, періштелік тазалығын арашалау, оқырманға еш күнәсыздығын дәлелдеуі іспеттес.

Әңгімені сырт қарағанда, бір-біріне онша қатысы жоқтай бірнеше бөлімдер құрайды.


  1. Арқалық өңірінің табиғаты, ел жайы.

  2. Күшікбай батырдың тарихы.

  3. Ақан мен Қалтай, олардың қорғансыздар үйіне келуі.

  4. Кемпірдің зары, ағайындар, ел билеушілер озбырлығын әңгімелеу.

  5. Шөп қора ішіндегі айуандық.

  6. Ғазизаның жоғалуы.Аналар зары.

  7. Ғазизаның әке қабірі басында үсіп өлуі.

Міне, бұл әңгімені оқытқанда, мұғалім оның негізінде жатқан осындай иірімдерін ескеріп, әдіс-тәсілдердің тиімді дегендерін сұрыптап алуы керек.

Үйге алдын-ала оқуға бергенде, әңгіменің жалпы мазмұнын меңгерту мақсат етіледі, жоспар жасап келу тапсырылады. Жаңа сабақтың кіріспесінде мұғалім жоғарыдағыдай шолу сұрақтар арқылы, яғни бөлімдер арқылы әңгіме мазмұнын қысқа, тұжырымды түрде ғана айтуды талап етеді. Оқушыларды алдын ала үш топқа бөлу арқылы, әр топқа сұрақтар қойып, оқушыларды топтық жұмыс жасауға дағдыландыруға болады. Алғашқы сабақтарда сұрақ-жауап арқылы әңгіменің негізгі мазмұнын меңгерту ойластырылады. Одан соң Арқалық тауының суреті, Ақан мен Қалтай портреті, қорғансыздар үйі, оның ішіндегі жандар сипаттамасы, Ғазизаның зорлықтан кейінгі ішкі зар-мұңы, өлімі баяндалатын жерлердің негізгі дегендерін оқып, түсіндіріп, оқушылардың әңгіме мазмұнын одан әрі меңгеруі жалғастырылады. Келесі сағатта мұғалім проблемалық сұрақтар қоя отырып, проблемалық баяндау арқылы әңгімені талдау жұмысын жүргізеді. Бұл баланың сыни ойлауына үлкен әсерін тигізеді. «Сыни ойлаудың негізгі сипаты- болып өткен жағдайдың себебін ақылға салу, рефлексияның міндетті барысы. Ойлаушы субьектіден өз-өзіне есеп беру талап етіледі: ол құнды хабарды тануға немесе мақсатқа жету үшін сана функцияларының ойлау құралдары қолданылады [4,45 б.].

«Қорғансыздың күні» әңгімесін оқыту барысында «Қорғансыздар» тақырыбына шағын эссе жаздыра отырып, кейіпкерлердің терең психологиялық сезім иірімдерін ашуға талпындыруға, «Қорғансыз жандарды қалай қорғаймыз? деген сұраққа жауап алуға болады. Мұндай тапсырмаларды пайдалану арқылы кейіпкердің жан - дүниесінде болып жататын түрлі психологиялық процестерді тану мүмкіндігі кеңейетіні байқалады. Психолог-ғалым Ә. Тәжібаев: «Бала қиялын тәрбиелеу және дамытуда олардың дүниетанымын, қызығуы мен мүдделерін, мақсат- тілектерін ескеріп отыру маңызды» - деп көрсетеді [5, 25 б.].

Кемел жазушының «Ел боламын десең, бесігінді түзе» деген қанатты сөзі бала тәрбиесі турасында темірқазық іспетті ақиқат. «Ешбір өнерді құрғақ тілек, яки бұйрық туғызбайды. Көркем өнердің міндеті - табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу. Көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан-жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді [6,15б.] - деп бала тәрбиесіндегі басты құрал көркем өнер екенін жазушының өзі атап көрсетеді. Ал сол көркем өнерді баланы оқытуда қолдана білу біздің басты мақсатымыз болып бекітіледі. Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетіне қосқан туындылары өзінің көркемдік табиғатымен, кейіпкерлерінің типтік әрі әбден дараланған келбетімен,тәрбиелілік мәнімен ерекшеленеді. Міне жазушы шығармаларының осы ерекшеліктерін жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, осы шығармаларды тиімді тәсілдер арқылы оқытсақ кемел болашағымыздың ұрпақтарына дұрыс тәрбие бердік деп нық сеніммен айта аламыз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. ҚР жалпы ота білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары // Жалпы орта білім. – Алматы : Ронд, 2002. – 125 б.

2. Жұртбаев Т. Бесігіңді түзе: Ғұмырнама-толғау / Т. Жұртбаев. – Алматы: Жазушы, 1997. – 560 б.

3. Бітібаева Қ. М. Әуезов туындыларын мектепте оқыту / Бітібаева Қ.О. – Алматы: Мектеп, 2002. – 120 б.

4. Имжарова З.У. Оценивание учебных достижений обучающихся. / З.У. ИМжарова – Актобе: Көкжиек, 2013. – 60 б.

5. Тәжібаев Ә.Т. Жалпы психология. / Ә.Т. Тәжібаев – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 211 б.

6. Дүйсенбаев Ы. М.Әуезов (мақалалар, естеліктер). / Ы. Дүйсенбаев. – Алматы: Санат, 1974. – 139 б.




М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» мен

Р. Мұқанованың «Күнә» әңгімелеріндегі күнә мотиві
Мырзабек Бибіхан – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 2-курс (3 жылдық) студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., аға оқытушы Таңжарықова А.В.
Мағжан – қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол артына өшпес рухани мол мұра қалдырып, есімін тарих беттерінде алтын әріптермен жазып қалдырып кеткен ұлы тұлға. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды[1].

1920 жылдардың алғашқы жартысында кейіпкерлерінің іс-әрекетіне қарап, басты сарынын анықтау қиынға түсетін көркем дүниелер де осы кезеңде жазылды. Осы орайда М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін атауға болады. «Шолпанның күнәсі» –  ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қазанына үлкен көркемдік олжа әкелген ерен аңсарлы дүние[4].

«Шолпанның күнәсі» әңгімесі 1923 жылы «Шолпан» журналының № 4, 5, 6, 7, 8 сандарында жарияланған.

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдермен қоса, қара сөзге ден қойып, барынша еңбек ете бастағаны - 1922-1925 жылдар аралығы. Сол уақытта оның әйгілі "Шолпанның күнәсі", "Гүлсім" әңгімелерімен бірге ірілі-ұсақты он шақты мақалалары және "Педагогика" еңбегі жарық көрді. М.Жұмабаев шығармашылығын зерттеуші ғалым Шериаздан Елеукенов"Шолпанның күнәсі" атты әңгіме, сөз жоқ, қазақ прозасының көркем дамуындағы ірі қадам, "Батыр Баян" поэмасын қосқанда, қазақ әдебиеті психилизміне соңғы дем бітірген шығармалар, - деп бағалайды.

Мағжан Жұмабаев өзінің жазушылық, суреткерлік шеберлігін осы бір әңгімесінен-ақ айқын көрсете білді. Әйел тағдыры - қазақ әдебиетіндегі ең бір тамырлы, бұрыннан мол жырланып келе жатқан тақырып [7].

Шығарма бастан-аяқ Шолпанның ой толғанысына, санасындағы тартысқа құрылған [4].

Б. Майтанов: «Өмір мен өлім тайталасын романтиктер де, осы әдістің аясында қанат жайған символистер де жырлайды. М. Жұмабаевтың туындыларында осы екі сарын молынан қамтылады. Мұндай творчестволық өрнек  қаламгер стилінің басқа жағдаяттарға да байланысты соны қырларын танытпақ» [5, 56] – дейді.

Көркем сөз өнерінде, керемет қаламгерлік шеберлікпен, оқырманның жан дүниесіне ене білген, әдебиетте ерекше өзіндік орны бар ХХ ғасырдың жазушысы, сөзге құдірет беріп, жан бітірген – М. Жұмабаев. Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарындағы жазушылардың бірі – Р. Мұқанова. Бұл екі жазушыны байланыстырып тұрған не нәрсе дейтін болсаңыздар, қос қаламгердің шығармаларындағы ұқсастық.

Мақалаға таңдалып отырған негізгі тақырып, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» мен мен Р. Мұқанованың «Күнә» әңгімелеріндегі күнә мотиві болып табылады. Мақаланы жазу барысында екі шығарманың қыр-сырын жан-жақты ашуға тырыстық. Көркемдік деталь, тақырыбы, идеясы, түр-түстік концепт, композицялық құрылымына да ден қойылды. Сонымен қатар, «Шолпанның күнәсі» әңгімесіне байланысты әртүрлі мақалалар да талқыланды. Осының барлығын негізге ала отырып, көркем туындыны ерекше бір қырынан көрсетуді жөн көрдік. Міне, сол себепті де біздің таңдап отырған тақырыбымыз да қос шығарманы байланыстырып тұрған күнә мотиві.

Мотив – тақырыптық сарын, қалыптасқан дәстүрлі тақырыптық әуен оқиға желісіндегі кезең. Бірнеше жазушының шығармасында, әртүрлі әдеби нұсқаларда, әр дәуірдің әдебиетінде белгілі бір сарындар қайталанып келеді[8, 242].

Сөз өнері – образбен ойлау, сондықтан образ көркем мәтіндегі ең маңызды, қабылдануы шынайы элемент. Образ – идеялық-эстетикалық мазмұнның қазығы. Көркем образ – адам санасының өзін қоршаған болмысты игеруінің нәтижесі. Ал әрбір образ – сананың фактісіне айналған сыртқы дүние. Образ жоқ жерде таным да жоқ, шығармашылық жоқ, тіпті елес те жоқ. [6. 126]

Салыстыру арқылы сюжет құрудағы, композиция түзудегі, образ жасаудағы, троптың түрлерін қолданудағы автордың өзіндік ерекшеліктеріне де талдау жасауға болады.

Әдеби құбылысты салыстыруда олардың тек ұқсастықтарын іздемей, айырмашылықтарын да көруді мақсат еткен жөн, осының арқасында әдебиеттегі жеке және жалпы, дәстүр мен жаңашылдық сияқты күрделі құбылыстардың табиғатына үңілуге болады, олардың барлығы қосылып әдеби заңдылықтардың тууы мен қалыптасуын көрсетеді. [6. 158]

Ал, енді екі көркем туындыны идеялық, тақырыптық, сарындық тұрғыдан талдауға келмек. Біріншіден, екі көркем туындының композициялық құрылымына назар аударсақ.



«Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі композициялық құрылымда:

  • Шығарманың басталуы: Шолпан есімді жас қыздың тұрмыс құрғандағы өмірі бейнеленеді. Ана атаңғысы, перзет сүйгісі келмейді.

  • Шығарманың дамуы: Жары Сәрсенбайдың көрші балдарына қызыға, сүйсіне қарауы. Шолпан ойының өзгеруі.

  • Шығарманың шиеленісуі: Перзент сүю үшін әртүрлі іс-әрекетке баруы. Соңында қате шешім қабылдап, күнә жасауы.

  • Шарықтау шегі: Тілегі қабыл болып, бала көтеруі.

  • Шығарманың шешімі: Шолпанның дүние салуы, яғни трагедиямен аяқталады.

Ал, Р. Мұқанованың «Күнә» әңгімесіндегі композициялық құрылымда:

  • Шығарманың басталуы: Жасы келген Ақбаянның бұрыңғы өткенді көзіне жас алып еске алуы. (лирикалық шегініс)

  • Шығарманың дамуы: Ақбаянның үлкен шаңыраққа жастайынан келін болып түсуі.

  • Шығарманың шиеленісуі: Қайын сіңілісінің оғаш қылығын жасыруы.

  • Шарықтау шегі: Дүние есігін жаңа ашқан сәбидің өлімі,

  • Шығарманың шешімі: Өз күнәсінан арыла алмай ақталуы.

Міне, екі шығарманың композициялық құрылымына талдау жұмысын жасадық. Екеуінде де бірдей мотив – күнә. Қос шығармада ұқсас тұстарымен қатар, айырмашылықтары да бар. Осыған дәлел ретінде төменде көрсетілген сызбаға назар аударсақ:


Әрбір көркем шығарма оқып отырған оқырманды тәрбиелейді. Сөз құдіретінің күштілігі, әрбір сөздің астарында терең ойлар астарланып жатады. Мағжанның «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің астарында адам баласына ой саларлық нәрсе жатқан іспетті. Шығарма әйел жанын, ішкі монологты көркем суреттеген. Мағжан Шолпанды даттап та, жақтап отырған жоқ, жауабын оқырманның өзіне қалдырып отыр. Осыған байланысты қаншама пікірлер кездеседі. Ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, А. Кемелбаева Шолпанды жақтаса, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Т. Есембеков өзінің ғылыми еңбектерінде Шолпанды кінәлайды. Бес саусақ бірдей емес, біреуі даттаса, біреуі жақтайды. Біздің тұста Шолпанның жасаған іс-әрекетін құптамаймыз. Себебі, қазақ қызы еш уақытта ондай жаман іске бармаған, ала жіпті аттамаған. Шығармада сонымен қатар, көркемдік уақыт та көрсетіледі. Үш жыл өтті, бес жыл өтті, сегіз жыл өтті деген іспетті. Бұл көркемдік уақыттың астарында сол кездегі әлеуметтік жағдай, я болмаса болашаққа деген үрей, қорқыныш, сюрреалистік көңіл-күй туралы жазылған, астарлы ойлары оқырманды толғандыратын көркем туынды. Автор қаймағы бұзылмаған қазақ қыздарының Шолпан секілді қателік жасамауын, көркем туынды арқылы келер ұрпаққа мұра етіп қалдыруының өзі мақтауға тұрарлық үлкен ерлік.

Ал, Роза Мұқанованың көркем шығармасының идеясы жақсылық пен жамандық, жарық сәуле мен қараңғылық, дәл сол уақытта дұрыс шешім қабылдау керектігі суреттеледі. Егер де, істеліп жатқан істің дұрыс еместігін көрсен, соған қарсы іс-әрекет жаса, қарап отырма. Адам баласын тереңнен ойландыратын шығарманың бірі.

Қос шығармада ауыр күнә жатқаны мәлім. Екі көркем туындының басты тақырыбы да осы – күнә. «Шолпанның күнәсі» мен «Күнә» әңгімелерін байланыстырып тұрған күнә мотиві шығармада әртүрлі суреттелді деуге болады. Мысалы, «Күнә» әңгімесінде: «қап-қараңғы қапас түн, түн – құштарлық еді тән үшін, таң – ынтызарлық еді бұл үшін, түн – күнә, таң – ақталу еді бұл үшін» шығармадағы бұл тұстары түр-түстік концепт, параллелизм арқылы нақты көрініс табады. Ал, «Шолпанның күнәсі» әнгімесінде: «Үлкен темір шелекпен мұздай суық суды Шолпанның басына құя салды» деген тұста Шолпанның жасаған ауыр күнәсінің жазасы бейнеленеді. Төмендегі кестеден екі шығармадағы лойто-мотивті ашудағы негізгі іс-әрекеттер көрсетілген. Соған назар аударсақ:



Шолпанның күнәсі

Күнә

Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау

Есалаң Шолпан

Есалаң Әзімбай

Теңіз терең емес, адамның жаны терең

Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар

Сұңқардай ұшқыр жанын, желдей есалаң жүрегін қара жыландай қап-қара ойлар орап алды

Жүрек тозды, тілек тозды, өмір тозды

Өмір – бұл қарулы машина, ескен желдей

Ұрлық қыл да мал тап, ойнас қыл да бала тап


Өзін-өзі жазалаудың жолын таппай қамығады

Ел – құлағы елу

Масқара болдық

Түннің жап-жарық болғанын алғаш көрді

Арым үшін жаным садаға

Шикіөкпені өлтіре салу керек

Сүйегімізге таңба

Мен өлтіре алмаспын

Басқа түскен қияметтің жүгін онан әрі ауырлатпай

Бір кесеге езілген тотияйынды шарананың аузына құя салды. Сол-ақ екен аяқ-асты астан-кестен болған түн-тіршілік маужырап ұйқыға қайта кетті.

Үш мүсәпірге сұқтанып, күнәсін мойнына салып, сазайын бермек

Адам өлтіргеннен ауыр күнә жоқ



Осы істелген іс-әрекеттер барлығын айқара ашып көрсетуде. Ал енді геометриялық фигураға назар аударсақ:
Ш А

Ә С Т Е


Бұл суреттегі қорытынды тұжырым екі жанама кейіпкердің негізгі кейіпкерге келіп тірелуі. Ортадағы бала – күнә. Екі үшбұрышты біріктірсек онда соңында қап-қара түкте болып қалуымен аяқталады. Сол нүкте іспетті, қос шығармадағы күнәнің мәңгілік басты кейіпкер жадында қалуы болып табылады.

Мақаланы қорытындылай келе, әрбір көркем шығармадан алатын тәрбиелік мәні зор ақпарат қай уақытта болмасын, мол болып табылады. Осындай көркем туындыларды оқу барысында өзімізге өмірлік сабақ боларлық мәлімет ала отырып, өзгені де тәрбиелеуде жұмыс жүргіземіз. Әрбір адам өзінің істеген қателіктерін түзеу арқылы өмірін әрі қарай жалғастырады, бізде осы екі көркем туындыда жасаған негізгі кейіпкерледің қателерін ұғыну арқылы қателік жасамауға әрекет етуіміз керек. Өзгеге тәрбие беру үшін, алдымен өзіңді тәрбиеле. Ал ол үшін көркем туындыны оқып қана қоймай, талдап, өзіндік ой-пікір қалыптастыру керек. Қос көркем туындының негізгі тақырыбын ашуда, адам баласының өмірлік өкінетін іске бармау керектігін анық түсіндіреді.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет