ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет21/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   45




Жаман Жәутік

Е.Домбаев


Есенжол Домбаев 1938 жылы 2 мамырда Гурьев облысы Индер ауданы Шолақ Шағыл деген жерде дүниеге келген. 1961 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген. Республикалық қуыршақ театры директорының орынбасары, «Ара- Шмель» журналының фельетонисі, ”Қазахфильм” киностудиясында аға редактор қызметтерін атқарған. Жұмыс жасай жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде, Алматы ауылшаруашылық институтының агрономдық факультетінде сырттай оқыған. Е.Домбаевтың шығармашылық жолы 1950-ші жылдардың аяқ шенінен басталады. 1957 жылы Әліби Жангелдиннің қызметі туралы «Алғашқы сабақ» атты бір актылы драмасы қойылады. Оннан астам бір актылы пьесалары, скечтері облыстық, республикалық театрларда қойылған.

Н.Гогольдің «Мұрын»повесін, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романын, түрік сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелерін қазақ оқырмандары Е.Домбаев аудармасында оқыды. 1965 жылы «Болмаған оқиға» сатиралық повесі, 1967 жылы «Ол осындай адам» әзіл әңгімелер жинағы, 1967 жылы «Ғашықтық туралы мың бірінші баллада» сатиралық повесі, 1977 жылы «Менің бауырларым» повестер мен әңгімелер жинағы, 1980 жылы «Жаман Жәутік» романы жарыққа шығып, оқырман көңлінен шыққан. Автор бұл тұңғыш романында қалың елден шалғай жатқан құм қазақтарының Қазан революциясы қарсаңындағы бейқам, марғау тіршілігін кеңінен суреттеген. Сол жадағай тіршілікке күн сәулесіндей сызаттап еніп, жалшы Жәутіктердің көңілін елеңдетіп, еңсесін көтеріп келе жатқан үлкен дүрбелеңнің дүмпу лебі бұл романда елес береді. Роман кісіні езу тартқызып отырады. Сонымен қатар бұл шығарма юморлы жатық тілмен тартымды жазылған деуге болады.

«Жаман Жәутік» романының басты кейіпкерлері: Жәутік, Паңгерей, Нұралы бай, бәйбішесі-Күміс, Смағұл, әйелі-Зағида, Зағиданың әкесі-Мұса, Паңгерей мен Смағұлдың әкесі – Жантуар, Аққисым, әйелі-Күнсая, тоқалы – Балымзия, Қатира Жәутіктің көңілдесі, ол он баламен жесір қалған Дүйсенбайдың ағайындарының әйелі.

Бұл романның негізгі оқиғасы ХХ ғасыр басындағы шалғайдағы қазақ аулының әлеуметтік ортасы, сол кезеңдегі адамдардың түсінік-нанымы мен мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Құмдағы қазақ аулының малшысы «большевик»деген сөзді естігенде, көңілінде желік пайда болып, қу жақ билерше суырылып ала жөнелетіні , әуелі бір-екі рет тамағын кенеп алатын әдеті ирония аралас юмормен қызықты суреттеледі. Мысалы, Паңгерей мен Жәутік арасындағы мына бір диалогтың тілі жатық, шындықты обьективті тұрғыдан пайымдау міндетін атқарып тұр деуге болады:

« - Анада осында қазақтың «қан жауғыр» деген мақалы расқа шығып, аспаннан қан жауды ғой. Соған Әйіп қажы ас беріп жатыр.

-А?!


Паңгерей орнынан қалай тұрғанын өзі де білмей қалды. Жәутік үндемеді.

-Аспаннан қан жауды? Әй,мүмкін, аспаннан тағы бірдеңелер жауған болар?

-Ақша жауды.

-Ақша?


-Жәутік тағы үндемеді.

-Сосын не жауды?

-Тасбақа жауды.

-Сосын не жауды?!

-Ылғи су жаңа калоштар жауды.

-Мүмкін,сенің аталарыңның бастары да жауған шығар?!

-Олар жауған жоқ .

Бұл үзіндідегі диалогта автор характерлерді ашуға үлкен мән берген сияқты.

Паңгерей Жәутікке сұрақ қоя отырып, оның кез-келген өтірігіне сеніп жүрген аңқау ел сияқты өзі де осы малшының сөзіне нанады. Осы диалог заман көрінісінен хабар береді. «Қарашекпен» деген сөз шықса Жәутік қу жақ билерше суырылып ала жөнеледі. Қарашекпен деген ханның Бәлшебек және Меншебек деген балаларының қалай екіге бөлінгенін ертегідей қылып айта келіп, Бәлшебектің ниеті жақсы, қара халықтың қамын ойлайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғызады екен деп бірақ тоқтайды. Осы тұстан тағы бір байқалатын құбылыс қарапайым ауылдағы халықтың ірі жаңалыққа талпыныс сыры және сол жаңалықты анық түсінбей отырғандығы ирониялық сарынмен беріледі.

«Жаман Жәутік» романындағы Паңгерей бейнесінің мінездемесін суреттегенде көпқырлы қасиеттерімен қатар сол заман адамдарының бейқамдығын, қалың елдің әлі де ұйқыда отырғандығын, кейіпкердің кейбір олқы мінездеріне амалсыз күлуге тура келеді. Қырықтың қырқасына аяқ салуына екі-үш жыл қалған Паңгерейдің өмір сүру принципін былай суреттейді:

«Паңгерей ел аралайды, қыдырады, болса көзір ойнайды, болмаса Зеленый, Өрлік, Андрей, Кірілшік, Аққала сияқты селоларға кетіп, айлап жоғалады. Бірде алады, бірде береді. Бірде қорасымен айдап келеді, бірде қорасымен айдап береді. Жалғыз өзгеріс: екі самайы ерте ағарып, ашушаң болып бара жатты. Қаралығы болмаса, қайратына сымбаты сай, қайыс қара Паңгерей ауылына айында, аптасында бір соғып жүре береді. Бұл бүйтіп жүргенде, құрдастары ғана емес, өзінен кішілер де үйлі-боранды болып жатты». Паңгерейдің бар іс-қылығы түсініксіз пенде болмаса да, ақылы мен айласы әрқашан теңдесе бермейтін, билік тізгінін де еркін ұстай аламайтын, табиғатынан зерек болғанымен қылмысын жақсылыққа балап көпшілікке көрсете алмайтын бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Паңгерейді әрбір әрекетімен сол заман талабынан туған әлеуметтік тұлға ретінде көрсете білген деуге болады.

«Ай сүттей жарық еді. Ауық- ауық жаздың салқын самалы соғады. Әдетте қайбір кез самал боп ыстық леп есетін. Мынау самалдың ар жағында ызғар бардай. Аққисым: «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды деген осы екен-ау,- деп ойлады. Құс жолы да шалғайда. Жұлдыздар да сирек. Кенет есіне Күнсая түсті. Кемпірін де сағынып қалғандай көрінді. Оған әлі бес- алты күнсіз жету жоқ-ау,- деп бір қойды. Басын көтеріп анадай жерде бөлек төселген ақ текеметте жатқан Балымзияға қарап еді, ұйықтап кеткен екен. Жә, енді бастайын, көніп жатса Күнсаяның қиқуы үйреншікті қиқу ғой, -деп тамағын кенеп қалды». Бұл пейзажда ұлттық ойлау үлгісі зор нанымдылықпен суреттелген. Табиғаттың адам жанына әсері, қаһарманның тілек – мұратымен астарласа берілуі сенімді. Аққисым Балымзияға қатты жаны ашығансып отырып, ен далада иесіз қыстаулар ішінде қалған жалғыз әйелді алдамсыратып, соңында екі жарты бір бүтін болуды ұсынады. Ертесіне тек Балымзиядан ғана емес, ақ сиырдан да ерік кеткені байқалады. Үш- төрт күнде Аққисым үйіне жақындаған кездегі көңіл-күйін жазушы шебер суреттеген, әсіресе , Күнсаяның жүрегіндегі тентек бұлқыныстар езу тартқызса, бір жағынан Аққисымның пендешілігіне іштей қынжыласың.

Аққисымның пенделік санасыздығына, дүниеқоңыздығы мен есерлігі, күйгелектігі, пәле-жала таянғанда тайқып шыға келетін сырғанақтығы нақты іс-әрекеттер үстінде көрсетіліп оқушыны сендіре баяндалады.

«Жаман Жәутік» романының қысқаша мазмұны мынадай:

Нұралы байдың аталасы- Жантуардың екі ұлы- Паңгерей қырық жасқа дейін үйленбеген сүр бойдақ, Смағұлы- молдалық оқу оқып жүрген баласы.

Әйіп қажы аспаннан қан жауғанына садақа беріп, бүкіл ел жиналады. Тек Жәутік қана қой соңынан босай алмай бармайды. Жәутіктің Бәлшебек пен Меншебек туралы ертегісі бүкіл елге тарап, жұрттың көңілін елеңдетіп, бір өзгеріс болатынына қарапайым халықты иландыра бастайды.

Паңгерей жасынан Сарымсақ болыстың жанына еріп жүріп, бір күні Сарымсақтың кіші әйелін картадан ұтып, үйіне ертіп келеді. Мұны естіген Жантуар Паңгерейді жазғырып, мырзаның кіші әйелін қайтарып бергізеді.

Паңгерей Жаманқала түбіндегі Топайылда екі кластық орыс мектебінде оқып жүргенде Саша деген орыс баласымен төбелесіп,артынан дос болады. Карта ойнауды осы орыстардан үйренген Паңгерей Саша екеуі жас орыстың көпесін карта ойнатып, біраз ақшасын ұтып алып, түрмеде үш күн жатып шығады. Паңгерейдің әйел алмайтынына көзі жеткен әкесі еншісін беріп, бөлек шығарады. Оған қалың ел күледі.

Көрші ауылдағы Мұсаның қызы Зағиданы кіші ұлы Смағұлға Жантуар алып беріп, келінді болады.

Жәутік кішкентай ауылға «Бәлшебек кәртөжнік» деген сөз таратып Паңгерей Бәлшебекті іздеп шығады. Көрші ауылдың малын ұрлап қайтып келе жатқанда Отто Брессер деген неміс кездеседі. Оттоның мінген атын түнде қасқыр жеп, өзі жаяу қалған екен. Паңкерей бірінші рет большевиктің партия аты екенін осы Оттодан естиді. Партия дегеннің не екенін де осы Оттодан қанығады. Астындағы атын неміске беріп, ұрланған сиырларды айдап келе жатқанда алдынан Егор мен тағы бір казак шығып, олар осы жоғалған малды іздеп келе жатқанын айтады. Паңгерей Жәутік сөзіне сеніп, большевикті іздегеніне іштей намыстанады. Отто Олег Борисовичтің большевик екенін Егор досынан біледі.

Жәутік сөзіне сенген арызқой Аққисым да он тоғыз күн жол жүріп Бәлшебекті іздейді. Бәлшебектің жарлы жағында екенін Бесоба елінен біледі. Бірақ жолда саппен келе жатқан әскерге тап болып, ішіндегі генерал сапты тоқтатып, Аққисыммен сөйлесіп, оның большевик туралы хабарын естіп, Аққисымды солдаттар соққыға жығып, астындағы өгізін өлтіріп кетеді. Тірі қалған ол мола басына түнеп, Серікбай көкесіне жолығып, аулына қарай бет алып, жолда «Тана тумақ» деген ауылдағы жалғыз үйге тоқтайды. Онда күйеуінің өлгеніне үш жыл болған Балымзия Аққисымды емдеп, оны тоқалдыққа алып аулына қайтады.

Смағұл үйіне шай ішуге келген Жәутікке қатын алғанның жақсы екенін түсіндіріп, Қатира жеңгесімен табыстыруға уәде береді. Жәутік Смағұл зорлауымен Қатираның қойнына барғаны үшін көк тұсағын Смағұлға беруге мәжбүр болады. Смағұл шешесі Бағила кемпір қайтарып жібереді. Жәутік Дүйсенбай мырзадан Қатираға бір қой бергені үшін де таяқ жейді. Бірақ оны ”Бәлшебек сабап кетті” деген өсек таратады.

Нұралы Керімбет байдың күйеу баласы. Қызы Күмісті ағайының төрт көзі түгелде той жасап, Нұралыға күйеуге беріп, бөлек отау етіп шығарады. Екеуінде перзент болмағасын, Күміс тоқал алып беруді ұйғарды. Көп уақыт өткеннен кейін Күміс Дүйсембай деген ұлын, емшек сүтімен Балзияны көтерді.

Сол кездегі Ресейдегі қос өкімет қазақтың қырдағы ауылдарына да өз әсерін тигізгенін романнан кеңінен көрінеді. Нұралы бай ауылына инициативная группа келіп, байды орнынан түсіріп, Саналиевті сабаған осы Нұралы болысының оқиғасы екенін айтады. Ал Нұралы болса бар малын келесі болыстың ауылына айдап жіберуді ұйғарады.

Паңгерей соңғы кездері көзіршілерді өз отауына әкеліп, карта ойнайтын болады. Осыдан кейін Жантуардың үйінде екі қойшы ұсталып, үш-төрт пішенші жалданатын болады.

Зағиданың бірге өскен құрбысы Хұснихатты көріп, Паңгерейге алып беруді ұйғарады. Екеуі соңында үйленеді.

Аққисым Бәлшебек іздеп шыққанда алып келген тоқалы Балымзияға Күнсая күн бермей, Серікбай ақсақалды шақырып, ажырасатынын айтады. Серікбай ақсақал үзеңгілес жолдастарымен ақылдасып, Балымзияны қосып қасына көшіріп алады.

Романның соңғы тарауында қырдағы ауылға совдеп өкілдері келіп, жер байлығы, су байлығы, мал байлығы бәрімізге ортақ деген ұран тастап, кедей-кепшікті жината бастайды. Сол маңайдағы Нұралы, Сарымсақ, Мәметәлі, Қошқарғали, Қара Есжан, Ізбас, Әбілен сияқты алпауыттардан кедей шаруаның еңбектерінен сорып тапқан малын, дүниесін тартып алу керектігін, келген өкілдер халыққа түсіндіреді. Сонда большевиктердің аузына түскен адамның аты – Жәутік болады. Ұлы мәжіліске Жәутік арнайы алынады. Роман Жәутіктің «Бәлшебегін» көруге асығып келе жатқан сәтімен аяқталады.

Автор бұл романда құмдағы қазақ аулына қоғамда болып жатқан өзгерістердің жету жолын, ауылдағы ғұрып-салттың өрнектерін, замана лебі туралы ой-толғамдарын басты кейіпкер – Жәутіктің ұғымы, жан дүниесі, тұрмысы төңірегіне сайып, шебер суреттей білген деуге болады. Жәутік бейнесі юморлық астармен беріле отырып, өмірдегі табиғи мінезін аша түскен. Романда Жәутік пен Қатира арасындағы қарым-қатынас, сезім мен сыйластық, он баламен жесір қалған әйелдің өз ажарына лайық әдебі, эмоционалдық толқу мезеттерін суреттеуге де мол орын берілген.

«Жаман Жәутік» романында сол замандағы қазақ халқының өмірін суреттеуде елдің наным-сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілген. Әрбір үйдегі тіршілік дағдыларын, әрбір кейіпкердің рухани өміріне терең бойлау арқылы бере білген. Мысалы: Жантуар отауындағы Паңгерей, Смағұл, Бағила, Зағида, Нұралы әулетіндегі Күміс, Дүйсебай, Балзиялар, кедей қойшы Жәутік, жесір, он балалы Қатираларға дейін жіті назар сала, арнайы тоқталып, әрбір әрекет үстіндегі істерінің түп-тамырын табуға, осы образдардың толыққанды сипатын ашуға күш салған деуге болады.



Жаяу Мұса

З.Ақышев


Жазушы Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романы заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау етеді. Жалғанда 94 жыл жасаған жанның тұтастай өмірін бір кітапқа түсіру мүмкін емес. Оның өміріндегі асуы биік, түсуі құз кезеңдерін алып, жазушы оның шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңдерін жеке-жеке тарау түрінде берген. Бұл тараулар, бір-бірінің жалғасы іспеттес құрылып, Жаяу Мұсаның өмірін суреттейтін кітап болды. Кітап “Шала туған”, “Қашқын бала”, “Жақсыдан шарапат”, “Шен мен шекпен”, “Қиянат пен сергелдең” тағы басқа тараулардан тұрады.

Ана құрсағынан шала туған бала Орман ауылы Жасыбайдың сағасындағы қыстауынан Қарасу бойына қоныс теппек көште Тайжан мен Сәтбаланың келіні Нағыш өмірге ұл әкеледі. Бұл жеті айлық шарана Нағыштың күйеуі Байжанның өз баласы емес еді. Шала туған баланың 7 күн дегенде ауылдың қатын-қалашы жиналып бесікке салады. Тайжан молда азан айтып оған Мұса деп ат қояды. Мұса деуінің де себебі бар еді.

“Қай заманда да кедей-бай болам, бай-құдай болам деген емес пе? Соған жетпесе де, есіміне ортақ болуды зор дәреже көретін халық. Дәл осы жылы Шорман бидің елде мұсылманшаны тауысып, Омбыдан орысша оқып келген он алты жасар Мұсасы Қаржас-Ақкелін елінің болыстық старшыны боп тағайындалған. Шала туған бала Шорманның Мұсасындай болар ма екен деген үмітпен атын атастырып қояды. Байжанның тоқалынан туған баланың атын Шорман бидің Мұсадан кейінгі Мұстафасының атын Тайжан молда тағы да азан айтып, ұқсамаса да аттас болсын дейді”.

Сонымен Мұса ер жетеді, анасы қайтыс болғасын өгей шешенің езгісі мен тепкісіне шыдай алмай Тайжан мен Сәтбаланың қолында өседі. Өз үйінен қашып шығып ноғай саудагері Кәрімнің үйінің малайы да болады. Осы жолда Шоқанмен танысып, оның тікелей көмегінің нәтижесінде Омбыдағы төрт жылдық шіркеу мектебін бітіріп шығады. Бала Мұсаның зеректігі мен алғырлығының нәтижесінде орыс тіліне де жетіктігі романда айтылады. Одан кейін азан шақырып қойған атынан да айырылады. Қазақта мақал бар емес пе “тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “басқа пәле тілден” деген. Қараңғылық кернеп, дүмше қазақ даласындағы көзі ашық, көкірегі ояу жанның өзі анау ел билеген ақсүйектерге жат көрінген заман. Ауыл сыртынан аттан түспей әндетіп өткені үшін сабап, үш күнге байлап қойғанда да Мұса тілін тартпайды. Осы кезде “Ақсиса” әні туады. Тіпті ауылынан екінші рет қашып кетіп баяғы ноғай саудагерінің үйінде отырған жерінен Мұсаны ұстап алып, айдауға жіберілгенде де тілін тартпай, Мұстафаның сүйегіне дақ түсіріп кетеді. Тобылға он екі жылға айдалып, орыс адвокаттың үйінің малайы боп жүре осы Рубановтың көмегімен бір жарым жылдан соң түрмеден шығады. Баяғы Шоқанның көмегінің арқасында алған білімінің нәтижесінде патша ағзамның Санкт-Петербургқа шақыруымен Черняев отрядында қызмет істейді. Бұлардың мақсаты – бүкіл далаға экспедиция жүргізу еді. Осы жолда Айтжанмен танысып отау құрады. Одан үш нәресте көреді. Бірақ құдай тағала рақат тіршілікті Жаяудың маңдайына жазбапты. Қосылған жары үшінші ұлы Саттарды өмірге әкелгесін көз жұмады. Романның соңында ел билеген Мұстафа да, Мұса да қайтыс болады. Жаяудың қанша қысым көріп, қиыншылықты осы ел билеушілерден жазасын алса да, мейірімді әрі кешірімді жүрегін өлгеннен кейінгі естірту айтып келгендерге айтқан сөзінен байқауға болады. Ол : “Ата жауым еді, жатқанынан тұрмасын, мүрдем кетсін” деген жоқ, “алысуға да, арпалысуға да тұратын, аузы алты қарыс арыстан еді, алыссаң сондаймен алыс, өзіңнің де кім екенің көрінеді. Иманы саламат болсын”, - дейді. Өзі қатықсыз қара су ішіп отырса да Мұстафаның ұрпақтарының “аталарымыздың сізге істеген қиянаты үшін” деп айдап әкелген үш құлынды биесінде қайтарып жібергені Жаяудың ерлігі емес пе? Бала болып әке-шешенің мейір-шапағатын көрмеген Жаяу баяғы жоқшылықтың кесірінен өз балаларын да бауырына баса алмай, інілеріне бөліп береді. Өмірде қаншама қиыншылықты көрсе де, “мынауым басшыларға жақпайды екен” деген жоқ, серілік құрып Біржанның, Ақанның ауылында болады. Әрине, “Ақ сисадай” ән төресі шартарапқа тарайды. Тоқсан төрт жасқа келіп өзінің күнделікті Борқы биігінің басына шығып отыратын шағында да, ауыл балаларының аузынан:

“Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса”, - деген

өлеңін естиді.

“Бір елге екі Мұса көп. Шорманның Мұсасы тұрғанда басқа қазақ баласы Мұса бола алмайды. Қояндыдан қой айдап қайтқан ноғай саудагерінің қойының соңынан Қызылжарға жаяу кетті деп естігем. Сен мұнан былай “Жаяу” атанасың”, - деген Шорманның Мұстафасының келісімі қандай ақылға сыяды?

Әділетсіздікке қарсы жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен адамның тұтастай өмірінің бүге-шігесін жазушы романда нанымды суреттеген. Жаяудың қалай қайтыс болғандығы жөнінде айтылмайды, баяғы әдетімен Борқы биігінің басында отырған кезімен роман аяқталады. Романнан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын терең түсінеміз.

Жоғалған қыз

Е.Мұқамәдиұлы


Елеусіз Мұқамәдиұлы – 1938 жылы туған. Ең сүбелі шығармасы – “Қобда қойнында” романы 1976 жылы жазылған. Бұл Моңғолия қазақтарының тарихында тұңғыш роман. 1982-1986 жылдары “Жоғалған қыз” дилогиясы жарық көрген. Сонымен қатар “Жердегі жұлдыздар”, “Өрікті көл” повестері әңгімелер жинағының авторы. Шығармаларының шоқтығы ретінде “Жоғалған қыз” дилогиясын атауға болады. “Жоғалған қыз” романы Моңғолияда жұмысшы табының қалыптасу процесін сай көрсеткен шығарма. Тілі жеңіл, оқиғасы қызықты. Роман оқиғасы біртіндеп шиеленісіп сюжетті желі құрады да сол желі төңірегінде өрбиді. Романға өзек болған оқиға – Моңғолия қазақтарының тұңғыш рет астана Уланбатырға жол тартуы, шоферлікті үйрену жолындағы тынымсыз еңбегі – жұмысшы адамның қалыптасу жайы.

Ең қызықтысы сол – төрт жасында жоғалған Бағиласын іздеген әке сағынышы сарыла шығарма оқиғасының шиеленісуіне түрткі боларлық кездейсоқтықтарға жетелейді. Әкесі мен баласының жиі кездесе беруі сөйте тұра ондаған жылдар бойы бірін-бірі білмеуі оқырманды баурап, қызықтыра түседі. Автор сюжетті картиналар жасауға зейін қойып ықшамдылықты мұрат тұтқан. Кейіпкерлерінің өз арқалаған жүгі бар. Олардың психологиялық тартысында табиғилық байқалады.

Басты кейіпкерлері – Ертай мен Очирбаттың бейнелері тартымды да шебер суреттелген. Ертайдың қайынатасы Құттыбайдың Очирбат пен Тогтохқа кезінде пана болып бас сағалауларына көмектесуі, кейіннен шоферлікті Очирбаттың Ертайға үйретуі де оқиға сабақтастығын дамыта түседі. Романдағы Ертай образы біршама жанды. Ол – адал жанды, жақынына мейірімді, досына қайырымды жігіт. Баласынан тірідей, сүйген жарынан өлідей айырылса да жаны жасып жігері қайырылмайды. Оның айналасындағы ақкөңіл жандар – Буянжав шешейдің аналық меірімі, Тогтох Мэндээ Ганжуур сияқты адал достарының кіршіксіз көңілмен қолдап-қолпаштауы жаралы жанына қам көңіліне рухани жігер беріп шарапатты шұғыласын төгеді. Сонымен қатар Ертайды болашаққа зор сенім-үміт жетелейді. Ол – жоғалған қыз – Бағила – Байгалмаамен әйтеуір бір кездесу үміті. Оның әкелік махаббаты әсте суымайды. Қайда жүрсе де көңілінде көлеңкедей еріп қызының бейнесі жүреді. Ол қызын балған күнінде талай жолықтырып танымай кетсе бойжеткен тұлғасын көріп сүйген жары Нұрғайыпты көз алдына елестетеді. Сол арқылы қызының соңына түседі. Алайда үлкен қаланың қалтарысы мол. Бағила әкесін жер соқтырып кете береді. Ал, Бағиланы бағып-қаққан қарт Минчиннің Ертайды жолықтырған сайын үрейленіп еркінен тыс қылықтарға баруы да Минчиннің ішкі жан дүниесін аша түседі. Қарттардың балаға деген мейірім шапағаты, одан айырылып қалу қаупі аса нанымды суреттелген. Дүниемен қоштасып көз жұмар алдында қызына шындықты айтып өлуді өздеріне парыз санайды. Алайда Дашиймаа ананың жүрегі бұған шыдай алмай жан тәсілім етеді.

Романның негізгі мақсаты – кейіпкерлер тарихын жететін жеріне дейін жетелеп отыру. Елеусіз Мұқамәдиұлының “Жоғалған қыз” романында бұл мақсат айқын. Оның құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары тақырыптық-идеялық мазмұнымен қабысып тұтаса түседі. Баянөлгийлік қаламгерлердің романдарының ішінде “Жоғалған қызды” баса айтатынымыз оның идеясының тосындығына байланысты.

Шығарма тақырыбының өзгешелігі оның басты кейіпкерлерінің сомдалуына да әсер еткен. Бұл қаламгердің роман жазу жолындағы ізденісінің көркемдік идеяны айқындауда тың құбылыстарды таңдауға құлаш ұрандығының дәлелі. Автордың романға тосын оқиғаны таңдауы қуантады. Ол – Астанада адасып, әке-шешесінен көз жазып қалған – Бағила. Көркемдік шиеленістің өзі Бағиласын іздеп сарылған әке – Ертайдың басындағы халімен жақсы шешімін тауып отырған. Біз автордың идеясын кейіпкерлер мен оқиғалар арасындағы байланыс арқылы байқаймыз. Мәселен жағымды кейіпкерлер қатарына жататын Ертай Тогтох Бағила Емей Буянжав шешей Минчин қарттардың жаңа қоғам жасаудағы жасампаздығы, Малтабар Зейнеп Ринчин сияқты бұл жолға оралғы болған арамшөптердің тамырына балта шабу идеясы айқын аңғарылады. Жасампаз өмір құруға шын ниеттерімен сенген еңбекші қауымның келешекке деген үміті әрбір жақсы жаңалықтар арқылы ақталғандай. Сондықтан да жұмысшы табының еселі еңбек етуде зор табыстарға қол жеткізетіні нанымды. Тіпті ат өртеңнің автор өртеңмен ауыстырылуы аймақ өміріндегі ірі жаңалық. Мұнда Ертай Малтабар ағасы мен Зейнеп жеңгесінің соққысын көтере беретін көнбіс қарасирақ қалпында емес, есейген, егделеген шағында оралады. Есейіп егделеп қана қоймайды саяси жағынан да, адамгершілік тұрғысынан да тұлғаланып өсіп келеді. Жан жары Нұрғайыптан айырылғанымен талай жылғы сағынышы болған Бағиласын жолықтырып масайрай келеді.

Ал “Жоғалған қыздағы” кейіпкерлердің толғанысын ішкі ой-иірімдерін автор сезім арпалыстары арқылы беруге талпынған. Жеке кейіпкерлер психологиясын да бас характерлер психологиясын да талдай жазу Баянөлгейлік қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Бұл олардың көркемдік идеялық ізденісіндегі жетістіктері еді. Шығармаға қажетті жетекші идея кейіпкерлердің шынайы характерлері мен типтік жағдайларының сырын ашуға керекті тартыстар ұтымды детальдар өмірден алынады. Көркем шығармада шынайы көріністерсіз харакетсіз тартымды штрихтарсыз адам образын жасауға болмайды. Әдетте әдеби тип белгілі бір ортадағы бір топ адамның басындағы қасиеттерді бір адамның басына жинақтау деп ұғылады. Әдеби типтегі кейіпкердің өмірдегі моделін өзгерте құбылта-құлпырта келгенде суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс-бітімінде бір адамның емес көптеген адамның сыр-сипаты жатады. “Жоғалған қыз” романындағы кейіпкерлердің бойындағы әдеби типке қатысты осы бір қасиеттер айқын көрініс тапқан.

Романның өн бойынан әлеуметтік мазмұнды табу қиынға соқпайды. Шығарманың басты идеясы да жұмысшы табының қалыптасуы сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды қамтуға саяды. Замана лебі жаңалыққа ұмтылушылар мақсатына қарсы тұрған күштер түрлі әлеуметтік топтар мен типтер әрекеті жан-жақты суреттеледі. Көркем мазмұнында әлеуметтік қайшылық басты орынға ие болады. Өйткені жаңаны жасаушы мен оған қарсы күштер арасында бітіспес идеялық күрес жатады. Сонымен роман қарапайым еңбек адамдарының шынайы бақытын, жаңа қоғамның қолайлы көріністерін суреттеумен аяқталады.

Жолдастар

І.Жансүгіров


Қазақ тілінің лексикалық байлығын терең игеру, сатиралық күлкілі жігіттерді көре білу, адам мінездерін ашатын реалистік диалогтарға икемділік секілді ерекшеліктер Ілиястың прозалық шығармаларының, әсіресе оның “Жол аузында”, “Құқ” кітаптарына енген әңгіме, фельетондарының басты қасиеттері. Қазақ аулындағы әлеуметтік-таптық өзгерістерді, жаңа психологияны, өндіріс, мәдениет, техникаға бой ұрған адамдарды бейнелеу талабындағы әңгімелер, нақты-нақты деректерге сүйеніп жазылған репортаж, очерктер тәжірибесі арқылы өскен қаламгер халық өмірінің кең панорамасын жасауды мақсат еткен қалың оқиғалы, қою тартысты, көп кейіпкерлі “Жолдастар” романын тудырды. Шаһар тіршілігі, қала тынысы, он алтыншы жылғы аласапырандағы қазақ жігіттерінің қасіретті азабы, жұмысшылар ортасы, кемешілер әрекеті, оқыс, шырғалаң, қызықты сюжеттерді ала отырып, жазушы бостандық, теңдік азаттық үшін күрескен халық өкілдерінің сан алуан образдарын жасау арқылы өмір шындығын айтпақ болған. Сатан, Мәмбет, Мардан секілді жігіттер тағдыр талқысына түсіп, қорлық көріп, тапталса да мойымайды, қайралған қанжар іспеттес қайта жарқырап күреске түседі, әуелі барымта, ұрлықпен жуандардан өш алса, кейін әлеуметтік жағдайды, таптық тартысты түсініп, саяси айқасқа шығатын деңгейге көтеріледі. Әрине, романдағы көптеген персонаждарды тұлға дәрежесіне көтерліді деп айту қиын. Қазақтың ауызекі әңгіме айту дәстүріндегі шеберлікті еркін игерген Ілияс жеке бөлімдердің байланысы, композициялық тұтастық, типтендіру принциптеріне келгенде европалық үлгілерді терең меңгермегендігін, проза саласындағы, әсіресе роман жазуда тәжірибесіздігін аңғартып қояды. Табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда жазушы реалистік биікке көтерілді. Юморлық, сатиралық кейіпкерлерде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік қуаты барымта, жұт сценаларын, билер дауы, молдалар айтысын, жұмысшылар ортасын бейнелеуден жақсы көрінеді. Бір мысал.

“Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, боркөздердің бадалы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шақпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге аз ғана желдің лебімен отты жан-жаққа әлдеқашан алып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа-қоңыз құрылдап, тау-тасты өрт алды”.

Стихиялы күш, тілсіз жау қаптаған өртті жазушы осылайша динамикалық қалыпта, жаны бар, ертегінің жалмауызы, аяу білмес қаһарлы дүлей ретінде бейнелейді.

Романның деректі негізін, өмірлік материалын Ілияс зерттеп, жинақтап, іріктеп алған, қаламгерлік қиялмен өзгерткен, сұрыптаған, дегенмен Мұқаметқали Тәтімов, Көлбай Төгісов секілді тарихи адамдардың тағдырымен Мәмбет, Сүбай бейнелерінің ұқсастығын көру қиынға соқпайды.

“Жолдастар” – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-психологиялық роман жазу барысындағы алғашқы сәтті тәжірибелердің бірі, өмірлік мазмұны терең, эстетикалық әсері күшті сапалы шығарма.

Жібек жолы

Д.Досжан

Дүкенбай Досжан (09.09.1942) – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың (1996), Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987).

Алғашқы өлеңі 15 жасында жарық көрді. Содан бері 8 роман, 18 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазды. Күн сайын қаламға жүгіну мінезіне, сөзбен сурет салу кәсіби шеберлігіне айналған. Д.Досжан “Отырар”, “Фараби”, “Жібек жолы” шығармалары арқылы “тарихи тақырыптың пионері” (М.Шаханов) аталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген Дүкенбай Досжан нәтижесінде сот құжаттары желісімен “Абақты” (1992) және желтоқсан қырғынының қанды ізімен “Алаң” (1993) дерекнама кітаптарын жазды.

Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп талдап жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік аруағын көтерген 60-шы жылдар басындағы тарихи кітаптары. Бұған “Жібек жолы”, “Отырар”, “Фараби” шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер езгісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірі зая ұрпақтар образдарының галереясы “Зауал”, “Дария”, “Табалдырығыңа табын”, “Жолбарыстың сүрлеуі”, “Кісі ақысы” кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына “Мұхтар жолы” (1988), “Абай айнасы” (1994), “Алыптың азабы” (1997) атты кітаптары енеді. Дүкенбай Досжан дүниесі суретпен, ешкімге ұқсамас өзіндік бояу-белгімен көреді; оқиғаны ой ағыны, кейіпкердің жан толғанысы, сезім шырғалаңы арқылы суреттеуге машық.

Әдебиетшілердің әр жылдарда жазушыға қаратып айтқан: “Қазақ әдебиетінің шежіреші Бальзагі” , “адам жанының қилы қатпарына еркін бойлап бара алатын, көзіне шалынған түймедейден түйедей ой түюге кәнігі автор бір шығармадар келесі шығармаға үнемі баспалдақтап өсумен келеді”, “архивпен жұмыс істеуге, ғажайып адамдар ғұмырын зерттеуге көз майын сарқып, сұқ саусағы сүйелденген ізденімпаздығына тәнтіміз” деген пікірлері кітапсүйер қауымға кеңінен мәлім.

Д.Досжан 1974 жылы “Трудный шаг” кітабы үшін “Молодая гвардия” баспасының “осы заманғы жақсы роман” сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның “Днепро” баспасының “Жібек жолы” романы үшін “тарихи тақырыптағы жақсы кітап” сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ-тың “Әдебиет және өнер адамдары” энциклопедиясының 2-ші томына, қазақ энциклопедиясының (бірінші басылымы) 4-ші томына, Абай энциклопедиясына енген.

“Екі дүние есігі” – Юнеско құзырына іліккен Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Ясауи ғимаратының салыну жай-жапсарын мейлінше мол қамтыған тұңғыш дерекнама. Бес ғасыр көлемінде сәулет ғажайыбы туралы қалам тербеген Шереф ед-Дин әл-Әзди, Ғийасаддин Әлиден бастап Диваев, Марғұланға дейінгі жиырмадай автордың еңбектері салыстырыла сөйленеді. Ғимараттың біздің заманға тозбай жетуін межелеп қалдырған Әмір Темірдің “Иелік қағазы” толымды зерттеледі.

Д.Досжан аса бай архивтің иесі. Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық шығармаларын жазған кезінде бұрын зерттеушілер назарына ілікпеген, баспа бетін көрмеген Омбы, Қазан, Ташкент архивтерінің қызықты, ауқымды деректері алғаш рет пайдаланылды. Мұның үстіне Сағынай би, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Науан хазірет, Паң Нұрмағамбет секілді тұлғалардың соңында қалған қолжазба шежірелері – алтын қазынасына парапар. Әйгілі қаламдастардың өзіне тіреп жазған хаттары сақталған. Бес жүзге жуық замандастарының мінез қыры, тағдыр талайы түсірілген картотека жинақталған.

АҚШ-тың Герберт Гувер архив қоры, Ясная Полянадағы Толстой мұрағаттар иесі, шетел баспагерлері, әдебиетшілерімен үзбей хат жазысып тұрады.

Президентіміз Н.Назарбаев 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын тапсырып тұріп: “Әдебиетке және өнерге өз үлесін мол қосып, кәсіби, қоғамдық деңгейде көпшілікті мойындатып қана қоймай, шет елге де есімі танылған таланттар, яғни табиғи дарынымен қоса жоғары кәсіби табыстарға жетіп үлгерген композиторлар, жазушылар, әртістер – қоғамымыздың асыл байлығы” (“Егемен Қазақстан” , 1996 жыл 31 желтоқсан) деп атап көрсеткен мәртебелі тізімде Д.Досжанның есімі болды. Суреткер әлденеше марапаттың иегері.

Кітап Палатасының мәліметі бойынша Д.Досжан кітаптары осы күнге дейін 3 миллион 3 жүз мың таралыммен басылған, әлемнің 19 тілінде жеке жинақтары шыққан. 2 томдық таңдамалы шығармалары О.Сүлейменовтің алғысөзімен “Жазушы” баспасынан 1990 жылы жарық көрді.

Дүкенбай Досжан өзінің тарихи “Жібек жолы” романына шығармашылық үлкен ізденістер арқылы қиын әрі ұзақ жолмен жетті. Мұның басты себебі қаламгер бала кезінен қираған қала орнын жалаңаяқ кезіп, сол топырақтың ыстығы мен суығын жастайынан сезініп өсті, өлмейтін аңыз ертегілерін санасына мол сіңірді. Көне кітаптар куәлік бергеніндей, батысында Дунайға дейін, шығысында Балқаш көліне дейін, Қырымнан Еділдегі Бұлғарға дейін созылған кең алапты иеленген Дешті Қыпшақ ұлысы, оның гүлденуі мен құлдырауы жазушыны қаламгерлік жолайрықта әлдеқашан толғантқаны мәлім. “Фараби”, “Отырар” (1965) хикаяттары, “Құм жұтқан қалалар” (1967) атты кітапқа топтасқан тарихи очерктер тізбегі жазылды, автор бұларға іштей қанағттанбады, көне шежіре сүрлеуіне қолына шам алып түсті, архивтерді сүзді, 60-шы жылдар басындағы Отырар, Сығанақ қалаларының қазба жұмыстарына белсене қатынасты, байырғы қыпшақ қалаларының құлаған қорғандарын ерсілі-қарсылы аралап өтті, көнекөз қариялармен жүздесіп, аңыз бен әңгімелерді жазып алды. Деректі дүниелерді молынан жинақтап алғаннан кейін, бәр-бәрін ойша топшылаған ол өзінің шығармашылық ғұмырындағы ең негізгі кітаптарының бірін жазуға отырды да – оған он жыл тер төгіп еңбектенді.

“Жібек жолы” романын шындығында шартты түрде ғана тарихи шығарма деп атаған болар едік. Өйткені негізгі екі-үш кейіпкерден басқасы автордың қиялынан туған, әрі роман сұлбасы көбіне ойдан шығарылған қияли – философиялық желіге құрылған. Романның тұтас бітім-болмысы ұлтымыздың тарихи трагедиясының, дәлірек айтқанда қазіргі қазақтардың тағдыр көлеңкесіне айналған қайғысы - өмірі бітпейтін билік таласы, ру, жер дауы, жесір дауы, тағысын тағылар деп есептейтін авторлық тұжырымға табан тіреген.

Оқырманның көз алдына алғашқы беттен-ақ қыпшақтың шалқар даласындай кең көрініс, кезеңді оқиға ашылады. Таңғы намазға шақырған азаншының үніне ұйыған Отырар қаласы. Алтын мен жібекее малынған хан сарайында жас ақын Хисамеддин Отырардың әкімі Иланшы Қадырханға ширатпа шежіредегі шабытты жырларды дестелей оқиды. Жібек жолмен шығыстан батысқа, батыстан шығысқа үзбей шұбап жатқан көпестердің, кезбелердің, елшілердің, жансыздар мен шабарманның тізбегі үзіліп бітер емес. Құт-береке дарыған өңірді өңдеп жатқан еңбекқор диқан. Інжу жағасында саз балшықты илеп, ғаламат берік қыш құйып оны отқа өртеп жатқан сунақтар, есімі беймағлұм сәулетші уақытқа бас имейтін, күнге күймейтін, желге мүжілмейтін ғажайып кесенелер мен сарайларды қыштан қалап тұрғызумен әуре.

Жасыл белес көсегенің баурайында әскери жаттығу жасап жатқан батырлар, Әл-Фарабидің тастан соғылған кітапханасында шау тартқан шежіреші қарт Әнет баба даусы күңгірлей естіліп, жер жүзінің шартарабынан жиналған кітап пен шежірелер тізілген ширатпа қолжазбаны күңірене оқиды. Дана билеушінің айрықша мақтанып, қызғыштай қоритыны да осы қолжазбалар еді.

Мәңгі мазасыз, ұлаңғайыр әлемде тыныштық орнады. Бірақ, бұл алдамшы тыныштық, қасіретке толы зар заман алда. Бір-біріне деген адалдығымен тыныш өмірді сақтайтындарына ант-су ішіп, хан ордасында Отырар әмірінің оң көзі Исмаил ғалым шығыс қағанының елшісімен төс қағыстырады, бірақ осы кезде Атрабат даласында қапталы қанға бөккен, ердің алдыңғы қасына қос дабыл іліп бос қоя берген иесіз аттың қаңғып келе жатқаны аза бойыңды қаза тұрғызғандай. Айдалада арындаған сәйгүлік жаманшылық хабаршысындай, халық қасіретінің символындай елес береді.

Базарлап қайнап, Отырар, Сығанақ, Тараз, Испиджаб шаһарлары алуан тілде сөйлеген у-дудан жаңғырып тұрғанда соғыстың зұлым рухы – Тәңірі жіберген Сүлде осы өңірде айналшықтап жүргендей. Аса мол маңғол қолының табанына тапталған Керулен даласы дүрлігіп жатты, сұрапыл жойқын ұрыстардан, жекпе-жек шайқастан аспан асты жаңғырықты: алтын шатырда отырған мысық мұрт, қабылан көз жиһангер: “Мен – шығыстың жаналғышымын!.. әлемнің әміршісімін!” деп гүр-гүр етеді.

Роман оқиғасы өрбитін әуелгі желі осындай. Қыпшақ өркениетін күйреткен қайғылы хал әрі қарай жалғаса түседі.

“Жібек жолдың” беттерінде ежелден адам баласына тән күйініш-сүйініш сезім құбылыстары барща әсерімен көрінеді, мұнда тарихта болғаны, жазушы қиялынан туғаны бар: отыздай кейіпкер қатысса да, автор сол трагедиялық зұлмат кезіндегі халық тағдырын жіті қадағалап, сол кезеңдегі қоғами-әлеуметтік және тұрмыстық салт-сананы кең тыныспен қамти көрсетеді.

Жазушы оқырманды қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрып, ырым-жорасымен, өнерімен және кәсібімен ерінбей егжей-тегжейлі таныстырады; автор бірде тұтқын қыздардың тұрағы жер асты құжыраларына жіпсіз жетелеп алып кетсе, біресе бейнеті мол шетсіз-шексіз керуен жолымен сапар шеккізеді, енді бірде Үргеніште азғындай бастаған, байлықтан тасқан хандар мен бекзадалар халық тағдырын ойыншық етіп, ауыр тұрмыстан жапа шеккен бейшараларды мәңгі езгіге салып қою үшін зекет салықтың жаңа түрлерін ойлау тауып жатқан мемлекеттік кеңес – Дуан-арыз мәжілісінің куәсі болсаң; енді бірде өңкей жалған сөйлейтін жатжерлік жәдігөй елшілерді Отырар әкімінің қабылдағанына қайран қаламыз. Дарға асу, азаптау көріністерінен жанымыз түршіксе, ел еркелері: сыпа, сал, сері, масқарапаз, қомағайлардың іс-әрекеттеріне іштей риза болып, езу тартасыз; жауырынға қарап көріпкелдік болжам айтатын Жалаңаштың бейшаралағына, Бауыршық сұлтанның опасыздығына зығырданымыз қайнаса; сарбаз әйел Баршынның кіршіксіз махаббаты, көріпкел Ғаббастың даналығы, қыпшақ әміршісі Иланшы Қадырханның өз елінің қамын жеген парасатты көрегендігі, қайсарлығы және рухани күш-жігері оқырманды тебіренте түсері анық.

Осыншама қыруар тарихи оқиғалар іріктеліп, сұрыпталып, үлкен нысанаға келісті көркем тұжырымға бағындырылған, сондықтан да, А.В.Луначарский: “бір жерге үйе салған болымыс тозаңы” тәрізді әсер қалдырмайды. М.Горький: “Өз бабаларын білген ұрпақ – жақсы қаруланған ұрпақ” дегендей “Жібек жолы” романының танымдық және тәрбиелік маңызы: өткенді айта отырып бүгінгіге өнегелі сөз жеткізу болмақшы.

Жатжерлік басқыншылармен ұзақ уақыт беріспей шайқасқан Отырар шаһарының қасіретті тағдыры романның негізгі желісі дедік.

Автор Отырар мен оның мәдениетінің құрып кеткен себебі тек қана Шыңғысхан түмендерінің шапқыншылығы демейді: бұл ойды тереңдете түсіп, оның түп себебі халықтың басы бірікпеуі, ел басында отырған адамдардың азғындығы, өз бастарынан артылмауы, биік мұраттарды мансұқ етушілік дегенге көзімізді жеткізеді. Романист мынадай айдай ақиқатты есімізге салып отыр: бейбіт, жасампаз өмірге тек мейірбаншылықпен, тату-тәтті көршілік қатынаспен, туған жерге деген махаббатпен, адал еңбекпен ғана қол жеткізуге болады дегенді шегелейді.

Романдағы көптеген кейіпкерлерді Дүкенбай Досжан кесек қалпында, жанды бейне түрінде бере алған. Тарихи қазбагерлік, тілдік, этнографиялық экскурстар, суреттемелер, түйіндер нанымды әрі дәлелді көрінеді. Бұл жөнінде жазған тарихшы әдебиетшілер, сыншылар өз кезінде (А.Машанов, Б.Әлімжанов, Т.Тоқбергенов, К.Сыздықов, тағы басқалар) “Жібек жолы” романының көркемдік құндылығын бірауыздан мойындаған еді.

Роман композициялық жағынан мүлде жаңаша: аңыздар мен әуездер “түйін” деп аталған және олар шебер тілді авторлық ой ағынымен берілген; қираған Отырарды, сорабы жоғалып кеткен Жібек жолын жан-тәнімен тебірене жоқтаған лирикалық-философиялық ой ағыны ғажайып бір жасыл әлемге енгендей әсер қалдыратыны анық. Мұның үстіне сол заманның тыныс-тіршілігін қаз-қалпында көзге елестету үшін автор тосын, соны сөздер ойлап табады. Мысалға, хансарайдың әшекейлі еденіне өрген “мозайканы” – зертас, қыш құйып, оны отқа өртеушілерді – қышкер, барабанның ірі түрін – дабыл, кешегі өткен асыл сүйекті бабалардың кісілік қалпын бас-басына суреттей келіп – сал, сері, сыпа, софы машайық дегендерді көзге елестетердей жеке дара мінездеме беріп толымды суреттейді.

Тегінде жазушының оң жамбасына келіп, ғажайып бояумен шыншыл суреттейтін көркемдік әлемі – тарихи тақырып. “Жібек жолы” – таза тарихи тақырыпқа тұңғыш түскен – пионері деуге әбден келеді. Бүгінгі таңда дүниеге есімі мәшһүр көптеген қазақ қаламгерлері өздерін толғандырған тарихи тақырыпты Д.Досжаннан көп кейін бастағаны мәлім. Түптеп келгенде мәселе шығарманы кімнің қашан бастағаны, қалай аяқтағаны да болмас, бар гәп сол келелі тақырыпта қандай көркем тәсіл, қандай сөздік құрал, бояу-белгілермен бере білгендігі басты нысана болмақ. Бұл ретте қазақ прозасында “Жібек жолы” романының өзіндік ойып алар орны ерекше демекпіз.



Жігер

Н.Ғабдуллин
1927 жылы 26 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Жазушы, әдебиет зерттеушісі. 1964 жылы “Ғабит Мүсірепов драматургиясы” атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 1973 жылы “Қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа адамды бейнелеу проблемалары” атты докторлық диссертация қорғады. 1975 жылдан бастап профессор. 1950 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1950-1962 жылдар арасында “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде, “Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеді, “Жұлдыз” журналында бөлім меңгерушісі болды. 1962-1963 жылдары Алматы шет тілдері институтында аға оқытушы болып жұмыс атқарды. 1964-1970 жылдары “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары, бар редакторы болды. 1969 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы мемлекеттік университетінде қызмет атқарады.

1949 жылы “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде “Алтын жұлдызды студент” атты алғашқы очеркі жарияланды. Нығмен Ғабдуллиннің “Менің достарым” (1951), “Жаңа таныстар” (1955), “Құрбылар” (1956), “Гүл” (1959), “Қызыл дәурен” (1965), “Өмір қымбатсың маған” (1966), “Сарғайған жапырақ” (1970), “Кейінгі толқын” (1976), “Өмірдің бұралаң жолдары” (1987), “Махаббат жыры” (1997) әңгіме, повестер жинақтары жарияланды. 1983 жылы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдарының еңбегі, биік адамгершілік қасиеттер суреттелген. “Жігер” романы қазақ интеллигенциясының жаңа сипатты жаңа өкілін суреттейтін “Біздің жігіт” романы 1990 жарыққа шықты. Э.Хемингуэйдің “Шал мен теңіз”, М.Шагинянның “Ульяновтар семьясы”, В.Быковтың “Альпі аңызы”, “Атар таңға аман жетсе” повестерін, Г.Марковтың “Жер құны” романын т.б. қазақ тіліне аударды. Өзінің жекелеген әңгімелері орыс, өзбек, тәжік, армян тілдеріне аударылды. Әдеби зерттеу ісімен де айналысып, көптеген әдеби сын мақалалар мен “Ғабит Мүсірепов – драматург” (1982), “Уақыт тынысы” (1981), “Замандас келбеті” (1972), “Шығарма арнауы – шындық” (1968) сын-зерттеу, монографиялық еңбектердің авторы.

Романдағы оқиға желісі: ауыл ақсақалы Жақып деген кісінің үш ұлы болады. 1941 жылы Жақып ақсақалдың екі ұлы қатарынан әскерге шақырылады да, кенже ұлы – он үш жасар Хайдар үйде әке-шешеге бас көз боп қалады.

Үлкен ұлы Мәжен – ертерек үйленген, әйелі Сәруәр – мінезі биязы, көп сөйлемейтін, орынсыз күлмейтін, әзіл оспаққа үйірлігі жоқ, жиырма алтыдағы сауыншы келіншек. Қолынан келмейтіні жоқ, киімді өзі пішіп, тіге біледі. Екеуінің бір ұлы бар, ол – бес жасар Сәлім. Екінші ұлы Сейтақ үйленгеніне бір ай болғаннан кейін майданға аттанған, келіншегі жиырмаға жаңа толған Мәуия – сүйкімді, келбетті, мінезі ашық әрі жайдары, өжет, пысық, айтқанынан қайтпайтын, беттегінен таймайтын қайсар. Сұңғақтау келген дене бітімі бар, сөйлеген кезінде екі бетінің ұшына сәл қызғылт бояу тарайтын, көзі күлімсіреген, бойында үйлесімді нәзіктік бар. Романдағы оқиға Жақып ақсақалдың үйіндегі ортаншы келіні Мәуияның босанып, шілдехана жасап жатқан жерінен басталады. Нәрестенің әкесі Сейтақтың елге аман-есен оралуын тілеп, сәбидің есімін Аманжол қояды. Бірақ қуаныш ұзаққа бармайды, келесі күні Сеқтақтың кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқанын жазған жолдастарынан хат келеді. Одан кейінгі оқиға шегініс арқылы беріліп, Мәуия мен Сейтақтың алғаш қалай кездескені, бір-біріне деген сезімін қалай жеткізгені баяндалады. Кейін Жақып ақсақал Мәуияның ата-анасымен сөйлесіп, құда түсіп қайтады да, артынша бірнеше күннен кейін Мәуия келін болып түседі. Соғыс басталған жылы екеуі де шөп жинау жұмысында жүреді. Сейтақ – сырмашы, Мәуия сырма сүйрейтін өгіздерді жетелейтін. Соғыс туралы суық хабарды бригадир Қабен жеткізеді. Бір аптадан кейін әскерге шақыру қағазын Сейтақ та алады. Ауыл жігіттерімен бірге майданға аттанады. Сейтақ әскери жаттығуда жүргенде, өздерінің К. Қаласына келіп тоқтағанын, бұл жерде екі аптадай болатынын ескертіп хат жазады.

Мәуия жарын көріп қайтуға ата-енесінен рұқсат сұрап, қайнысы Хайдар екеуі қалаға келсе, Сейтақ үш күн бұрын майданға аттанып кетеді, бірақ аз уақыт ішінде араласып, туыстай болып кеткен Сейтақтың досы Жәнібекке жолығады. Жәнібек балалар үйінде тәрбиеленген, жаттығуда жүргенде соқыр ішекпен ауырып, госпитальға түсіп, өз тобынан қалып қойған жауынгер. Ол Мәуияларға үй тауып беріп, көмек көрсетеді.

Ауылдың шетіндегі көк қоңылтыр шатырлы үйде тұратын Жағыпар деген кісі Мәуияға сыртынан ынтық. Ол колхоз қоймасының бастығы, қалтасында бір уыс кілт жүреді. Әйелі Қатшамен туған нағашысының ұлы үйленіп, соған барғанда танысып, отау тіккен. Сұңғақ бойлы, аққұбаша келген Қатша оған ұнап, бір-екі кездесуден кейін үйленіп алған. Бірақ бұлардың отбасылық өмірі жарасымды қалыптаспады. Алғашқы айдан-ақ ол Қатшаның басынан үлкен мін тауып, Қатшаға үйленгеніне өкіне бастаған. Әйелінің көзі қыли екен, кезінде байқамаған. Қатша көзінің қылилығын байқатпау үшін, кісімен сөйлескенде басын бір жағына қарай қисайтып бұра береді. Екеуінің арасындағы салқындық ұлғайа берді, әрі үйленгендеріне жылдан асса да балалары болмады. Жағыпардың ойында “Қазір еркектің қадірі артып тұрған уақыт емес пе, басы бос қыз да көп, қатын да көп. Біреуіне сөз салсам жабыса кетпей ме етегіме... Таңдап тұрып алмаймын ба марқасқасын!”. Оның ойында Мәуия. Шіркін, Мәуияға қолым жетсе...

Айнакөл” колхозы деп аталатын бұл ауылда жүз қаралы үй бар. Ауылдың іргесінде дөп-дөңгелек үлкен шар айна секілді көл бар. 1929 жылы жаңа ұжымдасқан колхоз осы көлдің шығыс жағынан қоныс салып, аты осы көлдің атымен аталады. Колхоз бригадирі Қабен әскери комиссариатқа барып келе салысымен колхоз жиылысын шақырып, өзінің әскерге кететінін хабарлап, орнына адам сайлауын колхозшылардан сұрайды. Колхозшылар Қабеннің өзіне сеніп, кімнің қолынан не келетінін өзің жақсы білесің, сол адамды өзің ата, біз қарсылық етпейміз дейді. Қабен көп ойланып отырып, бригадирлікке Мәуияның лайық екенін айтады. Келесі күні өзі майданға аттанып кетеді де, жұмыс тізгініне Мәуия ие болып қалады.



Мәуия көктемгі егіс, шөп шабу, егін орағы сияқты негізгі жұмыстар мен шаруашылықтағы қосалқы жұмыстардың барлығын игеріп әкетеді, колхозшыларға рет-ретімен жұмыстар бөліп берді. Даладағы жұмысқа шыққысы келмейтін Мәуияның нағашы апасы ........болды. Ол туыстығын бұлдап, әрі үш балалы әйелмін, осындай суықта далаға көшіп баратын жағдайым жоқ дейді, оған Мәуия, елдің басындағы жағдайдың қиын екенін айтып, егер жұмысқа шықпаса, туыстығына қарамай, жаза қолданатынын айтады. Осындай бригадирдің ауыр жұмысын атқарып, үйдегі оны-мұны шаруаларды реттеп, күнде кеш жатып, ерте оянады. Сондай күндердің бірінде, түнде терезе тырсылынан оянып кетеді. Терезеге барса әскери шинель киген, иығына асқан жол қапшығы бар әскери адамды көреді. Ол: “Сейтақтың үйі осы ма?” – деп сұрайды. Дауыс таныс секілді, есікті ашса баяғы Мәуия мен Хайдардың Сейтаққа жолығамыз деп К. Қаласына арнап барған сапарында екеуіне Сейтақтың жөнін айтқан Жәнібек екен. Жәнібек Сейтақтан қара қағаз келгенін білмейді, оған Жақып ақсақал естіртеді. Жәнібек ол үйде көп тұра алмайды да, ауыл шетінде тұратын жалғыз үйлі украин шалы Корней қарттың үйіне орналасады.

Мәуия қос басында жүргенде Маржанкүлдің кішкентай қызына суық тиіп ауырып қалады, Мәуия өзі мініп жүрген атын беріп, дәрігерге жіберіп, ауруханаға жатуына көмектеседі. Өзі үйіне кеш жетіп келе жатып, баласын ойлады, аяғын тәй-тәй басып қашан жүреді, “тез өсші, тез ер жетші” деп ойланып келе жатқанда, жолдың жиегінен қараңдап қозғалған біреудің тұлғасын көреді, сөйтсе Жағыпар екен. Ол Мәуияға деген көңілін білдіреді. Мәуия оны атымен қаға, жауап бермей өте шығады. Мәуияның жауап бермегеніне дәмелі болып қалған Жағыпар түнде Мәуияның үйіне келеді, Мәуияның терезесінің шам жарығының өшуін күтеді, келіншектің өзімен кездесуге сыртқа шығады деп ойлайды. Тағаты таусылған ол үйдің терезесіне қарай жақындай бергенде, оң жақ бұрыштан ит ырылдап жібермейді. Ертесіне балалар ши түбінде өліп жатқан қара төбетті көреді.

Жәнібек пен Корней шалдың арасындағы қарым-қатынас достыққа, туыстыққа ұласады. Жәнібек колхоз бастығы Таутанға барып, өзіне жұмыс беруін сұрайды. Таутан оны өзіне орынбасар етіп алады. Жағыпар Таутанды қонаққа шақырып, көзіне түсіп, сол орыннан дәметіп жүретін. Екеуі ол Жәнібектің соңына түсіп, қаңғып келген жетімнің ініне су құю керек деп ойлайды, ол жай келген жоқ, Мәуияның соңынан келді деп тұжырымдайды, қызғаныш оты оянады.

Мектептегі балаларды колхозға көмектесуге босатады. Хайдар жұмысты жақсы істейді. Ересек кісілердің орнына кеп жұмыс істеу, үлкендердің ауыр жүгін арқалау – жасөспірім балалардың топшысын ертерек қайтарумен қатар, ақыл-санасын да есейте береді. Жақып ақсақал оның жұмысты жақсы атқарғанына айырықша қуанады. Алдыңғы екі ұлы да әке абыройына дақ түсірмеген, Хайдарға көп алаңдайтын. Себебі бір рет педкеңеске шақырылып, ұялғаны бар. Ондағы кінәнің себебі: қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім майданға аттанып, орнына жаңа адам келген. Ол бойы мықыр, арқасы құныс, кеудесі кемтар кісі. Хайдар қасында отырған балаға жазуы да өзі сияқты екен деп сыбырлап қалады. Ол күледі. Мұғалім ашуланады, анау сықылықтаған бойы сыныптан шыға жөнеледі. Екеуі қарқылдап күледі, оларға қосылып, бүкіл оқушы күледі. Келесі қылығы жаңағы мұғалімге Хайдар сықақтап өлең шығарады. Кейін мұғалім басқа мектепке ауысып кетеді.

Жәнібек колхоз жұмысын жан-тәнімен атқарады. Корней ақсақалдың досы қайтыс болып, үйде екі жетім қызы қалады. Үлкені Хадиша жасық емес, бір үйді ұстап отырады. Жәнібек әкесі өлгенде бір пұт ұн, біраз ет бергізеді. Жағыпар оны өзіне түртіп алады. Жағыпар әскерден келген Мәженге өсек айтып, Жәнібектің Мәуиямен сөйлесіп тұрғанын жеткізіп, екеуінің арасында бірдеңе бар деп ескертеді. Сеніп қалған Мәжен Жәнібекке қатты-қатты сөздер айтады, Жағыпардың осыларды ұйымдастырып жүрген себебі, Жәнібек бір арба бидайды қоймадан ұрлап, үйіне апара жатқан үстінен түскенін, араға Хадиша түсіп, сотталып кетуден аман қалған болатын. Өмірдің жолы – бұралаң, Жақыптың майданда жүрген үлкен ұлы Мәженнің әйелі Сәруар ауыл кеңесінің секретары Әубәкірден екі қабат болып қалып, ұл туады. Ел ол жігітті көккөз деп атаған. Жасы әлі де отызға тола қоймаған, бірақ ерте семірген, әскерге көзінде ақауы бар деп бармай қалған мақтанды сүйетін, көсемсіп сөйлейтін жігіт. Маржанкүл Мәуияға абысынының екіқабат адамға ұқсайтынын айтады. Мәуия сенгісі келмейді. Сәруар баланы түсіру үшін бірнеше амал жасайды, бірақ одан нәтиже болмайды, суық жаңбырлы күні шоқ ағаштың түбінде туып жатқан өзінің келіні Сәруарды Жақып ақсақал тауып алады. Сәруар өзін-өзі өлтіруге қайыңның түбіне арқан алып келген болатын, бірақ осы жерде туып қалады. Күйеуі Мәжен майданда қолынан жараланып, ол қолы илікпейтін, икемге келмейтін жағдайға жеткен соң әскерден босанып, үйіне келеді. Үйінде Сәруарды көреді, жылап көріседі, Сәруар ешнәрсе айта алмай құр жылай береді. Бір кезде нәрестенің жылағанын естиді. Баланы Сәруардың туғанын біліп, үйінен кетіп қалады да, әке-шешесімен бірге тұрып жүреді. Ұлы Сәлім әкесінің қасында болады, бірақ ол өзі үйіне барып, бірге тұрайық деп сұрайды. Мәжен үйіне бармайды. Сәруар шөп тасып жүргенде, шана аударылып, қайтыс болады. Мәжен өз ұлы Сәлім мен Сәруардың туып алған баласын асырап қалады.

Жәнібекке көңілі кеткен Хадиша, жігіттен қарсылық сөз естігеннен кейін Жағыпарға күйеуге шығады. Жағыпар Жәнібекке қарсы шығуын қоймайды. Жәнібек Мәуияға көңіл білдіреді. Бірақ Мәуия өзінің балалы әйел, ал оның үйленбеген жігіт екенін ескертіп, оған күйеуге шықпайтынын айтады. Жәнібек басқа колхозға ауысып кетеді.

З
Заманақыр

Қ.Сәрсекеев
Сәрсекеев Қоғабай 1939 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы бұрынғы Крупская атындағы кеңшарда дүниеге келген. Жазушы, драматург.

1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік университетін тәмамдаған соң “Ұлан”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде, кейін “Қазақ әдебиеті” газетінде (бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы) қызмет етті.

1983-86 жылдары “Кітап жаршысы” газетінің редакторы, ал 1986-90 жылдары “Жалын” баспасында бас редактор болды.

1967 жылы “Кілт”, 1974 жылы “Қараша қаздар” деген атпен повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. 1979 жылы “Шырғалаң”, 1983 жылы “Тығырық” деген екі романы оқырман қолына тиді.

Қаламгердің “Қол мерген”, “Кестелі орамал”, “Ыбырай Алтынсарин”, “Мұңлық-Зарлық”, “Фатима”, т.б. пьесалары республика театрлары сахнасында қойылған.

Заманақыр (1-кітап) – тарихи роман.

Жазушының халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Амангелді Иманов өмірі мен күрес жолы жайлы жазылған “Қызыл жалау” деген көп томдық тарихи романның алғашқы кітабы 1979 жылы “Шырғалаң” деген атпен жарық көрген. Ал екінші кітабы 1983 жылы “Тығырық” деген атпен оқырман қолына тиді.

Тарихи роман академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен қоса жарияланды.

Автор кейінгі жылдары көпшілік оқырманның сұранысы мен пікірлеріне орай романды қайта өңдеп “Заманақыр” деген атпен жариялаған. Романға 1880-1905 жылдар аралығында Торғай даласында болған тарихи оқиғалар өзек болған.

Роман “Жазушы” баспасынан 1990 жылы жарық көрді.

Ызғырық”, “Қақтығыс”, “Шер”, “Кек” деп аталатын төрт бөлімнен тұратын бұл романның басты қаһарманы – халық батыры, ұлт азаттығы үшін болған күрестің басшысы Амангелді Иманов.



Қазақ даласы патша отарлауының құл-құрбанын болған айналған халықтың мекеніне айналған. Ел ішін жайлаған бақастық, әлділердің жасаған әділетсіз әрекеті бұқара халықтың титығына тиген. Бала Амангелді осындай ортада өсіп, жетіледі.

Жұттан тұралап шыққан Бегімбет руының жүдеу ауылы Торғай бойындағы Үрпекті бетке алып көшеді. Қараторғай болысы Баймұраттың шабарманы Құсбектің “Үрпекте биыл тек қана Шыли тұқымы қыстайды” деген болыс жарлығымен келіп, Үдербай көшін тоқтатпақ болады. Құсбек өңкей жандайшап, сойыл соғар нөкерлерімен өзіне қарсылық көрсеткен Үдербай бастаған топты соққыға жығып, шулатып кетуінен үлкен лаң басталады. Бала Амангелдінің жүрегінен орын алған осы оқиға, әкесі – Үдербайдың өлімі, көрген озбырлықтары кекті жолға түсуіне себепкер болады.

Болыс жарлығын орындаушылардың бірі болған атақты қарақшы, сойыл соғар Қасқыртаңдай Үдербайдың өлімінен соң, жазықсыз елдің жапа шеккенін ұғып, өзінің өрескел ісіне өкініп, Бегімбет руынан, Үдербай жақындарынан кешірім сұрай келеді. Сол кезден-ақ оның бойында Баймұрат, Наурызбайларға деген кек, өшпенділік оянады. Бірақ бар кінәні Қасқыртаңдайға жауып, Үдербай өліміне себепкер ретінде ұстап бермекші болған болыс жуандары оны қолға түсіре алмағандықтан, жеңгесі жесір Бәтжанды “қайын інісін жасырды” деп жала жауып, абақтыға қаматады. Басын қорғап, ел кезген Қасқыртаңдай жеңгесінің абақтыға қамалғанынан хабарсыз еді. Озбырлық пен қараңғы қапастың азапты сәттерін басынан кешірген Бәтжан қашып шығамын деп ойыққа түсіп опат болады. Ақырында Қасқыртаңдай жеңгесінің кегін аламын деп, жүріп өзі де абақтыға түсіп тынады. Уезд начальнигі Романенко Бегімбет руынан Шотай мен Жұмашты болыстың жазған арызы бойынша абақтыға қаматады. Ағайындары Шотай мен Жұмаштың ісін анықтау мақсатымен бала Амангелді Өзен атасына еріп, Торғайға сапар шегеді. Осы сапар барысында ол қоғамды жайлаған әділетсіздікті көзімен көреді. Сөздеріне құлақ аспақ түгілі адам құрлы көрмей шығарып салған губернатор, ояз алдын торуылдаған, күнін есік күтумен өткізген шарасыз қараңғы халық, мұң-мұқтажын айтар жан таппай сабылған момын жандар – бәрі-бәрі бала Амангелдінің өзегін өртейді, ашындырады. Әділдік іздеген Амангелділер соңғы үмітке сүйеніп адвокат Омарға ат басын тірейді. Бірақ өз пайдасы үшін ғана қызмет ететін Омардан да қайран болмай, қажыған жолаушылар ауылға қайтады.

Шығармадан қара халықты қолындағы қамырандай илеген ояздар ісін, оларға жағымпазданып, небір қилы қулық-сұмдықтарға барған болыс бейнелерін кездестіреміз. Жазықсыз жапа шеккен қараңғы халықтың тұрмыс-тіршілігі, наласы, дәрменсіздігі, міне, осының барлығы бала Амангелдіні ширатады, ерте есеюіне себепкер болады.

Романда сол сияқты Ыбырай Алтынсариннің “жаңа оқуды” үйретер мектеп ашу жолындағы көрген қиыншылықтары, “шоқынған” деп шошынған қажы – молдалар мен олардың қара халыққа таратқан қаңқу сөздері, зымияндық түрлі істері де сөз болады. Ыбырай Алтынсариннің үстінен түскен осындай бір арызды тексеруге келген комиссия мүшелері Н.И.Ильминский, Юзефович, Владимир Никифорович Плотников еді. Патша ұлықтарының тапсырысы бойынша комиссия “Орынбор листогында” жарық көрген Алтынсариннің қол қойған мақаласы негізінде іс жүргізеді. Мақалада халық басына түскен ауыртпалық, қазақ жеріне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған Воронецкий жасаған жобаға ашықтан ашық пікір айтылған. Комиссия мүшелері Ы.Алтынсариннің патша үкіметінің қазақ даласын отарлау, жергілікті халықтың шұрайлы жерлерін мемлекет меншігіне тартып алу жөніндегі заңына қарсы шығу себебін анықтау мақсатымен келген. Сол сияқты шығармада бала Амангелдінің білімге, оқуға ынтызарлығы баяндалады. Медреседегі молда оқуына қанағаттанбауы, Орынбор сияқты шаһарда білім алатын ауылдасы Базаркүл сияқты жаңа оқу оқып, Ыбырай сияқты ұстаздың шәкірті болуды қиялдауы оның өзі құралыптас балалардан өзгешелігін аңғартады.

Оның оқуға деген құмарлығын арттырып, екі жылдық бастауыштық білім берген-ауылдасы Базарқұл. Амангелдінің зеректігіне сүйсінген Базарқұл жанына ерте жүріп, оған көрген-білгендерін, оқығандарын баяндайды, ауыз әдебиетінің небір асыл үлгілерін бойына сіңіре береді. Ұстазы Ыбырай туралы, жаңа оқу жайы туралы сөз етеді. Міне, осы Базарқұлдың тікелей жәрдемімен Амангелдінің бойында білімге деген құштарлық өршіп, ұлғая береді, ол кейін аңсаған арман, алдағы мақсатқа айналады. Еңбекақысын төлеместен, малай етіп мал соңына салып қойған Рахметтен тезірек құтылу мақсатында Амангелді оқу, еңбек жолына белін бекем буады.

1905 жылдың шілде айында Амангелдінің тәу жолына шығуымен шығарма аяқталады.

Замана белестері



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет